Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Абылайдың ақ үйі – үлкен саяси шешімнің нәтижесі»

2639
«Абылайдың ақ үйі – үлкен саяси шешімнің нәтижесі» - e-history.kz

Солтүстік Қазақстан облысы қазақ руханиятында өзіндік орыны бар, киелі өлкелердің бірі. Осы өлкеге сапарымызда журналист, өлкетанушы Жақсыбай Самрат ағамыздан өлке мен қала тарихына, қаланың бүгінгі рухани өміріне қатысты сұрақтар қойып, шағын әңгіме өрбіттік.

– Жақсыбай аға, Петропавл қаласына алғаш келгенде байқағаным – мұнда қаланың ішінде қазақ халқына тән ұлттық символдар көп кездеседі екен. Өзге ұлт өкілдерінің көптігіне қарамастан, тіл мәселесінде де, көше атауларында да оң ілгерлеу көп екен. Қаланың бүгінгі жағдайға келуі үшін істелген істерді қысқаша шолып өтсеңіз.

– Өте дұрыс бақылаған екенсің. Шынында, оңтүстіктің адамдары солтүстікте басқа ұлттың өкілдері көп болған соң бәрі баяғы қалпы ғой, ештеңе өзгермеген деген оймен мұнда көп назар аудармайды. Шын мәнінде, осы жерде аз қазақ болса да, көп жұмыстар істелді. Қазақыландыру мәселесінде, тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы егемендікті айшықтау, жаңа символдар орнату мәселесінде көп күш салынды. Соның ішінде біз ең алғашқы болып жер-су, көше атауларына берілген комунистік идеологтардың аты-жөндерін алып тастаған болатынбыз. Мысалы, Калинин деген сияқты. Олардың орнына Сәтбаев, Әуезов сынды тұлғалардың аттары берілді. Бұлар, баяғыда, 2000 жылдарға жетпей тұрып өзгерген. Бұл жерде көп нәрсе басшыларға да байланысты. Журналистер көп көтергенімен басшылар қолдамаса, мәселе шешілмей қалады. Бізге бір дұрыс басшылар келді. Нағыманов дегеннің тұсында Қуат Есімханов деген ағамыз орынбасар болды. Сол кісі мықты азамат еді. Соның да көп пайдасы тиді. Одан кейін, біраз жылдар тоқыраңқырап келді де, қазір, Ғани Сақтағанұлы Нығыметов деген азамат келді. Президент әкімшілігінің саяси бөлімінің меңгерушісі болған жігіт. Сол келгеннен бері көп жұмыстар атқарылып жатыр. Мынау ауылдық елдімекендерде көбінесе басқа ұлттың өкілдері тұрды ғой, орыс ағайындар. Сол ауылдардың бәрінің қазақша аттары бар еді ертеде. Соның бәрін бұрмалап партияға, совет үкіметіне тән аттарды тықпалап қойған ғой. Қазақша атаулардың бәрін ұмыттырған. Соның бәрін тексеріп, тектеп, соңғы бір жылдың ішінде ғана 500-дей атауды өзгертті. Аудан, ауылдық округтердің, ауылдардың, көшелердің аттарына 500-дей атауды енгіздік. Біз жұмыстар жасадық, соны жергілікті әкімшілік қолдады.

Бірақ әлі де қарсылықтар бар, соның ішінде, тіпті, өзіміздің қазақтарда да бар. Мал қалай? Мал үйреніп қалған жерінен бұрылғысы келмейді ғой. Сол сияқты малдық сана бар. Малдық деп айтсақ қаттылау болар. Бірақ, бір қалып қалған сана бар сондай. Мысалы, Астрахан деген жер бар, соны жергілікті халық Астраханка дейді. Соны: «Ой, біз Астраханды неге өзгертеміз», – деп өзіміздің қазақтар қарсы шықты. Біздің жергілікті әкімшілік дау шыққан жерге аса жоламайды. Оны қоя тұрайық деді. Ал, анау, Ленин ауылының атын өзгерттік. Онда түгел қазақтар тұратын еді, оны түсіндіріп айтып, содан өзгертілді. Сондай жұмыстардың бірі, мынау Қожаберген жыраудың ескерткішінің орнатылғаны да біздің қала, шаһар үшін қазақыландырудың керемет нышаны болды. Қаладан кіре берген кезде Қожаберген жыраудың үлкен ескерткіші тұрады. Сол ескерткіш бұл жер қазақтың қаласы екенін бірден білдіріп тұрады. Әйтпесе, кіреберістің бәрі орысша болатын. Осылай қазақ атауларына ептеп өзгертіп жатырмыз. Соңғы уақытта Әлихан Бөкейханның, Смағұл Сәдуақастың, Ахмет Байтұрсынның есімдері мектептерге беріліп жатыр. Сосын Қажымұқанның есімі берілді. Ол кісілердің бәрі осы қалада болған, келген.

