Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтай қазақтарынан шыққан алғашқы дін қайраткері

1874
Алтай қазақтарынан шыққан алғашқы дін қайраткері - e-history.kz

Шығыс Түркістан топырағының тарихы исі қазақтың да ортақ тарихы. Алтай бетіне алғаш ислам дінін жайып, артына Ақыт Үлімжіұлындай кемеңгер шәкірт қалдырған Мұхаммед Мүһмин Хазіреттің тарихтағы алатын орыны зор. Осы тұлғаның тікелей ұрпағы, Мархамет Жанасұлымен әйгілі қайраткер хақында аз-кем әңгімелескен едік. Сол сұхбаттың алғашқы әлқиссасын өздеріңізге ұсынып отырмыз құрметті оқырман қауым.

- Ардақты Мархамет аға, атаңыз Мұхаммед  Мүһмин  Хазірет жайында «Алтай қазақтарының дін тұтқасы Мұхаммед Мүһмин Хазірет шежіресі»  атты көлемді еңбек жаздыңыз. Әуелі сұхбатымыздың негізгі кейіпкеріне  келмей тұрып,  әңгімемізді қазақтардың Алтай өңіріне  алғаш қоныстануынан бастасақ қайтеді?

 

- Ержүрек дана бабаларымыз Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, ер Жәнібектердің басқаруымен өздерінің байырғы атажұрты Алтай, Тарбағатай, Іле өлкесін жоңғар басқыншыларына ауыр соққы бере отырып қайтадан иеленіп, ырысты жерінің түгелін қалпына келтірген қазақ халқы елінің де, жерінің де, дінінің де тұтастығын терең ақыл-парасатпен, көреген саясатпен  қамтамасыз етіп, табанды күрес жүргізуінің арқасында ғасырлар бойы жерімізді сақтап, бүгінгі ұрпағына ұластыра алуы – таңғажайып құбылыс.   

 

Орыс деректері 1750 жылдар шамасында Көкжал Барақ, Қыпшақ Қошқарбай, Қожаберген бастаған қазақ қолбасшылары Таулы Алтай, Қатын өзені, Зайсанға, Хабарға–Базар өзені маңына жеткені туралы хабардар етеді. 1750 жылдардан бастап Абылай хан, Қабанбай бастаған қазақ әскері шығыс шекараны азат етіп, Шәуешекке жетеді. Абылай хан шығыстағы атамекен жерлерді толық бақылауға алу мақсатымен маңдай-сүбе қолбасшыларына пәрмен беріп, Іле, Ертіс өзендерінің ағар басына, Тарбағатай, Алтай тауы алқабына өткізеді. Демек, 1758 жылы Манжұр–цинь патшалығы жоңғарларды талқандауына дейін, оншақты жыл бұрын қазақтардың алғашқы легі Алтай тауы өңіріне қайта қоныс тебе бастаған деуге негіз бар.

Манжұр–цинь патшалығы 1762 жылы өзінің бұрынғы «Іледегі жоңғар басқармасын», «Іле жерін жалпы басқару қолбасшысы» деген атаумен қайта құрып, Тәңір тауының (Тянь–шань) оңтүстік және солтүстік аудандарын басқартады. Ал, қазақтар болса, 1757 жылдан бастап Манжұр–цинь патшалығына Тарбағатай және басқа жерлерді «сыйлап беруін» тілесе де, Цянь–Лун (1736–1796жж.) патшасы оған қарсылық білдіріп, бұл ұсынысты қабыл алмады. Бірақ Орта жүз бен Ұлы жүздің кейбір тайпалары біртіндеп өздері талап еткен өңірлерге жаппай өтіп, қоныстана бастады. Ал Цянь–Лун патша қазақтарға «шекараны сақтаған жөн. Оны бұзу мақсаты болмасын», – деп сәлем айта отырып, Манжұр–цинь патшалығы әскер қолбасшысы А.Гүйді 2000 әскерімен жіберіп «шекараны бұзып, өтіп кеткен қазақтарға ақыл айтып кері қайтаруды, жарлыққа бойұсынып қайта көшкендерге сыйлық беруді, ал, айтқанға көнбей қасарысып, көшпейтіндері болса, күшпен айдап шығаруды, бірақ, өлтірмеуді әрі тұтқындамауды» тапсырды. Бұл жолы қазақтар қайта көшіп кетсе де, онан соң көп уақыт өтпей–ақ Тарбағатайда қазақтар қайта келіп қоныстанып отырған еді.

