Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қоғамның миллион проблемасы көтерілмейді...»

2326
«Қоғамның миллион проблемасы көтерілмейді...» - e-history.kz

«Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды»-дейді қазақ ұлтының көсемі атанған Әлихан Бөкейхан. Себебі бұл – бүгінгі заманның, келшектің тынысын сезген көреген адамның сөзі. Иә, қазақ қоғамында қордаланып, бірақ шешімін таппаған, шешімін тапса да, әрекет етуге құлықсыз болған мәселелер көп-ақ. Бүгін біз қадірлі оқырман назарына  философ, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті Қанағат Жүкешевпен осы әңгімелер төңірегінде жасаған сұхбатымызды ұсынуды жөн көріп отырмыз...


– «Деспотизм Сцилласы мен патернализм Харибдасы қыспағындағы Шығыс адамы» деп аталатын мақалаңызда: «Қазақстан 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін алмас еді, егер 1936 жылы КСРО құрамынан шығу құқығы бар Одақтас республика мәртебесіне көтерілмесе. Қазақстан Одақтас республика мәртебесіне қол жеткізе алмас еді, егер 1920 жылы автономиялық республика болып құрылмағанда. Қазақстан автономиялық республика бола алмас еді, егер Әлихан Бөкейханов бастаған алашордашылар ерен ерлік көрсетіп, жанкешті әрекеттерге бармаса...» дейсіз. Енді бір жазбаңызда Қазақстан тәуелсіздігін алуда Англия мен АҚШ-тың ықпал еткенін айтасыз. Осы екі пікір һәм тұжырымды ашалап, айтып бересіз бе?

 

– Айтып берейін. Мұны түсіну қиын емес. Меніңше, келтірілген екі констатацияның арасынан қайшылық көріп отырған сияқтысың. Белгілі бір тарихи оқиғаның болуына бір себеп, кейде бірнеше себеп ықпал етуі мүмкін. Мен екі жерде бір оқиғаның болуын тездеткен екі фактор туралы айттым. Бірінші факторды ішкі жағдайлардың әсерінен болған тарихтың динамикасы деуге болады. Олар ел ішінде болған үдерістерді көрсетіп тұр. Алашордашылардың ерен еңбегінің арқасында автономияға қол жеткізе алмасақ, Одақтас республика санатына кіре алмас едік, тиісінше, 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздікке де қол жеткізе алмас едік. Бұл түсіндіруге ешкім дау айта қоймас деп ойлаймын.

Осы тарихи кезеңде халықаралық қатынастарда да ұлы өзгерістер болып жатты. Солардың ішінде біздің тәуелсіздігімізге ықпал еткен үлкен оқиғаны ерекше атауымыз керек. Ол былай болды: 1941 жылы 14 тамызда АҚШ президенті Ф.Рузвельт пен Ұлыбританияның премьер-министрі У.Черчилль Атлант мұхитының Канада жағындағы жағалауда Арджентия (Ньюфаундленд) бұғазында ағылшын линкоры «Принц Уэльскийдің» бортында кездесті. Сонда тарихта «Атлантика Хартиясы» деген атпен қалған үкіметаралық декларация қабылданды. Декларацияда фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы соғыстың түпкілікті мақсаты, сонымен қоса, соғыстан кейінгі дүниетүзілім қарастырылды. Кейін Атлантика хартиясының негізгі ережелерін КСРО мойындайтынын мәлімдеген болатын. Бірақ бұдан былайғы тарих әшкерелегендей, бұл Сталиннің алдамшы жүрісі ғана екендігі белгілі болды.

Атлантика хартиясы бірқатар прогресшіл құжаттар қабылдады. Солардың ішінде ұлтшыл тиранияны жою, агрессорды қарусыздандыру, халықтарды соғыс ауыртпалығынан құтқару,.. жобалары жасалды. Екі жақ мүдделі халықтардың келісімінсіз аумақтық өзгерістер жасамау, халықтар арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға жол ашу керектігін мақұлдады.

