Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Болған ана жаңғыртпасы көрмеге қойылды

3539
Болған ана жаңғыртпасы көрмеге қойылды - e-history.kz

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Болған ана кесенесінен табылған жәдігерлердің және Болған ана жаңғыртпасының көрмесі өтті. Көрменің ашылуына бірқатар зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, архив, кітапхана, музей қызметкерлері және қала тұрғындары һәм қонақтары қатысты.

Болған ана кесенесіндегі археологиялық қазба жұмыстары барысында Алтын Орда дәуіріне мерзімделетін құнды археологиялық жәдігерлер табылған. Олардың қатарында жібек матадан тігілген сырт киім үлгілері, бағалы металлдан жасалған ыдыстар мен бағалы материалдар бар. Болған ана кесенесінен табылған антропологиялық деректерге негізделген Қазақстандағы алғашқы гипперреалистік мүсін жасалып, шапан мен қосалқы жәдігерлерінің реконструкциялары да көрмеге қойылып отыр.

Көрменің ашылуына арнайы келген ҚР Парламент Сенатының депутаты Айгүл Жарылқасынқызы Қапбарова:

TEMA0062.jpg

- Қайырлы күн, қымбатты қонақтар! Бүгінгі тарихи іс-шараға келіп, тарихи оқиғаға куә болып отырғаныма өте қуаныштымын. Біздің қазақ даласында дана аналарымызға арналған ескерткіштер аз емес. Міне, соның бірі – Болған ана. Кейбір тарихи деректерде оны Шыңғысханның немересі деп атайды. Шын мәнінде біз көбіне кесенелерге барған кезімізде діни рәсімдер жасап кетеміз де, тарихи тұлғалардың келбетін елестете алмайтын да жайттар болып тұрады. Ал бұл – бізге тарихты тануға, тарихи тұлғалардың кескін-келбетін көруге мүмкіндік беретін қымбат қазына. Сондықтан ғылыми экспедицияның жұмысына көп рақмет айтқым келеді. Бұл еңбек – реставрациялық және де қазба жұмысына белсене ат салысқан ғалымдардың жемісі,-деді.

Ал қазба жұмыстарының жетекшілік етіп, экспедициялық топтың басы-қасында жүрген елімізге белгілі археолог Айбар Ерланұлы Қасеналин:

TEMA0045.jpg

- Армысыздар, бүгінгі жиынға қатысушы әлеумет! Бүгін еліміз үшін, ҚР Ұлттық музейі үшін ерекше күн болып тұр. Мемлекеттігімздің қайнар көзі Алтын Орда дәуіріне мерзімделетін жәдігерлердің, жаңғыртпаның тұсаукесеріне баршамыз жиналып отырмыз. Ең алдымен, осы жұмыстарға септігін тигізіп, арқау болып, қолдау білдірген Қарағанды облысының әкімдігіне, Мәдениет басқармасына өзіміздің алғысымызды білдіреміз. Екіншіден, осындай көрмені ұйымдастырып отырған ҚР Ұлттық музейінің басшылығына да алғысымыз зор. Бұл тек жалғыз ғана ғалымның жұмысы емес, бұған арнаулы топ жұмыс істеді, халықаралық зертханаларға сараптама үшін қазба жұмысында табылған дүниелер жіберілді. Оның антропологиялық зерттеулері, генетикалық сараптамалары жасалды. Одан да басқа көптеген іргелі жұмыстар істелді. Зерттеу жұмыстарында шапанның жаңғыртпасын жасаған ғалым Татьяна Николаевна Крупаға, алдарыңызда тұрған гиперреалистік мүсінді жасаған белгілі мүсінші Айдос Есмағамбетовке, одан бөлек қолданбалы өнер түрлерін қайта жаңғыртқан зергер Бекболат Нарданбекұлына ерекше ілтипатымды білдіре отырып, әріптестерімнің алдағы уақыттағы жұмысына сәттілік тілеймін!,-дейді.

TEMA0099.jpg

Маманнның сөзінше, зерттеу жұмыстары негізінен 2018 жылы Қарағанды облысының әкімдігі, Мәдениет басқармасының қолдауымен жүргізілген. Сонымен қатар археологиялық қазба жұмыстары барысында Болған ана кесенесінен бірегей Алтын Орда дәуіріне жататын бірнеше жәдігерлер табылған. Оның ішіне тостаған, сырға, жібек матадан тігілген шапан жатады. Одан басқа ер-тоқым, үзеңгі, қару-жарақтардың қалдықтары да табылып отыр. Аталмыш зерттеу жұмыстарының бір ерекшелігі генетикалық сараптамасы Жапонияның ұлттық генетикалық орталығында атқарылса, радиокөміртегілік мерзімдемесі Ұлыбританиядағы Белфаст қаласындағы зертханада жүргізілген көрінеді. Антропологиялық сараптамасы да белгілі антропологтармен атқарылған.

TEMA0127.jpg

Айта кетейік, жалпы 2018 жылы тек қана Болған ана кесенесі емес, онымен қоса Ұлытау өңіріндегі Алтын Орда дәуірімен мерзімделетін бірқатар ескерткіштер зерттелген. Мәселен, Жошы хан кесенесі, Алаша хан кесенесі, Аяққамыр кесенесі және Болған ана кесенесі – соның бірден-бір дәлелі.

Толығырақ іс-шараның фоторепортажы 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?