Манжұр–цинь әскерлері қазақтарды тұтқындап, малын тартып алып, кері қуып отырса да қазақтардың қоныстануын тоқтата алмады. Ақырында, 1766 жылдың көктемінен бастап, Манжұр–цинь өкіметі қазақ тайпаларының осы өңірге өтіп қоныстануын амалы таусылып ресми түрде мойындайды.

Байырғы атажұртты иемдену осылайша қиянкескі күреспен, дана ақылмен, табанды қажырмен жалғасып отырды. Ақыры қара шаңырақ елінен қиянға, қазақ даласының шетпұшпағына шалғайға, жаудың өтіне, жердің шетіне қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле қазақтары атажұрттағы қара орман Қазақ елімен әкімшілік-саяси бірлігін қамтамасыз етуге,ұлттық тұтастығын сақтауға түбегейлі амал іздейді. Ол үшін қара шаңырақ Қазақ елінен төре ұрпағын әкеліп, сол арқылы елдігін, саяси тұтастығын сақтай білді. Бүгіндері ҚХР аумағындағы Үш аймақ қазақтары осылайша «қиыр жайлап, шет қонып» атамекеннен жырақ қиырға кетіп, тарих пен тағдырдың қилы тауқыметін тартқанымен елдік дәстүрді байырғы Шыңғысханнан мирасқа қалған Ұлы жаса заңы аясында ұтымды шеше білгені – ғибратты ақиқат.

- "Төресіз ел, төбесіз жер болмайды" десек, Бұған Әбілпейіз ханның баласы Көгедайдың сіңірген еңбегі көп қой?

 

- Алтай қазақтарына Семей өлкесінде найман жұртына әмірін жүргізіп отырған Әбілпейіз сұлтан Әбілмәмбетұлының баласы Көгедайды төреліккке әкеліп, хан көтереді. Бұл ойды керейдің игі-жақсылары Әбілпейіз сұлтанның назарына жеткізіп, оның екінші әйелі Тұмар ханымнан туған Көгедай, Сәмен, Жабағы есімді үш ұл тақ мұрагерлікке лайық деп әкелінеді. Мұны шыңжандық тарихшы Асқар Татанай: «...Көгедай 1773 жылы дүниеге келген, он екі жасында 1785 жылы (кейбір деректерде 1780 жылы) Абақ Керейге төре болды. 1797 жылы Бейжіңге барып Мәнжу Чин патшалығынан «гүн» шенін алды, 39 жыл ел билеп, 1842 жылы 51 жасында дүниеден өтті...» деп жазады (А.Татанайұлы, «Тарихи дерек, келелі кеңес», І, 1986, Шыңжаң халық баспасы. 1992 жылғы еңбегінде).

Әбілпейіз сұлтан абақ-керей елі балаларының бірін төрелікке жіберуді өтінгенде өзінің қырғыз әйелі Тұмар ханымды үш баласымен аттандырады. Сол кезде Көгедай 12 жаста, Сәмен 10-да, Жабағы 8-де екен деседі. Тұмар ханым жалғыз келмей бір молда, бір қожа, қырғыздан үш үй – жиыны алты үй әкеледі, олардан басқа Әбілпейіз тұқымының әр қадамын қолдап отыруға тиісті хан ордасында шоқтай болып отырған аталық-төлеңгіттің бірнеше ауылдары бірге аттанады. Осылайша ежелден еншісі бөлінбеген қазақтың елдік жора-жосыны, ұлттық сом бүтіндігі қалыптасқан жаңа жағдайға байланысты түлеп, өзінің жоралы салтын, арналы жалғасын табады.

