Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған Олимпиадалық спорт күні аталып өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшылары, Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, Қ. Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық спорт мектеп-интернатының оқушылары, «SOS Детская деревня Астана» тәрбиеленушілері және № 3 мектеп-гимназиясының оқушылары, қала қонақтары қатысты.
Олимпиадалық спорт күні шарасы барысында Ұлттық Олимпиадалық комитет өкілдері былтырдан бері жүзеге аса бастаған «Жылдың спорттық сыйлығы» премиясының стелласын музей қорына табыстау рәсімі өтті. Алдағы уақытта аталған жәдігер «Қазақстанның спорт даңқы» залындағы бірегей жәдігерлердің қатарынан орын тебетін болды.
«Қазақстанның спорт даңқы» залында Мемлекет басшысына және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейіне сыйға тартылған түрлі жарыстардан жеңіп алынған құнды спорттық жүлделер жәдігері сақталған. Құнды тарихи экспонаттар қатарында Лондон олимпиадасының чемпиондары А. Винокуровтің велосипеді, С. Сапиевтің боксерлік қолғаптары, Афина олимпиадасының чемпионы Б. Артаевтың олимпиадалық ойындардың чемпионы тәжі», IBF және IBА дәрежесіндегі бокстан әлем чемпиондары В. Жиров және М. Мәзімбаевтардың белдіктері, Сидней олимпиадасының чемпионы О. Шишигинаның медалі, VII қысқы Азия ойындарының факелы мен медальдерінің жиынтығы, хоккейшілердің, VII қысқы Азия ойындары чемпиондарының қолтаңбалары жазылған доп таяқтар қоры сақталған.
Музей қорына сақталған «Жылдың спорттық сыйлығы» стелласы былтырдан бері табысталатын жоғары спорттық марапаттардың бірі екен. Аталған сыйлықпен әлемдік және халықаралық спорттық жарыстарда атой салған жеңімпаздар мен оларды дайындаған жаттықтырушылар, спорттық ұйымдар, спорт басшылары мен басқармаларын марапатталған. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілі Жігер Әзбергенов қысқаша тоқталып өтті.
«Былтыр Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен тағайындалған "Жылдың спорттық сыйлығ" премиясының үлгісін ҚР Тұңғыш Президенті музейіне табыстап отырмыз. Ол сыйлықты тапсыру былтыр тұңғыш рет қолға алынған. Алдағы уақытта музей қорына біздің спортшылардың жаһандық жарыстарда жеңістерінен сыр шертетін экспонаттармен әлі де толықтыра түсеміз деген ойдамыз. Және біздің спортшылар оған лайықты. Өйткені музей қорында жәдігерлерді сақтау арқылы, болашақта жастар үлгі алып, еліміз бұл құнды экспонаттармен мақтанып жүреді деген ойдамыз»,-деді Ж.Әзбергенов.
Сондай-ақ жас спорт саңлақтары мен қала қонақтары «Қазақстанның спорт даңқы» залынан арнайы экскурсия тамашалап, Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченконың дәрісін тыңдады. «Мен спортқа қарапайым бала болып келдім. Жеті жасымнан спорттың әр түріне қатыстым. Футбол үйірмесіне қатыстым. Барлық бала сияқты футболшы болуды армандадым және оны сүйдім. Одан кейін жүзуге бардым. Спорттық гимнастикаға бардым. Кейін күреспен айналыстым. Ең бастысы кез-келген спортта жетістікке жету үшін ерінбей еңбектеніп, көп дайындықты талап ету керек», - деді олимп жұлдызы.
Юрий Мельниченко - грек-рим күресінен ҚР еңбегі сіңген спорт шебері. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы. Грек-рим тәсіліндегі қазақстандық палуан, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, XXVI Олимпиада ойындарының 57 кг салмаққа дейінгі дәрежесіндегі әлем чемпионы. Оның Дэннис Холлмен күрестегі айқын жеңісі егеменді Қазақстанның тарихындағы грек-рим күресі бойынша қол жеткізген алғашқы алтын жүлде болатын. Сол кездері американдық БАҚ өкілдері «Жарық жылдамдығындай өзіндік лақтыру әдісі» деп жарыса жазған еді. Чемпионның бұл жеңісі - Қазақстанның спорт тарихындағы жарқын беттердің бірі.
Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