Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақбол Үдербаева: Режиссерлік – зергерлікпен айналысумен бірдей

1872
Ақбол Үдербаева: Режиссерлік – зергерлікпен айналысумен бірдей - e-history.kz

Ғасыр күнделігі айдарының келесі қонағы Ақбол Үдербаева. Өмірінің ширек ғасырдан астам уақытын Қазақ радиосында режиссер болып өткізген ардагер режиссерліктің, техника дамымаған замандағы хабар жасау барысын әңгімеледі.

- Радиоға қалай келдіңіз?

- Жастайымнан өнерге жақын болдым. Оқушы кезімде де мектептегі мәдени іс-шараларды жүргізетін едім. Өзімнің де дауысым жақсы болды, ән де айтатынмын. Өзің білесің, ауылдың ортасында үлкен радиорепродуктор болды ғой. Соны тыңдайтынбыз. Әсіресе дикторлар мен әншілерді тыңдайтынбыз. Баламыз ғой, «мыналар қайдан сөйлеп тұр, қалай сөйлеп тұр? Мынаның ішіне қалай сиып тұр?» деп таңқалатынбыз. Ол бала кездегі қызығушылық еді.
Институт бітіргеннен кейін біраз жыл Мәдениет министрлігінде істедім. Сол кездерде түрлі шаруалармен, барыс-келіспен Қазақ радиосына келіп жүретін едім. Осы радиода жұмыс істесем ғой деп қызығатынмын. Содан 1976 жылы режиссер болып радиоға жұмысқа тұрдым.

- Бірден режиссерлікке келдіңіз бе әлде бұйырғаны сол болды ма?

- Негізі диктор болғым келген. Жұмысқа келген кезде, «Әзірге дикторларға орын жоқ, ол құрам толық. Мина Сейітова деген үлкен кісі бар, сол кісі зейнетке шығады, ал қазір режиссердің орны бар» - деді.


- Бұрын режиссерліктен хабарыңыз бар ма еді?


- Режиссер деген кино саласында болатынын білеміз, бірақ радиода режиссер болу деген не екенін ұғып тұрған жоқпын. Не де болса, тәуекел деп Қазақ радиосына жұмысқа келдім. Аузым ашылды да қалды. Мәдениет министрлігінде істеп жүргенде көрмеген атақты адамның бәрі осында жүр. Бір сөзбен айтқанда қазақтың маңдайына біткен атақтыларының бәрі осында. Жазушы дейсіз бе, композитор дейсіз бе, әртістер дейсіз бе, дикторлар – бәрі сол жерде. Бір керемет орта!

Жұмысқа тап бір мерекеге келгендей келетінбіз. Күнде бір қызыққа, күнде бір қуанышқа кенеліп жататын. Жас кезімнен тыңдап өскен Әнуарбек аға Байжанбаев, Сауық Жақановалармен бірге жұмыс істеу біз үшін ерекше болатын. Олар – дикторлар ғой.

- Режиссер не істейді екен ол жерде?


  - Режиссерлер сол дикторлармен, әртістермен жұмыс істейді. Әрине, өзіңнің жұмыс істеп жүрген редакцияңа байланысты. Мысалы мен жұмысқа келгенде бірден Жастар мен балалар редакциясына режиссер болып келдім. Балалар редакциясында көбінесе ертектер, жастардың, мектеп оқушыларының жазған, жолдаған хаттары келетін.
Жастар редакциясында сол кезде Қымбат Әбілдина «Темірқазық, «Айгөлек» секілді хабарларын жүргізетін. Ырыс Нүсіпова мектептер туралы, ұстаздар жайлы хабар жүргізді. Редакция өте қызықты еді. Ішіне кіріп кеткенде уақыттың қанша болғанын ұмытып кететін едік.
Дикторлармен жұмыс істеп, хабарыңды жасайсың. 40 минуттық «Ойлан, тап!» деген хабар жасадым. Сол кездегі Бас редакторымыз өзі жасайтын еді ол хабарды. Хабар жасау, радио-спектакль дайындау үшін біз Мүсірепов атындағы Жастар театрынан әртістер шақыратын едік.


- Хабар жасауда ерекше есте қалған журналист деп кімді айтасыз?


