Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихшы: Президент жолдауы ұлттық сананың жетілуіне өз үлесін тигізбек

1779
Тарихшы: Президент жолдауы ұлттық сананың жетілуіне өз үлесін тигізбек - e-history.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызында «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа мәні мен маңызы ерекше, ауқымы кең Жолдауын жолдағаны баршамызға мәлім. Жолдауды «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан бастап, қолданылып жатқан шараларға, демек тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығына, бірнеше жүз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғандығына жекелей тоқталып, қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айта отырып, сол оқиғаның себебі мен салдарын объективті түрде ашып айтты.

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – халықтың әл ауқатын көтеріп, жағдайын жақын арада жақсартуға бағытталған қажетті реформаларды жүзеге асырудағы нақты 10 қадамдарын ұсынуында. Жолдаудың маңызы – ол әр түрлі дағдарыстар мен қайшылықтарды алдын алып, жаңа міндеттер қойып, еліміздің ары қарайғы дамуына бағыт-бағдар береді. Атап айтсақ, Президенттің өкілеттілігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін күшейту, сайлау жүйесін жетілдіру арқылы қарапайым халықтың мемлекетті басқару ісіндегі маңызы мен орнын арттыру, құқық қорғау институттарын күшейтудің тиімділігін атап өтіп, еліміздің әкімшілік аумақтық құрылымын жетілдірудің қажеттілігіне тоқталады. Солардың бірі елімізде жаңадан облыстар құрып, оларға байырғы атауларды беруі жақсы қадам деуге болады. Жолдауда айтылғандай Семей аймағына ұлы ақын, философ, ағартушы, қазақ халқының тарихи тұлғаларының бірі Абай Құнанбаевтың есімін беруі, Жезқазған облысының аумағында ортағасырларда Дешті Қыпшақ аталған ежелгі тарихи Ұлытау облысын құрып, Жезқазған қаласының қайтадан облыс орталығы болатындығы, Алматы облысын екіге бөліп, орталығы Қапшағайда, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасуы қазақ халқының, әсіресе сол облыстардың гүлденіп, жаңа деңгейге көтерулерінің үлкен бастамасы болмақ.

Сондай-ақ Жолдауда Қапшағай қаласына жұртшылық жаппай қолдаса, халқымыздың біртуар перзенті, кезінде жауапты қызметтер атқарып, елдің тұтастығын сақтап қалуда табандылық көрсеткен – Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру керек деген ұсыныс жасады. Бұл да өте құптарлық шешім, өйткені Д. Қонаев еліміздің қай саласында болмасын сіңірген еңбегі орасан зор. Сонымен қатар, Қапшағай қаласында халыққа қажетті көптеген кәсіпорындар бар, облыс орталығы болған жағдайда еліміздің экономика саласының дамуына тың серпін бермек.

Осындай Абай Құнанбаев, Д. Қонаев сынды ұлы тұлғалардың есімінің берілуі «Қаңды қаңтардан» кейінгі кезеңдегі ұлттық сананың, әсіресе болашақ жастардың санасының оянуына әсер етіп, рухани жетілуі мен дамуына да өз үлесін тигізбек. Өйткені Абай атамыздың бір ғана қара сөзінде-ақ осы ұлттық құндылықтарға байланысты көзқарастары ашық көрсетілген, соны үлгі тұтып, оқып өскен ұрпақ ешқашан тілін, дінін, тарихы мен мәдениетін ұмытпайды деп үлкен сеніммен айта аламыз.

 

Қоңқабаева Арайлым Нұрболатқызы

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?