Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлт тарихи таңдау алдында тұр

1645
Ұлт тарихи таңдау алдында тұр - e-history.kz

1917 жылы 13 желтоқсанда Алашорда үкіметін жарияланғаны мәлім. Осы қуанышты «Абай» журналы бүй деп сүйіншілеп жазған еді.

«Ал Алаш! Қабағың қатып, көңілің жабығып тұр едің, ілгері басқан аяғың кейін кетуге таянып еді. Бодандық көліне түсіп жоғала жаздап едің... Құдай берді, жарылқады. Ақ түйенің қарны жарылды! Өмірі, қазақ-қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келді – көрдің. Кеудесінде жаны бар, денесінде қазақтың қаны бар, жүрегінде алаштың намысы бар, ары бар, алаштың баласы! Көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл, Алаш! Сілкін, Алаш! Қуан, Алаш! Жаса Алаш!» деп бір шат-шадыман болып қуанған еді.

Бұдан кейін алаш арыстары «Алаш» автономиясының қалай даму керегі хақында мемлекеттің толыққанды тұғырнамасын жасады. Басқа да маңызды қаулы-жарғыларды айтпағанда, мынадай алты мәселені ұлттың негізгі ұстанымы етті:
Бірінші, «Бай, кедей, орта деген секілді таптық бөлінушілік болмасын»;
Екінші, «Жерді сатуға мүлде болмайды»;
Үшінші, «Жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың төл меншігі ретінде саналады»;
Төртінші, «Бір тоқтының жүнінен бір жапырақ бұл тоқылатын болса, ол ең алдымен қазақтың үстінен табылуы қажет»;
Бесінші, «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын»;
Алтыншы, «Мемлекет құруда ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып дамыған Жапония елінің тәжірибесі қолданылсын». Бұл – алаштың бұдан бір ғасыр бұрын жасаған бағдарламасы еді. Енді осы дәстүрді негізгі таған ете отырып, «Жаңа Қазақстан» деп жаңа реформа жасағалы отырған ұлт қызметкелеріне суьбективті өз пікірімді ұсынсам деймін.


Өткен жексенбі күнгі «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында ел Президенті Қ.Тоқаев саяси корпуста кадрлық дефицит бар екені турасында айтты. Осы қысқаша ғана мақаламды сол мәселенің төңірегінде өрбітсем бе деймін. Расында, біздің саяси корпуста азаматтық қоғам құндылықтарын жан-тәнімен түсінетін парасатты шенеуініктің жоқтығы(дефициті) шындап байқалды ғой. Мұны айрықша айтып отырғаным, қаңтарда еліміздің әр төңірегінде теңіздей толқыған халыққа мемлекеттік бір кадрдың келіп, өз сөзін өткізіп, тоқтам жасай алмағаны – осы ойымыздың байламы.
Қысқасы, кешегі қаңтар оқиғасы халықтан саяси биліктің қаншалықты жырақтап кеткенін нақты көрсетіп берді. Енді осы дефицитті жоюдың айла-шарғысы бар ма? Бар. Бұған дейін халықтың ықыласына бөленіп, көңілінен шыққан, керек десеңіз сол үшін шетқақпай болған, елге өзіндік бет-беделі бар іштегі әм жырақта жүрген саяси тұлғалар мен қайраткерлерді сыртқа теппей, барынша қызметке тарту керек деп есептеймін. Дәл қазір «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жанталасып-ақ жатырмыз. Осы су жаңа реформада мүмкіндігінше көне тәсілдер мен ескі кадрлардың болмағаны жөн. Әрине, бұған қатысты айтар ұсынысымыз шаш етектен. Соның өзім ең қажет деп таныған бесеуін ғана сығымдап, назарларыңызға ұсынсам ба деймін. 


1. Отандық телеарналарға жаппай өзгеріс керек. Төрдегі теледидарды қарауды қойғанымыз қашан... Сентиментал бағдарламалар үшін төленіп жатқан қайран қыруар ақша. Енді өз ойымды күлбілтелемей, бірден ортаға салайын. Дәл қазір «Хабар» мен «Қазақстан» арнасын тамаша диктор мен жақсы журналист басқарып отырған шығар, бірақ ешқандай ТҰЛҒА басқарып отырған жоқ. Қайыра айтайын, кез келген басшылықта ел көзайымына айналған рухани ірі тұлғалар отыруға тиіс. Әйгілі Әлиханның «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын алып жүре алмайды» деп отырғаны да осы. БАСШЫНЫҢ ТАНЫМЫ ҚАНДАЙ БОЛСА, ОНЫҢ ӨНІМІ ДЕ СОНДАЙ БОЛЫП, ОЛ ЖАППАЙ ЭКРАН АРҚЫЛЫ ЕЛ САНАСЫНА САЛТАНАТ ҚҰРАДЫ. Бізде бұл жағынан да үлкен дефицит бар. Бұл шаруаны орнына келтіретін бір кадр болса, ол телеиндустрияда өздерін әлдеқашан дәлелдеп қойған Ғалым Доскен мен Ғалым Боқаш іспетті тұлғалар дер едім. Тағы да қайталап айтуға мәжбүрмін. Басшылықта шенеуніктің шен-шекпені мен авторитеті емес, тұлғаның рухани ақыл-ойы алға шығуға тиіс. 