- Жастар мен балалар редакциясында жұмыс істегендіктен, көбінде сол салаға қатысты тақырыптарға жұмыс істейтінбіз. Бізбен бірге Бақыт Досымов деген өте бір талантты жігіт жұмыс істеп еді, ерте қайтыс болып кетті. Өзі бойы шап-шағын жігіт, «иделар осының қай жерінен шығып жатады?» деп біржағы қалжыңдап, бір жағы таңқалушы едік.

Жалпы телерадионың дамыған кезі Шерхан Мұртазаның тұсы деп айтуға болады. Сол кісі басшылыққа келгеннен кейін біз тікелей эфирге шығатын болдық. «Хан Тәңірі», «Жібек жолы» қатарлы хабарлар мен Үкіметке қатысты хабарлар алғаш болып тікелей эфирде беріле бастады. Сол тікелей эфирлерге режиссер болдым.

Радионың қызығы мен күдігі қатар жүреді ғой. Қызығын айтып тауса алмайсың. Күнде бір оқиғаға тап болып жатасың ғой. Ал күдігі – әсіресе журналистер арасында болады. Жасаған хабарым өтпей қала ма, алған сұқбатым эфирге шықпай қала ма деп қашан сол хабары эфирден өткенше алаңдап жүретіндер бар.
Бір күні жаңағы айтып отырған Бақыт Досымов келді. «Мен ана Сайын көшесінің бойында тұратын жеңілжүрісті қыздардан сұқбат алып келсем, эфирден беріле ме екен?» - дейді. «Ойбай-ау, ондайды біздің эфирден беруші ме еді?» - деп жатырмын. «Жарайды, не болса да жазып келейін, сосын көрерміз» - деп кетті. Сонымен не керек, барып, жазып келіпті. Ақыры дайындалған хабар болған соң, басшылықпен келісіп, эфирден беретін болдық.
Сол хабарды жасаған кезде байқағаным, жеңіл жүрісті қыздар түрлі сылтау айтады. Біреуі «менің шешем ауру, соған ақша керек» десе, тағы бірі «балаларымды бағуым керек» - дейді. Кімнің шын, кімнің жалған айтып отырғанын біз қайдан білейік. Бірақ сол 1990 жылдары елдің жағдайы тым жақсы болған жоқ қой. Хабардың режиссері мен болғандықтан, оны әнмен әрлеуім керек қой. Бір жерден бір әуесқой композитордың «Абайла қызым, абайла!» деген әнін естіп қалғаным бар еді. Сол әнді пайдаланайын деп, іздеп, әрең таптым. Әннің сөзі өте мағыналы, тәрбиелік мәні жоғары еді. Сөзін кім жазғаны нақты есімде қалмапты. Сол әнді беріп, эфирге жібердік. Содан кейін бұл мәселе қоғамда талқыға түсті.

- Кино режиссері мен радио режиссерінің айырмашылығы бар ма?


- Айырмашылығы көп қой. Кинода – бәрін көзіңізбен көріп тұрасыз. Ол көріністі режжиссер киноға кіріспес бұрын көре алуы керек. Ойша. Оны көргеннен кейін, киноның сценарийінен бөлек, өзінің режиссерлік сценарийін де елестете алатындай болуы керек.

Ал радиода – мүлде керісінше деуге болады. Журналист маған мәтінді әкеп берді ме, мен онымен танысамын, қай дикторға оқытуға болады, бала дауысымен оқу керек пе әлде ересек адам оқығаны оңды ма, соның бәрін саралаймыз. Сосын мәтін мағынасына қарай дауыс таңдаймыз, яғни кімге оқытуға болатынын анықтаймыз. Сол анықтағанымыз бойынша мәтінді оқытамыз. Одан кейін хабарды көркемдей түсу үшін әртіс шақыру керек болса, оны шақырамыз. Одан кейін хабырдың мәнін аша түсу үшін қосымша пікір керек болса, оларды шақырып, жазып аламыз. Осының бәрін жинақтаған соң мәтіннің мағынасына, диктордың дауысына, әртіс пен қосымша пікір берушінің дауысы болса, оған да көңіл бөле отырып, музыка таңдаймыз. Негізгі мәтінге қандай әуен қойған дұрыс, қандай интершум, қандай төсеніш әуен қойған дұрыс дегенді таңдаймыз. Таңдап алған музыкамызды фонотека – «Алтын қордан» алып, хабарды жасаймыз.

- «Алтын қор» демекші, радио қорымен тікелей жұмыс істейтін болып тұрсыздар ғой?

