Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Саят құстарына пайдаланатын жабдықтар IІ бөлім

2876
Саят құстарына пайдаланатын жабдықтар IІ бөлім - e-history.kz

Қазақ халқының ұзақ тарихта қалыптасқан саятшылық дәстүрінің аса бай екенін осыған дейінгі жазбаларымызда да айтып келе жатырмыз. Сол дәстүрді байыта түсетін, әдетте көзге түсе бермейтін құсты баптап, баулу, ұстау секілді жақтарда пайдаланылатын әр түрлі құрал-жабдықтар мен құс жемінің түрлері бар. Өткен жазбаларымызда біз құсты баптап-баулуда пайдаланылатын жабдықтардың біраз түрін айтқан едік, бұл жазбада сонымен қатар құс жарасын қалай емдейтіні туралы да сөз етеміз.

Жеген жемін сығып алу.

Әдетте құс салып саят құрып жүргенде, құсты аңға ұзақтан жіберіп, құс алған аңын иесі барғанша жәркемдеп жеп қатты тойып алса, онда құсты жалғасты салу үшін дереу жемсауындағы жемін еппен сығып құстың ауызынан қайта шығарып алады. Міне, бұл «құстың жеген жемін сығып алу» деп аталады.

Күшала үрдеу.

Егер құсты енді салмаймын ғой деп жем беріп тойғызып қойғанда, аяқ астынан қадірлі кісілер мен қимас дос-жарандар келіп: «Өзіңді құс салып саят құрып беруге қолқалап келдім» десе, немесе құсты шұғыл аңға салмаса болмайтындай жағдай болып қалса, онда біраз күшаланы ұнтақтап суға салып езіп, түтікпен құстың жемсауына үрлеп жіберсе, бүркіт ішкен-жеген жем мен суын бір-ақ құсып тастайды да, оны қайта сала беруге болады. Алайда, күшала улы зат болғандықтан, оны құсқа өлшемнен артық беруге болмайды. Артық берілсе құстың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.

Ілмі жұтқызу (құю).

Ілмі жұтқызу дегеніміз бүркітке қант қосқан қызыл шай беру деген сөз.

Әдетте ілміні құсты алғаш ұстағанда іш майынан айыру және құстың ішін тазалау үшін құсқа құяды. Себебі, ол құстың ішін тазартып, денесін сергітіп, етін қатырып шыңдап, шынықтырады.

Қызыл тұз құю.

Қызыл тұз құю – жеген жемі сіңбей, аңға зауқы соқпаған кезде бір шыны шайға салатындай қызыл тұзды қызыл шайға салып ерітіп барып қыран құсқа құятын тұзды шай. Әдетте қызыл тұз жемі сіңбей, аңға ұшпай қалған құстарға құйылса, ол құстың жемсауы мен жұмыршағын күйдіріп, құстың қимылын тездетіп, тағатын кетіреді де, көзіне көрінген аңға ұшады. Ал, қызыл тұзды құстың көзіне бүріксе, ол аңға өршелене, өшіге шабуылдайды.

Қант және қар жұтқызу.

Әдетте қыран құстар саят құрып жүргенде тоқтықтан аңға ұшпай қойса, онда табанда құстың ішіне қант салып және сықпалап қар жұтқызып жіберсе, біраздан соң құс саңғырып, қарыны ашып, тәбеті ашылып, тіленіп шыға келеді. Ал, кішкене қырандарға көбінде қант салады (жұтқызады). Қант салған қаршыға, сұңқар, лашын, тұрымтай, бидайықтар табанда сергіп, серпіліп аң-құсқа ерекше шабытпен шүйіледі.

Мүсәтір құю.

Әдетте құсбегілер құсын көтеріп саятқа шыққанда құсқа қажетті кейбір заттар мен кейбір дәрі-дәрмектер дер кезінде табыла бермейтіндіктен, дәрілер мен әдіс амалдарды алма-кезек қолдануға мәжбүр болады. Сондықтан кейде қоя салуға мүмкіндік болмай, күшәла мен зерде табылмаса, онда құсты құстырып, жемсауын тазарту үшін құсқа аз мөлшерде мүсәтір құйып құстырып, ішін айдатады. Міне, бұл «мүсәтір құю» делінеді.

Бөртпе.

