Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ғұндар қазақ жерінде 700 жылдан астам өмір сүрді»

3919
«Ғұндар қазақ жерінде 700 жылдан астам өмір сүрді» - e-history.kz

Ұлы тұран даласында тарихта терең із қалдырған алғашқы империялардың бірі Ғұн мемлекеті. Ғұндардың тарихы турасындағы әңгімемізді жалғастыра отырып, ғұндардың екіге бөлінуі, Қазақстан жеріне қоныс аударуы, батысқа көшуі және бүгінгі таңдағы ғұндарға қатысты генетикалық жақтағы жаңалықтар мен ғұндардың тілі туралы әңгіме өрбіттік. Әуесқой тарихшы Ерзат Меллат ғұндардың қазақ жерінде 700 жылдан астам уақыт өмір сүргенін айтады.

– Ғұндарды әлсіреткен факторлардың бірі – оның екіге бөлінуі. Осы процесс қалай жүрді. Бұған сыртқы ықпалдардың себебі болды ма?

– Эрамыздан бұрынғы 60 жылы Құлұқуатқа тәңірқұт өлген соң, оның тірі кезінде әтшеліктен қалдырылған Жаңқан ұлықтармен ақылдаспай оң дөкей ханды Оғиянтек тәңірқұт деп таққа отырғызды. «Ол жауыздық істеп бұрынғы тәңірқұттың кезіндегі Кеңмұдиян сияқты адамдарды құртып, шешесінің бауыры Далүңкені билікке тартты. Онымен қоймай бұрынғы тәңірқұттың балаларын түгел орындарынан тайдырып олардың орынына өз балаларын қойды... Ата тағына отыра алмаған Құлұқуатқаның ұлы Керғусан усүн мен қаңлының арасындағы  Азанмүкқа барды. Бұрын жарамсыздығынан тәңірқұт бола алмаған нетүк хан Сенғанданды елдер тәңірқұт болуға тиіс деп қарайтын. Ол Оғиянтекке өш болып неше түмен адамымен Ханьға қарай  көшіп кетті. Оғиянтек Сенғанданның екі інісін өлтірді, бұған Азанмүктің зығырданы қайнады. Онан соң өкен хан өлгенде тәңірқұт өзінің кіші ұлын өкен хан етіп тағайындады, оның жақтастары өкен ханның ханзадасымен шығысқа көшіп кетті. Тәңірқұт олардың соңынан түмен әскермен қудырған еді, мақсатына жете алмады. »

Оғиянтек жауыз әрі ашкөз болып ғұн ақсүйектерінің қарсылығына ұшырап елді тоздырады.  Амалсыз қалған өзге ұлықтар Керсуғанды тәңірқұт көтереді.  Олар 40-50 мың әскер топтап Оғиянтек тәңірқұтқа қарсы аттанады. Оғиянтектің жасағы соғыспай-ақ жеңіліп қашады, біткен ғұн одан бет бұрады, ақыры ол өзіне-өзі қол салып тындым болады.  Бұл эрамыздан бұрынғы 58 жылы еді, Оғиянтек тәңірқұт не бары үш жыл билік жүргізгенімен ғұн елін тоздырады.  Оның орынына Қағания тәңірқұт болды.

Қағания тәңірқұт болғаннан кейін ғұн арасындағы ішкі тартыс ушыға түсті.

«Сол жылы қыста нетүк хан Босадаңды Дәлүңке мен оң қанат хан бірдей қолдап дөкей тәңірқұт деген лауазымға ие етті. Сонан бұлар сан түмен сарбазды шығысқа аттандырып Қағания тәңірқұтқа тап берді. Қағания тәңірқұт төтеп бере алмай шегінді. Дөкей тәңірқұт орданы алып өзінің баласы Дадана сейді сол жанақ хан, кіші баласы Қамүкла донды оң жанақ хан етіп тағайындайды, өзі тәңірқұт ордасында тұрды. Келесі жылы Дөкей тәңірқұт нетүк хан Сенғанданның оң өкен ханды Ажык бас жасауылы етіп тағайындады да, әр бірі 20 мың атты әскермен шығыстағы Қағания тәңірқұтқа қарсы қорғаныста болды. Сол орайда батыстағы Хагат ханы Уейле даңғамен астыртын тіл біріктіріп оң хан Ажык тәңірқұты деген атпен дербес болғалы жатыр деген дақпырыт таратты. Дөкей тәңірқұт оған сеніп оң білге ханды баласымен қоса өлтірді. Кейінірек оның жаланың құрбаны болғанын біліп, Уейле даңғаны да өлтірді. Оны естіген Хагат хан шошып табанда ордадан қол үзді де өзін Хагат тәңірқұт деп жариялады. Бұны естіген оң өкен хан өзін Гале тәңірқұт, Ажык бас жасауыл өзін Ажык тәңірқұт деп жариялады, сонымен бес тәңірқұт пайда болды.»