Енді осы тарихи оқиғаның біздің тәуелсіздігімізге қатысы туралы айтайын. Декларацияның 6-тармағында өркениеттің соғыстан кейінгі дамуына қатысты барлық ұлттардың өз тағдырын өзі айқындау құқығы талқыланды. Олардың ішінде аса үлкен тарихи маңызға ие «барлық халықтардың өмір сүргісі келетін басқару формасын өздері қалап алу құқығын мойындау» туралы құжат болды. АҚШ мен Ұлыбритания барлық халықтардың сыртқы күштердің араласуы салдарынан айырылып қалған егемендік құқықтары мен өзін өзі басқаруын қалпына келтіруге көмектесетіні туралы мәлімдеді.

Ұлттардың өзін-өзі басқаруын мынадай ұстанымдармен жүзеге асыру қарастырылды: кез келген аумақтық өзгеру тұрғындардың еркімен және келісімімен істеледі; әр елдің басқару формасын өзі таңдау құқығы жүзеге асырылады; ұжымдық қауіпсіздік және қарусыздану үдерісінде күш қолдануға жол берілмейді;.. Бұл жерде ұлт деп тек мемлекеттер ғана емес, мемлекеттігі жоқ халықтар да танылды. Атлантика хартиясы Батыс әлемінде антифашистік коалицияның идеялық негізі ретінде қабылданды. Сонымен қоса, адамзат тарихында бетбұрыс жасаған аса маңызды тарихи құжат екендігін көрсетті. Көп кешікпей оның ережелері өмір жүзіне аса бастады.

Черчилльдің уәдесі бойынша, Эттлидің үкіметі тұсында 1947 жылы 15 тамызда Индияға тәуелсіздік берілді. Атлантика хартиясының рухымен бұған дейін жартылай отар болып келген Қытай 1949 жылы, Египет 1953 жылы тәуелсіздігін жариялады. 1960 жылы Африканың 19 мемлекеті еркін дамуға қол жеткізді. Бұл жыл «Африка жылы» деп жарияланды. Осы жылы БҰҰ-ның XV сессиясында аталған екі елдің қуаттауымен арнайы құжат ретінде «Отарға түскен елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы декларация» қабылданды. Осылай, Атлантика хартиясының басты қорытындысы бойынша халықтардың тәуелсіздік алуының заңды негізі қаланды және бұл құжат отарлық жүйені ыдыратудың катализаторы болды. Бұл оқиға ХХ ғасырдағы өркениеттің моральдық абрисын көрсететін адамзат тарихындағы аса маңызды құбылыс ретінде тарихта қалды.

Бұрынғы Кеңес Одағының қарамағына кіретін республикалардың еркін даму жолына түсуі де қырғи қабақ соғыста демократиялық Батыстың коммунистік Шығысты жеңіп шығуының нәтижесі ретінде жүзеге асырылды. Үдеріс 1946 жылы У. Черчилльдің Фултондағы тарихи сөзінен басталған болатын. Онда белгілі саясаткер демократиялық парламентаризмнің қажымас жақтаушысы енді Батыс бар күшін «ғылымның жарқыраған қанатының астында тас ғасыр» орнатқан КСРО-ның айналасына топтасқан дүниежүзілік коммунизмге қарсы бағыттауы керек дегенді айтты. Расында да солай болды. Нәтиже тоталитарлық режімдердің құлауына, КСРО-ның ыдырауына алып келді. Осылай Қазақстанға тәуелсіздік АҚШ мен оның одақтастарының тоталитарлық Шығысқа қарсы 45 жылдық табанды күресінің арқасында келген болатын. Енді біз Англо-саксон өркениетінің екі ұлы қайраткерінің – Ф.Рузвельт пен У.Черчиллдің есімдерін еске сақтап, рухына тағзым етуіміз керек.

Иә, кейбір елдерде отаршыларға қарсы күрес көрініс берді. Дегенмен еш ел қарулы көтеріліспен тәуелсіздігін жеңіп алған жоқ. Өйткені отар елдердің ешқайсысында ағылшын қаруына төтеп бере алатын қауқар болған жоқ. Метрополияда отарлықты сақтап қалуға тырысқандардың қарсылығы көпке созылмады, өркениетті Батыс елдерінің ізгі ниетті бастамасына тосқауыл бола алмады.

