Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сурет салып отырып қайтыс болған қылқалам шебері

2616
 Сурет салып отырып қайтыс болған қылқалам шебері - e-history.kz

Биыл Қазақстанның тұңғыш кәсіби суретшісі, Қазақстанның халық суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақтың даңқты кескіндемеші, график-суретшісі, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі – Әбілхан Қастеевтің туғанына 118 жыл толды. Талантты суретшінің соқтықпалы-соқпақты өмір жолы тақтайдай тегіс емес. Жоқшылықтың қамыты арқасын жауыр етсе, әкесінен жастай жетім қалған тағдыры да жеңіл сынақ ұсынбады. Қазақтың қылқалам шеберлерінің көшін алға сүйреп, талантты шәкірттерді тәрбиелеген Әбілханның өмір жолы қалай өтті? Арқасында бүтіндей бір ұлттың аманатын арқалаумен қатар азапты да иығында көтерген тұлғаның балалық шағына үңіліп көрдік.

1904 жылдың 1 қаңтарында Алматы облысы, Панфилов ауданы, Шежін ауылында өмірге келген Әбілхан – әкесі Қастей мен анасы Қалипанның тұңғыш баласы.

Әбілхан үш жасқа толғанда әкесі Қастей өмірден озады. Жоқшылықта таршылықпен ғұмыр кешкен отбасын асырау анасы Қалипан мен үйдің үлкені Әбілханға түседі. Елдегі байға жалданып малын бағады. Ал анасы сол үйдің отын жағып, суын тасып, үйінің жұмысын атқарады. Мыңғырған малын таң алакеуімнен өргізіп, көз байланған шақта өрістен айдап келетін бала қойшының еңбекақысына сараң бай сылдыр сорпа береді. Ашқұрсақ бала қойшы тағдырдың тауқыметін бала күнінен көп тартады. Желден кезерген ерні жарылып, қолы тілініп қой соңында жүргенде үйде қалған бауырларын ойлайды. Олардың күні не болмақ? Қоңыр күз қақаған боранды қысқа ұласып көктем шыққанға дейін аяғына киетін киімі жоқ бауырларында. Сондықтан да ұзақты күн үйден шықпай далаға киіздің тесігінен сығалап отырады. Бір тілім нанға зар болып, әбден арып-ашқан Әбілхан қазымыр қожайынының құйып берген сорпасын түгел тауыспай тамсап қана ішіп кеш батырады. Қалғанын өзімен бірге алып келіп, үйдегі бауырларына беруді дағдыға айналдырады. Өзі арып-ашып жүрсе де үйде қалған тілеулестеріне қамқорлық танытады. Бала күнінен бауырмал, кішіге қамқор бола білген тұңғышының мейірімділігіне сүйсінген анасы ұлына байқатпай көзінің жасын сығып алады.

Байдың отарын бағып күнелткен бала Әбілханның суретшілік қасиетін оятқан құдірет – табиғат. Жылдың төрт мезгіліндегі бірін-бірі қайталамас әсем көріністер. Ұшқан құстың қалықтауына қарап қызығады. Көктем туа інінен шығатын суырдың шаңқылына құлақ түреді. Тал-дараққа қонып сайраған бұлбұлдың әсем үні қандай жағымды. Күркірей аққан тау өзенінің гүрілі. Тастан-тасқа соғылған судың толқынын тамашалайды. Жаздың ми қайнатар ыстығында бір-бірін пана ұтып, көлеңке қуалап үйездеген отары жусаған соң қызықтайтыны табиғаттың тылсым әлемі. Осындай керемет көрінісі бала қойшының көкейінде жатталып қалады. Қоңыр күздің желі үзіп, қалқып келіп жерге қонған өзгеше бейнедегі ағаш жапырақтары мен шөптердің сабағына, гүлдердің әсемдігіне таңырқай түседі. Ал қыстағы көрініс тіпті керемет. Тебіндеген отары күн арқан бойы көтерілгенде шөпке тойынады. Содан соң бала қойшы күнге шағылысқан аппақ қардың үстінде теріден тігілген жыртық етігімен шиырлап ізімен түрлі бейнелерді салады. Соған өзі ерекше мәз болады. Қой терісінен сырылған етігінің жыртығынан кірген қар қызыл асығынан бастап дуылдатып ашытады. Суықтан иегі дірілдеп жауарса да ермегін жалғастыра береді. Көктем туып, жер-ананың тіршілігі оянғанда табиғаттың жаңарған шағы керемет. Жер ананың құлпырғанына қызыға қараған баланың қиялы осынау көріністі бейнелеуге деген құштарлығын күшейте түседі.