Эрамыздан бұрынғы 72 жылғы ауыр жеңіліс пен табиғи апат ғұндарды қатты әлсіретті. Халық саны азайып, бодан елдер бет бұрып, экономикалық қиыншылықтар ауырлағандықтан, іштен іру табиғи түрде пайда болды. Дәл осы кезеңде ғұн елінде мықты қайраткер шығып елдің басын біріктіре алмады, ақсүйектердің бірінің әрекеті біріне жақпай, ақыры атақ-мартебеге таласып бес тәңірқұт пайда болып қырқысты, бұл Ғұн мемлекетін тіптіде әлсірете түсті. Дөкей тәңірқұт шығыстағы Гале тәңірқұтқа қол бастап шабуыл жасады да, Ажык тәңірқұтқа Далұңкені аттандырды. Ажык тәңірқұт пен Гале тәңірқұт жеңіліп батыс солтүстікке қашты. Олар Хагат тәңірқұтпен бірлесіп 40 мың адамдық қосын құрып, Ажык пен Хагат екеуі тәңірқұт атағынан кешіп Гәлені тәңірқұт деп таныды. Осылайша тәңірқұт үшеу болды. Дөкей тәңірқұт 40 мың әскермен шығыстағы Қағания тәңірқұтқа қарсы тұрса, тағы да 40 мың әскермен өзі Гале тәңірқұтқа аттанып оны жеңді, жеңілген Гале батыс солтүстікке ығысты. Қарап отырсақ Дөкейде 80 мың қосын, оған қарсы Галеде 80 мың, ал Қағанияда да осыған барабар қосын болды десек ғұндар әлі де күшті мемлекет, әсіресе көшпенділер арасында әлі де олардың орынын баса қоятын елдер жоқ екенін көруге болады.

«Қағания тәңірқұт Дөкейге қарсы 40 мың әскермен аттанды, Дөкейде оған қарсы 60 мың әскермен жорыққа шықты, Дөкей жеңіліп өзін-өзі өлтірді. Дөкейдің немере інісі Нюсүн неше жүз адаммыен батысқа кетіп өзін Нүнжен тәңірқұт деп атады. Онан Қағания тәңірқұттың ағасы сол білге хан Хадаңас өзін Тезек тәңірқұт (Шоже деп те аталады) деп атады. Арада екі жыл өткен соң Ненжүн тәңірқұт шығысқа жорыққа аттанып Тезек тәңірқұттан жеңіліп, Тезек оны өлтірді, әскерін өзіне қосып алды да Қағания тәңірқұтқа тап берді, Қағания жеңіліп оңтүстікке шегінді, Тезек орданы басып алды.»

Тезек тәңірқұт нүнженді жеңген соң тек екі тәңірқұт қана қалды да, ғұндар қайта бірігуге беталды. Қағания тәңірқұт ғұндар әбден былықты, енді оңала алмайды деп қарап неше түмен адамымен  Хань патшалығына келіп тізе бүкті. Тізе бүгерден ілгері ол осы ойын талқыға салған екен, көп уәзірлер былай деген екен:

«Атай көрмеңіз, ғұндар батырлықты дәріптейтін, бодандықты намыс көретін халық. Ат үстінде шайқас жасап, қағанат құрып жұрт биледік. Жат қауымдар алдында әлі де абыройымыз жоғары. Батыр қашанда ел намысының құрбаны болмақ. Қазір ағайынды адамдардың ел билігіне таласып жатқаны рас, бірақ қағанат ағаға бұйырмаса ініге бұйырар. Ұрпақтан ұрпаққа өзге жұрттан үстем тұра бермек. Хань елі күшті болғанымен ғұндарды өзіне қосып алатын халге келген жоқ, ата салтымыздан аттап Хань еліне тізе бүгетіндей басымызға не күн туыпты? Олай істесек бұрынғы өткен тәңірқұттардың аруағын қорлаймыз, жұрт алдында масқара боламыз, үйтіп қалай ел билемекпіз?» деген екен.

Бұл эрамыздан бұрынғы 53 жылы еді, Қағания тәңірқұт ұлын Хань патшалығына ақ үйлі аманатқа жіберіп неше түмен адамымен бағынады, ол тәңірқұт атағын сақтап, Ордостағы бұрынғы ғұн мекеніне көшіп келді. Хан елі оған жылына қаражат беріп тұрды, ол ендігі жерде Хань елімен одақтасып солтүстік даладағы ғұндарға қарсы соғысатын болды. Осы ғұндар оңтүстік ғұндар деп аталды, ал бағынбаған көп санды ғұндар солтүстік ғұндар деп аталды. Бағынған ғұндар саны арада бір ғасыр өткен соң эрамыздың 88 жылы 34000 отбасы, 237300 адам, 50170 жасағы болған екен.

Онан кейін Дөкейдің ұлы Елмүнүк өзін тәңірқұт атады, Тезек оны соғысып жеңіп 50 мың әскерін өзіне қосып алды, Тезек бірте-бірте оңтүстіктегі ғұн қоныстарын иелей бастады.

– Тезек таңірқұт өз мақсатына жете алды ма? Ғұндардың қайта күшеюіне мүмкіндік болды ма?