Айтпақшы, көше атауларының өзгертілуіне мораторий қойылды ғой, халық санағы біткенше деп. Осының өзі сылтаудай көрінеді, біздің орталық өкіметіміздің өзі де кішкене жалтақтау, қорқақтау. От шығып кете ме, халық көтеріліп кете ме, немесе Ресей жағы қырын қарап, бірдеңе жасап қоя ма деп үрке береді. Шегірткеден қорыққан егін екпейді дегендей.

– Өзіңіз айтып отырғандай, солтүстік өңірде көптеген жер атаулары орысша аталып кеткен. Бұл енді ұзақ уақыттық отарлау кезеңінде жүзеге асқаны анық. Дегенмен осы атаулардың қойылуында қандай да бір жүйе, ұқсастық болды ма екен?

– Бұл атаулардың қойылуы реті, орыс империясы сол кезде өзінің шекарасын белгілейді. Шекараның бойына қамалдар салады, қамалдардың арасына ребуктар деген салады, шағын, шағын елді-мекендер. Осы елдімекендердің аттарын түгел өз білгендерінше өзгертіп, ат қойып алған. Сөйтіп 1752 жылдар шамасында, ұзыннан ұзаққа шекаралық белдеулер сызған. Оны біздің Орта Жүздің ханы Абылаймен келісіп сызған болуы керек. Өйткені, шекараларға кіріп қалалар салып жатса Абылай қарсылық білдіреді ғой, бәрібір. Сондықтан, орыс ипмериясы Абылаймен бірге келісіп салған болуы керек. Соның ішінде қамалдардың ең үлкені Петропавл қорғаны. Бұны басында «Крепс Святого Петра» дейді. «Святого Петр» деген «әулие Петр қорғаны» дегені. Осы Есілдің жағасын қазақтар «Қызылжар» деп атаған ол кезде. Шынында да, биік қызыл жарлы жер болған. Сол жерде қалың орман болған, оны «ен қыстау» дейді қазақ. Біздің солтүстікте қыстауды орманға қарай жақын салады, әсіресе. Өйткені суықтан, желден, бораннан қорғайды. Бұл жөнінде жазғанмын. Осы алқапта, Есілдің жағасында 124-тей қыстау болған. Оның бәрінің өз атауы болған. Сол қыстауларға жақын жерге мына Петр қамалын салды да, оның төңірегіндегі ағаштардың бәрін отаған. Соны құрылыс материалы ретінде пайдаланған. Ішіне салған казармалар, құрылыстарының бәрі біздің жерден алынған ағаштардан салынған. Бірақ бұл төңіректі қазақтар ежелден Қызылжар атап жүрді. Одан кейін, Абылайхан енді өте ақылды адам ғой. Сонда мына салып қойғандарың дұрыс емес деп күйдіріп кетсе, өшігеді ғой екі жақ. Сондықтан дипломатиялық қарым-қатынас жасап жарайды ендеше сендер сол жерге қорған салсаңдар маған сол жерге бір үй салып беріңдер деген ғой. Сол үй мынау. Ана крепс қамалы бір шақырымдай жерде, жардың арғы жағында.