Осы уақытқа дейін кейбіреулер «Қазақстанға тәуелсіздік кездейсоқ келді», «көктен түсті», «Ельциннің билікке құмарлығының шапағаты тиді» дегендерді айтып жүр. Мұның бәрі тарихты бұрмалаушылардың, қазақты батыс демократиясынан үркітіп, Ресейдің жанынан шығармауды көздегендердің жалған үгіті болып табылады.

Осылай, ішкі және сыртқы оқиғалар қабаттаса келіп, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін алуын тездетті. Менің аталған екі оқиғаны екі жерде жазғанымнан ештеңе өзгермейді. Маңыздысы түпкілікті нәтиженің баянды болуында ғана.

 

– Елдегі экономикалық, саяси процестердің институционалдық даму деңгейіне сәйкес болмауына не себеп?

– Даму жолын таңдап алу бар, сол жолмен көздеген мақсатқа жету бар. Қазақстан қоғамында осы екеуінің арасында қайшылық орын алды. Біз батысша дамудың институционалдық жолын таңдап алдық деп жарияладық, бірақ оны жүзеге асырудың орнына қияс бұрылып кеттік. Ол жөнінде Е.Ертісбаев Грузиядан оралғаннан кейінгі бір сұхбатында «біз ол баста демократиялық бағытты ұстанғанда, елде толық хаос орнар еді» деп ағынан жарылған болатын. Бәрі мемлекеттің жоғарғы басқару деңгейіндегі сөз бен істің арасындағы қарама-қарсылықтан орын алды.

Біз 80-90-жылдардағы бүкіл өркениеттегі тарихи оқиғалардың толқынымен тәуелсіздікке қол жеткізіп, демократиялық бағдарды қабылдағанымызбен, ары қарай біртіндеп ол бастамалардан бас тарта отырып, бұрынғы авторитарлық кебімізге қайта түстік. Конституция танылмастай өзгерді. Өзге заңдардың бәрін биліктегілер мен олигархтардың мүддесіне бейімдеп, қайта жазып шықтық. Мұның ақыры экономикалық, саяси үдерістердің қабылданған бағыттармен сәйкессіздікке алып келді.


e04a9a384f1039cdbd9062e58e5fa3fe.jpg


– Белгілі журналист Владимир Познер бір сұхбатында Батыс елдерінің Ресей Федерациясына санкция салуын «ақымақтық» деп бағалайтынын айтады. «Өйткені бұл олардың кіммен өштесіп жатқанын білмеуден туындап отыр. Менің ойымша, орыс халқының ең бір қызық мінезі – кез келген ауыр соққыны қабылдай ала білуі. Яғни, қиын болған сайын оларға жақсырақ бола түседі. Батыс елдері санкция экономиканы, өмір сүруді шектейді деген принципті ұстанады. Сөйтіп халық нашар өмір сүрсе, ашынғаннан Путинге, билікке қарсы шығуы мүмкін деп ойлайды. Меніңше, бұл – өте ақымақ логика. Бұл мәселе қалай әрекет етуді білмегеннен болып отыр. Оның орнына, мысалы, АҚШ-пен телемост ұйымдастырса болар еді ғой. Бірақ оған келісіп отырған бірде-бір американдық телеарна жоқ. Қазір достық трендте емес, бастысы – мойындамау. Мәселен, Ресейде вакцина көптеп шыққан уақытта өздеріне жетпей тұрса да, Еуроодақтың ресейлік вакцинаны қабылдамауы – адам өмірін ойламайтын саяси іс-әрекет. Бірақ сол шеңберден шығып, ресейлік вакцинаны қабылдаған Чехия, Венгрия сияқты елдер де болды ғой»-дейді В. В. Познер. Бұған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Владимир Познер – көпшілік зер сала тыңдайтын, білгір адамдардың бірі еді. Саясаттағы шытырман құбылыстардың сырларын ашып бере алатын, көргені көп адам болатын.