– Бұл туралы деректерде: «...Қағанза тәңірқұттың онан әрі күшейіп алғанын сезген Тезек тәңірқұт батыстағы Қаңлы еліне қарай тартты. Қаңлы ханы Тезек тәңірқұтқа қызын берді, Қаңлы ханына Тезек тәңірқұт та қыз берді. Оның айбарымен маңындағы елдерге доңыз-айбат көрсеткісі келген Қаңлы ханы Тезекті төбесіне көтере құрметтеді. Тезек тәңірқұт Қаңлы қолынан пайдаланып Усүнге талай рет шабуыл жасады, Чекүк қаласына дейін ат ізін салды. Тұрғын елді қырып-жойып, малын талан-таражға салды. Усүндер өкшелей қууға бата алмады, өйткені батыс жақ иен, шет-шегі мың шақырымға созылған иен далада мекен тұтқан жан баласы жоқ еді. Тезек тәңірқұт өзін шартарапты шарпыған үлкен ұлыс деп есептеді, басқа елдердің құрметіне бөленгенін, жеңістерге жеткенін көтере алмай асқақтап кетті. Қаңлы ханына жол-жосын бойынша мәміле жасағанды қойып, ашу үстінде оның қызы мен текті дегдарларын өлтірді, бірнеше жүз бейуаз бұқараны қырып салды. Кейбіреуінің денесін бұтарлап шауып, Талас өзеніне тастатты. Бұқараны қала қорғанын салу жұмысына айдап салды. Күніне 500 адам қатысатын бұл машақатты жұмыс екі жылда бітті. Алан, Ферғана сияқты елдерге жыл сайын салық тапсырып тұрасыңдар деп қысым жасады... Жиянжаудың 3-жылы (заманымыздан бұрынғы 36 жыл) Чін Таң мен Ган Яншу батыс өңірге жорыққа шықты», – деп жазылады.

Заманымыздан бұрынғы 60 жылы Ғұн ақсүйектері билікке таласып бес тәңірқұт пайда болады, бірнеше жылдық соғыстан кейін үш тәңірқұт қалады, оның бірі Қағания тәңірқұт өз бұқарасымен Ханьға бағынып Ордосқа келіп мекендейді. Ал солтүстікте қалғандарға Шөже (Тезек) тәңірқұт болады, ол бұрынғысындай Хань елімен соғысады, ол Байқал көлі батысы Кенгүн жеріне орда тігеді. Батыстағы Қаңға (қаңлы) елімен одақ құрады, бірақ олармен де тату тұра алмай 36 жылы оны Ханьның Чін Таң бастаған 40 мың әскері, 8 мың Усұн әскерімен Қаңлы әскері қаптап жеңіп, өлтіреді. Осыдан кейін ғұндар екіге бөлінді.

– Яғни Тезек таңірқұт мақсатына жеткенді қойып, өзі жеңіліп тынғаны ғой. Хань мен ғұндар осы ұзақ тіресуден не ұтты?

– Соғыс екі ел үшін де ауыр апат әкелді, Ғұн елі шет қоныстарынан айырылды, онан келе бере қол астындағы елдер бет бұрды, Шығыс Түркістаннан айырылды, соңында жартысы батысқа кетті. Ал Хань елі де ауыр шығынға батты, 100 жылдық соғыста халық саны 6 миллионнан 3 миллионға кеміп кетті. Соғыстың көбінде Ғұндар басым түскен. Заманымыздан бұрынғы 72 жылғы соғыстан кейін ғұндар құлдырап қана қоймай Хань патшалығы да әлсірей бастады, сол себепті ендігарі олар тарабынан да ғұндарға көлемді жорық ұйымдастырылмады. 

Ал ғұндардың Саян-Алтай өңірімен Енисей бойына келе бастауы бұдан бұрын Тезек тәңірқұттың кезінде болған болатын. «Жиянжаудың 3-жылы (заманымыздан бұрынғы 36 жыл) Чін Таң мен Ган Яншу батыс өңірге жорыққа шықты. Тезек тәңірқұт батысқа жорық жасап Хагат, Кенгүн, Деңлеңдерді талқандап, сол үш елдің басын қосып сол Кенгүндер жерінен астана құрды».