Алыстағы ағайын жұрттың саяси тұтастығы елдіктің алтын қазығы төрелерді билікке әкелу арқылы қалыпқа келіп, қамтамасыз етілсе, енді діни-рухани бірлігін нығайтуды елдің игі-жақсылары тегеурінді қолға алады. Ол үшін атажұрттан жырақтағы осы аумаққа дін иелері болып саналатын қожа молда қауымын әкеліп, мешіт-медресе ашу, тұрақты рухани күшке айналдыру шарасы өте маңызды, күн тәртібінде тұрған, шегеруге болмайтын игілікті іс екені аян. Деректерге қарағанда Алтай өңіріне Көгедай төремен бірге келген алғашқы қожа қауымы үлкен шеңберде, тиянақты діни іспен шұғылдануға мүмкіндігі аз болады. Шапқыншылық қақтығыс жағдайында, елдің қоныс-өрісі тұрақтамаған, шаруашылығы шашыраңқы, аумалы-төкпелі кезеңде ондай ауқымды қызмет етуге заман жар бере қоймайды. Сол себептен де ел аузында сол ерте замандағы аз үй қожаларды «жаяу молда» деген атпен атағаны байқалады.

Ал Ажы Көгедайұлы заманына келгенде осы өлкедегі урианхай, торғауыт бастаған будда дінін ұстайтын қауым балаларын қызылаяқ құм кешіп, жалаңаяқ жар кешіп, жер түндігі Тибеттегі Далай Ламадан оқытып, Сарысүмбеде (қазіргі ҚХР, Шыңжан, Алтай қаласы) алтын дұғалы, жез қоңыраулы айбатты пұтхана салып жатқанда көзі ашық, көкірегі ояу қазақтар ислам дініне кең өріс ашуға қам жасайды. Олар енді Қазан, Уфа, Бұхар, Түркістан қалаларында медреселерден тәлім алып, ислам дінін терең меңгерген, оқыған дін қайраткерлерін өлкелеріне шақырып алдыруға амал іздейді. Өйткені, ұдайы жау-жар, үркіншілік-шапқыншылықпен жүрген, көшпелі тұрмыстағы қазақтардың діни ахуалы күрделі жағдайға тап болады. Ол туралы Ақыт қажы Үлімжіұлы былай деп жырлайды.

 

Алтайға келіп кірді керей жазған,

Көріпті талай мехнат ақылы аздан.

Бұл ортада дін ислам естен шығып,

Ел бопты ақылынан азып-тозған.

 

Білмейді ораза, намаз, зекет, хажды,

Әділсіз, төре, би жоқ, жолдан азды.

Халі келген халсізге зорлық қылып,

Тыңдайтын жан жоқ екен мұң мен назды.

 

Халал менен харамды парық қылмайды,

«Мынау бөтен» дегенді жақтырмайды.

Сол күйімен сүйтсе де дінге мықты,

Сонда да пұтқа тіпті бас ұрмайды.

 

Осындай қилы заман, қиын өткелде тұрғанда ислам дінінің Алтай тауының күнгей бетінде жүйелі де тиянақты таралуының алтын дәуірі Мұхамед МүҺмин Хазіреттің есімімен тығыз байланысты.

 

- Бұл еңбегіңізбен толыққанды танысып шықтым. Ішінде қазақ тарихына қатысты небір ғажайып деректер бар екен. Еңбек сонысымен де құнды десек болады. Бір жағы Мұхаммед Мүһмин өз атаңыз екен ғой?

 

- Оныңыз рас. Бұл еңбекте 19-20 ғасыр аралығында Алтай-Қобда бетіндегі ағайын жұрттың діни-рухани бірлігін нығайту,«қилы заман, қиын өткел кезінде» қасиетті дініміздің Алтай тауының күнгей бетінде жүйелі де тиянақты таралуының негізін қалаған Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы (1807 - 1902) хазіреттің діни тұлғасы, оның жолын жалғастырған ұрпақтарының тағдыры мен тарихы жайында баяндадым..

Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы (1807 - 1902) – арғы тегі Қоқан қожаларынан шыққан, Бұқара қаласындағы әйгілі Бахауаддин Нақышбанди әулиенің шәкірттерінен дәріс алған ірі діни қайраткер, Алтайдағы қазақтардың мұсылмандық жолына бетбұрыс жасаған көшбасшы тұлға. Оның діни ғибадат қызметі сан тарапта, жүйелі, ислам ілімінің шариғатына сай тиянақты да бірегей, жоспарлы, заманға сай озық тәсілдермен, терең парасатпен, табанды күреспен, жергілікті халықтың мінез-құлқы, тұрмыс-салтымен үйлесімділік тауып көрегендікпен жүзеге асқаны аңдалады. Мұхаммед Мүһмин Хазіреттің ислам дінін таратып орнықтырудағы еңбектері топшылап айтқанда негізінен төмендегі салаларда көрініс табады:

Алғаш рет Ақмешіт, Сармешіт деген мешіттерді соғып, шәкірт оқытып, медресе ашуы;

Жайлау қыстау,күзеуде жүрген көшпелі елдің басын қасиетті жұма, діни түрлі мейрамдарда тұрақты қосып, әлімкөже істеп тегін таратып, сап түзетіп, намазға ұйытуы, осылайша ислам дінінің басты шарттарын орындауға жағдай туғызуы;

Алтай қазақтарын алғаш рет Меккеге қажылыққа өзі бастап апарып,қасиетті сапарға жол салуы;

Осман империясының Сұлтанына кездесіп, мұсылмандардың бас Хазіретінен бата алып алқанып, ислам әлемінің ең шығысындағы шеп-қорған іспетті Алтай қазақтарына Мұхаммед пайғамбардың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрәк мұрты «муй-мүбаракты» арнайы сандығымен тәбаракка әкеліп, «Муй-мүбарак» үйін соқтырып, шығыстағы қазақтарға мұражай ретінде көрсетуі;

Кейін беделі дәуірлеген ол «Қазы» дәрежесіне жетіп, қазақ арасындағы сот ісіне төрелік етіп, шариғат үкімін бітімге енгізіп, қара қылды қақ жарған әділеттілігімен мұсылманға сыйлы болуы;

Мұсылмандардың достық байланысын бекітіп, Бұқара, Қоқан, Қашқар, Стамбул, Мекке, Мединемен байланысты жалғап, өзінің және шәкірттерінің, ұрпағының білімін жетілдіре түсуге жол салуы;

Жергілікті халықтың салты, шаруашылық болмысын дөп басып, қажеттілігін өтеу үшін дінмен бірге сауда кәсібімен де шұғылданып, халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігін арттыруға күш салуы;

Ұрпағы мен шәкірттеріне рухани жолын жалғастыруға жетерлік білім бере білуі және олардың ата жолын адал жалғастырып, көбінің 1928-1937 жылдары Шыңшисай, Сталин,Чойбалсан нәубатында шәйіт болуы;

Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлының ерлікке пара-пар осынау қызметіне риза болған халық құрметтеп оның атын атамай «Хазірет атаң», «Керей ишан» деп күні бүгінге дейін ұлықтайды.

IMG_20220125_144531.jpg

- Енді осы тұлғаның өмір жолы мен қызметіне сәл тоқтала кетсеңіз?

 

- Ел аузындағы әңгімеге қарағанда жиырма жастағы Мұхаммед Мүһмин әкесі Шахмансурмен бірге 1827-1830 жылдары Қоқан, Бұхара тараптан сауда-саттық жасап Алтайдағы қазақтарға келіп-кетіп жүрген, олар жергілікті халықтың сұранысын барлап, бұл өлкеде дін таратуды қарқынды әрі шұғыл жүргіздің қажеттігін терең ұғынады. Сол себептен де ел ағаларының қалауымен ұлы Мұхаммед Мүһминды керейлердің ортасына қалдырады. Мұхаммед Мүһмин келгеннен соңғы абақ керей халін Ақыт қажы былай деп толғайды.

...Қоймады жайсыз тамақ, ескі заңды,

Көргендер шариғатты өліп қалды.

Сонан соң бір асылды құдай беріп,

Бар құдай Керей елге тауфиық салды.

 

Шаһардан сонда келді жалғыз бала,

Өзі жалғыз, пақырға құдай пана.

Қараңғы сәулесі жоқ надан елге,

Тауфиық бермек үшін Хақ Тағала...

 

Осылайша ислам дінінің өрлеуіне шексіз үлес қосқан Мұхаммед Мүһмин халыққа сыйлы болып «Хазірет атаң» деген мәртебелі атаққа ие болады. Мұхаммед Мүһминннің бірнеше буын ұрпақтары Алтайдағы, Қобдададағы қазақтар арасында діннің алтын діңгегіне айналады. Мұхаммед Мүһмин Қоқаннан 1827 жылы (кейбір деректерді есептегенде 1830 жылы) Өр Алтайға келіп, 93 жасап, 8 рет қажылыққа барып, 73 жыл бойы дін таратады. Халықтың айтуынша, ол Алтайдың күн бетінде екі мешіт (Ақмешіт, Сармешіт), Алтайдың теріскей Моңғолия тараптағы Қобда бетінде Ұзын Күйтін деген жерде Күйтін мешітін салған.