Мына айтқандарынан мен бірқатар қайшылықтарды көріп отырмын. «Батыс кіммен өштесіп жатқанын білмейді» деген тезисін кері айналдырып, «Ресей кіммен өштесіп жатқанын білмейді» деп жазғанда шынайылыққа жақын болар еді. Біріншіден, алдымен өштесуді бастаған Ресей. Орыстың ұлттық менталитетін айқындайтын, оның көкейін тескен екі ұғым бар: бірінші және орыстікі. Кеңес Одағы тарап кеткенде Батыс Ресейді қуана қабылдап, барлық дүниежүзілік ұйымдарға тартты. Бірақ әлсіздердің арасындағы мықтысы болғанды қалайтын Ресейге күштілердің арасында тең болып жүру ұнамады. Орыстар өздеріне қатысты аталған екі ұғымды ести алмады. Мұндай «қорлыққа» шыдамаған В.Путин 2007 жылы Мюнхенде өткен қауіпсіздік жөніндегі конференцияда ашулы сөзін айтып, Батыспен ат құйрығын кесісу үдерісін бастады. «Заманауи дүние үшін бірполярлық модель қабылданбайды, ол тіпті мүмкін емес» деп атойлап шықты.

Ресей бастаған түрлі саяси-экономикалық ұйымдарға енгендердің немесе онымен одақтас болғандардың арасында оңғандары болған емес. Ылғи артта қалып, мешеулік көңіне көміліп отырады. Оған мысал іздеп қажеті жоқ. Социализм елдерінің тағдыры не болғаны баршаға аян. Қазір де кім Ресейге жақын жүрсе, соның хәлі мүшкіл.

Түпкілікті қайшылық Батыс пен Шығыс адамының менталитетіндегі алшақтықтан бастау алады. Өркениеттің мың жылдық тарихы осыны дәлелдеп келеді. Батыс әрқашанда алда, Шығыс әрқашанда артта. Бұл – тарихи айғақ. Қай ел Батыстың саяси даму моделін қабылдап алса, сол ел тарихи қысқа мерзімде алға зулап кетеді (Жапония, Оңтүстік Корея,..). Қытай Батыстың экономиканы дамыту моделін қабылдап алып (көшірме экономика), материалдық аяларда қарышты дамып барады. Өркениеттердің омырылуы жағдайы (цивилизационный разлом) дүниежүзі елдеріне осыны ұқтырды. Ал Ресей болса, тек менталдық себептерге байланысты ашық, құқықтық қоғам орнатуды қабылдауға жетесі жетпеді.

– Қоғамның мешеулігі қолдан жасалуы мүмкін бе?

– Мешеулік тек қана қолдан жасалады. Дүниежүзінің барлық елдерінде, тарихтың барлық кезеңдерінде солай болған. Бұдан кейін де солай бола бермек.

Қарапайым түсінікте былай болады. Адамдар құл болуды ешкім қалап алмайды деп ойлайды. Дүниетаным деңгейі төмен адамның «дұрыс логикасы» бойынша солай. Ал әлеуметтік-психологиялық тұрғылардан талдағанда олай болмай шығады. «Дені дұрыс» адам құл болғым келмейді деп айта салады. Бірақ құлдыққа түсірмейтін әрекеттерді жасамайды немесе құл болмайтын жолды көре алмайды. Адамдардың көбі өздерінің салғырттығын жеңе алмайды, құл болмау үшін күрес жүргізбейді. Мезеттік тыйымдылығы мен тыныштығын бұза алмай, өзінің құлдыққа түсіп бара жатқанын аңғармай, түбінде біреудің табанының астынан бір-ақ табылады. Бұл құбылыстың сырын француз философы Жан-Поль Сартр адамның еркіндікке қатысын зерттей отырып жақсы ашып берді. «Еркіндік адамға таңылып тасталған,- дейді француз философы,- Мен әрқашан да таңдай аламын. Алайда мен мынаны білуім керек: егер мен ештеңе таңдамағанның өзінде, мен соны қалап алғанымды білуім керек». Осы қорытындыға сүйене отырып, қазақ экзистенциалисі Қ. Әбішев «адам өзі қалап алғандықтан құл болатынын, халықтар да тәуелділікке түсуді өздері қалап алатынын» көрсетіп берді. Осындай құбылыстың ғылыми дәйекті сипаттамасын америкалық философ Э.Фромм «Бегство от свободы» деген еңбегінде берген.