Тезек тәңірқұт Кенгүн жеріне, яғни Саян-Алтайға өзі ғана емес жасағымен, біраз елімен келгені анық. Осы ғұндар кейін осы өңір тұрғындарымен біте қайнасып кетті деуге болады. Қытай тарихшыларының Енисейде 1400 жыл бойы Енисей Қырғыздары бастан ақыр мекендеді дегеніне келісуге болмайды, оған Ғұндардың қоныс аударуының өзі дәлел. Онан ілгерілей Тезек тәңірқұт Қаңлы жеріне келеді, қаңлылар ғұндарға қарасты күшті тайпалық бірлестік болатын. Оларда 120 мың әскер, 600 мың халық бар еді. Сонымен қатар олар күшейген кезде батысындағы аландарды, оңтүстікте Мәуераннахр мен Хорезмдегі қалалы аймақтарды да шылауында ұстаған болатын. Тезек тәңірқұт Қаңлы жеріне келіп, олардың күшін пайдаланып, Шығыс Түркістанды басып алған Хань империясымен күреспек болады. Бірақ ол  біраз жетістіктеріне бола масаттанып, соңында өз түбіне өзі жетеді. Ол туралы мына дерекке қарайық: «...Қағанза тәңірқұттың онан ары күшейіп алғанын сезген Тезек тәңірқұт батыстағы Қаңлы еліне қарай тартты. Қаңлы ханы тезек тәңірқұтқа қызын берді, Қаңлы ханына Тезек тәңірқұт та қыз берді. Оның айбарымен маңындағы елдерге доңыз-айбат көрсеткісі келген Қаңлы ханы Тезекті төбесіне көтере құрметтеді. Тезек тәңірқұт Қаңлы қолынан пайдаланып Усүнге талай рет шабуыл жасады, Чекүк қаласына дейін ат ізін салды. Тұрғын елді қырып-жойып, малын талан-таражға салды. Усүндер өкшелей қууға бата алмады, өйткені батыс жақ иен, шет-шегі мың шақырымға созылған иен далада мекен тұтқан жан баласы жоқ еді. Тезек тәңірқұт өзін шартарапты шарпыған үлкен ұлыс деп есептеді, басқа елдердің құрметіне бөленгенін, жеңістерге жеткенін көтере алмай асқақтап кетті. Қаңлы ханына жол-жосын бойынша мәміле жасағанды қойып, ашу үстінде оның қызы мен текті дегдарларын өлтірді, бірнеше жүз бейуаз бұқараны қырып салды. Кейбіреуінің денесін бұтарлап шауып, Талас өзеніне тастатты. Бұқараны қала қорғанын салу жұмысына айдап салды. Күніне 500 адам қатысатын бұл машақатты жұмыс екі жылда бітті. Алан, Ферғана сияқты елдерге жыл сайын салық тапсырып тұрасыңдар деп қысым жасады... Жиянжау 3- жылы (заманымыздан бұрынғы 36 жыл) Чін Таң мен Ган Яншу батыс өңірге жорыққа шықты».

Осы жорықта Қытай әскері, оларға бағынышты Қашқариядан қосылған әскерлер, Тезек тәңірқұтқа өшіккен Усүн жасақтары қосылып, оны жеңіп өлтіреді. Ғұндардың Қазақ даласына ауа көшуі Эрамыздың 91 жылы Сәнбейлер Ғұнның Бөңғо тәңірқұтын ойсырата жеңіп, бас терісін сылып алады, Ғұндар батысқа көшіп, Орхонның батысына кетеді. Бұны мына деректен білуге болады: «Жаңхының 1-жылы (эрамыздың 87 жылы) Сәнбейлер солтүстік Ғұндарды сол жағынан тап беріп, оларды ойсырата жеңді, Ұлу тәңірқұтты өлтіріп, оның бас терісін сылып алды. Сонан теріскейдегі Ғұндар миша былықты да, құтылан, дабе, қадасу сияқты 58 тайпадан 200 мың адам Юнжұң, У Юань, Шакбаң, Бейди аймақтарына келіп тізе бүкті. Теріскей ғұндар миша былығумен тынбай, шегіртке апаты, ауыр ашаршылыққа ұшырады... Солтүстік ғұндар оңтүстік ғұндар мен сәнбейлердің тегеурініне шыдай алмай, әрі деңлеңдерден, сәнбейлерден ығысып, Орхон өзенінің батысына қарай көшіпті».

Ғұн тәңірқұты Усүн жеріне қашып келеді. Ханнама оңтүстік  Ғұн тарауында: «Күйрей жеңілген Ғұн тәңірқұты Усүн жеріне барып паналады» делінген.  Бұдан ғұндардың жаппай босып Қазақ даласына кіре бастағанын білуге болады. Ал Ғұнның солтүстігіндегі көршілес Деңлең тайпалары да батысқа жылжиды. Құдіреттеніп 50 мың әскерге ие болады. Өріс-қонысы Қазақстанның шығыс және солтүстік аймақтары болады. «Деңлең елі Қаңлының терістігінде. Соғысқа жарамды мыңдай адамы бар. Көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданады. Тиын, ақ құндыз, сары құндыз терілерімен атағы шыққан. Кенгүн жоғарыдағы үш елдің нақ ортасында, яғни Ғұн тәңірқұты ордасы тігілген Әнзеп өзенінен жеті мың шақырым шалғайда. Түстік шегарасынан алты арыс Кәсиге дейін бес мың шақырым, батыс түстік шетінен Қаңлы шегарасына дейін үш мың шақырым, батыс шегарасы Қаңлы хан ордасына дейін сегіз мың шақырым келеді. Бұл арадағы деңлеңдерді ғұндардың терістігіндегі деңлеңдер деушілер де бар. Бірақ терістік деңлеңдердің қонысы Усүннің батысына тура келеді, соған қарағанда бұлар басқа нәсіл көрінеді. Бұлардан тыс ғұндардың терістігінде Ғұнру, Құтша, Деңлең, Кекгүн, Сенле деген елдер бар. Бұдан солтүстік теңіздің түстігіндегі деңлеңнің Усүннің батысындағы деңлеңдер емес екенін білуге болады».