Міне, осылайша білімдарлығымен, әулие парасаттылығымен танылып, кейіннен «Керей Ишан», «Хазірет Атаң» аталып бүкіл халықтың алқауына кенелген Мұхаммед Мүһмин Алтай тауы қазақтары ортасында жетпістен астам жыл өмір кешкен шағында исламның хақтығын, ұлылығын, тазалығы мен құдіреттілігін ел санасына терең сіңірумен қатар ауқатты, беделді адамдарды алғаш рет Меккеге өзі бастап барып, қажылық сапарға жол ашқан. Ол туралы да Ақыт қажы мол дерек қалдырған еді. Өр Алтай өлкесіндегі алғашқы мешіт-медіреселерді орнатып, халық арасына дін тарататын білімдар шәкірттер әзірлеп, оларға рұқсат беретін алғашқы діни алқа құрады.

Абақ-Керейлер орын тепкен өлкенің әр жерінде бой көтерген мешіттердің арасында «Хазірет Атаңның Сары мешіті» аталған орталық мешіт сол заманда Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі секілді шығыстағы қазақтардың ең бір қасиетті орнына айналады. Мұхаммед МүҺмин қазірет тек Өр Алтаймен ғана шектелмей күллі Шығыс Түркістан қазақтары арасындағы дін өрісін ұлғайтуда ұлағатты істер тындырады, арнайы Қашқарияға сапармен барып мұсылманның ауызбіршілігін арттыруға да үлкен үлес қосады. Моңғолия тарапта Қобда бетіне қоныстанған қазақтар арасына да мешіт салдырып, өзінен дәріс алып арнайы тағайындалған имамдары арқылы дін уағыздау аясын кеңейте түседі. Оған бір дәлел, қазіргі Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Цэнгэл сұмынының Күйтін өлкесінде салынған «Күйтін» мешіті еді. Бұл мешіттің іргесі 1903 жылдары (Кейбір деректерде 1870-жылдар) шамасында қаланған.

Хазірет сонымен қатар исламдағы отбасы, неке, әйел мәселелеріне байланысты діни жосын, шариғат үкімдерін қазақтың салт-санасына сай өзгертіп, азаматық дау-жанжалдарды шариғат жолымен шешуге үлкен үлес қосып, үнемі әділ билік айтып, ханға да, қараға да тартпайтын туралығымен асқан беделге ие болған.

 

- Осы орайда Мұхаммед Мүһмин Хазіреттің Алтай жеріне алғаш аяқ басуы қалай болды?

 

- Қоқанда туып, Бұқарада білім алып, дәулетті де иманды отбасында ержеткен Мұхамед Мүһмин Алтайдың күн шығысына келген соң ислам дінінің дәнін сепкен, елдің рухани өмірін соны өріске шығарған имандылықтың диқаншысы болып, елдің піріне айналды.

Белгілі жазушы, шежіреші А.Татанайұлының жазуына сүйенсек, Мұхамед Мүһмин Орта Азияның Қоқан, Бұқара қалаларында ұрық жалғастырған арғы атасы Шағсахұр, ұлы атасы Шаһмахмұт, өз әкесі Шаһмансұр ауқатты адамдар есебінде саналады.