- Иә, Қазақ радиосының «Алтын қоры» - ең үлкен сақтау орындарының бірі. Онда сонау Кеңес үкіметінен бері сақталып келе жатқан әндер, аудио таспалар, хабарлар, талай атақтылардың өз дауыстары бар. Қазіргі кезде цифрлық нұсқасы да дайындалды деп естіп жатырмын.


- Өзіңізге үлгі болған, дауысын ел танитын талай диктормен қызметтес болған шығарсыз?

- Қазіргі кезде радио-режиссер, радио-диктор деген мамандықтар жоқ қой. Режиссерлер дикторлардың алдында отыратын. Қай хабарға қай диктордың дауысы жақсы келеді? Мысалы Сауықты өзің білесің, нағыз аңыз адам. Байжанбаев – аңыз адам. Екеуі де қандай хабар болса да алып шығады. Сол кезде Мырзабек Қуатбеков деген аға болды. Ол кісі де жас кетті. Тамаша жан еді. Содан кейін бізбен құрдас Болат Біжібаев, Аманжан Еңсебаев қатарлы дикторлар болды. Мәмбет Сержанов аға қандай мықты кісі еді?! Әр сөзі тасқа басқандай болып шығатын. Қыздардың арасында Сауықтан бастап, Ұлжан Пармашқызы, Зияда Бекетова, Айман Ақшалова қатарлы дикторлар болды.

- Қазіргі кезде дауыс қою бойынша студенттерге сабақ беретініңізді естідік...

- Біздің радиодан кеткенімізге де он жылдан асты. Өзім режиссер болып жүргенде Жүргенов атындағы өнер академиясынан «бізге келіп тәжірибелік сабақ өтіңізші студенттерге» деген ұсыныс жасады. Қуана-қуана келістім. Радиода жұмыс істей жүріп, академияда тәжірибелік сабақ бердім.

- Тәжірибелік жұмыс деген қалай?

- Хабар жасау барысы ғой, хабарды қалай жасайды, музыканы қалай таңдайды, т.б. сауалдарға жауап іздедік. Алдымен «Дыбыстық шешім» деген сабақ бердім. Бәрі күнделікті өзім істеп жүрген шаруа ғой. Сабақ беруді әлі де жалғастырып келемін. Зейнетке шықпай тұрғанда бастап едім. Зейнетке шыққан соң, түбегейлі академияға ауыстым десем де болады. «Сахна тілі», «Экран тілі», т.б. жалпы сөйлеуге қатысты тәжірибелерімізді айтамыз.
Сол жерде Рәбиға Қаныбаева деген сол институттың (академияны айтып отыр – Е.Ж.) негізін қалаушы профессор болып еді. Сол кісіге барып, сабағына қатысып, өзім де білмейтіндерімді үйрендім. Академияда да небір майталман ұстаздар болды. Үйрететін, дауыс қоятын, тіл меңгертетін мамандар көп еді. Сол үйренгенімнің арқасында күні бүгін академиядағы «Сахна тілі» кафедрасында сабақ беріп келемін.


- Қазақ радиосында жүргенде өзіңізбен қатар қызмет атқарған режиссерлерден кімдер бар?

- Қазақ радиосында небір керемет режиссерлер болды. Көкенай Камалиев, өзіме тікелей ұстаздық еткен Құмарбек Сыдықов, өзімнің құрбыма айналып кеткен Фарихан Атқанова, Шолпан Әбдіқайырова, біздің бас режиссеріміз болған Таңат Досбаев, Базаркүл Балмағамбетова, т.б. бізден үлкен режиссер апайлар болды. Дауыстарды өте сәтті таңдайтын. «Мына дауысқа мына әуен сай келеді, мына әуенге мына диктордың үні үйлеседі» деп бізге бағыт-бағдар беріп отыратын. Режиссерлік дегеннің өзі зергерлік жұмыс секілді нәрсе. Музыканы да дөп табуыңыз керек. Төсеніш әуенді, интершумды өте сәтті таңдай білуіңіз керек. Сол кезде керемет режиссерлер жұмыс істеді. Біз күн, түнге қарамайтынбыз. Керек болса түнімен отырып жұмыс істейтін едік. Мереке қарсаңында мұрнымыздан шаншылып жүретінбіз. Ел мереке деп ерте қайтып бара жатса, біз керісінше жұмысқа енді кірісіп жататынбыз. Мерекеге арнап радио-композиция жасайтынбыз.
Радио-режиссер болу арқылы мен өзіме ең ұнайтын іспен айналыстым деп ойлаймын. Қазір де сол сала, бірақ сәл өзгешелеу. Жастармен көп жұмыс істеймін. Олардың дауыс қою, тілді меңгеру, ашық, тұнық сөйлей алуы үшін қызмет етіп жатырмын. Мен барған кезде Ғайнижамал Әбілдина деген деканы қарсы алды. «Осы балаларды сізге тапсырдым» - деді. Біз алғашқы жылдың өзінде-ақ академияның жанынан радио-хабар тарата бастадық. Академияның өз ішіндегі ақпараттарды тараттық қой. Сол мақсатта радиоға да жиі-жиі барып тұратынмын.