Әсілі деңлең тайпаларының мекені Байқал көлінің айналасы еді, ғұндар әлсірегенде бұлар күшейіп ғұндардың ізін баса батысқа жылжиды. 50 мың жасағы бар мемлекет осал мемлекет емес, сонымен қоса шығыс жақта да деңлеңдердің бар екені аңдалады, Ханнамада ғұндар торғайдай тозып, қалған тайпалары солтүстіктегі елдерге бағынды дейді, ал Ғұнның солтүстігіндегі ең күшті ел деңлеңдер болған, кейінгі Теле тайпалар одағы, Тоғыз оғыздар, Көктүріктің негізгі тірегі, Ұйғыр қағанатын құрған осылардың ұрпақтары, яғни күллі Түріктің ең негізгі өзегі деуге болады.

– Ғұндар екіге бөлініп әлсірегеннен кейін, бірден жойылып кетпегені де анық, және көпшілік бөлігі өзге тайпалардың құрамына сіңіп кетті ғой. Осы кезеңдегі ғұн өмірі, тілі мен тұрмысы қалай болды екен?

– Ғұн Иұрпандар мемлекеті деген болған. Ғұндардың Қазақ даласына кірген бір тобы кейін Иұрпан елі атанған. 悅般 Көне қытай тілінде «Yiwat puan» деп оқылады.

«Иұрпан елі – Усүннің солтүстік батысында, Дәйдан 10 930 шақырым алыста. Олардың арғы аталары Ғұнның теріскей тәңірқұтына қарасты ұлыстан еді. Хань патшалығының арбалы-аттылар санғұны Душиян қуа соққылап Солтүстік Ғұн тәңірқұтын Жин уей тауынан (Алтай тауы) батысқа Қаңлыға қарай асырғанда, олардың үріккен елінен көшке ілесе алмаған аш-арықтары Күшәннің солтүстігіндегі аймақтарын мекендеп қалды. Бұлар 200 мыңдай халық еді. Иелігіндегі жері мыңдаған шақырым келетін. Лияңжоулықтар оларды бұрынғысынша Тәңірқұт ханы деп атады. Бұлардың тұрмыс-салты, тілі Қаңғалармен (Қаңлылар) бірдей болды. Ал олар өздерін хулардың қай- қайсысынан да таза ұстайтын еді. Олар шаштарын қастарына дейін теңестіріп қиып (кекіл), оның үстін тақырайтып қырып, сары май жағу арқылы жалтыратады, күніне үш мәрте жуынып ауыз шайқайды, сосын барып тамақтанады, олардың оңтүстік шегарасында жанар тау бар». Бұл дерекке қарасақ, ғұндар Жетісудың солтүстігіндегі, Алтайдың батысындағы жерлерді мекендеген. Тілі қаңғалармен бірдей екені анық болса, Түрік тілінде сөйлеген деп кесім айтуға да болады. Олардың оңтүстігендегі көршілері қаңлылар болған. Ол туралы қатарлас былай айтылған: «Шаш елі (Ташкентті меңзейді) бұрынғы Қаңлы елі. Ферғананың солтүстік батысында, Дәйдан 15 450 шақырым шалғайда», – деуіне қарағанда қаңлылар елінің өрісі бұрынғыдан тарылғанын байқауға болады, бұрын олардың өріс-қонысы мыңдаған шақырымға созылып жататын. Сонымен қатар 4-ғасырдағы Жужан қағанаты да осы Иұрпандармен одақтасып Усүндерге шабуыл жасайды, олар (Усүндер) Памир тауларының терең қойнауларына қарай көшеді. Сонымен қатар Жужандар да Иұрпандарға қаратқан шапқыншылығын үдете түседі. Сол уақытта батыс Моңғолия мен Сіберия, Саян-Алтайда Жужандармен бәсекелес Қаңғарлар Алтайда бас көтереді, 487 жылы олардың көсемі Абұқтыра Жужандардан дербестік алып, 100 мың адамымен батысқа көшеді. Бізше Иұрпан мемлекетін осы Қаңғарлар аударған, себебі кейін осы Қаңғар яғни Теле (Деңлеңдердің кейінгі атауы) тайпалары Каспийге дейін мекендеген еді. Ғұн Эфталиттер мемлекеті «Абдал (Эфталит немесе ақ Ғұндар) ұлы Нүкүздермен нәсілдес. Оны Қаңғаның өзге тармағы деп те айтады. Арғы тегі Қытай қорғанының солтүстігінен (Ғұн жерінен). Жері Алтынтаудың (Күнлүн тауының бір сілемі) оңтүстігінен Ұдұнның (Хотан) батысындағы, Уакса судың оңтүстігіндегі 200 шақырымнан астам алқапты алып жатыр. Чаң Анға дейін 10 100 шақырым алыста. Ордасы Падиян қаласында (Бадақшан), Ражагрха осы болар, қала аумағы он шақты шақырым, ғибадатханалары көбінде алтынмен әшекейленген мұнаралы болып келеді. Салты Түріктермен қарайлас. Бұлардың салтында бірнеше ағайынды бір әйел алады. Күйеуі жалқы жігіт болса, әйелі басына бір мүйізшек киеді. Егер ағайынды бірнешеу болса әйелі бөркіндегі мүйізшекті сол санға туралайды, киіміне шашақ баулар тағады. Шашын қайшымен алдырады. Тілі Жужандікіне, Қаңғаныкіне, не басқа хуларға ұқсамайды. 100 мыңдай жасағы бар, қала салмайды. Суат пен өрістің жағдайына қарай көшіп жүреді. Киізден үй тігіп, жазда салқын жерде, қыста шуақты жерде тұрады. Әйелдерін бір-бірінен 200-300 шақырым бөлек-бөлек жерлерге орналастырады. Ханы ауа райына қарай жылжып, ай сайын қоныс жаңалайды. Қыс кезінде наурызда ғана көшпейді. Тақты балаға мирас ету шарт емес, баласы мен інілерінің қай-қайсысының таққа отыруына болады. Өлген соң тақ екіншісіне қалады. Бұл елде арба жоқ, балдаха ғана бар. Түйе мен жылқы түлігі көп. Заңы қатаң, ұрыларға ұрлаған затының аз-көп болуына қарамай белін үзу жазасы беріледі. Ұрлаған нәрсе он есе болып төленеді. Өлген адамды жерлегенде, ол бай болса, тастан оба тұрғызылып денесі жасырылады. Кедей болса жерге қазып көмеді. Бойындағы нәрселер көрге бірге қойылады. Адамдары адуын, жауынгер келеді. Бұларға батыс өңірдегі қаңлы, ұдұн, шалық, парфия болып жиыны 30-дай ел бағынды, сонан өздерін ірі елміз деп дариды. Жужанмен қыз алысып құда болды.  492-509 жылдары әр жылы сарайға тарту әкеліп тұрды. 524 жылы бір арыстан тарту етуге елшісін жіберді... 532-534 жылдарыдан соң тарту әкелмейтін болды...».