Мұхаммед Мүһминнің әкесі Шаһмансұр 1807 жылы Қоқан қаласынан Бұқара қаласына қоныс аударады. Сол жылы Мұхамед Мүһмин дүниеге келіп, Шаһмансұр бұл баласын ержете келе Бұқарадағы атақты ислам медресесінде оқытып, жас талапты Мұхамед Мүһмин медреседен жақсы білім алады. Дәулетті, сауда кәсібін меңгерген Шаһмансұр 1827 жылы сауда-саттықты арқау етіп, жиырма жасар баласы Мұхамед Мүһминді қасына ертіп, абақ керей еліне келеді. Әуелі сауданы абақ төресі – Ажының немерелес туысы Сәмен төренің он бір ұлының үлкені Алтай еліне беделі де, үкімі де жүрген, төбеге шығып жау алған, төрде отырып дау алған Ажы гүңнен кейінгі төре тұқымының біліктісі, туысы мол, сүйеніші күшті, Алтай елін қолы білетін Қожамжар (Өжеке төре) төреге сүйеніп жүргізеді. Ел арасында бір жыл сауда жасап жүрген кезінде малын жинап ала алмай, ел біліктісінің алдына барады. Ел биі өз еліне жан басып сөзін инабатқа алмаған соң, несие малын Қожамжар төреге тапсырып, баласы Мұхамед Мүһминді несие жинауға, ел танып, жұртқа діни бағытта қызмет етуге қалдырып, өзі Бұқара қаласына қайтады.

Алғашқы сауда сапары тым сәтті болмағанымен Шаһмансұр үмітін үзіп, көңілсіз қайтпайды. Ол өзінің көрегендігімен Алтай еліндегі ахуалды дұрыс межелейді. Өздерін мұсылманбыз дейтін осы қауымның арасына сауда жасаудан гөрі ислам дінін үгіттеу, халықтың рухани сұранысын өтеу анағұрлым өтімді екенін барлап байқайды. Өзі осында жүріп-тұрған екі-үш жылдың арасында-ақ, молдалықта өз беделінің арта бастағанын біледі. Алды-артын дұрыс межелей алатын молда, керей қауымының дінге деген талабын өзінің аз ғана оқуымен қанағаттандыруы да қиынға соғатынын ойлап, осы сапарда бірер жыл Қоқан, Бұқара молдаларынан үйреніп, білімін толықтырып, жұрт алдында өзінің ғұлама молда екенін мойындататарлықтай діни сауатын асырып, ислам дінін тарату жолына өзін атап, Алтай халқына дін үгіттеуге бекіп кері оралады.

Ол кезде Бұқара, Қоқан қалалары ислам дінінің Орта Азияға, тіпті Ресейдегі Сібірге де іргесін кеңейтіп шұғыла шапақ шашқан қуатты орталықтары еді. Шаһмансұр Бұқараға барғаннан кейін, қаладағы діни сауатты қайраткерлермен кезігіп, өзінің сонау қиырдағы қытаймен іргелес күншығыс Алтай қазақтары ортасында тұрып, дін уағызшысы болатынын айта келіп, ақыл-кеңес сұрап, ислам дінінің қағидаларын, оның тарихы мен дін тарату жолдарын үйреніп, үш жылдан кейін көптеген діни кітаптарды алып, Алтай еліне екінші рет келгенде бір қолына дін, бір қолына сауда ұстап, арнайы жоспармен оралады.

Қоқанда жүрген екі-үш жылда Өжеке төренің қолында қалған өткір, зерек, пысық бала Мұхамед Мүһмин төрелердің көмегімен несиесін жинап алып, саудасын дамытып, енді бір жағынан төре ауылынан бала оқытып, төре төңірегіндегі бір қожаның қызымен тұрмыстанып, үйлі-баранды болып, әкесі келгенде баласы ел ортасында қадырлы адамдардың бірі болғанын көреді. Шаһмансұр осы келгеннен кейін баласы Мұхамед Мүһминге өз білгендерін үйретіп, дінді халыққа кеңінен үгіттеп, ел алдында беделді адамдарға айналды. Сонымен бірге баласын үш рет Қоқан, Бұқараға үйренуге жіберді. Шаһмансұр халыққа ықпалы өте бастаған кезде-ақ дәулеті де шалқып жүре б бастайды. Жәнтекейдің секел руынан Ғайша деген қызбен некеленіп, әйелін ертіп, құдай жолына қажыға барып, ел алдындағы ықпалын одан ары жоғарылата түседі.

 

- Жаңа бір сөзіңізде атаңыздың ел Өжеке төре атаған Қожамжарға көп арқа сүйегенін айттыңыз. Енді алғашқы медіресе ашып, мешіт салуы жайында да мәлімет бере кетсеңіз?