Жеке адамдар да, халықтар да, кедей болмаудың, құл болмаудың, бөгде елге тәуелділікке түсіп қалмаудың барлық мүмкіндіктері бола тұра, сол мүмкіндерді қалай жүзеге асыруды білмей, көпшілік жағдайда, білсе де істемей, кедей болып, құл болып, бағынышты болып қала береді. Адамзаттың басым көпшілігі, «Банан республикасы» деп аталатын қоғамдардың миллиардтаған тұрғындары басқаша өмір сүру мүмкіндіктері бола тұра, өз елдеріндегі ресурстарына ие бола алмай, итшілеп күн көріп жатыр.

 

– Қателеспесем, сіздің Абайды “философ емес” деген сыңайдағы пікіріңіз үшін докторлық диссертацияңызды қорғауға 40 депутат қарсы болған екен. Менде осыған байланысты екі сұрақ туындап отыр. Біріншісі, егер Абайдың тілі класссикалық философия деңгейіне көтерілмесе, егер ол Кант пен Гегельдің деңгейінде ғылыммен айналыспаса, оған Абай кінәлі ме? Екіншісі, бізде Абайға қатысты сыни пікір айтқанның бәрі неге «қудалауға» ұшырайды, бұл «тұлғадан культ жасау» фанатизмі ме?

– XVIII ғасырда индустриялы даму баспалдағына өткен Германия мен XIX ғасырда отарға түскен аграрлы Қазақстанның жағдайларын салыстыру тым мүмкін емес. Олай болса, бұл елдерден шыққан қайраткерлердің де еңбектерін салыстыруға болмайды. Белгілі бір елде, дамудың белгілі бір басқышында дүниеге келгені үшін адам кінәлі болмайды. Мен Кант пен Гегель сияқты, философиямен кәсіби дегейде, арнайы айналысқан жоқ десем, одан Абай кінәлі деген мән шығып тұрған жоқ. Қазақ менталитетіндегі сөзуарлық, біреудің риясыз лебізінің соңынан шам алып түсіп, кілтипан іздеумен, бірдеңе таба қалса, «жау шықтыға» басып, аттан салу қазір ұлттың басын біріктірмейтін факторға айналып отыр.

Реті келген соң қозғай кетейін: қазақтың санасы Абайдың есімінің айналасында тұйықталып қалған. Қазақ зиялысының Абайдан басқа айтары таусылған. Абайды мұражайдағы қымбат экспонат етіп, маңына ешкімді жолатпайтын күзетшіге айналған. Қоғамның терең қойнауларын жайлап алған миллион проблема көтерілмейді. Теріс түсіндіріліп жүрген жүздеген бағыттар бар. Осылардың арасында ел тағдырына қатысты аса өзектілері бар. Олар туралы сөз қысқа. Түпкілікті себеп қазақ зиялысы талқылайтын тақырыптың аз, сана үйқамақта тығылып қалған.


– Біздің қоғамда сананы үйқамақта ұстап отырған қандай нәрселер?

– Сананы үйқамақта ұстаумен айналысқандар және әлі айналысып жүргендер жеткілікті. Бұрынғы социалистік, қазіргі авторитарлық режимдер бұл трендті жүзеге асырудың толып жатқан қитұрқыларын біледі. Мектепте қоғамдық білім негіздері бағдарламадан қысқартылып тасталады. Орта және ЖОО-ларда білім сапасы мейілінше төмендетіледі. (Билік иелері болса, өздерінің кадр резервін құру үшін ірі қалаларда іріктелген мектептер ұстайды). Ғылымды дамытуға шектеу қойылады.

Бұқаралық ақпаратқа цензуралық тосқауыл қойылады. Халықаралық қатынастарда демократиялық күштердің келелі істері туралы айтуға шек қойылады, айтылса, сырғақтатып үстірт сипатталады. Прогресшіл БАҚ қудаланады. Бюджеттен қаржыландырылатын басылымдар саяси-құқықтық мазмұнды материалдарды сүзгіден өткізгеннен кейін ғана жариялай алады, саясаттан тыс оқиғалар, маңыз алмайтын криминал ақпарат көбірек беріледі.