- Қазіргі кезде радио-режиссер деген мамандық жоқ деп жатырсыз. Дегенмен, қазіргі хабар дайындау барысымен танысып, қазіргі техникамен жұмыс істеп көрдіңіз бе?

- Қазіргі журналистердің, қазіргі техниканың дамығанына қарап, керемет қызығамын. Барлығы цифрландырылған. Компютерде арнайы бағдарлама дайын тұр. Бір-екі түймені басасың да, қосып жинай саласың, хабарың дайын.

  Біздің кезде жертөледегі фонотекадан шаң-шаң касетамызды құшақтап, оны әкеп, жарты минуттық, бір минуттық музыка алу үшін 40-50 минуттық таспаны тыңдау, оны қиып алып, апарып жасап жатқан хабарыңа жапсырып, ол хабарды толық дайындап шығу үшін қайта жазу деген үлкен шаруа еді. Соның бәрін бізбен қатар жүріп атқаратын талай мықты операторлар болды. Әйгілі Қаһарман Қасым Қайсеновтің келіні Гүлбақыт Қайсенова – өте шебер оператор еді. Сондай өз ісінің майталмандарымен бірге жұмыс істеп, хабар жинадық. Кейде ол таспа үзіліп қалады. Тпті эфирде үзіліп қалатын кездері болады.
Қазіргілерге рахат! Біз дыбысын 100 герц-ға дейін қатайтып, сонымен жұмыс істейтінбіз. Арасында белгісіз шуыл кетіп қалмасын деп анық есту үшін солай істеуші едік. Радиода бір артық сөз, бір артық дыбыс кетіп қалмауы керек. Бір артық дыбыс кетті деген сөз, сенің сонша істеген еңбегің жоққа шықты деген сөз. Соның салдарынан қазір есту қабілетіміз төмендеді.

- Қазіргі эфир мәдениетіне, радионың тазалығына не айтасыз?

- Радионың өзінің басты мақсаты да сол – тіл тазалығын, үн тазалығын дәріптеу ғой. Қазақты жақсы сөзге үйрету, соны естіп өсу, біздің кезімізде осы жағына көп көңіл бөлінетін. Қай сөз қалай айтылу керек, қай жерде қандай ырғақпен сөйлеу керек – радиода жүргенде соның бәріне ерекше көңіл бөлетінбіз. Қазір эфирде ауыздарына не түссе соны сөйлей беретін болыпты. Эфир қонағы не өзін, не тыңдаушыны, не қарсы алдында отырған журналисті сыйлауды білмейді. Және сол журналист эфирде сондай арзан, келемеж, боқтық сөздерге жол береді. Өз эфирін өзі қорғап, хабарының таза, тұнық шығуына көңіл бөлмейтіні қынжылтады. Барлық нәрсенің шегі болуы керек. Сен халықтың алдында отырсың ба, сөзіңді жөндеп сөйле, тура сөйле! Ешкімге еліктеудің керегі жоқ. Біз онсыз да текті елміз. Қызы қыз секілді, ұлы ұл секілді халықпыз! Сол өз болмысымызды сақтап, ұлттық ерекшелігімізбен жүруіміз керек.

- Режиссерлік салада бар мүмкіндігіңізді пайдаланып, бойыңыздағы бар біліміңізді сарқи алдым деп ойлайсыз ба?

