Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Абылай хан өз тұсында екіжақты саясат ұстануға мәжбүр болды...»

1608
 «Абылай хан өз тұсында екіжақты саясат ұстануға мәжбүр болды...» - e-history.kz

Белгілі қаламгер, «Жұлдызды лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Түске оранған күз» «Көгілдір шабыт» сондай-ақ әлем әдебиеті қақында жазылған «Қаламұш әлем» кітаптарының авторы, тарих ғылымдарының кандитаты Сұраған Рахметұлымен болған көлемді сұхбатымыздың екінші бөлімін өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз, құрметті оқырман қауым.

- Сұраған аға, біз көбіне орыстың отарлауындағы лаңын айтқанымызбен екі ғасырға жуық ырғасқан жоңғарлардың жанымыз бен болмысымызға салған зардабын жасыратын секілдіміз. Осы хақында қалай ойлайсыз?

- Оныңыз рас. Қазақ тарихындағы Жоңғар соғысының аяқталу кезеңіне нүкте қойған қазақтың ұлы қолбасшысы Абылай хан 1756 жылы Мәнжу Шүршіт әскерлерімен соғысып игі нәтижелерге жеткендігі айтылады. Тарихшы, әрі көрінекті жазушы Мұхтар Мағауин деректері бойынша «...Чин патшалығы әскери қолбасшы Фу Дэ мен Абылай хан өкілі Әбілпейіз сұлтан арасындағы уақытша бітім «Айдын-Су мәмілесі» жасалып бұл бітімнің соңғы нәтижесі Мәнжу Чин өкілдері мен Абылай хан арасындағы «Аягөз бітімімен» жалғасын тапты. Осы келісімдер нәтижесінде тау-тасты сағалап бытырап көшіп жүрген қазақтар ежелгі ата қоныстары Шығыс Түркістан өңірлеріне қайтадан қоныстана бастады» дейді.

1757 жылы күзде Мәнжу Чин патшасы Цянь-Лүн Қазақ елін Қытайдың бір бөлігі деп қарайтынын білдірді. Бұл саяси әрекетті Абылай: «Мені хан етіп халық сайлап, «Көктіңұлы» пәрменімен бекітті» деді. Демек, қазақ жерін әкімшілік бірліктерге бөлу Ховдадағыдай әмбі тағайындау, Улиастайдағыдай әскер жасақтаудың қажеті жоқ деп көрілді. Сол жылы 6 қарашада Бейжіңде елші қабылдауға болатын ниетін білдірген Чин патшалығы қазақтың Ресей және Қытайға «екіжақты бағыныштылығын» әлде бір себептермен мойындады. Бұл туралы тарихшы, ғалым Н.Мұхаметханұлы Чин патшалығының Орда естелігіне сүйене отырып: «...Қазақ билеушілері Мәнжу патшалығы алдында айта қалсын міндет жүктемеді...» деп дәлелдейді. Әскери жасақ, алым-салық, сый-сияпат жасау тұрғысында да сәл жеңілдеу һәм бейтарапта қалды. Мәнжу Чин патшалығының өзіне сый-сияпат жасатуы бағынышты елдердің «басының сақинасы» секілді кесапат болса керек. Әсіресе Цянь-Лүннің тұсында қазақ хандығы Абылай ханмен жасалған қарым-қатынастардың бәрінде Чин патшасына қомақты сый-сияпаттар, тарту-таралғы беру туралы айтылады. Бұны тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлы «Қазақтардың Шығысқа қайта көшуі» атты еңбегінде: Абылайдың сөзімен, «...Арада асқар таулар, алып өзендер, жер шалғай, тарту таралғы апара алмадық...», Цянь-Лүннің ниетімен, «...Қазақтар ат тарту етіп отыр...» деп дәлелденеді. Ал, Мәнжу Чин патшалығының сый-сияпатқа қаншалықты ашкөзді құмар болғандығын Моңғол тарихында былайша дәлелденеді: «...1753 жылы Халха төрт аймағы 5700 ат, 1600 түйе, 1754 жылы 5000 ат, 350 түйе, 1763 жылы 400 ат, 1819 жылы әйгілі «үш тоғыз» сыйынан тыс 4000 түлік жинап, Мәнжу Чиннің Сайшаалт ерөөлт ханына тарту етілді...» деп жазылады. Мұндағы айтылып отырған «үш тоғыз» сыйына бұлғын терісін бітеу сойып, илеп мойынына ілген, күміс мұрындықты ақ атан түйе, 5 түрлі әшекейлі баумен айшықталған сары ноқталы 8 сәйгүлікті тарту етуі еді деп көрсетеді. Сауда-саттық қытайлықтардың өте қатты бақылауында жүрілді. Екі еларалық тауар айналымы аздаған пұл, шәй, қытай қол өнершілерінің майда-шүйде саудасымен шектеліп отырды. Бұл саясат Моңғолға түгелдей экономикалық қыспақ арқылы қарым-қатынас жасаудың тәсілі еді.Сондай-ақ күллі моңғолдықтарды өзіне тәуелді етудің алғы шарты болды. Ал, қазақ әлемінде Абылай ұстаған екіжақты бодандық сипаттағы саясат болса, қазақ ұлтының өмірлік, мәжбүрлену мүдделерінен туындаған-ды. Абылай хан не десек те екіжақты саясат ұстануға мәжбүр болды. Сөйтіп, осы тәсіл арқылы недәуір тәуелсіз өзгерістер жасауға тырысып Қазақ мемлекеттілігін нығайта түсті. Екатерина ІІ мен Чин сарайының Абылайды хан есебінде мойындауы оның беделінің арта түскендігінен байқалады.

