Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Білімге жол: сан мен сапа

2703
Білімге жол: сан мен сапа  - e-history.kz
Совет өкіметінің алғашқы жылдарында мемлекеттің тарапынан қаржыландыратын жаңа үлгідегі мектептер ашылғанға дейінгі білім беру мешіттер мен медреселерде діни білім түрінде берілді

Ғасырлар тоғысы Сыр бойында патшалық Ресейдің ықпалы берік орнығып, Орынбор-Ташкент темір жолының салынуымен ғылым мен білімнің, өзге мәдениет пен техниканың дендеп ене бастаған кезі еді. Жаңақорғанда 1905 жылы 4 сыныптық орыс-бұратана мектебі ашылғанға дейін-ақ болыс аумағындағы 12 ауылдың онында екі үлгідегі мектеп болған. Ол мектептерде қара таныған шәкірттер Түркістан, Перовскідегі жаңа сипатты мектептерде білімін жалғастырған. Ел арасында «қыш мектеп» деп аталып кеткен білім ошағының алғашқы мұғалімдері Омархан (Омар төре) Жанғалин мен Байнияз Хангелдин болды. Мектепте тартылған алғашқы он оқушының екеуі ғана қазақ, өзгелері еуропалықтар еді. 

Ел ішіндегі «орысша оқыса шоқынып кетеді» деген сенімсіздікті жою үшін елдің болыс, билері алдымен өз балаларын орыс оқуына беріп үлгі көрсетеді. 1917 жылға дейін осы мектепте Бегайдар Аралбаев, Садықбек Сапарбеков, Сейтбек Кенбаев, Уаш Бабаев, Сүлеймен Қошқаров, Шарафи Елтияров, Шәріпбек Түкібаев сияқты ел азаматтары білім алды, олардың көпшілігі қос төңкерістен кейінгі кезеңде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан тұлғаларға айналды. 

Бесарық өзенінің Сырдарияға құятын жері Көкшеде бала оқытатын екінші мешіт болған. Онда Жанту молда бала оқытқан. 

bd3998ade14e2bfe978f87f712e46288.jpg

Совет өкіметінің алғашқы жылдарында мемлекеттің тарапынан қаржыландыратын жаңа үлгідегі мектептер ашылғанға дейінгі білім беру мешіттер мен медреселерде діни білім түрінде берілді. Мысалы, Бесарық төңірегіндегі ауылдардың ер балаларына Әйтпенбетұлы Қоныс молда мен Есенбайұлы Шермағанбет молда діни білім берген. Жаңақорған жерінде ондай молдалардың саны аз емес еді. Әр ауылда, әр мешіттің жанында мектеп ұстаған молдалар діни білім беру жүйесі арқылы жас ұрпақтың жазу, оқу сауаттылығын қалыптастыратын. Совет өкіметінің «Дінді мемлекеттен, мектепті шіркеуден бөлу туралы» декреті негізінде өрбіген атеистік саясат бұл дәстүрлі білім беру жүйесін түбірімен жойып, діни ағартушылықпен айналысқан қожа-молдаларды қуғын-сүргінге салды. Ислам дінінің өңірге таралу орталықтарының бірі болған Жаңақорған жерінде саяси себептермен қуғындалғандардың қатарында әсіресе ишандар мен мақсымдар, олардың әулеттері, мешіт қызметкерлерінің саны көп болды. Олардың барлығы да қамауға алынып, жер аударылды, 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды. 

Аудандағы ағарту саласының дамуы мен қалыптасуы кезеңдерін жоғарыда айтқан жағдайлармен байланыстырсақ, 1918-1919 оқу жылында Жаңақорған мұсылман мектебі ашылып, оның І басқышының 1 класына 70 бала қабылданып, білім алады. 

Сондай-ақ 1905 жылы алғаш ашылған Жаңақорғандағы орыс-қазақ мектебіне 1920-1921 оқу жылында 1 класқа 46, 2 класқа 37, 3 класқа 17 оқушы қабылданып, білім алған. 