- Осы радиода жинаған тәжірибелерімнің, академияда атқарған қызметімнің негізінде екі кітап жаздым. Соңғысы сөйлеу мәдениетіне қатысты болды – «Эфирдегі сөйлеу мәдениеті мен тіл техникасы» деп аталатын оқулық. Қолымыздан келгенінше, шамамыздың жеткенінше қазақ тілінің тұнықтығын, қоңырлығын үйретсек деген ойымыз бар. Қазақтың сөз ұстасам, тіл ұстартсам деген жастары қалай сөйлейді, сахнада, эфирде қалай сөйлейді, дауысты қалай шығарады, оның шығу опорасын, шығу нүктесін анықтап беру – барлығы біздің қазіргі жұмысымыз.

  Бойымдағы барымды осы режиссерлік салаға жұмсадым, барымды бердім деп айта алмаймын. Себебі, жоғарыда да айттым, қазіргі замандағы техникалық мүмкіндіктер мен бұрынғы біздің кезіміздегі техникалық мүмкіндікті салыстыруға келмейді.

  Мысалы біз ол кезде 5-6 МЭЗ-дің ортасында жүгіріп жүреміз ғой. Кейде әріптестер режиссерлік пультті көргенде, «не болды, самолет ұшырайын деп жатырсыңдар ма?» - деп әзілдейтін. «Иә, ғарышқа сапарымыз басталайын деп жатыр» - деп біз де әзілдейтінбіз. Қазіргі техниканың мүмкіндігін көріп тұрып, «Шіркін-ай, осы кезде жұмыс істегенде ғой» дейсің.

Ал осы саланың тағы бір қыры – оқытушылықта мен бар мүмкіндігімді пайдалана алдым деп ойлаймын. Себебі бұл бағыт маған өте ұнайды.


- Режиссер болмағанда кім болар едіңіз?

- Режиссер болмағанда, сөзсіз диктор болатын едім. Радиоға жұмысқа келгеннен кейін бір жарым жылдан соң маған, «ал, Мина Сейітова зейнетке шықты, дикторлық орын босады, істеймін десең кел» - деген ұсыныс жасалды. Мен бас тарттым.


- Неге?

- Бас тартқан себебім, режиссерлік ұнады. Әрі бір жылдан астам уақыт төселіп қалдым. Екіншіден дикторлар алдына келген мәтінді оқып қана қояды. Ал режиссерлікте – жан-жақты жұмыс істейсің. Музыкамен, дауыспен жұмыс істейсің. Мысалы бір музыкаға хабардың мәтіні сай келсе де, оқыған диктордың үні үндеспей тұруы мүмкін. Соның бәрін тәптіштеп, тыңдап, талдап, таңдап алған соң ғана хабар жасауға кірісеміз. Бұл тұрғыда режиссердің мүмкіншілігі көп. Үнемі ізденісте боласың.

- Әрине, әркімнің өз істеген жұмысы өзіне ұнайтыны заңдылық. Десе де, өзгесінен шоқтығы биік тұратын бір дүниесі болары сөзсіз. Сіздің өзіңізің ерекше толқыныспен жасаған хабарыңыз қайсысы?

- 90-шы жылдардың ортасында халықтың тұрмысы тым жақсы болмай тұрған кез еді ғой. Сол кезде Нұрлан Өнербаев радиоға басшылыққа келді. Сол кісінің бастамасымен радионың қорындағы ертектерді қайта жазуға отырдық. Ол кісі маған айтты, «қордағы ертектер ескірген екен, соны қайта жазсақ қайтеді?» - деді. Мен бірден келістім. Театрдан Зәмзәгүл Шәріпованы шақыртып, «Зәмзәгүл әженің ертегісі» деген тақырыппен 275 ертек жаздық. Ертектер Қазақ радиосынан да, Шалқардан да беріліп тұрды. Зәмзәгүл апайдың оқу шеберлігінің өзі сондай – ертекті тыңдап отырғанда, спектакль көріп отырғандай боласыз. Өзімнің режиссерлік жұмыстарымның ішінде осы ертектерді ерекше ризашылықпен жасадым.