Бірақ бұл үй ағаштан салынған кезінде. Орыс патшалығы ақша бөлген. Омбыдан балташыларды жіберген. Ол кезде қазақ ағаштан үй сала алмайды ғой. Қонақтар түсетін үйі, монша, кеңсесі және жататын бөлмесі бар төрт үй салған. 1765 жылы салынып біткен. Одан кейін бұл ағаш ғимараттар күйіп кеткен. Белгісіз себептен шыққан өрттен 150 үй өртеніп кеткен. Бұл шамамен 1815 жылдары. Бұның бәрін дәлелдедік. Құжаттары бар. Сосын содан қалған орынға посольский дом салған. Бұған қазақтар, бұхара сияқты жерлерден үлкен кісілер келетін болған. Кейін әскери аурухана болып кеткен. Осыны біз біраз жыл жүріп, баспасөзді көтеріп, дәлелдерімізді көрсетіп келтірдік. Сол тұста Тайыр Мансұров деген мықты әкім келе қалды. Ол енді ел көрген, жер көрген, санасы биік, аса қорқа қоймайды. «Міне, құжаттары мен дәлелдері бар. Құжаттардың өзін Ресейдің өзінен алып тұрмыз», - деп дәлелдеп, сонымен осы үй Абылай резиденциясы ретінде жасалды.

Орыс атаулары қайдан шықты дедің ғой. Шекараның бойына бізден қорғану үшін XVIII-XIX ғасырларда көптеген қамалдардың салынуына байланысты жер атаулары сол орыстар салған қамал атауларымен аталып кеткен. Бірақ оның бәрінің қазақы атаулары бар.

20211019_130623.jpg

– Абылай хан резиденциясының Петропавл қаласынан жасалуы – идеялогиялық жақтан, әрине, өте маңызды шешім. Сіз бен тарихшы зарқын Тайшыбай ағамыз арасында осы Абылайдың ақ үйі турасында пікір қайшылығы бар екен. Ол кісі Абылай Петропавлға мүлде аяқ баспаған дейді, және осы үй бұл жерден тым алысқа салынған деген дерек келтіреді. Бірақ музейдің осында болғанына қарсы емес секілді...

– Зарқын Тайшыбай ағамызбен арадағы мәселені ғылыми талас деуге болады. Ол кісінің пікірі бір басқа, біздің пікіріміз бір басқа. Біз бәрін дәлелдеуге тырыстық. Бірақ, Тайшыбай ағамыз «Жоқ, Абылайхан Петропавлға келмеген» дейді. Себебі, шынында да, Абылай ханның Қызылжарға келгені туралы нақты дерек жоқ. Өйткені, 1765 жылы Қызылжар деген қала да болған жоқ. Петропавл деген қамал ғана болды. Қамал 1752 жылы салынды. Абылай ханға салған үйді он үш жылдан кейін салды. Сол екі ортада қала болып кетпейді ғой. Яғни, қала жоқ болған соң, келгені туралы дерек жоқ. Келмегені аян. Петропавл қамалы 1752 жылы салына бастап, 1781 жылы ғана біткен.

Петропавл қамалы салына бастағаннан соң жеті жылдан кейін Абылай хан 1759 жылы орыстарға хат жазған. «Осы жерден екі жақ бірігіп сауда орынын ашайық, жәрмеңке болып тұрсын» деген. Содан оған Ресей патшасы ризашылығын білдіріп, жәрмеңке ашылған. Көрдіңіз бе, Абылайдың қандай еңбегі бар. Жәрмеңке ашылғаннан кейін сол жерге татар көпестері мен Бұһарадан, Ташкеннен керуендер келіп тұрған. Қазақ байлары да малдарын сатып тауарлар алып тұрған. Содан бұл жер үлкен сауда орыны болған. Саудадан, әрине, ханға да пайда түседі ғой, елдің әскерін ұстайды, күзетшілерін ұстайды. Керуендерден кедендік ақы алынып тұрған. Қысқасы, жәрмеңкенің бүкіл елге пайдасы тиген. Сауда өзі экономиканың қозғалтқыш күші. Сонымен, Ресей жақтың көпестер көп шыққан қалаларынан да үлкен керуендер келіп тұрған. Олар еуропалық тауарларды әкелген. Самауыр, польский кереует, борансыздың айнасы деген сияқты тауарларды әкеліп тұрған. Үлкен сауда орынына айналған соң көпестер осы жерге үйлер сала бастаған. Тұра бастаған. Сөйтіп қала бола бастаған. Қала қамалдың салынуымен емес, Абылай ханның сауда орынын ашуы әсерінен көпестердің көптеп келуінің нәтижесінде пайда болған.

