Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

2022 жылғы атаулы даталар

13579
2022 жылғы атаулы даталар - e-history.kz

Алдағы 2022 барыс жылы да еліміз үшін өткен жылдағылардай атаулы даталарға толы. Оның ішінде Қазыбек бидің 355 жылдығынан бастап, Кенесары ханның туғанына 220 жыл, ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы, Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл секілді айтулы даталар бар. Төменде осы айтулы даталарды қысқаша шолып өтсек деп отырмыз.

Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл

Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының 17-18 ғасырда өмір сүрген биі, қоғам және мемлекет қайраткері. Деректерге қарағанда, Қазыбек би 1667 жылы Сырдария өзенінің бойында туған.

Қазыбек би 1764 жылы 97 жасында Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында дүние салды. Ұлының ұлылығын тереңнен түсінген замандастары оны киелі жер – Түркістандағы Қожа Ахет Ясауи кесенесіне жерледі.

Дулат Бабатайұлының туғанына 220 жыл

Ақын, зар заман поэзиясының өкілі Дулат Бабатайұлы – 1802 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Сандықтас қонысында туған. Ақынның өлеңдері, негізінен, дидактикалық негізде жазылған.

Дулат Бабатайұлы 1874 жылы өзі туған жерде дүниеден өтті.

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының туғанына 220 жыл

Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген әскери қолбасшы, қазақтың 1837-1847 жылдарындағы ұлт азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы.

Тарихи деректерде Кенесарының 1847 жылы қырғыз жеріндегі Кекілік-Сеңгір аңғарында ұсталып, Жамбы ауылында кісі қолынан өлгені, қырғыздар денесін сонда қалдырып, бас сүйегін Омбыдағы Батыс-Сібір аймағының генерал-губернаторы – князь Петр Горчаковқа апарып бергені айтылады.

Алайда соңғы ханның сүйегі әлі табылған жоқ. Тарихшылардың айтуынша, Кенесары ханның бас сүйегі Санкт-Петербургте өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін Эрмитажда тұрған. Оны ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан да көрген. Ал одан кейін қайда кеткені белгісіз.

Әсет Найманбайұлының 155 жылдығы

Айтыскер ақын, ұлы композитор Әсет Найманбайұлы 1967 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қызыл-арай ауылында туған. Әсет соңына "Салиха-Сәмен", "Ағаш ат", "Перизат", "Үш жетім қыз", "Нұрғыман-Нағым", "Мәлік-Дарай", "Жамсап", "Кешубай" атты қисса дастандар, «Қысымет», «Кемпірбаймен қоштасу» секілді ғаламат диапазонды әндер қалдырды. Ол Пушкиннің "Евгений Онегин" романын аударып, оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсет 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болды.

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл

Ақын, ұлт ұстазы, ұлы ғалым, саяси қайраткер Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Қазақ халқының XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы 8 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеден озды. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Мұхтар жастық шағында жаңа оқу-білімге көп құмартып, алғаш 18 жасында Абай ауылында пъеса жазып, өзі сахналаған. Алаш зиялыларының қатарында жүріп, Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп «Абай» журналын шығарды. «Абай жолы» эпопеясы Мұхтар Әуезовтің есімін мәңгіге қалдырды.

Жазушы 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада операция кезінде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген.

Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл

Жазушы Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында туған. "Мен дүниеге келген кезде қазақ өлгенін, туғанын қағазға жазбайтын. Әке-шешемнің жыл қайырып айтуы бойынша 1902 жылы тусам керек", деген жазушы өзінің өмір белестері туралы айтқанында.

Ғабиден Мұстафин шығармашылықпен қатар қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, алтыншы сайланған КСРО Жоғары кеңесінің депутаты, 4-5, 8-10 Қазақ КСП Жоғары кеңесінің депутаты болды. Екі рет Ленин орденімен, ІІ дәрежелі Отан соғысы және Қызыл ту орденімен марапатталған.

Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл

Ғабит Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында дүниеге келді. Оның азан шақырып қойған аты – Ғабді әл-Ғабит. Бұл арабша "Құдайдың құлы" деген мағынаны білдіреді.

Ғабит Мүсірепов қазақ прозасында өз орынын ойып алған ұлы жазушы. «Ұлпан», «Қазақ солдаты» романдары, «Ана туралы балладалар», «Этнографиялық әңгіме» қатарлы әңгімелер жинақтары бүгінгі таңда да оқырман қолынан түспейді. «Амангелді» атты бірінші қазақ киносының сценарийін жазуға өз үлесін қосты (Вс. Иванов, Б.Майлинмен бірге). "Махаббат туралы дастан" және екі сериялы "Қыз Жібек" фильмдерінің сценарийін жазды.

1985 жылдың 31 желтоқсанында халық жазушысы 83 жасында өмірден өтті.

Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы

Қазақ халқының сүйікті ұлы Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық және сауда мекемелерінде жұмыс істеген. Қазақ және орыс тілдерінде хат таныған сауатты адам болған. Ал анасы Зәуре Баирқызы 1888 жылы Алматы облысындағы Шелек ауданында өмірге келген. Бар уақытын балалары мен үй шаруасына арнаған. 1955 жылдан 1986 жылға дейін Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметтерін алма-кезек атқарып, 30 жылға жуық ел билігінде болды.

1993 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу үшін Сарқантқа барып, сол жерде 82 жасқа қараған шағында көз жұмды.

