Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бұл шапанға кемі 200 жыл болған деп есептеймін...»

1987
«Бұл шапанға кемі 200 жыл болған деп есептеймін...» - e-history.kz

Алтай қазақтарының тарихы исі алаштың да ортақ тарихы ғой. Осы өңірге келіп алғаш ислам дінін жайып, артына Ақыт Үлімжіұлындай шәкірт қалдырған Мұхаммед Мүһмин Хазіреттің қазақ тарихындағы алатын орыны зор. Осы тұлғаның тікелей ұрпағы, Мархамет Жанасұлымен жасаған әйгілі дін қайраткер хақындағы көлемді сұхбатымыздың соңғы үшінші бөлімін өздеріңізге арнайы ұсынып отырмыз.

- Мархамет аға, қателеспесем осы кісінің кіндігінен тараған өз ұрпақтары да шариғат жолын қуды емес пе?

- Мұхаммед Мүһмин қайтыс болғаннан кейін баласы Мұхамедқали Мақсұм қажы атанып орынына иелік етті де Ақмешітте орнын басып тұрады. Ал, Сарымешітке Нұрмұхаммед (Қалиолла) имамдық қылып тұрды. Мақсұм қажы 1934 жылы 59 жасында қайтыс болып, оның орнына баласы Жамылиқа дін істерін басқарып, 1945 жылы мүфти атанады.

Белгілі жазушы Жақсылық Самитұлының «Қаһарлы Алтай» романында Жамылиқа мүфти туралы мынадай эпизод бар.

«ХІХ ғасырда Алтайға келіп, ислам дінін уағыздап, сонан осы өлкені мекендеп тұрып қалып, мешіттер салдырып, кейін ұрпақтары Хазірет атаң ауылы атанып кеткен, Орта Азияның Қоқан, Бұқара қалаларында білім алған қожа нәсілі Мұхаммед Мүһминнің үшінші ұрпағы Жәмілиқа мүфти шоқша қара сақалы дірілдеп, алақанын жайғанда арық саусақтары біріне-бірі тимей қалтырап, аласа бойын баурап, жүрегіне түскен қорқынышты әрең жасыра тұрып, Алладан құпия тілек тілеп, кешірім сұрап, жұма намазын әдеттегі уақыттан көп бұрын оқыды...».

Хазірет атаңның «Сары мешітінен» дәріс тыңдап батасын алған бір шәкірті имам Қожамжар (бұл кісіні төре Қожамжармен шатыстыруға еш болмайды) Қобда бетіндегі елде мешіт аз болғандықтан өз үйінде ауыл балаларын оқытып, сауапты істер атқарған.

Өз баласы Мақсымжан, немересі Шаһхайым (Амбы) 1930-жылдардан Қобда бетіне түбегейлі келіп қоныстанып, 1937-1938 жылғы саяси нәубет зобалаңына дейін діни қызметтерін жалғастырып тұрады. 

- Өзіңіз білесіз XX ғасырдың басында «бай мен молданы қойдай қу» дейтін ұраны болды ғой. Осыған хазірет атаның ұрпақтары да ілініп еді дегенді үлкендерден естуші едік? 

- Бұл рас. Моңғолияда 1937-1938 жылдары жүргізілген сталиндік зұлмат кезінде дін өкілдерін, зиялыларды, «халық жауы» (эсэргүү-қарсылар) ретінде біржолата көзін құрту туралы аса құпия шешім қабылданып, тұтқындау науқаны басталады. Моңғолиядағы жалпы саны 21 мыңға жетпейтін мұсылмандардың тарихшы Зардыхан Қинаятұлының зерттеуінше 3270 адам нақақтан-нақақ жазаланған. Осы жазалау науқанында алдыңғы лекте дін иелері қожа-молдалар, сонымен бірге Кеңес Одағындағы қызыл төңкерістен қашқан деген желеумен найман рулы адамдар жаппай ұсталып, ауыр соққыға ұшырады. Қазақтарды күдікпен әшкерелеп, кейбір қайраткерлерді тұтқындау, тіпті ату жазасына кесу әрекеті 1949-1951 жылдарға шейін толастамаған көрінеді. Баян-Өлгейде жарияланған «Нәубет құрбандары» атты жинақта 1938-1950 жылдар аралығында атылған немесе саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 1250-ге жуық тұлғаның аты-жөні жарияланады.

Сол зұлматқа тап болған жандардың қайта оралғандары некен-саяқ. Атылмай тірі қалғандары абақтыда ауыр жұмысқа жегіліп, көбі аштық пен азаптаудан, сүзектен өледі. Қобда қаласындағы түрмеде сұраққа салынып қинаумен өлтірілгені, ату жазасына кесіліп, иен даладағы ұраға жерленбей лақтырылып, тіпті тірідей көмілгені де аз емес. Олардың жетім қалған ұрпақтары «халық жауының баласы» делініп қуғындалып, мектепте оқуға тыйым салынып, қызметтен шеттетіліп келген еді.

Сол ауыр жылдары Баян-Өлгейде онға жуық мешіт, діни орындар қиратылды. Құран, діни кітаптар, көне қолжазбалар тәркіленіп, өртеліп жойылды. Сол кезден бастап діни рәсімдерге, намаз оқуға, ораза ұстауға, жаназа шығаруға, бала сүндеттеуге, діни-ұлттық мейрамдарға өте қатаң тыйым салынғаны белгілі.