2. Тіл мәселесі. Тіл туралы дербес заңнан бөлек оның ғылыми әдіснамасы мен техникаландыру тәсілі жолға қойылуы шарт. Тілді техникаландырудың ең басты шарты әуелі 2 ГИС(ту гистің) қазақша нұсқасын жасаудан басталады. Мемлекеттік механизм мүмкіндігінше қазақ тілін заманауи ақпарат пен қаражат көзіне айналдығанда ғана, ол жастардың сүйіп сөйлейтін негізгі тіліне айналады. Әрине, тіл туралы талқылайтын әңгіме көп. Бір сөзбен түйіндеп айтқанда, Қанағат Жүкешевтің бұған дейін көз майын тауысып зерделеген «Тіл философиясы» концепциясын ғылыми айналымға түсірудің нақты мезеті туды.

 
3. Дін мәселесі. Дінге де жаңа реформа керек. Заманауи тұрғыдан кез келген шариғат қағидасына су жаңа интерпретация бермесе, мына ескі тәсілмен муфтият еш алысқа бара алмайды. Бұл жерде ең астын сызып айтатын дүние – діндегі деструктивті топтар мәселесі. Оның ішінде сәләфтар жамағатын мемлекет толығымен ауыздықтамаса болмайды. Бұл жағынан кәсіби теологтар Зікірия Жандарбек пен Досай Кенжетай шамасы жеткенше бір кісідей-ақ шырылдап бақты. З.Жандарбек көтерген еліміздегі сәләфтық топтардың сырттан қыруар қаражат алу мәселесіне қатысты билік тарапынан ешқандай да жауап берілген жоқ. Аталған осы топтың ішінде болып, кейін өз үйірін тапқан адам ретінде айтайын, бұлар – бастарына темір телпек киген құлтемір жандар. Рационал ақылдан жырақ бұл шіркіндердің мұрнына демократия шарттары мен азаматтық қоғам құндылықтарының иісі де бармайды. Енді екіжүзділігіне (өздерінің тілімен айтсақ мұнафықтығына) келсек, құрық бойламайды. Бұлар – кез келген ситуацияға байланысты саяси көзқарасын жедел өзгерте беретін «хамелеондар». Қазір де жоғары жаққа саңылау табуға қадери-хәлінше талаптанып-ақ жатыр. Ел президенті осы топқа жедел арада қатаң тосқауыл қоймаса, ертең кеш болады. 

4. Бұрында айтқанмын, тағы да қайталаймын. Әділ сайлау мәселесін өз қалпына келтірмесе болмайды. Аталған ашық сайлау бәсекесінің негізінде саяси өзгерісті жан-дүниесімен қалаған, керек десеңіз, сол үшін қудаланған нағыз демократтар парламентте отыруға тиіс(Олар ең әуелі азаматтық қоғам мен азаттық идеясының төл авторлары ғой). Мен бұл жағынан келгенде пікірлерін ұдайы ашық айтатын Дархан Әбдік пен Қасым Аманжол, Болат Мүрсәлім мен Жанболат Мамай, Макс Боқаев пен Санжар Боқаев сынды азаматтардың парламентке келуін дұрыс деп санаймын.

 
5. Халықты мүмкіндігінше кез келген ахуалға әлемдік мәдениет контексінде қарай алатындай деңгейге көтеру керек.
ӨЙТКЕНІ ӘЛЕМДІК МӘДЕНИЕТТЕН ҒАНА АДАМЗАТТЫҚ ӨЛШЕМ ТУАДЫ. Ол үшін ағарту жұмыстары толасыз жүргізілуге тиіс. Айталық, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде ана тілімізде тәржімаланған әйгілі 100 кітаптың көбі батыс елдерінде шамамен 1960-70 жылдарында жарыққа шыққан. Дәл қазір таза қаза тілді оқырманның бұл еңбектердегі ақпармен 62 жылдан кейін танысуының өзі обал ғой. Өзіңіз ойлап көріңізші, 1960 жылдардың өзінде осындай ойлау ракурсына көтерілген сана мен деңгейден Илон Маск пен Стив Джобс іспетті феномендердің шықпауы мүмкін емес қой.

 
НЕ НӘРСЕНІҢ БОЛСЫН ЖЕЛІЛІК САБАҚТАСТЫҒЫ БОЛАДЫ ДЕСЕК, ҮЛКЕН ТАНЫМ МЕН ІРІ ПАЙЫМ ӨЗІНЕ ДЕЙІНГІ ОЙ ҚАБАТТАРЫНЫҢ ҮСТІНДЕ ҒАНА ПАТШАЛЫҚ ҚҰРАДЫ.

 
Ендеше елдің критикалық ойлау ауқымын арттырып, көкжиегін кеңейтетін еңбектер мен туындылар мемлекет тарапынан ұдайы қолдау тауып, ол бір сәтке де болсын тоқтамауға тиіс.

 
Себебі біз мәдениетті, сауатты халықпен ғана салауатты мемлекет құра аламыз. Әзірге айтайын дегенім, негізі осылар-тұғын. Бұдан кейін де мемлекеттің бет алысын жіті бақылап, сын-ескертпелерімізбен өз ұсыныстарымыз болса, дер кезінде жазып отыратын боламыз...
 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?