  Екінші рет ертектерді Айдос ағаға оқыттық. Алғашқыларынан біраз ертек қалған екен, соларды оқыту үшін бір айға жуық дауыс іздедім. «Ол ата ауылдан болуы керек. Оның тілінде аз болса да ауыл адамының сөйлеу мәнері болуы керек» - деп өзіме талап қойдым іштей. Сонымен бір ай бойы тыңдап-тыңдап, ақыры Айдос Бектеміровке тоқтадық. Бұрын Мүлік Сүртібаев ағамыз оқыпты. Ол кісінің дауысы керемет еді. Әуезді, тұнық, қоңыр, сондай бір биязы үн. Өзі ертекті де әдемілеп, келістіріп айтатын. Бірақ бірдеңе жетпей тұрғандай көрінуші еді. Ол – ауылдағы немересіне ертек айтып беретін атаның болмысы. Біз соны іздедік және оны Айдос атаның дауысынан, болмысынан таптық қой деп ойлаймын. Әине, Айдос ағаның дауысы Мүлік ағаның дауысындай керемет емес, бірақ ол кісінің үнінде бала «е, ата оқып отыр екен ғой» дейтіндей сенім бар еді. Сонымен «Айдос атаның ертегісі» деген айдармен тағы біраз ертекті жасап шығардық.
Бұдан соң әртістердің, жазушылар мен ақындардың жастық шағынан хабар беретін, қалай өткенін, қандай бала болғанын білдіретін бір хабар жасадық. Атауы есіме түспей тұр. Сол хабарға режиссер болдым. Хабар да, кейіпкерлердің тағдыры мен тарихы да өзіме қатты ұнайтын. Әр кейіпкердің өмірін ашатындай музыка таңдап, өмірінің ерекше тұсын айрықша көрсетіп, әуенмен әрлеп, дайындау ұнаушы еді.

  Сонымен қатар, Гауһар Ержанованың шетелдік классика туралы хабары болды. Валеть, хор, симфония, оркестрлер, опералар туралы жасайтын. Сол хабардың да режиссері болдым. Классикамен жұмыс істегенде кәдімгідей демалып қалатынмын. Гауһар қай жерге қандай дауыс келетінін қасымда айтып отырады, мен соған сай әуен таңдап, музыкасын тауып, халық түсінетіндей етіп жасайтынбыз. Классиканы тыңдағанда халық түсіну керек. «Мына шулап жатандар кім?» демеуі керек. Сол үшін жаңағы шығарманың қалай дүниеге келгенін, оның алғаш жарыққа шыққан сәтін, халыққа қалай жеткенін, қандай қиындықтар болғанын – барлығын ашып, тарқатып беретін едік. Халыққа әлемдік классиканы таныстыруда үлкен жұмыс атқарылып еді сол кезде.


- Осы салаға келгеніңізге өкінген кезіңіз болды ма?

- Жоқ. Радиода қызмет етқарғаныма, осы саланы таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Әрине, жұмыс барысында қателік жіберіп, болмаса техникалық ақауды алдын-ала байқамай қате жіберіп қойған кездерде өкініш болатыны сөзсіз. Бір рет тікелей эфир жүріп жатты. Мен пультта режиссермін. Қарбалас сәт. Бәрі қолмен жасалады ғой. Хабар жүріп жатты, «...ән арнаймыз» деп хабарлады. Тікелей эфирдің пульті ашық тұр. Мен мына жақта әнді таспаға жіберіп жатырмын. Сол кезде жүргізуші, «Апай мен басқасын хабарлайын деп едім ғой» - деп маған айғайлап жатқаны тікелей эфирден бүкіл елге айтылып кетті. Ондай қызықтары да болып тұрады.

- 35 жыл қызметте болдыңыз. Қазір зейнеттесіз. Жүріп өткен өмір жолыңызға қарағанда не түйдіңіз?

- Артыма қарағанда түйгенімді айтар болсам, күнделікті таптауырын сөзге айналар еді. Бірақ, біздің кезімізде орысша кім жақсы білсе, сол ұтады деген түсінікпен өстік. Бертін келе ол түсініктің мүлде қате екенін ұқтық. Қазақ қазақша сөйлеуі керек. Кеңес уақытында ары-бері көп жүрген жоқпыз. Ал Тәуелсіздік алғалы бері өз еркіміз өзімізге тиіп, алыс-жақынға шыға бастадық. Қай елге барсаңыз да, өз тілінде сөйлеп жүр. Мемлекет ішіндегі ортақ тіл осы деп белгілеп қойған ешкім жоқ. Бізде басқаша. Соған жүрегім ауырады. «Неге біз бәрін әуелі орысшадан бастаймыз?» деген сауал мазалайды. Бұл біз үшін бір үлкен кедергі болып тұр ғой...


- Әңгімеңізге рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?