Алтай қазақтарының Хазіреті Мұхаммед Мүһминнің немересі Шахһайым әулеті Қобда бетінде беделі өсіп «Амбы ауылы» атанып, «Шеруші» үкірдайында, Аққол, Ойғыр басын мекендейді.

Бір анықтайтын жайт, Шахғайым ата неге Амбы атанды? Оның аты кей шежіреде Шаһихайым (ажы) деп те аталады. Алдымен осы мәселелер туралы кейбір мәліметтерді жүйелеп, ал амбы аталуы жайында нақтылы деректер кездеспегендіктен әзірше болжам айтудан аулақпын.

Әлбетте, қазіргі тілмен айтқанда, ол кісінің ата-тегі Шаһхайым Әбеууәлиұлы Мұхаммед Мүһмин-тегі болады, яғни ол Хазірет атаның екінші ұлы Әбеууәлиден туып отыр. ҚХР Шыңжан қазақтарында сақталған шежіреде былай делінген «Әбеууәлиден – Шаһи Шамил, Ауыт, Шаһихайым (ажы), Азым, Назар».

Ескерте кететін жайт, Шаһхайымның нәубатқа ұшырап саяси-қуғын сүргін құрбаны болғаны барлық ресми құжаттарда толық аты-жөні «Уалийн Амба», яғни «Уалиұлы Амбы» деп көрсетілген. Осылайша моңғолша жазуға ыңғайлы нұсқада Әбеууәли деген әкесінің аты Уәли болып, өз аты Шаһхайым емес Амба болып қысқартылғаны байқалады.

Ұрпағы Тұяқ Айтахұнұлы Шаххайымов аға жазған шежіреде «Мұхаммед Мүһминнің екінші баласы - Ғабдуали (Әбтіке, Бай қажы). Ғабдуали (Бай қажы) 1847-1898 жылдары өмір сүрген, «Қара мұхтасар» атанған, Бай қажыдан - шайх Шәміл. Ғабдұлуақит, шайх Хайұм (Амбы атаң), Ғабдулхайым, Мұхаммедназар, Рақыш, Қасипа»,–деп таратылады.

Тегінде, бір қазақтың басында үш-төрттен есім болуы – әдеттегі жайт. Бала кезінде ата-анасы еркелеткен есім, үлкейгенде замандастары қойған келемаж ат, елге танылып сыйлы болғанда қойылған құрметті ныспы секілділер қатар қолданыста жүретіні – өмір шындығы. Тұяқ Айтахұнұлы Шаххайымов мұсылман есімдері қазақ тілінің дыбысталуында «ә/ғ» дыбыстары ауыса беретіндіктен Әбеууәлиді Ғабдуали деп жазып отыр, сонымен бірге ол кісінің «Әбтіке, Байқажы» деген тағы да жанама аттары бар екенінен хабардар етіп отыр.

Профессор Тұяқ Айтахұнұлы Шаххайымов бір жазбасында былай деп дерек келтірген еді. «Шайхи Хаюм Байқажыұлы (Дұрысы – Шайхи Хаюм Ғабдуалиұлы.А.Т ) - Байқажының үшінші баласы шайхы Хаюм аса зерек, дарынды, алымды, іскер - «амбы» шеніне еге болған (амбы - жұңгоның чиң патшалығы тұсында мындаған түтінді басқаратын әкімшілік шен), 1934-1931 жылдар Шеруші руы Хазіреті атам балаларынан біреуін имамдыққа ұсыныс еткенде, атаң ауылы Шайхы Хаюм атамызды ұйғарғандықтан, 1931 жылы өзіне қарасты бір топ үйді бастап, Алтайдың Өрмегейтi асуы арқылы өзінің Ғабдұлакбар (Кәбілтай), Анес, Хабылакбар (Қабілтай), Жанас атты төрт баласын алып, Монғол елінің Баян-Өлгий өңіріне өтеді. 1938-1939 жылдарға келгенде, Кеңес одағында жүрілген, халықтың басына зұлмат тудырған сталиндік зұлым саясаттың кесірі Моңғол еліне ықпал етіп, ел ішінде бай-манап, молда-қожа деген жаламен залалсыз момын адамдарды тұтқындады. Сол қатарда атамыз Шайхы Хаюм баласы Кәбілтаймен бірге ұсталып, абақтыға жабылып, атылуға үкім етіліп нәтижесінде бақи дүниеге аттанды».

Белгілі шежіреші, жазушы Асқар Татанайұлы «Дәулетті, сауда кәсібін меңгерген Шаһмансұр 1827 жылы сауда-саттықты арқау етіп, жиырма жасар баласы Мұхамед Мүһминді қасына ертіп, абақ керей еліне келеді. Әуелі сауданы абақ төресі – Ажының немерелес туысы Сәмен төренің он бір ұлының үлкені Алтай еліне беделі де, үкімі де жүрген, төбеге шығып жау алған, төрде отырып дау алған Ажы гүңнен кейінгі төре тұқымының біліктісі, туысы мол, сүйеніші күшті, Алтай елін қолы білетін Қожамжар (Өжеке) төреге сүйеніп жүргізеді»,– деген деректі жазғанын жоғарыда келтірген едік.