Зейін Шашкиннің 110 жылдығы

Зейін Жүсіпбекұлы Шашкин 1912 жылы 31 желтоқсанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Жазушы 1930-1933 жылдары Мәскеудің тарих, философия және әдебиет институтында оқыған. Әдебиет теореясы саласында да өз еңбегін қалдырды. Оның «Таң атты», «Ұядан ұшқанда» қатарлы шығармалары бар.

Зейін Шашкин 1966 жылы Алматыда қайтыс болды.

Жұмағали Саинның 110 жылдығы

Жұмағали Саяұлы Саин 1912 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Арықбалық ауданы Баян көлінің жағасында туған. Жұмағали 4 жасқа келгенде анасы Бәдігүл, 5-ке келгенде әкесі Сая қайтыс болған соң, балалар үйінде тәрбиеленген. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар өлеңдер мен поэмаларын жазып қалдырды.

Жұмағали Саин 1961 жылы 28 мамырда 49 жасында ауруы асқынып қайтыс болды.

Шара Жиенқұлованың 110 жылдығы

Шара Баймолдақызы Жиенқұлова – 1912 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында туған биші, педагог. Өнер жолын Қазақ драма театрынан бастаған. Тұңғыш ойнаған рөлі – Бейімбет Майлиннің "Майдан" пьесасындағы Пүліш образы. Содан кейін Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек", "Қарагөзінде" басты рөлді сомдады.

Шара Жиенқұлова 1968 жылы Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Биші 1991 жылы 21 мамырда Алматыда 78 жасында өмірден өтті.

Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы

Майданда есімі асқақтаған батыр қыз 1922 жылдың қазанында Батыс Қазақстан облысы, Орал ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы Жасқұс деп аталатын ауылда өтті. Әкесі Жиенғали қоймада күзетші болып, ал анасы Тойшылша үй шаруасымен айналысқан.

Ол 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты. Арада 6 ай өткен соң оған Кеңес одағының батыры атағы берілді.

Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 100 жыл

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Ақбұзау ауылында туған. Жазушы 1941-1945 жылдары Қызыл әскер қатарында соғысқа қатысты. Өлеңдері мен әңгіме, очерктері майдан кезінде республикалық, облыстық газеттерде басылды. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін 1949 жылы бітірді. Бүгінгі оқырманға «Махаббат қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» романдары жақсы таныс.

Әзілхан Нұршайықов 2011 жылы 12 ақпанда қайтыс болды.

Роза Бағланованың 100 жылдығы

Күміскөмей әнші, Халық Қаһарманы, "Тарлан" сыйлығының иегері, шетелдіктердің өзі қазақтың қызғалдақ гүліне теңеген ерекше жаратылыстағы сұлу Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген.

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы, қазақ өнерінің майталман күміскөмей әншісі Роза Тәжібайқызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында 2011 жылы 8 ақпанда дүние салды.

Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығы

Кеңес Одағының екі мәрте батыры, Қазақстан авиациясының генерал-майоры Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. Ол – Кенесары ханның қолбасшыларының бірі Басығара батырдың тікелей ұрпағы.

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Батырдың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды.

Сырбай Мәуленовтің 100 жылдығы

Сырбай Мәуленов 1922 жылы 17 қыркүйекте Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Торғай ауылында туған. Ата-анасының жұмыс бабына байланысты бала күнінде туған жерінен жырақтап, Қызылорда облысына қоныс аударған. Сырбай өлеңдері лирикасымен, сырлы, көркемдігімен оқырманға кең танымал.

Сырбай Мәуленов 1993 жылы 71 жасында дүниеден өтті.

Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы

Қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінің сыншысы Сафуан Шаймерденов 1922 жылы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы) Аманкелді ауылында дүниеге келген. Өзі жазған романдарымен қатар аудармамен де айналысып, Л.Толстойдың «Альберт» повесін, Тагордың «Күйреу» романы қатарлы шығармаларды қазақшалаған.

Жазушы 2007 жылы 23 ақпанда Петропавлда қайтыс болды.

Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл

1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. 2007 жылдан бастап қазақстандықтар бұл күнді мерекелей бастады.

Ал жаңа әнұран ретінде халықтың арасында кеңінен танымал "Менің Қазақстаным" әні таңдалды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді.

Қазақстанның БҰҰ құрамына кіргеніне 30 жыл

Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясының пленарлық отырысында Қазақстан бірауыздан БҰҰ-ның 168-і мүшесі болып қабылданды. Пленарлық отырыстан кейін Қазақстанның көк туын БҰҰ штаб-пәтерінің алдында салтанатты көтеру рәсімі өткізілді.

Сол жылы 15 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші тұрақты өкілі тағайындалды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1993 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істей бастады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы — халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытуға, халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізуге және мемлекеттердің іс-әрекеттерін үйлестіру орталығы болуға бағытталған үкіметаралық ұйым.

Бас кеңсе АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан. Қазір БҰҰ-ға 193 мемлекет кіреді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – халықаралық қоғамдық ұйым. 1992 жылы қыркүйекте өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында құрылды. Қауымдастық президиумының төрағасы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, төрағаның 1-орынбасары – жазушы Қалдарбек Найманбаев болып тағайындалды. Қазіргі таңда төрағаның бірінші оырнбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Қауымдастықтың негізгі мақсаты – республикадан тысқары, шетелдерде жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері жөнінен жәрдемдесу. Сондай-ақ, қауымдастық тарихи отанына көшіп келген оралмандарға әлеуметтік қамқорлық жасап, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?