Қазақтың байлары, Әлти сияқты миллионерлер болған. Олар да қаладан үйлер салған. Дүкендер ашқан. Бірнеше байдың дүкендері болғаны дәлелденген осында.

Зарқын ағамыздың ойы былай. Ол кісі үлкен саясатқа барғысы келмейді де: «Абылай ханның орыстардың қаласына баруы мүмкін емес, бармайды. Егер барса, орыстарға бағынған сияқты болады. Олардың айтқанын орындаған сияқты болады. Абылай хан дербес саясат жүргізген», – деген пікірді ұстанады. Екі жақта екі ірі империя қысып тұрса, дербес саясат деген болмайды ғой. Біз шамамыз келгенше, бұл мәселенің маңыздылығына көңіл аудардық. Бұл жерде Абылайдың үйі болса қазақтың жері екендігі емес пе?! Оған кім таласады деп осы пікірді ұстандық. Әкіміміз Мансұр бұны бірден түсінді. Ол Абылайдың үйі болған деп сарт етіп ұстады да әрекет етті. Ол кезде «Мәдени мұра» бағдарламасы жүріп жатқан. Бірақ олар ақша бөлгісі келмеді. Содан Мансұр бірден президентке шықты. «Міне, Абылайға қатысты құжаттар» деп. «Қазақстанның өзге жерінде Абылайдан қалған ескі естеліктер жоқ. Бәрі бертін салынған. Мысалы, Көкшетаудағы Бурабайдағы Хан тағы. Ал мынау ескі тарихы бар дүние», – деп осы тұсты ұстанып алды. Содан Назарбаев арқылы ақша бөлгізді. Көп ақша бөлгізген болуы керек, мына үйді салғызып шықты ғой.

– Жоғарыда Әлти бай туралы қысқаша айттыңыз. Қазақ даласында бой көтерген қалалар тек орыс әскері мен татар саудагерінің арқасында ғана қала болмаған шығар. Осы Петропавл өңіріндегі қалаға, елге өз үлесін қосқан қазақ байлары туралы қандай деректер бар?

– Диірмен салған, тері илейтін, сабын қайнататын завод салған, дүкен ашқан байлар болған. Бір жаман жері ол кездегі жазудың бәрі татарша болды ғой. Олар бірдеңені үкіметке жазса, татарша жазады. Сондықтан, біраз қазақ байлары татар деп жазылып кеткен. Егер бір мешіт салынатын болса, бастамашы біреу болады, басқаларынан да жылу жинайды, ауылдан, қазақ байлардан, бір неше үйір жылқы беретіндері бар. Соны бір қазақ тіркетсе, татар делініп кетеді ғой. Содан татар мешіті болып шыға келеді. Мында, Дәулеткелдиевтің мешіті деген мешіт бар. Оны татар мешіті дейді, мысалы. Біз әуелден жазуға жоқпыз ғой. Тіркелгенде татар деп тіркелген, содан татар мешіті болып кеткен. Ал шын мәнінде осы төңіректе тұрған, одан алыс тұрғандары бар, көп дүниені салған қазақ байлары. Жаңағы Әлти керуен жүргізсе, мықты, Ірбіт (Ірбіт деген қала болған) шапқан дейді. Сондай байлар осы қаланың өркендеуіне көп ақша салған, қаржы құйған. Сегізге тарта медіресе болған. «Абылайдың ақ үйі» деген кітабымда соның бәрі анық жазылған. Кейбіреуі, тіпті, таза қазақша оқытуға тырысқан. Жәдит қолданыла бастағанда төте жазу шығып, Байтұрсынов әріптерін жасады. Сол кезден бастап таза қазақша оқытамыз деген бастамалар болған.

XVIII ғасырда Әлтидің арғы атасының атасы ма, өзінің атасы ма Тәбей деген кісі болған. Сол туралы кітап жазып жатырмын. Сол кісі Жамбыл ауданы жақта алғаш мектеп ашқан. Мектеп туралы деректер қағазға түскен. Губернатордың өзінің жазбасында бар екен. Қырғыз Барлыбаев 150 қырғыз баласын оқытатын мектеп ашты деп жазған. Шындығында сондай мектептерді зерттеп, зерделеп жүрген адам жоқтың қасы.