Олай болса Қобда беті қазақтары, яғни Моңғолиядағы қазақтардың бас билеушісі амбы (сұлтан) мансабына Қожамжар (Өжеке) төре ұрпақтары иеленіп келген болатын. Атап айтқанда, «Сәменнен Қожамжар, Қожамжардан Батырхан, Самырхан деген екі ұл болған. Батырхан Синьцзянда, үлкен ұлы Самырхан Қобдада сұлтан тұрған...Самырханнан кейін оның баласы Жәңгір мұрагер ретінде Қобда қазағының сұлтаны болған. Жәңгірден кейін қазақтарға оның баласы Адай 1902-1921 жылға дейін он тоғыз жыл сұлтан болған. 1933 жылы қылмысқа тартылып ұсталған» деп жазады белгілі тарихшы Сарай Асқанбайұлы.

Ендеше, Қобда бетіне келген Шаһхайым молда Жәңгір, Адай амбылардың әкімшілігінде медресе ашып, бала оқытып, дін уағыздаған имам, сонымен бірге хатшы болғандықтан оны халық сыйлап Амбы деп атаған болса керек деп жорамал жасаймыз. Ал Тұяқ Айтахұнұлы Шаххайымовтың «Шайхы Хаюм аса зерек, дарынды, алымды, іскер - «амбы» шеніне ие болған» деуі – жаңсақ пікір, өйткені қожа тұқымына амбы (сұлтан) атағы ешқашан берілмеген. Қожаларға қазы, пір, ишан, шейх, хазірет атақтары берілген. Ал Шахғайым Қобда бетіне келген соң амбы әкімшілігімен ымыраласып, ынтымақта іс жүргізгендіктен оны Амбы деп халық көтермелеп атауы әбден ықтимал.

«Шаһхайым амбының түрмедегі жырында» мынадай жолдар кездеседі:

Сыйындым, Жаббар Құдай, өзіңізге,

Қуат жоқ сізден басқа енді бізге.

Алты ру аты шыққан қайран елім,

Дәм тартып аман-есен көреміз бе? 

Әлбетте, Шаһхайым амбы ұсталарға дейін шеруші үкірдайында, бақат арасында өмір сүріп келген. Сол себептен де абақтыда алты шерушіні айтып, оның ұраны Байтайлақ бабаны еске алуы – ұлы батырдың аруағынан медет тілеуі. Ол туралы Баян-Өлгий аймағында жарияланған «Нәубат құрбандары» деген кітапта мынадай архивтен алынған анықтама берілген:

«Амбы Уәлиұлы. 1880 жылы туған. Ұлты қазақ. Бақат сұмын азаматы. Молда. Жанұясында 11 адам болған. 58 жасында 1938 жылы маусым айында тұтқындалған. ҚІН (Құжат Ісі Нөмері) 7618. Қазақтар ортасында феодал, молдалардың төңкеріске қарсы ұйымының мүшесі, Шыңжанның феодал, молдаларының және Гэндэн, Дэмидтің төңкеріске қарсы ұйымдары арқылы жалғасып, Жапония тыңшылар ұйымының тапсырмасын Моңғол елінде белсенділікпен атқарған деген қылмысқа байланыстырылып, ТТҚК-нің (Төтенше Толық Құқылы Комиссия) 28-жиналысының шешімімен 1938 жылы 29 шілдеде ату жазасына бұйырылған. ЖСӘК-нің (Жоғарғы Соттың Әскери Коллегиясы) 1991 жылы 12 қыркүйектегі 126 кепілдемесімен ақталған».

 123.png

- Жаңа ғана өзіңіз тіліңізге тиек еткен «Шаһхайымның түрмедегі жыры» осы нәубәт жылдардың нақты шежіресі емес пе? 

- Шаһхайымның түрмеде айтқан жырын оқығанда сай-сүйегің сырқырайды. Жазықсыз абақтыда қамалған бейуаз, күнәдан пәк, момын жандардың жаппай тұтқындалып күйзеліп күйінуі, түрмедегі аштық, ұрып-сабау, қинау секілді адамдыққа жат жендеттік әрекеттің куәгері болған ол ар-иман жолында азапқа түскенін күңіреніп жырлайды.Түрме азабы туралы мұндай мазмұндағы қасіретті жырлар ақын Таңжарық Жолдыұлы секілді сайыпқырандардан қалып, бүгінгі ұрпақты кешегі зұлматтың боямасыз шын кейіп-кеспірімен таныстырып, терең тарихи ғибрат беріп келеді. Бірге абақтыда болған азаматтардың жадында сақталып елге жасырын жеткен «Шаһхайымның түрмедегі жыры» –шынтуайтында 1938 жылдың сойқанын әшкерелейтін аса бағалы деректемелік туынды. Ол туралы ақын, шежіреші Шынай Рахметұлы былай деп жазады.

«Шаһхайымның ұлы Кәбілтай Молла Қобданың абақтысынан қашып туған жеріне келеді. Бірақ қайтадан қолға түсіп абақтыға жабылып, жазым болған. Ұсталу сәтінде ұрылып-соғылып ауыр азап шегеді. Сол оқиға туралы күйші Бешең ауылы: «Ойбай, жаным!» атты күй шығарыпты. Шаһхайымның өзі Қобда абақтысында отырғанда нәубет туралы зарлы қасірет жырын шығарған. Жырды сол түрмеде болып, кейін босатылған, азап салдарынан екі жанарынан айырылған Ақкөл сұмын 7-бақ азаматы, найман-самай рулы Майлыбайұлы Мініс қағазға түсірген екен. «Их- буланда» зағиптық өмір жасап тұрып 1952 жылы дүниеден өткен Мініс Майлыбайұлы марқұм сол жырды жатқа айтып, сыбызғымен зарлы күй тартып отырғанын талай мәрте көзбен көргенбіз». 

