Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наурыз мейрамын жаңаша өткізудің тұжырымдамасынан

2292
Наурыз мейрамын жаңаша өткізудің тұжырымдамасынан  - e-history.kz
Наурызды ежелгі түркілік онекімүшелдік күнтізбеге қатыссыз қарай алмаймыз. Бұл мерекелік рәсім – аталған дүниетанымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекімүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі

Наурыз бен түркілік миф 

Жалпы алғанда, түркілік ғаламдық танымды паш ететін мынадай мифтік көріністен аттап өтуге болмайды. Ол көрініс мифологиялық арқау ретінде түркілік ертегілерге тән болып келеді. Айдалада бәйтерек өсіп тұрады, оның басына ұя салған самұрық құс тұрады екен, бірақ самұрықтың балапандарын жалмайтын айдаһар бәйтеректің түбінде мекендейді. Сөйтіп, айдаһарды өлтіретін асқақ батыр туылмайынша, самұрық бұл тажалдан құтылмайды екен. Батыр туылады, айдаһармен айқас болады, жігіт жеңеді, самұрық оның мұратына жетуге қызмет етеді. Міне, бұл – типтік мифологиялық арқау. 

7e5b5942709f4f7d505b1fc1d5935fe4.jpg

Бұл жерде әңгіме әдеттегідей Жақсылық пен Жамандықтың күресі турасында емес, ғалам мен адамның қарым-қатынасы жөнінде. Бәйтерек – адамзаттың арманы, аңсары, Көкке өрлеу жолы, ғұмыры. Бәйтерек – түркілік танымдағы ғаламдық ағаш. Ал, бәйтеректі орап жататын жылан кейіпті жеті басты айдаһар – Уақыт. Айдаһардың жеті басты болуы оның о бастан аса жетілген ғаламдық құдыретті дүлей (стихия) екендігінде. Жеті санымен түркілер құдыретті кемелдікті таныған. Ал, самұрық – Бақ құсы, адамның мұраты, арманға жеткізер «көлігі»! Уақыттың талай тажалына төзген адам ғана мұратқа жетеді, Көкке самғайды, Жоғарғы әлемге тиесілі деген даналық жатыр бұл әфсанада. 

Міне, осы мифарқаудағы бәйтерек Наурыз рәсімінде Йол (жолтерек, бақан) ретінде кейіптелсе, ал айдаһардың рөлін «йолды» айнала тізбектелген адамдар атқарған. Бұл кейін христиандық Туылыс/Рождество мейрамының ғұрпы мен атрибутына айналды. Бір қызығы, қол ұстасқан адамдар он екі айдың немесе он екі мүшелдік жылдың болмаса үш жүз алпыс бес күннің кейпінде билеп айналған деп топшылаймыз. Мұндағы Жер мен Көкті жалғаушы Бәйтерек – Кеңістің бейнесі де, ал айдаһар – Уақыттың кейпі. Кеңіс геометриялық жағынан (ұзындық, ендік, биіктік) үшөлшемді болса, ал мифтік кеңіс те үшөлшемді: жоғарғы (бас), ортаңғы (бел), төменгі (аяқ). Біз атаған мифологиялық аңыз бен Наурыздың мазмұны барынша жуық. Бұл аңыз, адам көзімен қарағанда жауыздық пен бауырлықтың арбасуы болғанымен, түпкі идеясы ғаламдық үйлесімді паш ету. Міне, Наурыз – сол үйлесімге қызмет етудің басты рәсімі еді. 

Наурыз бен түркілік күнтізбе

Адам баласы Уақытты есептеу мен бағалай білгеннен бастап, бейнелі ойлау қабілеті туған сәттен Наурызды мерекелеу қажеттігі туындаған болар. Бізді осындай ойға жетелейтін бес мың жыл бұрынғы Алматының солтүстік батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттер. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адамкейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтанкейіпті – Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сыйыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл – сиыр жылының Наурызын мейрамдау көрінісі! Бұл – Күн мен Түннің теңесу сәті. 

9ec462f4fc978c582bd89054e86d04a1.jpg

Наурызды ежелгі түркілік онекімүшелдік күнтізбеге қатыссыз қарай алмаймыз. Бұл мерекелік рәсім аталған дүниетанымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекімүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі. Бұл жүйе бойынша адам мен айуан денесінің он екі мүшеден тұруы ғаламдық құрылымның он екілік жүйесінен алынған. 

Жалпы, скиф-сақтардың «айуандық стилі» көшегендердің зергерлік, мүсін өнеріндегі жан-жануарға деген ерекше құрметтері ғана емес, ол – ең алдымен олардың дүниетанымдық мәдени көрінісінің мәйегі. Ал, мүшелдік күнтізбеге арқау болған айуандық бейнеленім болса, бұл – олардың дүниетанымдық көрінісінің өмірге тығыз енгізілу дәйегі, бейнелеу өнеріндегі олардың дүниетанымдық параллелі. Наурыздың мәні де – осы айуандық бейнеленім түріндегі табиғи, ғарыштық құбылысты дәріптеу, танымды паш ету. Сайып келгенде, Наурыз – прототүркілік онекімүшелдік күнтізбенің рәсімдік нұсқасы. 