1762 жылы Екатерина ІІ өзінің таққа отыру кезінде Абылай ханға: «Императорлық ұлық мәртебемізге адал берілген Орта жүз қырғыз – қайсақ ордасы Абылайға бізден мархабат мейірім» деп ерекше ілтипат білдірген болады. Сондай-ақ Қазақ даласына Ресейдің патшалық өкіметі әскери әрекеттерінің күшеюі, Мәнжу Чин әскерінің қазақ жеріне басып кіру қауіпі Абылай хан бастаған сұлтандардың Ресей бодандығын сақтай отырып, Чин патшалығының сюзерендік жоғарғы өкіметтік билігін қабылдауына түрткі болды. Жазушы,тарихшы Жақсылық Сәмитұлы «Қытайдағы қазақтар» (2000) кітабында «...1757 жылдары Чин патшалығымен Қазақ хандарының қарым-қатынасы жиілей түскенінен...» Қытай деректеріне сүйене отырып, қызықты мәліметтер келтіреді. Ол, тарихшы Нығмет Мыңжани құрастырған «Жапониялық Зокуту ХҮІІІ-ХІХ ғ. Шыңжаңның қоғамдық тарихи жағдайы жөніндегі зерттеулерден сілтеме жасай отырып «1757-1830 жылдарға дейін Қазақ хан, сұлтандары Бейжіңге елші жіберіп тұрғандығынан» мәліметтер келтіреді.

Сөйтіп қазақтар мен Мәнжу Чин еларалық сауда қарқыны да жандана бастады. Нығмет Мыңжани еңбектерінде: «...Сауда арқылы Абылай хан атымен мыңдаған жылқы саудаланды. 1788 жылы 17 қыркүйекте Қабанбай Үрімжіге 300 ат әкеліп сатты...» делінеді. Біз бұл деректерден Мәнжу патшалығымен Қазақ хандығы арасындағы саяси-әлеуметтік ахуалдардың жедел түрде өзгере бастағанын байқауымызға болады.

 

- Қазақ пен қалмақ арасындағы қаншама кескілескен ұрыстан кейін Жоңғар мемлекеті біржола жойылып, оның территориясы бос қалды емес пе?