1921-1922 оқу жылында жұмыс істеген Жаңақорғандағы мектепте 120 оқушыға 4 мұғалім, Төменарықтағы 81 оқушыға 4 мұғалім, Бесарықтағы 91 оқушыға 3 мұғалім, Өзгенттегі 64 оқушыға 2 мұғалім дәріс берген. 

№239 Кеңес орта мектебінің негізі 1931-1932 оқу жылында Кеңес бастауыш мектебі болып ашылады. Ол мектеп қазіргі «Жалғыз тұт» түбінде қазақы тамда еді. Оны алғаш ұйымдастырушы бастауыш сынып маманы Мұсаев Төлеген болды. Мектепте алғаш рет Кеңес колхозында тұратын 29 оқушы қабылданды. Бұл деректер осы оқиғалардың тікелей куәгері болған И. Топышев ақсақалдан 1999 жылы жазып алынған еді. 

Аудан көлемінде бастауыш білім беруді жүзеге асыруда БК(б)П Орталық Комитетінің 1930 жылы 25 шілдеде қабылданған «Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беруді 1930-1931 оқу жылынан бастап енгізу туралы» қаулысы мен Бүкілодақтық Орталық Атқару комитеті мен СССР Халық комиссарлар Советінің 1930 жылғы 14 тамыздағы «Сегіз жастағы балалар үшін міндеті бастауыш білім беруді барлық жерде, СССР-дің барлық халықтарына өз тілдерінде енгізу туралы» қаулылар негізінде 1930 жылы Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлар Советі «Республикада жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы» заң қабылдайды. 

2e1791c5701e97d781d46508848114d8.jpg

Бұл қаулылар мен заңдарды жүзеге асыру мақсатында кеңбайтақ республика көлемінде сол жылдарда жаңадан құрылған колхоздарда бастауыш мектептер ашыла бастады. Елдегі мұндай игі құбылыстың бір шеті – бұл жылдарда Жаңақорған өңірінің әр тұсынан бой көрсете бастаған болатын. Соның дәлелдерінің бірі – 1936 жылы ауданда жаңадан 6 мектеп үйі салынып, пайдалануға беріледі. 2 жетіжылдық, 26 бастауыш мектеп жұмыс жасайды. Жетіжылдық мектептерде – 545 бала, бастауыш мектептерде – 2699 бала оқыды. 

1935 жылы ауданда Құттықожа бұлағы басынан бірінші рет 100 балаға арналған пионер лагері ашылып, жұмыс істейді. 

Округтік бөлініс таратылып, жаңа облыстардың құрылуына байланысты 1938 жылы Жаңақорған ауданы Сырдария округінің құрамынан шығып, Қызылорда облысына қосылады. Осы жылдары аудан көлемінде мынадай 12 бастауыш мектептерде Жайылма (49 оқушы), Тақыркөл (77 оқушы), Ленин (21 оқушы), Кенесарық (31 оқушы), Қосүйеңкі (37 оқушы), Талдысу (22 оқушы), Жаңақұрылыс (62 оқушы), Қызылмақташы (43 оқушы), Политотдел (53 оқушы), Еңбек (60 оқушы), Елтай (60 оқушы), Құмарлық (23 разъезд) (38 оқушы) бала білім алған. 

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде ауданның экономикасы өркендеп, қалыпты даму жолына түсті. Тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, халыққа көрсетілетін мәдени-әлеуметтік қызметтер де жақсара бастады. Ашаршылықтан есін жиғанымен тоталитарлық қоғамның жаппай қуғын-сүргінен заразап болған тұрғындар социализмнің орындалып бітпейтін бесжылдық жоспарлары мен қол жеткізбейтін жасампаз идеяларын іске асыруға жұмылды.

«Жаңақорған» энциклопедиясынан.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?