Бұл – 4-ғасырдың соңы мен 5-ғасырдағы Қытайды басып алған Тоба сәнбейлердің Уей мемлекетінің тарихынан алынған деректер. Деректе бұлардың Ғұн жерінен келгені айтылып отыр. Бұларды Нүкүзбен нәсілдес дегені бұдан бұрын осы алапқа ауып келген 400 мың Нүкүзге келіп оларға сіңіп кеткен ғұндар екенін білеміз. Бұлар 370 жылдары Жужандар бас көтерген сәттерде Алтайдан бері көшіп Қазақстанның оңтүстік алаптары мен Ферғана ойпатын басып алған. Қаңлыларды қамтыған Арал теңізі мен Сыр бойы, Талас алқабы, Мәуераннахр, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Хотанды қамтыған империя болған. 420 жылдары Ақ Ғұндар Әмудария алабына келіп, Сасанилармен соғысқан да, жеңіліп шегінген.  Онан құлдырай бастаған Нүкүздердің құрған Күшан империясына қауіп төндірген және оны басып алып, Сасаниларды 453 жылы ойсырата жеңеді. Ыңғайына қарағанда бұлар жерлік тайпалармен тоғысып, тілі парсы тіліне ауысқаны байқалады, өйткені деректе тілі Қаңғаларға ұқсамайды делінген. 484 жылы тағы да Сасанилерді жеңіп патшасын өлтіреді, онан ілгерілеп Үнді жеріне шабуыл жасайды. Сондай-ақ шығыс солтүстігінде Қаңғарлармен Жоңғарияға таласып көп соғысады. 6-ғасырдың басында Жужандар әлсірей бастаған орайда Тарым ойпатындағы қалаларды басып алады. 558-567 жылдары Сасанилармен Көктүріктер  осы елді қыспаққа алып, бөлісіп басып алады.

– Ғұнның соңғы кезеңіндегі ірі оқиғалардың бірі – ғұндардың батысқа кетуі. Осы процесстің ұзын ырғасы қалай жүрді екен?

– Арада екі ғасыр бойы ғұндар қазақ даласын қоныстанады. Ғұнның осы екі ғасырда қазақ жеріндегі тарихы туралы деректер сақталмаған. Демек ғұндар Қаңлы, Усүндермен араласқан. 370 жылы ғұндар Еділ өзені бойына пайда бола кетіп Аландарды ойсырата жеңіп олардың патшасын өлтіреді. Аландарды қуғындаған бойда шығыс Еуропадағы Герман тайпаларын жеңіп оларды батысқа тықсырады. Батысқа ығысқан Герман тайпалары Рим империясының іргесіне келіп тіреледі. Аттиланың тұсында Ғұндар Орта Азия мен Рейн өзеніне дейінгі алапта Ғұн империясын құрады. Батысқа аттанған Ғұнның ішінде Қаңлы, Усүндер де мол болғаны анық. Ал Алтайда қалған Ғұндар 370 жылдары оңтүстікке ойысып Ферғананы алып, онан ары кеңейіп Эфталиттер мемлекетін құрады. Ғұндарды қазақ даласынан батысқа қарай көшуге итермелеген, сірә, кімдер? Ерте ғасырдағы Деңлең ұрпағы Телелер Каспийге дейінгі алапқа қоныстанған болатын. Деңлеңдер болу мүмкіндігі ең күшті. Деңлең Телелер Қазақ даласын Ғұндардан тартып алғаннан кейін бір бөлім Ғұндар мен Қаңлылар қазақ даласында қалды да, қалғандары Еуропаға кетіп «Батыс Ғұн империясын» құрды. Кейінгі Теле тайпаларының ішінде де Ғұндар мен Қаңлылар болды деуге болады.