- Бұл сұрағыңа оралмас бұрын ең әуелі мына мәселені толыққанды таратып айтып алайын. Жоңғарда тыныштық орнаған 1757 жылдан соң кейін тусып кеткен кең жайылымдар – Алтай, Тарбағатай, Тянь-Шань таулары мен Жоңғар ойпаты мен Ертіс, Іле алқабындағы шұрайлы жерлер мал шаруашылығымен шұғылданатын қазақ қауымын қатты қызықтырды. Бірақ, шекараны қарауылдар күзететін-ді. Қазақтар Жоңғар соғысы кезінде бұл маңнан уақытша ығысып кеткен еді. Ендігі кезекте өздері қалдырған байырғы өңірлердегі тыныштықтың тұрақтай бастағанына көзі жеткен қазақтар шекара қарауылдары мен жергілікті өкімдіктің шектеуіне қарамастан Мәнжу Чин қарамағында қалған өз мекендеріне қарай ағылды деп жазады Нығмет Мыңжани «Қытайдағы қазақтар тарихы» атты еңбегінде. Моңғол мен Ресей шекарасы маңына да жергілікті қазақтардың шоғыры келіп орналаса бастады. Олар да жолдағы күзет, харуулдарға көнбеді.

1770 жылдардың соңында жәнтекей, қарақас, молқы, шеруші руларының бір бөлігі Алқабек, Білезік, Қаба, Буыршын өзендері алқабын сағалай келіп орналасты. Соңынан Шұңқыр, Қыран Ертіс, Көксу, Балбағайлы дейінгі өңірлерге қоныстанды. Мәнжу патшалығы ойраттарды да, қазақтарды да байырғы мекендеріне жібергісі келмеді. Ховда шебіндегі 10 хошуунды Чин патшалығы әдейі Сарсүмбеге қаратып, дөрвөдтің 12 ірі хошуундарын аз санды урианхайлар мен, іргелі захчиндардан бөліп жіберді. Соның салдарынан Алтай өңірі, Ертіс өзені бойында дөрвөдтермен бірге қанаттас көшіп – қонып жүрген Чадагтың уысындағы урианхайдың 7 хошууны бөлініп, ұсақталып, шашыранды жағдайға түсті. Қазақтармен бірге Торғауыттар 1771 жылы Қарашәрі, Қобық, Сайыр, Қарасу, Чинхай, Еженғол маңына қоныстандырылды. Оларды мәнжілер 1773 жылы Ховда әмбісіне қарасты етіп, Бұлғын өзені сағасынан, Бәйтік, Қаптық, Үрінгі маңынан жер берді. Мәнжу патшалығынан жеке тарап хошуун болған 1883 – 1912 жылдар арасында яғни 1912 жылы қазақтармен бірге келіп Боғда хандығы қарармағына енген торғауыттар қазақтармен тағдырлас. Олар бірде алыс, бірде қоңсы жүрді. Торғауыттар мен қазақтар арасында да жер дауы болған. Қазақтар мен ойраттар арасындағы жер дауын мәнжіліктер барынша шиеленістіріп, қаузай берді. Түркиялық қаламгер Дәлелхан Жаналтай: «1750 жылдан бастап Абақ Керейлер Қазақ жерінен қоныс аударып Қызылсудан, Семейге, Зайсанды басып Алтай өлкесіне өтті. Қазақтар Сарсүмбе, Қаба, Буыршын, Жеменей, Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл маңына қоныстанды...» деп жазды. Сонымен тарихтағы ең күрделі кезеңнің басталуы – Мәнжу Чин империясының Моңғол тәуелсіздігін өз егелігіне алған 1758 жыл болып саналады. Тарихшы Мініс Әбілтайұлы «Тұрар Рысқұлов Моңғолияда» атты еңбегінде: 1758 жылы Мәнжу Чин патшалығының жазалаушы әскерлері ұлт-азаттық қозғалысқа көтерілген жоңғарларды жер бетінен құртып жіберді...» деп жазды. Мәнжу патшалығы бірлі-жарым моңғол тектестері былай тұрсын, ойда-қырда қалған Ойраттардың шағын ұлыс-руларының ізіне түсіп індету тәсілдерін жалғастыра берді. Бір кездегі әлеуетті Жоңғарлар әулетін осылайша қуғынға ұшыратты.

 

- Осы бос қалған жерлер енді екі ел тарапынан қандай келісім шарт негізінде бөліске салынды?