Күнұзақ табиғаттың тылсымымен сырласып, кереметіне көз тойдыра алмай қойын айдап қайтады. Алайда сараң бай қамшы үйіріп қарсы алғанда су сепкендей басылады. Әрнәрсені сылтау етіп қалайда ілік тауып, айғайлауға әзір тұрады. Ауыр сөздері баланың бойына кек болып сақталады. Бірақ қолдан келер қайран қане. Кетіп қалса, кімді барып паналайды? Ызадан жарылардай болған Әбілхан отарын қотанға қамап, өткізіп беріп үйіне жылап қайтады. Күнде осындай көрініс қайталана берген сайын қожайыннан қалай есе қайтару керек деген сауал мазалайды. Ұрып жыққанға қауқары жетпейтін бала алдындағы отарын тастап қашқанымен байдың құрығы ұзын тауып алады. Қайткенде кегін алады?

Бала қойшының бар қаруы – суретшілік қабілеті. Ыстықтан қорғанатын күркесінде тасқа ойып түрлі көріністі айнытпай салады. Үнемі ұрыс шығарса, еңбегіңді бағаламаса көңіл суиды. Әбілханның да байдан әбден көңілі қалады. Көзін жұмса болды дәл алдында қабағы кіржиіп бай тұрады. Қолындағы қамшысын көтеріп, әмір береді. "Малымды жоғалттың" деп кіжінеді. Ойынан осы бір көрініс кетпейді. Бір күні тасқа байдың суретін салды. Қасарысқан қазымыр байдың   жеккөрінішті кескінін айнытпай бейнеледі. Қазандай басы мен шермиген қарнына қарасаң тура байдың нақ өзі. Оған қыбы қанып қуанады. Үстінен жүк түскендей жеңілдеп, кегін алғандай марқаяды.

Бірде бай қасына ауыл молдасын ертіп өрісін аралауға шығады. Төрт түлігін жұтқа беріп, шығындап алмас үшін жайылымның жайын білмекке атқа мінеді. Осы қойшының күркесінен шықпай жататыны несі екен деп барып көреді. Барса, Әбілханның ыстықтан паналайтын күрекесінің айналасы толған жылтыр тастар. Ағаштың діңіне ойып салынған түрлі суреттер. Тасқа қашалған бейнелер. Молда мен бай атынан түсіп бақташы баланың қолынан осындай шеберлік келетініне таңданыспен қарайды. Мына сурет кімнің бейнесі? Молда тесіле қарап баж ете түседі. Сурет салу, адамның бейнесін тасқа қашау дінге қарсы келгенмен бірдей деп төнеді. Бай да өзінің бейнесін көріп, Әбілханға қамшы үйіреді. Қойшының суретшілік өнерін білген бай одан бетер тісін батыра түседі. Бірақ барлық қиындық кедергі де бала суретшінің талантына тоқтам сала алмайды. Керісінше, есейген сайын таным-түсінігі де артып, шеберлігін шыңдай береді.

Әбілханның сурет өнеріне деген құштарлығының оянуына анасы Қалипанның септігі бар. Он саусағынан өнер тамған, киіз басып, текемет тоқып, сырмақ сыратын анасының ойған оюларын қызыға тамашалаған Әбілхан да анасынан ою оюды үйренеді.

Қой соңында жүріп өзен суы шайып шығарып тастаған тастардың арасынан өзгешелерін теріп алып, қашап түрлі бейне жасайды. Жылтырап күнге шағылысатын тастан моншақ жасап, ағайын-туыстарының бойжеткен қыздарына үлестіреді. Шебердің қолынан шыққандай табиғаттың өзі жасаған өзгеше тастарды теріп алып, аң мен құстың, төрт түліктің жансыз бейнесін де айнытпай қашап жасайды.

Әбілханның қолынан осындай ерекше әшекей бұйымдар жасай алатыны ауыл аймаққа тез тарайды. Сәукеле киіп, ұзатылатын қыздар шебер балаға тапсырыс та беріп, моншақ, алқа жасатады. Қырғыз елінен аңшы қонаққа келіп, кетерінде кездігін сыйға беріп, Әбілхан ерекша қуанады. Өйткені бала суретшінің ағаштан жонып, өзге аңдардың, төрт түлік малдың мүсін жасауына құрал-сайманы жоқ болғандықтан қолы қысқа еді.

Бала күні жалшылықта өткен Әбілхан ес тоқтатып есейген бозбала шағында ауылдан ұзап Жаркентке келеді. Жаркентте бұлақтың суын шелекпен тасып, қалаға әкеліп тиынға сатып, ақша табады. Коллективтендіру жылдарында Әбілхан татар байға жалданып жұмыс істейді. Татар байының үйінде жүргенде еңбекақысынан қалған ақшасына қағаз, қылқалам, бояу сатып алып, суреттерін салады. Кеңес өкіметі орнаған соң құрылысын жүргізетін мекемеге жұмысқа орналасады. Еңбекқорлығымен көзге түскен Әбілханның "Құрмет тақтасына" фотосын түсіру үшін Саламатов деген фотограф келеді. Алғашқы таныстық достыққа ұласып, кейін де бір-бірімен хат-хабар алмасып тұрады.  