Байлауда қол-аяқта шынжыр тұзақ,

Алланың таңы қысқа, күні ұзақ.

Тамсанып тіл жабысып шөлдегенде,

Түкірік ауыздағы кетпейді ұзап.

 

Телмірдік құба тамның ағашына,

Бермесін адамзаттың баласына.

Шоқи ма құзғын- қарға тәнімізді,

Он сегіз бен жетпіс үш арасында.

 

Құдай-ау құба тамда ажал берме,

Тәнімді көрсете көр кейінгі елге.

Жорға-жүйрік жақпайтын қайран басым,

Бір жатуға зар болдым таза жерге.                 

Тас абақтының тар төсегіне таңылса да рухын асқақ ұстаған тұтқын Алланың ақ жолында ту көтерген пайғамбарлар, төрт шадияр, әулие-әнбиелердің атын атап, жәрдем тілейді. Пендеге қылдай қиянаты болмағанына айтып, аһ ұрып, бес уақ намазының әр бірін жырға қосып, Аллаға жалбарынады. 

Сиындым құдай досты Мұхаммедке,

Қара жер, қатты тақтай батты-ау етке.

Кәпірде қор боп жатыр көп үмбетің,

Ұшырап осыншама қасіретке.

 

Сиындым отыз үш мың көп сахаба,

Кәпірге біз ғаріпті қылма таба.

Үмбеті пайғамбардың қор боп жатыр,

Телміріп күндіз-түні құба тамда...

 

Оқитын күн батқан соң екінтім-ай,

Қамалып құба тамда бекіндім-ай.

Уақытын бес намаздың ойлағанда,

Көл қылып көздің жасын өкiндiм-ай...

 

Жашиық, онан кейін үтір, уәжіп,

Телмірдім терезеге мойын созып.

Тіккен үй, салған мешіт бір көре алмай,

Жатырмыз құба тамда азып-тозып. 

Бұл өзі ұзақ жыр. Осы жыр туралы айтыскер ақын Етекбайұлы Молдахан былай деп жазады.

«Хазіреттің ұлы Шаһхайым Амбының Қобда түрмесінде жатқандағы жырын өз аузынан жаттап алып, соңында тірі қалған адам осы аймақтың Ақкөл сұмыны 7-бақ халқы Майлыбайұлы Мініс еді. Мініс сол абақтыдан тірі құтылғанымен екі көзден айырылып келген. 1952 жылы Их-буланда қайтыс болған. Қабірі әк өртейтін құмданның қасындағы ең алғаш Карабай маркұм қойылған зираттар ортасында. Мен мына жырды 1965 жылы 9-айдың 8-і күні Қобда аймағы архивінен алдым... Анас, Жанаспен бірге болдым. Анас асқан палуан болды. Жанас та соған тартты. Бұлардың да өмір тарихы – үлкен бір дастан».

Осылайша Шаһхайым амбы 1938 жылы баласы Кәбілтаймен бірге ұсталып, сталиндік-чойбалсандық саяси қуғын-сүргінде нәубат құрбаны болады. 

- Кейін осы тұлғалардың бәрі ақталды ғой? 

- 1990-жылдары Моңғолияда демократиялық әділет орнауына байланысты олар ақталады. Шаһхайым Амбының «Ақтау туралы куәлігінде» мынадай сөздер моңғол тілінде жазылған: «Куәлік №5726. Уали әкелі Амба Төтенше толық құқықты комиссия тарапынан 1938 жылы 07 айдың 29 күні 28-ші қаулымен саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандығы анықталғандықтан Моңғолия Жоғарғы сотының Әскери коллегиясының 1991 жылғы 09 айдың 12 күнгі 126 кепілдемесімен ақталды. Моңғолия Жоғарғы сотының Бас судьяасы Д.Дэмбэрэлцэрэн. 1998 жылы 04 айдың 30»

Кәбілтай Амбының «Ақтау туралы куәлігінде» мынадай сөздер моңғол тілінде жазылған: «Куәлік №.... Амба әкелі Кабилтай саяси қылмыс бойынша жазаланғанын тексеріп көргенде осы іске жазықсыз нақақ тартылғаны анықталғандықтан Моңғолия Халық Республикасының Жоғарғы сотының Әскери коллегиясының 1991 жылғы 4 айдың 11 күнгі 58 кепілдемесімен ақталды. МХР Жоғарғы сотының Әскери коллегиясының бастығы Ц.Цолмон. 1991 жылы 4 айдың 11».

Қобда түрмесіне қамалып азаптау мен қинауға төзбеген, ашаршылық пен айуандыққа, итқорлыққа шыдамаған бір топ азаматтар көтеріліске шығып, бір күні түнде түрменің есігін сындырып, сыртқа қашып шығады. Бүлік кезінде көбі «жасыл тымақтылар» жаудырған оққа тап болып қайтыс болады, біразы жарақаттанып, ішек-қарнын шұбатып, абақтыда қансырап көз жұмады, кері қайтарылғандар дереу атылады.