Бұқараны сауаттың белгілі бір төмен деңгейінде ұстап отырудың басты әдістерінің бірі дінді уағыздау болып табылады. Конституция бойынша, біз зайырлы қоғам құрып жатқан ел едік. Солай бола тұра, әр ауылға мешіт салдық. Кейбір ауылдарда оның бірнешеуін салдық. Кейбір рулардың мешіттері де пайда болды. Орта мектептерде ғылым негіздерін оқытудан гөрі, дінді уағыздауға басымдық берілетін болды. Қазір түрлі атаулармен енгізіліп жатқан дінді уағыздайтын сабақтарға (дінтану, теология, исламтану, тарих-дінтану) гранттар бөлу жыл сайын көбейтілуде (https://univision.kz/granty/granty-2018/1062). Бізде қазір гуманитарлық бағыттағы ЖОО-лардың «Хабаршылары» (ғылыми журналдары) көлемінің 70-90 %-ына дейін тек дінге қатысты материалдарды ғана жариялайтын болған. Философияға, саясатқа, құқыққа қатысты немесе әлеуметтік мәселелерді қозғайтын материалдарды қабылдамайды.

Санадағы рефлексияны сүртіп тастаудың бұлардан басқа амалдары толып жатыр. Ол үшін бір кездегі мәңгүрт дайындау технологиясын қолданудың қажеті жоқ. Қазір XXI ғасырдың ғылымы деп танылған әлеуметтік психологияның жетілген қағидаларын пайдаланып, кез келген халықты жойып жіберуге немесе өліп бара жатқан халықты тірілтіп алуға мүмкіндік бар.

 

– Қазақ әндері жайлы айтқанда ауылға қайту, сағыныш және туыстар тақырыбынан шыға алмай жатқанын сынайсыз. Меніңше, бүған себеп тек әннің өзі ғана емес, соған жазылатын ән мәтінінде, яғни, поэзияда секілді. Мәселен, жыл сайын елімізде ұйымдастырылып, оған қомақты ақша бөлінетін «Ауылым – алтын тұғырым секілді» әдеби байқаулар бізге керек пе?

– Мен бұл жерде жалпы бағыттар туралы, қазақ өнерінің тақырыптық саясаты туралы айттым, жекелеген ақын мен комппозитор туралы емес.

Әдебиет пен өнер байқауларын өткізуді керексіз деп айта алмаймын. Тек мазмұн жағына қатысты айтарым бар. Жас ұрпақты өркениеттегі интеграцияға қосатын, заман ағысына сай рухани жүк артатын материалдармен мазмұнды тәрбие беретін іс-шаралардың өтіп жатуын құптаймын. Бізге саяси-құқықтық мазмұндағы іс-шаралар жетіспейді. Ауыл мәселесін көтеруге қарсы емеспін. Дегенмен қала адамдарының діттеген ойлары мен идеялары, арманы мен мақсаты, оған жету жолдары тақырыптарын көтерген материалдардың көбірек болғанын қалар едім. Қоғам өркениеттен жырақтап қалмауы керек, онымен бірдей адымдауы керек. Ауылын сағынып, зарлап әнге қосып жүрген халық постиндустриялы өркениетке кірікпейді, қиян далада қаңғып қалады. Біздің санамызда осы үдеріс басым болып, белгілі деңгейде өркениеттен жырақтап қалып отырмыз. Мұны ауылды тастап, түгел қалаға көшіп алайық деп түсінбеу керек. Елді жан-жақты дамыту стратегиясын қорытып шығаруы керек.

– Қазір заманауи қазақ өнері кеңістігінде бір топ жас өнерпаздар танылып келе жатыр. Әрі олардың бағыттары да бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Джаз, поп, рэп секілді музыка жанрлары біраз қазақша сөйлеп келеді. Мәселен, 91 тобы, Ғалымжан Молданазар, Мархаба Сәби, Еңлік, Zaq, Shiza т.б. сол секілді жастардың бүгінгі өнеріне неге кәсіби талдау жасалып, баға берілмейді? Бізде неге дәстүрлі әнге ғана тамсану, мақала жазу секілді процесстер көбірек?