Түркістан Сібір темір жолын салуға жұмысшы күші керек деген хабар алған соң сол жаққа бағыт түзейді. Тас қалаушылар тізіміне жазылып, жұмысқа аттанады. Молдадан ескіше хат танығанмен тереңдей білім алуына жағдайы болмаған түбіт мұрт бозбалаға үлкен мүмкіндік туады. Жаркентте жүргенде танысып, жақын тартқан Саламатовқа өзінің салған суреттерін, басқа да қолынан шыққан әшекей бұйымдарын сеніп тапсырады. Әбілхан қазақ даласының төсіне түскен теміржол құрылысында жүріп те өзінің суретшілік шеберлігімен айналасындағыларды тәнті етеді. Өзінің де күшімен төселген шойын жолда түтіні будақтап, вагонын сүйреп локомотив келеді. Сайын даланың иесі атанып, төрт түлік малын өргізген жергілікті халықтың осынау көрініске таңырқай қараған сәті ерекше есінде әсер етеді. Сол бір қайталанбас шақты ойында әбден пісірген Әбілхан қағаз бетіне түсіреді. Ғажабы кейін әйгілі болған "Түрксіб" деп аталатын суретінің алғашқы нұсқасын суретші шойын жолда жүрдек жүруі үшін пойыздың темір доңғалағына жағылатын қара маймен салады.

"Түрксіб" темір жолы суретінен өзге де картиналары арқылы Әбілхан Түркістан Сібір теміржолы салушы жұмысшылардың арасында танымал болады. Оның тасқа салған түрлі суреттеріне, қолынан шыққан бұйымдарына қасындағылар қызыға қарап, Қастеев суретші жігіт атанады. Шойын жолдың табанына төсейтін ағашқа жағатын қара маймен тасқа қашап Лениннің портретін салады. Теміржол салушылар тасқа қашалған көсемнің портретіне таңданып, Қастеевтің аты тез танылады.

Енді Әбілханды Алматыға әкелген кім дегенге жауап берелік. Жаркентте жүргенінде танысқан жанашыр адамы Саламатов Әбілхан теміржол салуға кеткенде аманаттаған туындыларын Алматыға жөнелтеді. Өзі мінездемесін қоса жазады. Талантты суретшінің білім алуына көмектесуді сұрап жазған хатына жауап берген облыстық оқу бөлімі шақырту қағазын жібереді. Байдың малын бағып жүргенде, кейін Жаркентке келіп жалданып жұмыс істегенде сурет өнерін шындап игерсем деп армандаған жасты оқу бөліміндегілер өздері іздеп табады. Қазақ баласының қолынан осындау шебер туындылар шыққанына таңданады.

Әбілханның алдында оқуға деген даңғыл жол ашылады. Алматыға келген соң №12 орта мектепке қабылданады. Әр түрлі пәндерден гөрі сурет салуға, бейнелеу өнеріне алабөтен қызыққан Әбілхан Алматының байырғы тұрғыны Николай Георгиевич Хлудовпен танысады. Ақсақал жасына жеткен қарт суретшімен таныстырған – облыстық оқу бөлімінің мамандары. Орда бұзар жасқа таяған жігіттің салған суреттерін көрген Хлудов талантына тәнті болады. Алайда кәсіби білім алу керек екенін, әлі де ізденіс қажеттігін айтып, қамқорлығын көрсетеді. Әбілхан сурет салуға арналған ерекше қылқаламды, бояудың сан түрін алғаш көріп, тіпті сурет те салады.

Алматыда өмірінің соңына дейін өмір сүріп, қазақ халқының тыныс-тіршілігін бейнелеген Хлудов Әбілхан Қастеевтің өнеріне ерекше разы болады. Жақсы көретін шәкіртінің бірі санайды. Қазақ дейтін халықтан да сурет өнерін меңгерген таланттың өсіп шыққанын армандап жүргенде Қастеевпен кезіккеніне қуанады. Өмірден өтерінде Әбілханға өзінің қылқаламын сыйға тарту етеді.