Бірақ осы дүрбелеңде Кәбілтай аман-сен қалып, өз үйіне қашып барып, анасы мен жарына, бауырларына уақытша болса да кездескен екен. Бұл туралы Талып Қабылтайұлы былай деп жазады: «Кәбiлтай ағамызды Қобда түрмесінен қашып келгенде алдап-арбап, қолға түсірген жауыздар адам баласы түгіл хайуанға жасауға дәті бармас әрекеттер істеген еді. Екі тістің арасына пышақ тығып, тісін қопарып, ауыр қинағанын естігенде жаның түршігеді».

Осы болған жайды көзімен көрген Алданыш деген ақсақал 1991 жылдары «Жаңа өмір» газетінде «Ақтандақ жылдар ақиқаты» атты айдармен «Баяғыда көз көрген аянышты бір жайт» деген мақала жариялайды. Сол мақалада былай дейді.

«Жасым жетпістің қырқасына шықты. Бірақ кей жылдарда болған ерекше жайт, есте сақтаулы жүреді екен. Сондай бір аянышты оқиғаны жазуды жөн көрдім. Баяғыда шеруші хошууны Ақкөл сұмыны № 7 бақтың халқы едік. 1938 жылы Мөст деген жерді жайлап отырдық. Сол жылы жер көктеген жаз жақсы басталып еді. Бірақ «Эсэргүүге» адамдарды ұстаған лаң белең алды. «Анау – кетті, мынау кетті, енді кім кетер екен?»–деп елде үрей қалмаған кез. Халық революциясының дәстүрлі мерекесі 7 айдың 11 күні Ақбалшықта «Хошуун тойы» болды.

Біздің ауылдан тойға Әнуарбек екеуіміз бардық. Әнуарбек сауда ұйымында Ақбалшықта сатушы, мен қырда агент едім (агент - ауылдық дүкен сатушысы).

Хошуун тойы бұрынғыдай көңілді болмады. Жалпы қауым самарқау, той дайындығы да нашар, ойын- сауық жоқтың қасы, адамдарды топ-тобымен отырғызып үгіт айтады. Айтылатын үгіт – бірнеше ауыз сөз ғана. Моңғолияның «екі беткей тыңшыларын құртайық, қалдығын түбегейлі жояйық» дейді. Әнуарбек екеуміз жұбымызды жазбай бірге жүрдік.

Бір кезде Әнуарбек маған: «Әлгі ұсталып кеткен Амбы атаңның баласы Кәбiлтай кашып келіпті. Осында ұстап әкеліпті. Соғақтың жағасында машинаның үстінде дейді. Көрсек қайтеді?»,– деген соң су жағалап төмен қарай кетіп бара жатқан кісі болып, машинаға таяп келдік. Машинаның бас жағында найзалы мылтықты екі әскер тұр екен. Машинаның үсті жадағай, қорабының артын ала, Кәбiлтайды жейде- дамбалшаң екі қол, екі аяғын төрт жаққа керіп, кендір арқанмен шалқасынан байлап тастапты.

Аузы-басы қып-қызыл қан, үні әлсіреген, үнемі «Су – су» дейді. Кәбiлтайды көргенде зәреміз ұшып, төмен қарай зыта жөнелдік. Той аяқталмай сол күні кешке үйге келдім.

Ауыл адамдары қобалжыған күйде. Кәбiлтайдың ауылы біздің ауылдың бас жағында жақын болатын. Кәбiлтайды үйінен ұстағанда ауыл адамдары көзбен көріпті. Кәбілтай келді деген соң олар барып амандасып, болған жағдайды сұрайды. Сонда Кәбiлтай: «Әкем екеуімізді Қобдаға апарған соң қамауға алды. Екі бөлек үйде болдық. Абақты лық толған адам. Ішкеніміз қатығы жоқ сөк көже мен бір кесе қара шай. Қалжыраған күйде күнде сұраққа түсеміз: «Атын білмейтін, танымайтын моңғол адамдармен байланыс жасадың ба немесе Тұрдының тобында болғаның шын ба, қылмысыңды мойындап, қағазға қол қой?!»,– дейді дікектеп. Басқа сұрақ сұрамайды, кешке жақын түрмеден бес- алтыдан адамдарды машинаға тиеп алып, бетін бүркеп, оқтын-оқтын атуға алып кетіп жатады.

Әкемді бес-алты адаммен бірге алып кеткенін көрдім. Қамаудағылар үйдің қабырғасынан жіңішке тесік жасап, хабарласып тұрдық. «Қылмысымыз жоқ, азаппен өлгенше қашайық»,– деп ақылдасып, бір күні іңірде есік күзетіп тұрған сақшыны ұрып жығып, бірталай адам қаштық. Қараңғы түн мылтық атылды. Қобда қаласы у-шу болып кетті.

Өзім өзен жағалай жүгіріп келе жатсам, басында ноқтасы бар бекітулі жылқы кезігіп, соған міне салып, шаба жөнелдім. Енді әкеме бір мал сойып, аруағына құран оқып кетем.

Жүйрік қоңырала атымды әкеліп беріңдер деп інімді жұмсадым. Ол атты әкеліп, белдеуге байлап қойды. «Айланбай кетіп қалсаңыз қайтеді?» деді інім. «Мені біле қоймас, ел тойға кетіпті. Үйіме бір түнейін. Әкеме арнап сойған қойдың етінен жеп кетейін деп жайбарақаттандым»,– дейді.

Бақтың бастығы Сахария еді. Бұл хабар лезде ауылға да естіледі.