Төлес тайпалары Төлестер жаңа эрадан бұрынғы 3-ғасырдан жаңа эраның 4- ғасырына дейін көне Қытай тарихнамаларында 丁零 (Деңлең) 丁令 (Деңлең), 丁灵 (Деңлең) деп жазылған. 4-6- ғасырларда 高车 (қаңғар, гаучы) биік арбалылар, қаңғарлар деп аталған, бұлардың батысы қаңлылар еді, бәлкім қаңлылардан көп парықсыз бір текті ел болса керек. 6-8 ғасырларда Теле (铁勒) атанған. Мекені батыс солтүстік Моңғолия, Селенгіден батысқа қарай; Байқал көлінің батыс жағы. Көршілері: қыпшақ, кенгүндер, батыс өңтүстігі қаңлылар болған. Кейінгі Жужандардың ең басты қарсыласы осы Теле тайпалары болған. Аңыз бойынша олар Ғұн тәңірқұтының арлан бөрімен қосылған қызынан тараған. Есебі нәсілі еуропеид болған ұқсайды. Кейінгі оғыз, қаңлы, ұйғұр, қарлық, қыпшақ, сыр тардұш, найман, қимақ, қалачтар осы телелерден шыққан. Олар туралы: 

«Теле тайпаларының қатарында бүркіт, тоңыра, құйғыр, байырқы, бұғыра рулары; бұлар тула өзенінің солтүстігінде тұрған; Мөнден, танағыр, сегет, ғұн, қоқсыр, деген арыстарының соғысқа жарамды адамы 20 мыңдай. Үбірдің батысы мен Әнгенің терістігіндегі ақ тауды қапталдай қыбыт, бұлақшық, едер, сұба, нағар, оғыз, қырғұт, ядыр, иүрегірлер отырады. Бұлардың да соғысқа жарайтын адамы 20 мыңдай. Алтайдың батыс күнгейінде сыр-енда, тайнақ, зыбан, тарғыттар мекендейді. Бұларда жорыққа 10 мыңдай адам аттандыра алады. Қаңлының теріскейіндегі Еділ өзенінің бойын едіз, ғажар, барғұт, биған, қоқы, қабыш, ажасу, баяуыт, кердерілер мекендейді, бұларда жорыққа 30 мың адам аттандыра алады. Теңіз көлінің шығыс және батыс жағалауларында салар, қият, үш сақсын, марсұқ, сақыралар отырады. Бұларда 8 мыңдай жасақ бар. Пұрұмның батысында ұңғұт, алан, печенек, құлас, барғұндар мекендейді, бұларда 20 мыңдай жан бар. Солтүстік теңіздің күнгейінде тыбалар отырады.

Бұл деректегі телелердің батысы Каспийге дейін созылған, бұрынғы Сақ, Қаңлылардың жалғасы іспетті. Бұнда батыс Қазақстандада баяуыт, қият деген тайпалардың барын білдік, бұлар кейінгі Ергенеқоңнан шыққан Моғұл түрік руларындада бар, Рашид-ад-динның айтуынша, оларда тегінде Тараз жақтан Оғыз ханнан жеңіліп шығысқа кеткендер екен, бәлкім солардың осы тарапта қалғандары болса керек. Печенек, салар рулары кейін оғыздарға қосылады да, оғыздың 24 тайпасының бірі болады. Кейін Көктүріктер бас көтергенде де осы төлестерді бағындырғаннан кейін барып шексіз қуатқа жетеді.

Демек Ғұндардың Қазақстандағы қимылы 700 жылдан асып жығылады (эрамыздан бұрынғы 174 жылдан Эфталит мемлекеті жойылған 576 жылға дейін), Ғұндар ауып келгеннен кейінде Қазақ жерінде үш мемлекет құрды (Иүрпан, Эфталит, Аттила мемлекеттері), демек Ғұндардың Қазақ даласымен Қазақ тарихындағы ролі аса терең деуге болады.

– Ғұндардың саяси тарихтан жойылуы – олардың бір жола жоғалып кеткенінен дерек бермесі анық. Генетикалық тұрғыда қазіргі елдердің қайсына туыс деуге болады?

– Ғұндардың қандай нәсілге жататындығы туралы талас-тартыстар көп, әлі өз шешімін таппаған мәселе. Жақынғы жылдардағы генетика ғылымының дамуы ғұндардың қандай нәсілге жататынын, тегінің қайсы халық пен тайпаға жақын екенін көрсетіп бере алатын ғылми зерттеу әдістері жағынан өз көмегін көрсетуде, десе де бұл жағындағы зерттеулер толық деуден аулақпыз. Дегенмен сол зерттеу натижесінің қортындысымен таныса кетуді жөн көріп отырмыз.