– Өркениеттер омырылып түскенде қазақтар артта қалған аграрлы қоғамда үйіріліп қалды. Аграрлы қоғамның екінші аты – дәстүрлі қоғам. Түптеп келгенде, қазақтың басына түскен проблема атаулы осы фактордан – дәстүрлі қоғамға тән мешеуліктен бастау алады.

Рухани аяда болып жатқан құбылыстарды бағалау керек болғанда қолданылатын, мағынасы қарама-қарсы екі термин бар: модернизм және традиционализм. Бізде екіншісі - дәстүршілдік басым. Постмодерннің көк тіреген мұнаралары бізге алыстан мұнартады.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ұлы сөз біздің қаперімізге кірмеді. Қазақты отарға түсірген де осы дәстүрден айырылмауға тырысудан болатын. XVIII ғасырдың басында қазақтар қойын айдап, жазда жайлауға, қыста қыстауға қарай маңып бара жатқан дәстүрімен өмір сүріп жатты. Ақындар айтысып, терме айтылып, күй шертіліп жатты. Сол бағлан, сол қымыз, бауырсақ,.. бәрі болды. Бірақ бұлар қазақты тәуелділікке түсуден құтқара алмады. 400 әскер мылтық асынып, ат ойнатып келгенде қазақтың 40 миллион қойы қауқарсыздық көрсетті.


– Қазақтың рухы мен тілін индустриалды қоғамға өткізу үшін қандай батыл әрекеттерге баруымыз қажет?

– Ресми тіл қолданысы стихиялы жүріп жатыр. Онда әлеуметтік-тұрмыстық мәтінді ережесіз, жалпақ тілде көпірту басым. Норма болмағандықтан, тіл кеңістігі аномалияға тұнып тұр. Тілді индустриялы қоғамның талабына сай әдеби нормаға түсіріп алмай, ешкім, ешқашан меңгере алмайды.

Қазақ тілін перспективалы дамыту жолына кесе көлденең қойылған үлкен кедергілер бар. Олардың бірі – алдымен шенеуніктер сөйлесін деген ұстаным. Біз ішімізден шыққан балаларымыз бен немерелерімізді сөйлете алмаймыз. Ауыл мектебін, содан кейін ЖОО-ны қазақша тәмамдаған жас адам жұмысқа араласқанда қазақшасын тез ұмытып, орысшаға ауысып кетеді. Осыдан кейін жұтаң сөздік қорымен, «туган куниниз кути болсын» деп жүрген шенеуніктен не сұрауға болады.

Шенеунікті сөйлетумен 30 жыл айналысып келеміз. Нәтиже қандай? Жоқ. Болуы мүмкін емес. Өйткені шенеунікті сөйлету үшін ғалым-лингвист тілді әдеби нормаға түсіріп, ресми ақпарат үлгілерін жасап беруі керек. Тіл мәселесін шенеуніктер шешпейді, шеше алмайды. Қазақ тілін мәртебесіне сай дамыту тек дүние жүзінің алдыңғы қатарлы лингвистикаларының тарихи ақталған, әмбебап теориялары мен практикасының қорытындыларына сүйеніп жасалған ғылыми тұжырымдама арқылы шешіледі.

Мәселе мынада: қазақ тілі аграрлы қоғамның жалпыхалықтық тілі деңгейінде қалып отыр. Аграрлы қоғамда жалпақ тіл стилінде қолданылып келген қазақ тілін, индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тілі деңгейіне жеткізуге дайындау керек. Ол үшін:

- тіл лексикасын өңдеуден (обработка языка) өткізу;

- ресми ақпаратта қолданылатын атауларды, ұғымдарды, тіркестерді, клишелерді,.. тұлғалық және мағыналық бірізділікке түсіру;

- тіл біледі деген деңгейге жеткізетін 15 мың жиі қолданылатын тілдік бірлікті стандарттау;

- қазақ тілінің стилдерін дұрыс ажырату;

- мазмұнымен өзгелерді тартатын қазақ тілінің контентін құру;

- ресми сөйлеу стилі қалыптасқан тілдік ортаны орнықтыру, т.б. шараларын жасау керек.

Мұндайдың бірі де жасалған жоқ. Тілдің тоқырауының түпкілікті себебі осында. 


– Уақытыңызды бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп Рақмет!


                  

 

 

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?