Наурыздық таным 

Наурыздың бүгінге соншалықты әлсіреп жетуі, рәсімдер мен атрибуттан жұрдай болуы, тек қана тарихи таластың нәтижесі емес, оның аса ежелгі тұрпатының да белгісі. Тарихи нысан неғұрлым ежелгі болған сайын ол жұрнақ күйінде ғана талықсып жететіні табиғи жайт. 

Наурыздың тіні үш санаттан (категория) тұратын және үш принципке негізделген болмысын жоғалтқан деп пайымдауға болады. Оның үш принципі: құбылыстың, жылдың және маусымның басы екендігі; ал үш санаты: дәм, үн және өң. 

5ca3a8b1a9142aff8bfd79471f5f48cd.jpg

Наурыздық санаттар о баста Құбылысты құрайтын құрамталар ретінде мойындалған болуы керек. Ежелгі түркілер ондай құбылыстың белгілі бір қорегі – дәм, үдерістің дыбысы – үн және нәтиженің өңі – бояу деп мойындаған. Осыдан келіп, Наурыз Құбылыс басы ретінде қабылданады да, барлық істің бастауы есебінде қайырым мен жақсылықтың нышанындай бұлақ көзін ашу, дақылды (сүмелек) өскіндету, гүл мен ағашты егуге, болашақ ұлы істі бастауға, бойжеткен мен ержеткенді қосуға итермелейтін ойындар мен шараларды ұйымдастырып, «ұйқыашар» ырымдарын жасауға, «селтеткізер» (сюрприз) сыйлауға т.б. тек қана жақсылық ырымдарына негізделген «Жақсылықтың басы ғана жақсылыққа ұласады» деген бастамаларға орын берген. 

Наурыз Құбылыстың басы болғандықтан, оның санаттарының жетік те кемел болуы ойластырылған және іске асырылған. Сол себептен, Наурызда біртекті дәм емес, жетітекті наурызкөже пісірілген. Тіпті, мұндағы «көже» сөзінің өзі ең ежелгі тәңірлік танымның терминдерінің жұрнағы болып табылады: кө – Көк, же – ас, «Көктің ырқына сәйкес киелі ас» деген мағана бар. Наурызкөжеге сүр еттің салынуы, әлгі сақ зергерлік бұйымындағы аң басты жыланның өз құйрығын өзі тістелеуі секілді, өткен Уақыт тізбегінің жаңа Уақытпен сабақтастығын қамту пиғылын паш етеді. 

Наурыз рәсімінің шарықтау шегі болып табылатын күн мен түннің теңелу сәтін білдіретін таңғы сәулені қарсы алу кезінде ауылды азан-қазан қылатындай жастардың дауылпаз ұрып, қоңырау соғып, кернейлетіп, сырнайлату арқылы түрлі дыбыс пен үнге ерік беруі Ұлы күнді үдеріс ретінде мойындаудың бір көрінісі және құбылыстың Үнін жетік етуден туатын ырым. Бұл - қуаныштың, жақсылық пен қайырымның үні ретінде қарсы да кері үнді қашыру, «ыңырсуды» болдырмау, жұт пен жағымсыздыққа жол қалдырмау әрекеті. Бәлкім, бүгінде қолданысы тым тарылған қазақтың жетіген аспабының о бастағы шығуы осы сәттен бастау алған. Оның үстіне «жетіген» сөзі «жетіг үн» тіркесінен де туындап тұр. Осылайша бір кезде кең қолданылған бірнеше (жеті) қоңырау тағылған сылдырмақ аспабы да шыққан. 

e81d42fd1a9e20b458c182a81c51bfa1.jpg

Наурыздық өң санатына келсек, ол да жеті бояумен анықталады. Аспандағы алғашқы көктемгі жеті түсті кемпірқосақтан бастап, жер бетіндегі бірыңғай ақ түсті қардың кетуінің өзі жер бетін талай түске бойайтыны, мереке күнгі түрлі түсті киім-кешек пен үйдегі алуан түсті заттарды жайу көріністері жетік түсті принципті қанағаттандыру болып табылады. Ежелгі түркілердің түсінігінде әр түстің өзіне тән құбылыстық сыйпаты бар: солғын жасыл түс балаңдық пен бастау түсі; ақ түс кемелдіктің, қартайудың белгісі болып табылады. Сондықтан да, келіннің шымылдығын, жас жұбайлар отауын әлем-жәлем етіп, алуан түспен жасандырса, қария бейітінің басына шыққан қасиетті ағашқа ақ орамал байлау оның кемелдігін мойындау, екі дүние арасындағы делдалдықты әсерлеу болып есептеледі. Бүгінде кең қолданыс тауып отырған қазақы құрақ көрпенің шығу себебі де, осы наурыздық алуан өңді паш етуден туындаған. 

Серік Ерғали, мәдениеттанушы

(Жалғасы бар...)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?