- Қобда бетіне қоныс аударған қазақтар тарихына қатысты түрлі еңбектер де жорамалдар да баршылық. Алайда тарихи құжаттар мен кейбір мұрағаттарда сақталған құндылықтар, деректік негіздемелерге сүйену аса маңызды. Демек, ауызша тарих немесе ел есінде (жадыда) көнекөз қариялар арқылы жеткен дерек пен дәйектерді жоққа шығаруға келмейтіндігі ақиқат болса керек. «Мәнжу Чин патшалығы әскері Әмірсананың ізбасар жақтастарын да қуғындап 1758 жылы қазақ даласы – Ұлы жүзге дейін келді» - деп жазады тарихшы Нәбижан Мұқаметханұлы. Бұдан кейінгі мезеттерде қазақтар мен Чин патшалығының қарым-қатынасының жаңа кезеңі басталды. Қытайға барыс-келіс жиілей түсті. 1760 жылдан бастап Іледе, іле-шала Тарбағатайда сауда-саттық жанданып, тауар айырбас түрлері біртіндеп жолға қойылды. Осы жылдары сыртқы Моңғолияда да Мәнжу Чин патшалығы сауда-саттықты бақылауға алып, айналымдағы тауарды реттеуге қатысты түрлі шаралар қолдана бастады. Жергілікті бейғам жұтты қисапсыз борышқа жығу арқылы құйқалы өңірлерді иемдену тәсілдері жүргізілді. Абылай хан мен Чин патшалығы арасында жер иеленуге байланысты күрделі келісімдер де жүрілгендігін Н.Мұқаметханұлы өз зерттеулерінде толықтырады. Мысалы, «...Абылай хан Чин патшалығы Қазақтың ежелгі атамекенін өз ықтияр – райымен бермейтініне көзі жеткен соң қазақтарды біртіндеп шығысқа тықсырып, көшіре бастады...» десе, «...Чин патшалығы өзінің батыс солтүстік өңірдегі ең алғашқы шекара шеңберін белгілеп шекара сызығына қарақшы тас үйіп, оба тұрғызып қарауыл жасай бастаған 1762 жылы қазақтар осы маңға қоныстанған еді...» деп жазады..

Мәнжу Чин патшалығының шекара сызығын белгілеуі және оны қарауылдар (харуул) арқылы қорғайтын болғандығы жөнінде Моңғол тарихшылары да нақты дәлелдер келтіреді.

Мысалы «...Батыс Моңғолдың шебі - Қоңыр (Хонгор), (қытайшасы - Хонмераху), Қара Ертіс, Хоньмайлахда (қытайша – Хоймайлаху, қазақшасы – Қоймаңырау) 28 қарауыл болғандығы жазылады. Моңғол жағындағы шептерде қарауыл – «Алтай қарауылы», «Суман қарауылы» деп екіге бөлінеді. Қарауылдардың міндеті – шекара маңына қоныстанған ауылдарды белгіленген өңірлерге жібермей, қайта қайтару болды. Бұл тәсіл салық төлету,тарту – таралғы жинату арқылы жүзеге асты. Мәнжу Чин патшасы 1763 жылы халханың ақсүйек сұлтандарынан 400 жылқы жинап өзіне тарту еткізгені туралы баяндалады. Мәнжінің бұл тәсілі 1767 жылы Чин патшалығы тарапынан өңірлерге мал баққандығы үшін қазақтар жылына жүз бас малға бір тұяқ жылқыны алым-салыққа беріп тұрғанын айтады. Қытайдағы белгілі тарихшы Жақып Мырзаханұлы «Чин патшалығы Абылай ханға 1771 жылы ең жоғарғы атақ – хан мәртебесін береді...» деп келтіреді. Осы 1771 жылы Қазақ тарихындағы әйгілі «Шаңды жорық» шайқасы аяқталып, сол жылы Түркістанда Абылайдың бүкіл Қазақ Ордасының ханы ретінде ақ киізге көтерілуі Мәнжу патшалығын бей-жай қалдыра алмады. Абылай ханның атақ-даңқы асып, қазақ халқының мерейі өсе түскені де осы тұс болса керек-ті.

 

                                                                             (жалғасы бар...)

 

 

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?