Содан жалғасып тізгін ұшы хабар Ақбалшықтың Ішкі істер министрлігінің өкілі Лхагва мен Сүжигтге де жетеді (Сахария бүкіл Өлгейге аты әйгілі үлкен молда болған адам. Жасында бақ бастығы болып тұрғандықтан Ақбалшыққа хабарлаған сол екені анық деп ойлаймын. Қабылтайұлы Тәліптің ескертпесі) 

Олар бірнеше жандайшаптарын ертіп, алыстан дүрбі салып, Кәбiлтай үйінің белдеуінде қоңырала ат байлаулы тұрғанын көреді. Ахметжан деген кісіні амандасып барған болдырып, атты әкелуге жұмсайды. Ол келіп Кәбiлтайға амандасып, шайды шала ішіп, асығыс шығып, өз атын шешкенде, қоңыраланы бірге алып кетеді. Кешікпей Лхагва мен Сүжигт келеді. Ұстамақшы болғанда, Кәбiлтай пышақ ала ұмтылады. Лхагваның тымағы үйде қалып қояды. Кәбiлтай қоршауға түсіп, Ақбалшықтан шаш ал десе бас алатын, он бес кісі келеді. Кәбiлтайдың екі шешесі бар еді. Үйде Кәбiлтаймен екі шешесі қалған, олардың да қолдарында пышақ. Бірде- бір адам үйге кіре алмаған.

Сонда Кәбiлтай: «Бейуаз адамдарды еш сұрақсыз күн сайын бес-оннан қырып жатыр. Көзбен көрдім.    Мен бұл үйден тірі шықпаймын, әйтеу өлем, мені атыңдар!» – депті.

Сонда топты бастаушы Әжікен деген қазақ «Бәріміз бір қазақтың, дін мұсылманның баласымымыз, сізді ұстамаймыз. Ұсталғандардың жағдайын тектеп, сұрағалы келдік. Құдайға, Құранға сеніңіз, баршамыз мұсылманбыз ғой, пышақтарыңызды тастаңыздар»,– деп ант-су ішіп бәйек болады.

Үйдегілер «Е, олай болса деп» қолдарындағы пышақтарын тастайды. Сонда сырттағылар үйге лап етіп еніп, үшеуін бас салып ұстап, қол-аяғын байлап, сүйрелеп алып шығады.

Байлаулы Кәбiлтайды Әжікен шалқасынан жығып: «Шығар тіліңді, ел дұшпаны «эсэргүү» иттің баласы! Бізге жаңа не деп үрдің?!»,– деп ақырады.

Кәбiлтай аузын ашпайды. Сонда: «Бағана бізге оқтаған пышағың мынау ма?!»,– деп пышақты тісінің арасына сұғып жіберіп, қасқа тісін опырып-опырып ұшырады.

Ауыл адамдары: «Осындай да қара ниет, қатыгездер арамызда бар екен, астапыралла?!»,– деп жағасын ұстап,   түңіліп, түршігіпті. Екі үйдің түндігін сыпырып алып, екі шешесін тас қылып орап, арқанмен мықтап шандып тастайды.

Кәбiлтайдың қоңыраласын Сүжигт мініп, байлаулы Kәбілтайды жетегіне алады. Сонда Кәбiлтай: «Әй, менің көргенімді сендер де бір көрерсіңдер. Зауалы тиер түбінде. Әттең, қоңырала атым астыма бір тимей қор болдым-ау?!»,–деп сөзін үзіпті.

Осы жайды көп адамдар көзбен көріп еді. Кейбір куәлер қазір де тірі. Ауыл адамдары жылағаннан басқа қолдан келер жоқ деп шуылдап қала береді. «Эсэргүү» деп жалалы ат тағылып, жаздың ыстық аптап күнінде машинаның қорабының үстінде байлаулы жатқан сол бейуаз жас біз көргеннен кейін қанша уақыт жарық дүниеде болды екен, қайда кетті екен?», – деп әлі күнге дейін ойлай берем. Талай жылдар өтсе де «Эсэргүү» деген сұрықсыз сөзді естігенде Кәбiлтайдың машина үстінде байлаулы жатқан бейнесі көз алдыма елестейді»,–деп жазады осы оқиғаның куәгері Т.Алданыш деген ақсақал.

Ал Талып Қабылтайұлы сөзін былай деп сабақтайды: «Алданыш атамыздың жырындағы Тапалдың баласы біздің ауылмен Қобда бетіне асып келгеннен соң аға-бауыр боп етене араласып кеткен ауылдар (Осы ауылдан Қизатбек – Қабылтаймен, Құрметбек – Жанаспен құрдас, өздері дүниеден өткенше араласып-сыйласып кеткен адамдар).

Қандай аянышты, қандай қатыгездік десеңші, шаш ал десе бас алған, билік буына мастанған Әжікен секілді жендеттер қараңғы халықты қорқытып-үркітіп өз дегенін істеген, өркөкірек, сауатсыз соқыр, қызылдың қарғылы төбеттері! Осыларға қайтсем жағам деушілердің бірі жаңағы – Ахметжан мен Әжікендер емес пе?» дейді. 

- Ойпырмай, төбе құйқаңды шымырлататындай небір оқиғалар болған екен ғой? 