 

- Қожамжар төреге арқасын мықтап сүйеп, ел сеніміне ие болған Мұхаммед Мүһмин әкесі Шаһмансұрдан аса түсіп, іс істеуді ойлап, Қыран өзенінің батыс жағасындағы Төребейті деген жерден жер үй салып, бірінші рет медресе ашып, бала оқытады. Осы медресені ашып, көп өтпей мынадай бір оқиға медресенің жалғасуына көп кесірін тигізді. Бұл көптеген жерден сап ете түскен «Қызылаяқ шапқыншылығы» болды.

Бурылтоғайдың Қылы деген жеріне түсіп алған «қызылаяқтар» Сауырдағы Ажы төреге елші жіберіп, «Қобдаға өтіп кетуімізге ат-көлік беріп, көмектессе тиіспейміз, әйтпесе, Алтай елін шабамыз», – деп құқай көрсетеді. Осы қысымға шыдамаған Ажы гүң Ертіс бойына түсіп, төрт бидің бірі – Бапының ауылына қанаттас отырған ел басшыларынан Жұртбай би, Жылқышы, Қожамжар төре қатарлы адамдармен ақылдасып, осы бір аш-арық әскерлерді азық-түлік беріп, аттандырып жіберуді ортаға қойды. Ажының айтқанына басқалар қосылғанымен Қожамжар төре мен шеруші елінің қара биі Жылқышы Ақтайұлы қосылмай: «қызылаяқтарға ат, азық-түлік берсек, бұлар сол азық-түліктен пайдаланып өзімізге шабады. Егер азық-түлік бермесек, өздігінен Алтайдан Қобдаға кетуге мәжбүр болады», – деп көмек беруге қосылмайды.

Ажы гүң өз ойы бойынша оларға азық-түлік беруге бекіп, «қызылаяққа» бермекші он мың қой, мың атты ел-елге бөліс еткенде, Қожамжар төре мен Жылқышы бұл бөлістен бас тартып, Ажының билігін атқармай, жиыннан тарайды. Ажы төре зорлап мал алуға айналғанда, өздеріне қарасты Сәмен төре мен шеруші елін бастап, Қобда жеріне көшті. Осы кезде өз арқасын Қожамжарға сүйеп іс істеп жатқан Мұхаммед Мүһмин де сол ауған елге ілесіп, Қобда жеріне барып, бірталай жыл мекен теуіп тұрып қалады. Осы Қобданың Күйтін деген жерінде «Күйтін» мешітін (1881-жыл) салып, сол мешітке өзі имам болып, басқарды. Кейін Сәмен ауылдарымен Алтайдың күн бетіне қайта өткенде бұл мешітті шеруші Тілеуберді моллаға беріп, өз орнына оны имамдыққа сайлап кетеді.

Сөйтіп Алтайға қайта келген Мұхаммед Мүһмин Балбағайда қоныстанып, бұрынғы өзі салған медресе орнына 1889-жылы қызыл қарағайдан мешіт салдырады. Оны көрінісіне қарай халық «Сарымешіт» деп атап кетеді.

Бұл мешіт ел қыстауға орналасқанда кәдеге асып, намаз оқылатын, әдетте дінге сенімі аз, жапырыла құлап жығылып тұрмайтын қазақтар, қысты күні қоныс шалғай, жері алыс, күн суықта мал-жанның қамынан асып мешітке көп жиыла қоймайтын. Малшылардың мұндай дінге селқос, бос белбеулігі Мұхаммед Мүһминды ойландырды да, ол амал тауып, халықты насихат айтып, намазға шақырды.  

 

- Осы насихат айтып халықты намазға шақыруға «Әлімкөженің» де көп әсері болды ғой?

 

- Рас. Ол кезде халық егін салуға аса беріліп кетпегендіктен егіншілікпен шұғылданатын өлкелер өте шалғай, астық саудасын істейтін кірекеш саудагерлер жоқтың қасы еді. Осы себепті халықтың сусыны мен асы малдың сүті мен еті болып, ал астық деген – күріш, бидай, арпа, тары ілуде бір орындарда ғана болатын. Жұрт бидай көже, бөртпе тары, бауырсақ, шелпек, жент, жаншыма секілді тағамдарды таңсық көретін.