Бөртпе – жапырақтап турап, майлары мен сіңірлерін шығарып тастаған соң суық суға бір күн бойы шылап қойған шикі жас ет. Мұны еті сәл көтеріліп қалған саят құстарына береді. Алайда, оның суда өте ұзақ уақыт тұрып сасып, борсып кетуінен сақтану керек. Олай болмағанда құстың денсаулығын бұзып, шабыт күшіне кері ықпал жасайды. Алайда, жемдеу мен бағып-баптаудың ағаттықтары салдарынан, кейде құстың жемсауында әр түрлі жем қалдықтары мен жүн-жұрқа секілді заттар қалып қойып, саят құстардың денсаулығы мен шабытына нұқсан келтіреді. Әне, сондай кездерде олардың жемсауына әр түрлі қоялар салып тазалап, денсаулығы мен шабытын қалпына келтіреді.

Қоя.

Қоя – саят құстарының жеген жемдерінен бөтегелерінде қалып қойып бұзылған жем қалдықтары мен қыл-қыбыр, жүн-жұрқа секілді қоқыс заттарды жемсауынан айдап шығару үшін, құстың көмейіне нығап салып жіберетін құрым кигіз, түйенің шудасы, кендір, шүберек секілді заттардан жұмарлап орап жасалған заттар мен қарандыз, шілік секілді өсімдіктермен арнайы әзірленген зат. Әдетте қоя салынған құстар оны біраз уақыттан кейін қайта құсып тастайды. Сонда қоя құс ішіндегі лас заттарды өзімен бірге алып түседі.

Зерде.

Зерде – саят құстарының үлкен-кішілігіне қарай, олардың тамағынан емін-еркін өтетіндей (қоя сияқты) етіп таза кездемеден тігіп, ішіне тұз салып ауызын бекітіп немесе тұзға шылап, жұмарлап ораған түйенің шудасын дайындап алған соң құсқа бір ұрттам су құйып барып, артынша оған жұтқызып жіберетін тұзды қоя. Тұзды қояны көбінде саят құстарының жемсауында қалып бұзылған жем қалдықтарын тазалап, жемсауын түзеу үшін пайдаланады. Бұлардан тыс, саят құстарының арық-семіз, ыстық-суығына қарай пайдаланылатын «қарандыз қоя», «шілік қоя», «кендір қоя», «қар қоя» және қамыстың басындағы үкіден жасалған «уілдірік қоя» секілді қоялар да болады. Кейде тұзды түйенің шудасына орап жұтқызып жіберсе де тамаша зерде болады.

Саят құстарына бау аштырғанда қолданатын амалдар.

Түз құстарын ұстап бағып-баптап жуасытып, әбден бабына келтіріп қайырған соң, оларға шырға тартып ілдіріп, далбай мен есірік бастырып ресми бау аштырып, олардың батпалуының қалай, алғырлығының қай деңгейде екендігін байқайды.

Шырға.

Шырға – елік, қарақұйрық секлді аңдардың кесіп алынған басына түлкі тектес аңдардың құйрығы тағылған, немесе түлкі, суыр тектес аңдардың терісінен жүн-жұрқа нығап аңға ұқсатып жасалған зат.

Есірік.

Есірік – түзден жаңа ұстап әкеліп біраз уақыт бағып-баптап жуасытып, бабына келтіріп қайырған саят құстарына тұңғыш рет бау аштыруға пайдаланатын аяқтары бүгіліп байланған, қашып кете алмастай жараланған немесе аяқтары сындырылып, жанталастырып бүркітке бастыру үшін қоя берілген тірі елік, түлкі, қоян секілді аң.

Далбай.

Далбай – қанаты қырқылып, топшылары сындырылып далбырлатып қоя беріп, тұңғыш рет бау аштыратын қаршыға, лашын, сұңқар, қырғи сияқты саят құстарына ілдіретін тірі құр, кекілік, қырғауыл, үйрек секілді құстар.

Бүркіттің жасы қалай айтылады?

Қазақ құсбегілері мен саятшылары, әдетте адамдарды, малдарды пәлен жасқа келді деп айтқанмен, кейбір жан-жануарларды, әсіресе бүркіттерді олай айтпай, оларды балапан, тірнек, тастүлек, ана, қана, құмтүлек, қу түлек, сұм түлек, қоңыр түлек, ақырғы түлек, қантүбіт, майтүбіт, көктүбіт, қандыбалақ, мұзбалақ, барқын, баршын, кәрі, мола, шөгел деп атайды. Бұл олардың жасын бірде, екіде деп айтқанмен бірдей сөз. Құсбегілер бұл атауларға қарап құстың қаншаға келгенін біліп отырады.

Саят құстарының сынған, мертіккен жерлерін емдеу тәсілдері.