- Ислам дінінің Қобда бетіндегі діңгегі болған алып шынардай саялы ақсақал Шаһхайым Амбы өз ұлы Кәбілтаймен бірге нақақ жаланың құрбаны болады. Жер дүниені бүлдірген қызыл саясаттың кесапатты дауылы алып дарақты құлатып, бұтақтарын қиғанымен, балапан тамыры өртеңге өскен құрақтай жайқалып, бүгінгі күнге жеткеніне Аллаға сан мәрте шүкір дейміз. Шаһхайым Амбының ұрпақтары қазір тәуелсіз Қазақстан Республикасына қоныс аударып, Алматы, Астана, Қарағанды өңірінде шаңырақ көтеріп, азат еліне үлесін қосып, ұрпақ өрбітіп, отанына адал еңбегін арнап келеді.

Әкесі ұсталғанда 11-12 жас шамасында артында жетім қалған Анас, Жанас, Қабылтай әулеті Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Алтанцөгц сұмынында өмір сүрсе, тағдырдың жазуымен іште қалған Тұяқ Кәбілтайұлы Шаһхайымов ҚХР Шыңжанда қоныс аударып, тіршілік етеді. Күйтін университетінде профессор болып математикадан сабақ береді.

Белгілі ғалым Ақеділ Тойшанұлы өз естелігінде:

«Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деген аталы сөз бар. Өз басым көзім көрген, әкемнің досы,құрдасы, қазір Алматы облысы Талғарда қабірі әкеммен іргелес жатқан Жанас атаның біздің ауыл үшін орыны ерекше. Жанас атамыз, Оқай әжеміз қашанда көрсеңіз ақ пейіл, дастарханы жомарт, ағайынға қолы ашық, үлкен-кішімен үнемі қалжыңдап, жүзінен шуағын шашып жүретін нұрлы жандар еді. Бұл кісілерде адамды ала көру, бөліп-жару деген ұғым мүлде болмайтын, барлық жанға тең қарайтын. Жаз шыға Жанас атамыз мұзарт шыңы аспан тіреген мұзды тау Цамбагаравтың салқын сабатты баурайын жайлап, сайына бие байлап, жүйрік атын жаратып, ауыл-аймақтың үлкендері Оқай апаның қолынан сары қымызды ішіп, әңгіме-дүкен құрып отыратын. Менің әкем құрдасы болғандықтан Жанас атамен үнемі әзілдесіп жатады. «Әкесі құрдастың баласы құрдас» дегендей досым Мархаметпен мен де әзілдесем. Әкем ұқтырған молдалар туралы қисық қалжыңдарды айтып жатқанымды естіп әжем Нұриман «Тәйт, әкеңе еріп олай деме. Бұл кісі қасиетті Амбы атаңның, Хазіреттің ұрпағы» деп ескерту жасайтын, тарих керуенінен сыр шерткендей Атаң ауылы туралы неше қилы әңгімені айтып беруші еді. Ал Жанас атаның ұлы Махаббат ағамыздың жөні– біз үшін бөлек. Өйткені оның кіндігін өле-өлгенше бес уақ намазын оқып кеткен әжем Нұриман кескендіктен біз кіндік ағамыз деп ырымдаушы едік. Махаббат ағамыз сабақты үздік оқып Ресейден Свердловск университетінде білім алған зиялы, іскер, ұйымдастырғыш, ағайындарға қамқор тұлға болды. Өзімен қатарластардан маңдайы жарқырап тұлпардай озып алға кеткен азамат болғандықтан ауылдастар мақтан ететін. Сол кезде біз «Оның сырын білесің бе, себебі ағаның кіндігін әжем кескендіктен солай мықты болды» деп масаттанып қалатынбыз. Бұл ағамыз 1991 жылы атажұртқа көш легін бастап, Алматыға, Талғарға қоныс аударып, кәсіпкерлікпен шұғылданып, көпшілікке жол ашып, үлгі көрсетті. Қазір Алматы облысы Талғар, Есікке Алтанцөгц сұмынының біраз халқы орналасып мекен етеді. Осы ағайындардың көбіне нарықтың қыспағында жоқшылық заманда қол ұшын берген, еңбекке,кәсіпке баулыған, жаңа Қазақстан еліндегі ортаға бейімдеуге ақыл-кеңесін беріп, тілекші болған азамат ағамыз Махаббатқа, досым Марқаға ауылдастар риза болып, алғыс айтып келеді. Махаббат ағамыздың Астанаға қоныс аударып, елордамыздың гүлденуіне де қосқан үлесі, төккен тері, ағайындарға көрсеткен үлгі өнегесі бір төбе.

Мұның бәрі – бұрынғы аруақты Хазірет атаның шапағат киесі, Жанас пен Оқай апамыздың дұрыс тәлім-тәрбиесінің нәтижесі. Жанас атамыз жүйрік ат баптайтын атбегі, сыншы, той-мерекеде әзіл-қалжыңмен той бастап, ауыл үйдің сәнін келтіретін білікті жан болды. Әсіресе атаның бәйгенің алдын бермейтін Сары аты аңызға айналған. Осы аттың бәйгеден озып келуін біреу атаның бапкерлігінен десе, біреу киелі Хазірет атаның рухынан, ал біреулер құйрығына тағып қойған қасиетті аят жазылған тұмардан деуші еді. Бәлкім осы үш болжам да дұрыс болар.