– Солтүстік өңір жазушы мен ақыннан кенде болған жоқ, қазақ әдеби тілінің қалыптасуына да осы өңірдің үлесі зор. Петропавлдағы қазақ баспасөзінің тарихына қысқаша тоқталсаңыз.

– Қазақ баспа сөзіне келсек, 1918 жылы «Жас азамат» газеті шықты. Үкіметтің «Еңбек туы» деген газеті шықты. «Бостандық туы» дейді, артынан «Ленин туы» болды. Онда Шахмет деген режиссерымыз, Сәби Мұқанов деген жазушымыз қызмет істеген. Одан бұрын осы өлкеге 1919 жылға дейін Орынборда шыққан Байтұрсыновтың «Қазақ газеті» келіп тұрған. «Айқап» журналы да келген. Сәбит Мұқановтың кітабында да қазақ баспасөзі туралы айтылады. Торсан деген кейіпкер тарар, қазақ баспасөзін жаздырып алдырып тұрған дейді.

– Сәбит Мұқанов пен Мағжанның арасындағы қайшылықтар туралы көптеген әңгімелер айтылады. Жаулықтың себебі неде болды екен?

– Сәби Мұқанов марқұм бар мақсаты мен алдына қойған туын өзі «Ботагөзді» жазғанда да айтады ғой. Мен кішкентай ауылдан шығып, қызыл армияны ту көтеріп қарсы алып тұрған Ботагөздің арасына арқан тарттым да, соны айналып шықтым дейді ғой. Мақсаты сол, барлық еңбегінде Совет үкіметін керемет құтқарушы, білім әкелуші деп сенген. Ал қазақтың байлары қазаққа жақсылық жасаған жоқ деді. Оның ішінде өзі де бар. Өзі де батырақ болды, кішкене жексұрындығы да болды. Өзінің кітаптарынан қарасаңыз, «Өмір мектебінде» бар, ауылдағы көрінгенмен айтысып, көрінгенді қуып жіберіп, ұрып, тартысып жүреді ғой. Мінезі сол болған бала жастан. Енді содан кейін Мағжанның үйінде тұрды. 1918 жылы Мағжанның киімдерін киіп, қамқорлығын көріп, ақылын естіп қол астында Алашорданың ашқан курсында оқыды. Сол кезде жап-жақсы болып жүрді де, кейін Мағжан байларды жақтайды, алашордашыл, пантүркішіл екен деп бәле жапты. Нағында Мағжанның жүрегі ұлт деп соққан. Бай-кедей деп бөлген жоқ, ұлтым көтерілсе деді. Ал Сәбит Мұқанов советтің идеологиясымен тек қана кедейлерді көтеру керек, солардың сойылын соғу керек деп бүліне бастады. Шын мәнінде кедейлердің өзі күнін байлар арқылы көрді емес пе?! Ол жағын Сәбит Мұқанов ойламайды. Төмен санамен ойлайды, ал Мағжандар биік ойлайды. Халықты ойлады, білімді болды. Алаш париясындағылардың жартысынан көбі жоғарғы білімді болды, большевиктерде ондай білім болған жоқ. Большевиктер бірінші курсты да оқымаған, мектепті ғана бітірген надандар ғой. Алаштықтар нағыз қазақтың қаймағы, интеллегенттері. Сәбит Мұқановтікі білімнің жетпеуі, кеңестік идеологияны көп сіңіруден болды.

– Осы бізде неге тарихи тұлғаларға қатысты шындықты қабылдай алмайды. Өткен үшін ұрпақ жауап бермейтін шығар, Сәкен, Тұрар, Сәбиттер туралы ақиқатты жасқанбай айтатын кез жетті ғой? Әрбір тұлғаның қателігі мен кемшілігі де болатыны заңды нәрсе емес пе? Мінесе де, сатқын деп бір жола шектен шыға мінеу де көрініс беріп жүр...