Халықтың осындай мұқтаж жағдайын білетін алғыр имам жыл бұрын саудагерлер арқылы әр орындардан бидай, арпа алдырып, қыстың алты айындағы әр келген жұма күні көже істеп, намазға жиналған халыққа тегін таратып отырады. Халық бір жағынан жұма намазын өтеп, құдайға құлшылық етуге барса, енді бір жағынан таңсық тамақтан ауыз тиюге барады. Кейін келе бұл көжені «әлімкөже» деп атап кетеді. Революцияға дейін Түркістандағы Ахмед Яссауидың мешітінде жұма намаздан кейін жиылғандарға әлімкөже беретін әдет болған. Бұл арабша «халймун» жұмсақ деген мағына береді. Басқаша айтқанда қабығынан тазаланған бидай, арпа дәндеріне ет қосып, айрықша әдіспен жасалған жұмсақ ботқа. Халықты мешітке осындай түрлі шараларды қолдану арқылы жинаған Мұхаммед Мүһмин намаз кезінде уағыз сөйлеп, шариғат айтып, Құраннан үзінділер оқып, мазмұнын аударып, Алланың бірлігін, пайғамбардың хақтығын, Құранның шындығын, ислам дінінің шариғаттарын үгіттеп мүминдерді ұйытады. Осындай ауқымды қызметтері арқылы Алтайдың күн бетінде жоғары беделге ие болды.

Мұхаммед Мүһминнің жарым ғасырға жуық молдалық істеп, ел алдында абыройы артса, енді бір тараптан ұзақ жылдық өміріндегі өрбіп-өскен шәкірттері он екі абақ керейдің әр руларына тарап, әр елде Мұхаммед Мүһминді «пір» тұтқан білікті-білікті молдалар жетіліп, өз тәрбиешісінің туын тік көтеріп, Алтай-Сауырдың еліне беделі онан ары арта түседі. Мешіт салып, бала оқытқан кезінде, хафиз (дінді қорғаушы абыз) атанып келсе, кейін келе халқы Мұхаммед Мүһмин «хазірет», яғни «пір» атайды. Ол туралы әйгілі ақын Ақытқажы Үлімжіұлы «Мінәхіб піран ғазизан» деген өлеңінде Мұхаммед Мүһмин әулие Бахауаддин Нақышбанды жолын жалғастырған, Бұқарадағы Ғабдолсатар секілді пірлерден тәлім алғаны туралы былай деп жырлайды:

 

Нақышбанды аҺуалы,

Тарихаттың кені екен.

Сол заттан шыққан таралып,

Ғазиз кемел хатифлар.

Ақылың болса жаранлар,

Пір етегін тұтып қал...

Мұхаммед Мүһмин пір ишан,

Солардан шығып таралған.

Керейге содан дін қонған...

Ғазизлердің данасы,

Қоқанд шаһарлы қаласы,

Шаһарлардың сарасы.

Мәддакар қылып құдайым,

Фақырдың болғай панасы.

Шахи Мансұр ғазиздің,

Шәкәрбанд баласы.

Мұхаммед Мүһмин пір, ишан,

Керейдің бір атасы.

Жолбасшы боп керейге,

Кадия болған батасы.

 

Абыройы өскен Хазіреттің дәулеті де қаулап өсе береді. Осы дәулетті бабымен басқара білетін ыспар, салауатты хазірет, керей ішіне тек дінмен ғана емес, құда, тамыр, туыс, жегжат болып тамыр жаюды да қалт жібермейді. Ислам дінінің көп әйел алу шариғатынан пайдаланып, абақтың ұрпақтарынан төрт әйел алып, керейлерге күйеу бала болып сіңіп, балталаса кесілмес, сүймендесе айырылмас туыс болып кетеді.

Мұхаммед Мүһминның алғашқы әйелі – қожа қызы өлгеннен кейін, екінші әйелі Абуқанипадан Мұхаммед Уали, Абеу Уали, Мұхаммед Салиһ, Қалиолла деген төрт ұл, үшінші әйелі Тыныштықтан Әбіш, Ахмед деген екі ұл, төртінші әйелі Бибимусылимадан Мұхамедқали деген бір ұл туып, осылардан тараған үрім бұтағын халық: «Хазірет атаң ауылы» деп атап кеткен.

 

- Тұшымды әңгімеңізге көп-көп рахмет!

                                                                                

          (жалғасы бар...)

 

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?