Жанас атаны ел «Жанас молда» деуші еді. Коммунистік қоғамда мешіт құлатылып, құран жойылып, молда-қожа атаулы қуғындалып, тіпті намаз оқылмақ түгіл адамдарды арулап жаназа шығармай жерлейтін әдет қалыптасып, жетпіс жыл бойы атеистік тәрбие жүргізілгені – кешегі күннің біз көзбен көрген шындығы. Ол туралы Жанас ата «Мұңлы жыр» толғауында былай дейді:

Патшаға жаламенен сұралды ғой,

Мал-мүлкі дәулеті де «құралды» ғой.

Істеген мойынында қылмысы жоқ,

Өтірік шағымменен бұралды ғой.

 

Байларды, моллаларды тұтқынға алып,

Ұрпағын артындағы тентіретті.

Бұлардың ұрпағына сенбеңдер деп,

Төменгі бастығына бұйрық етті.

 

Алмады шаруа менен сабаққа да,

Қарайды жай жүрсең де қабаққа да.

Қорқамыз сол уақытта көлеңкеден,

Қорықпайтын біз байқұста шара бар ма?! 

Осындай мұсылманның басына ауыр апат болған қызыл коммунистік жабық қоғамда Жанас атамыз ат жалын тартып мініп, азамат болған соң тайсалмай, қызылдар қанша тыйым салса да, кейде ашық, кейде жасырын, талай марқұмдардың жаназасын шығарып, кебіндеп, о дүниеге жөнелтіп жүрді. Міне, қаншама сауапты да жанкешті күрес десеңізші?!Ақыры дінмен алысқан сол қоғам өзі құлап, азаттық таңы атып, ислам діні оралды. Сол кезде біздің ауылда жұма намазын өткізіп,елді қайтадан дінге жыққан, исламды уағыздап,жастарға сауат ашу сабағын жүргізіп баулыған тағы да Жанас ата болды.

Атамыз Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған соң өзінің байырғы атамекеніне оралып, азаттықтың алғашқы кезеңінде Талғарға қоныс аударып, атажұрттағы ағайындарға да дін исламды уағыздап, бостан елінің ислам дініне оралуына қал-хадерінше үлес қосып, ұрпаққа терең ғибрат қалдырды» дейді.

- Айтпақшы аталарыңыз арқылы ұрпаққа жеткен, Меккеден Мұхаммед Мүһмин Хазірет ата киіп келген шапан өз шаңырағыңызда сақтаулы тұрған көрінеді? 

- Мұхаммед Мүһмин Хазірет ата бұл шапанды Меккеге қажылыққа барғанда киіп келген. Шапанды Шаһхайым Амбы ата содан Қобда бетіне қоныстананып имам болғанда киіп жүреді де «эсэргүү» (репрессия) болып жаламен ұсталғанда ұрпақтарының қолында қалған. Шапанды ұқыпты, зерделі ата Әкей Исаұлы сақтаған.

1943 жылы туған Әкей қажы Исаұлы атамыз Қобда аймағы Буянт сұмынында тұрады, кіндігінен он перзент өрбіген әулет. Атаның ұлы шешесі Шолтай апа руы Ыстабан, о кісіні ел «Құтты қыз, Құтты апа» деп атайтын болған. Әкей ата былай дейді.

«1951 жылы біз баламыз, апа ылғи «Иә, пірім, Хазірет атам» дейтін. «Шайхымансұр деген кісінің көмекшісі болғам, ол кісінің үйінде өсіп бойжеткен қызы едім, ал мынау шапанды сол қажы ата мен қажы апа маған берген еді. Осы шапанды ұрпаққа жалғастыр, қасиетті атаның мирасында береке-құт бар» деп аманат еткен еді. Сонда кемінде бұл шапанға 200 жыл болған деп ойлаймын. Түйенің жүнін ішіне салып, сырты сырылған шапан. Ал ұлы шешеміз 13-14 жасында атаның басына су құйып, сақалын тарап, баптап отыратын болған. Ал Иса атамыз Шаһхайымның азаншысы болған деседі. Құт апа осы Иса атаның шешесі еді» дейді.

Бұл туралы хабарды «Моңғол заман» (Р.Асылбек. Ғасырдан асқан шапан. Моңғол заман. 2019.12.15. N24) газетінің бас редакторы, белгілі журналист бауырымыз Асылбек Рахатұлы оқырманға жария етіп былай деп те жазған еді. «Жанастың ұлы Мархамет жуықта Қобда аймағында И.Әкей қажының қолындағы Хазірет атадан қалған тәбарак – Мұхаммед Мүһминнің шапанын алып Қазақстанға қайтар жолында кездестік. И.Әкейдің анасы Құттықыздың қолында болған шапан 1951 жылы қайтыс болғанда келіні Биғайшаның қолында қалған көрінеді. Шамасы екі жүз жылға жуықтаған шапан кезінде сапалы материалмен тігілгені көзге көрініп тұрды. Сарғыш қоңыр бұлдың жиегі толықтай қызыл тысты болып, шапан денелі, зор адамдікі екендігі байқалады. Шапанның ғасырдан асқандығы қолға ұсталғанда байқалып, үлбіреп, қатты ұстау, мыжғылау сияқты әрекеттерді көтермесі белгілі...Осылайша дін ұстаған «Хазірет атаңның шапаны» атамекен Қазақстанға жол тартты».

Иә, атамыздан жеткен осы асыл жәдігер менің шаңырағымда тұр. Енді оны мұражайға өткізсем бе деген де ниетім бар. 

- Тұщымды әңгімеңізге көп-көп рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?