– Сәкенді, Сәбитті толығымен жариялайтын болсақ, қазақ тағы да ыдырайды деп қорқады. Қазіргі заманда ескі түсінігімізден толық ат-тонымызды алып арыла алмай тұрмыз ғой. Енді қаншама жыл Сәбит, Сәкендердің өлеңіл оқып, жадымызға сіңіріп өстік. Интеллегентеріміз солай деп мойындағанымен қалың көпшілік сатқын екен деп қабылдайды ғой. Оны саралап түсінуге түсініктері жетпей қалады ғой. Енді бір ұрпақ ауысуы керек деп ойлаймын. Өзінің уақыты келеді. Сол кезде келесі ұрпақ шындықты бәрібір шығарады. Дегенмен, көбісі Сәбит Мұқановты көп жамандағанымен, Сәбиттің бірде бір құжатын көрсеткен жоқ әлі. Мысалы, Мұхаммеджан Қаратаевтің құжаты бар, өзі де өлер алдында мойындап кетті. Мағжан туралы жазған арыздары Әбділда Тәжібаевта да бар. Ал Сәбиттің ондай көрсетінді құжаттары жоқ. Әлі ешкім жарыққа шығарған жоқ. Жай жиналыста бірдеңе деп айтқан шығар, бірақ, оның да нақты протоколдары жоқ. Сосын, Тұрсынбек Кәкішев Ағамыздың Сәбиттің бірде бір жазған арызы жоқ деген сөзі бар. Ал Сәкенді «Тар жол, тайғақ кешудегі» айтқан айыптаулары үшін айыптайды, және Сәкеннің, Тұрар Рысқұловтың жазған арыздары табылды деп жариялады да ғой деймін. Естіп қалдым. Дегенмен, ол заман «сен оны көрсетпесең мен сені көрсетем» деген сияқты қиын заман болды ғой. Бәрібір арт-артынан бәрі кетті ғой. Голощекиннің бұлардың интеллегенттерін бір-біріне айдап салып құрту керек деп жазған хаты бар ғой.

– Совет үкіметі кезіндегі ең ірі, көлемді оқиғалардың бірі тың игеру. Тың игерудің солтүстік облыстарға тигізген ықпалы әлде қайда терең болғанын ғалымдар да айтып жүр. Петропавл өңіріндегі тың игеру шаралары мұндағы елге қандай ықпал тигізді?

– Тың игеру туралы бұған дейін де айтып, жазып жүрміз. Алдымен, тың игеруге оңған адамдар келген жоқ, бұнда айдауға келген секілді, бұрын істі болған, қылмысы бар, тәртіптен алшақ адамдар көп келді. Әрине, арасында интузиазммен келген жастар да болды. Бірақ олардан көрі жаңағы бұзақы топтың әрекеті қатты әсер ететіні анық қой, елдің көбі қорқып, жасқанып жүрген жылдар болды. Және ондай жастардың көбі кері қайтып кетті. Екіншілерді паспорттарын бермей, күшпен ұстады. Жергілікті халықтың салмағы азайды, арақкештік секілді неше түрлі жағымсыз қылықтар жұқтырды. Сырттан келгендерді тек орысша білгені үшін ғана бастық қойғандар болды. Қазақтардың 700 мектебі жабылып қалған, оның орнына түгел орыс мектебі ашылған. Сөйтіп ауыл-ауылдың бәрі орыстанып кетті. Екінші жағынан, үлкен кісілердің естелігіне қарасақ, тың игерушілер келгеннен бастап қана нан пайда болып, қарын тоя бастағанын айтады. Тың игеру зардаптары әлі де зерттелуі керек, айтылуы керек.

– Петропавл қаласы ескі ғимараттарға бай қалаға ұқсайды. Осының ішінде ұлт зиялылары мен бұрынғы қазақ байларынан қалған ескі ғимараттар бар ма? Олардың сақталу, қаралу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Ескі ғимараттар бар, бірақ бәрі орыстар мен татар көпестерінің үйлері болып келеді. Дүйсенбаев деген қазақ салдырған үйі болып еді, кейін оны Совет кезінде пима жасайтын фабрика қылып жіберді де, одан кейін бұзып тастап, орнына басқа үйлер салды. Сол Совет үкіметі кезінде айдалып кеткен Дүйсенбаевтың баласы қайтып келіп, вохтердің жанында босағада жатады екен, «бұл менің үйім, басқа қайда барам» деп. Бұдан бөлек Мұратов дегеннің диірмені болған. Ол кезінде аурухана салдырып, мектеп ашып, қазақ балаларын оқытқан екен. Ол диірмен әлі тұр.

– Мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?