Хлудов қазақтың тұрмысын суреттегенімен, оның кейбір туындылары шындықтан алшақ екенін айтып, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялылар сынға алады. Өйткені оның қазақтың тұрмыс-салтын бейнелейтін картиналарында қателік көп болды. Кемшілігін мойындаған Хлудов "Менің қателігімді шәкіртім Қастеев түзейді" деп жауап берген. Расында Әбілханның қылқаламы қазақтың тұрмысын, болмыс-бітімін айна қетесіз бейнеледі. Өнер зерттеушісі Оксана Танскаяның «Қастеев қатардағы суретші ғана емес, сонымен бірге нағыз шежіреші. Меніңше, егер бұл өмірде этнография ғылымы болмаса, онда оны Қастееевтың картиналарына қарап-ақ жаңғыртуға болады. Өйткені оның шығармалары тұнып тұрған этнография. Қастеев Туған елінің тұрмысы мен мәдениетіне үлкен мән берген кісі және сол мәдениетті терең түсініп, түйсігіне түйген жан» деген сөзінің жаны бар еді.

Мектептегі оқуынан кейінгі уақытын Хлудовтың шеберханасында өткізетін Әбілхан денсаулығы сыр беріп ауылына қайтады. Бұл 1930 жылдың жазы еді. Араға төрт жыл салып Алматыға қайта оралған Әбілханға Мәскеуде білімін шыңдауға мүмкіндік туады. Ресейдегі суретшілер мектебінде Қырғыз елінің халық суретшісі Ғафар Әйтиевпен бірге білім алады. Әбілхан 1934 жылдан 1969 жылға дейінгі аралықта Мәскеуде өткен көрмеге 25 мәрте қатысады. Тіпті үш рет бүкілодақтық көрмеде Қастеевтің туындылары дербес көрмеге де қойылған.

Қытай елінде Әбілханның картиналары 1950 және 1960 жылы көрмеге қойылды. Оның туындылары Ауғанстан, Бирма, Сербия, Шри-Ланка, Бельгия, Мексика, Швеция, Армения, Тәжікстан, Литва, Украина, Ресей, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріндегі көрмеде тұрды.

1963 жылы Моңғолия мемлекеті өткізген көрмеге Қазақстан суретшілерінің туындылары да көпшілік назарына ұсынылады. Солардың ішінде Әбілхан Қастеевке қолқа салып бір емес, он бірдей туындысын Моңғол мемлекетінің басшылары көрмелеріне сұратып аттай қалап алдырған.

АҚШ суретшісі, жазушы, қоғам қайраткері Роккуэл Кент Қазақстанға келген сапарында Әбілхан Қастеевпен танысады. Суретшінің туындылары қойылған көрмені асықпай аралап, әр шығармасының идеясын, ондағы бейнеленген жер-су, табиғаттың көркем жерлерінің тарихын автордың өз аузынан естіп біледі. Кетерінде Кент керемет пікір айтады. «Мен Қазақстан деген елдің әр аймағын аралап көргендей болдым, суретшінің картиналары өз елінің шежіресі іспетті», – деп баға береді.

Италиядан Қазақстанға келген Ренатто Гуттуза деген суретші де Әбілхан Қастеевтің шығармашылығымен танысып, суреттеріне таңданып, тамсанады. Ол өздерінің көз алдындағы көріністі салғанда екі шақырым ғана аумақты қамтитынын айтады. Ал Әбілханның картиналарының шеті мен шегіне көз талатынын, талантты қылқалам шеберінің кең байтақ әлемді полотносына сыйдыра білген шеберлігіне тәнті болады.

Қастеевтің еңбегі көзінің тірісінде лайықты бағасын көрерменінен алғанымен, жоғары шенділерден ала алған жоқ. Тәіпті қасақана ұйымдастырумен өте биік талғаммен салынған картиналарын қолды етіп, жоғалтып та жіберген. КСРО кезінде Сталиндік, кейіннен Лениндік сыйлыққа бірнеше мәрте ұсынылғанымен, марапат берілмейді. Ол да ештеңе емес, 57 жасқа келгенше басында жеке пәтері де, өзінің тұрғын үйі де болмаған. Әкеміздің аты     

38 жасында «Еңбегі сіңген қайраткер», 40 жасында «Қазақстанның халық суретшісі» атағын иеленген суретші 1973 жылы 69 жасында өз үйінің ауласында қылқаламымен сурет салып отырып, жүрек талмасынан қайтыс болады. Келер жылы 70 жылдығы қарсаңында суретшіні Социалистік Еңбек ері атағына ұсыну мәселесі көтерілгенімен, түрлі желеумен бұл марапат берілмейді.

Әбілхан Қастеевтің 100 жылдығы 2004 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің мерейтойын тойлау туралы 2003 жылдың 8 желтоқсанында Қазақстан Үкіметінің №1243 қаулысы шықты. Сөйтіп әйгілі суретшінің ғасырлық тойы әлем бойынша мерекеленді. Қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісінің ғұмыр жолы осындай тартыспен өтті.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?