Қытайдың Жилин университеді зертханасы ежелгі ғұн молаларынан алынған сүйектерден үлгі алып оған митохондрия DNA(мtDNA) арқылы аналық жүйесіне зерттеу жасады, ғылымда адамның бет-пішін ерекшелігі негізі аналық жүйе арқылы белгіленеді. Ғылымда A, B, C, D, F, G қатарлы гаполгруп типтерін азиялықтарнға тән, ал U, K, N, V, T қатарлы типтерді еуропалықтарға тән деп қарайды. 2007 жылы  Моңғолия ұлттық музейі ұйымдастырған группа Хангай аймағы, Хоттент сұмыны, Уланчаруба Гохураха тауы қойнауындағы молаларды екінші рет қазды, ұқсамаған дәуірдегі 15 моланы қазды. М21 нөмірлі молада 35 жастардағы ер адам, оның антропологиялық тұрғыдан солтүстік азиялық моңғолойд деп тұрақтандырды, жылын С атомы арқылы 2170 жыл бұрын деп тұрақтандырды, осы тектес 21 молаға анализ жасалды.

2003 жылы Keyser-Tracqui қатарлы 9 маман Моңғолияның Egyin Gol өзені бойындағы молаларға зерттеу жүргізіп 62 адамның сүйегін зерттеді, олардың  mtDNA-ына және Y-хромосомасына сараптама жасады. Нәтижеде 46 ғұнның  89%-ы азияттық аналық жүйеге тән екенін көрсетті, олар A(17.4%), B4b(2.2%), C(13%), D4(36.9%), D5/D5a (4.3%), F1b(8.7%), G2a(2.2%) және M(4.3%),  бұның ішіндегі D4 қазіргі күнде де солтүстік азиялақтардың аналық жүйесінде ең көп кездеседі.

2010 жылы Ким қатарлылар Моңғолияның шығыс солтүстігіндегі Дурлин нарыс деген жердегі ғұн ақсүйегінің моласындағы 3 сүйекке ғылми анализ жасады, ондағы бір ер адамның гаплогрубы R1a1 және бір ер адамның гаплогубы C2 болып шықты.

– Ал ғұндардың тілі туралы не айтуға болады?

– Ғұндардың тілі туралы да талас-тартыстар көп, әлі ешқандай шешім тапқан жоқ. «Тәңірқұт Луантек  затынан (руынан) қойылады. Елі оны "Тәңірдің гөдегі – Тәңіркүт деп атайды. Ғұндар көкті (аспанды) “тәңірі", ұлды “годек” дейді. Тәңірқұт (Занғуағ) немесе (Занғұғ) – дарқан (шексіз кең) деген мағынада, яғыни аспандай аялы деген сөз.»

Ғұндардың сірә қай тілде сөйлегені туралы әлі талас-тартыстар бар, оған себеп олардан жеткен сөздердің тым аздығына байланысты. Тіл мамандары ғұндарды неше түрлі тілде сөйлеген болуы мүмкін деп қарайды, бір тобы түркі тілінде сөйлеген десе, енді бір тобы моңғол тілінде сөйлеген дейді. Тіпті оларды иран тілінде, қытай-тибет тілінде, орал тілдерінде, енесей тілінде сөйлеген деген болжамдар бар.

Ғұн тілі

Қытайша мағынасы

Ғу, түрік, моңғол тілдерінде

1

撐犁(thrang rii)

天(құдай, тәңір)

Tangri(Түрікше)
Tangri、Tangere(моңғолша)

2

孤涂(孤屠)(ko dek)

子(ұрпақ, ұл)

gute、hute(дұңху)

3

單于(dar wa)

廣大(кең)

Cinkai(дұңху)
Cinkda(моңғол)

4

冒頓(Bao dug)

Bogda、Bogdo(моңғол, түрік)

5

閼氏(Yet dze)

妻(Ханымы, әйелі)

Asi(дұңху)
izi(моңғол)Еже(қырғыз)

6

頭曼(tou man)

萬(түмен)

Tuman(Дұңху, түрік, моңғол)

7

逼落(piak lak)

a.冢(Үй)
b.種

Dara(моңғол)
Vtara(Дұңху, түрік, моңғол)

8

甌脫(au tuat)

室(Бөлме)

Saka(дұңху)
Ceke、Sere(моңғол)
Sagatex(түрік)

9

屠耆(da giei)

賢(Кемеңгер, дөкей)

Voda、vota(Дұңху, түрік, моңғол)

10

徑路 (kieng lak)

刀(Пышақ)

Uyngyrar(Түрік)

11

居次(gu si)

女(қыз, әйел)

Kyz(қыз)(түрік)

12

祁連(giei lian)

天(Тәңір, аспан)

kilem(дұңху)

13

若鞮(ŋiak tie )

孝(опа, қайыр)

sakati(дұңху)
suhutai(моңғол)

14

比余(piei ʎia)

櫛(Тарақ)

Psi、pit(Когуре)
Fesu(Мажар)

15

胥紕(sia piei )

a.瑞獸
b.鉤(ілгек)

Sabintu(дұңху)
votk(дұңху, түрік, моңғол)

16

熐蠡(miet lie)

聚落( топтасу, қоныстану)

Falan(дұңху)
Balgha-sun(моңғол)
Balik(түрік)

17

服匿 biauk niak

缶(қыш бұйым)

Butun(дұңху)
putung(моңғол)

– Қызықты деректерге толы әңгімең үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?