Саят құстарын бағып-баулып, әбден бабына келтіріп болған соң, олардың дене мүшелері мен қанат-құйрықтарының ақаусыз болуына ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, саят құсының көзі сау болмаса, нысанасын жақсы көре алмай аң-құсқа жаза түседі. Қанат-құйрығы кем болса, көкте еркін самғап, алатын аң-құсына дегендей түсе алмайды. Аяқ саусақтары кем болса, ұстаған аң-құсынан айырылып қалады немесе өзі жазым болып, дене мүшелері мертігеді. Әне, сондай кезде құстардың сынған, мертіккен дер кезінде дәрілеп таңып жақсы емдеу қажет.

Саусақтары жараланса, сынса қалай істеу керек?

Егер саят құстарының саусақтары жараланса дер кезінде дәрілеп таңып қою керек. Ал, сынса, онда сол сынған жерінің көлеміне өлшеп бір жұмыр ағашты ортасынан жарып ойып (екеуінің ортасына құстың саусағы оралғанда дәл беттесетіндей етіп), құстың сынған саусағын орнына келтіріп түзулеп орап, оның сыртынан ортасын ойған екі науша ағашты кидіріп, сыртынан орап таңып тастау керек. Сонда саусақ 40-45 күн мөлшерінде жазылып кетеді.

Жез, мыс тұяқ салу.

Құс салып саят құруда әрқандай қауіп-қатердің барлығы да болады. Тіпті, құсты жыртқыш аңдар өлтіріп кетеді. Ал, өлтірмеген күннің өзінде аяғын шайнап, қара тұяқтарын жұлып тастайтын сәттер жиі кездесіп тұрады. Әне, сондай кездерде тәжірибелі саятшылар табылса оның орнына басқа құстардың тұяғын жалғап салады. Ал, табылмаса мыс немесе жезден қаптамалы тұяқ орнатып салып, құсының кемдігін толықтап алады.

Онда жұлынып қалған тұяқ тұқылын дәрілеп сауықтырып алған соң, оның сыртына жұмсақ кездеме орап, оның сыртынан арнаулы жасалған мыс тұяқты кигізіп мықтап байлап таңып тастайды. Кейбір мыс, жез тұяқтардың артын топсалы етіп жасайды, олардың ұшы үшкір болып, ондай тұяқтар табиғи тұяқтан кем түспейді.

Саусақ буындары тайса не істеу керек?

Егер саят құру барысында қыран құстардың саусақ буындары абайсызда тайып кетсе, сол тайған буындарын еппен орнына салып орап таңып, буын томпақшасының екі жағынан буынға дәл келетіндей екі науаша ойып, оларды шыққан саусақ буынның асты-үстінен беттестіріп қойып, сыртын жұмсақ жіп немесе шүберекпен орап таңып қою қажет. Сонда тайған саусақ біраз уақыттан кейін жазылып кетеді.

Қанат-құйрықтары сынса қайту керек?

Әдетте түз тағылары саят құстарының тұяғы өздеріне тиген заман, олармен жанталаса алысып, орай тауып құтылып кетуге күш салып бағады. Әне, сондай кезде саят құстары да тұяқтарын оларға терең батырып, қалайда айырылмауға тырысады. Осы барыста оның денесіндегі жүндері төгіліп, қанат-құйрықтары сынады. Егер, сондай кездерде құстың қанат шалғысы қауырсын түбінен сынып қалса, сынған жерінен, түпкі ақ қауырсын жағын шаршылап қиып (бір-біріне жымдасатындай етіп), онан соң, азырақ ағаш желімін ерітіп, қиып жымдастырған қауырсынның қуыстарына (екеуін бір-біріне жалғап тұратындай) 4-5 сантиметр жіңішке ши, тобылғы шырпы сияқты нәрсені еріткен желімге батырып алып, екі басын сынған қауырсынның екі жақ қуысына жүгіртіп жіберіп, бір-біріне жақындастырып жымдастырып байлап қойса, сау қауырсындай болып шыға келеді.

Саят құстарының қанат сүйектерін таңу әдісі.

Саят құстарының екі қанат сүйегі үлкен үш бөліктен құрам табады. Оның ең түпкісі – түтік сүйек, ортаңғысы – жанама түтік сүйек, ең ұшындағысы – бәшке сүйек (шалғы сүйегі) деп аталады. Егер құстың ең түпкі түтікше сүйегі сынса, оны мақта, даке, шүберек секілді заттарды қалыңдау етіп асты-үстіне төсеп, қанатты жинап (құстың отырғандағы бейнесіне келтіріп), оның сыртынан (кесек қауырсындарын алып тастап) жіңішке жіппен таңып тастау керек. Сонда ол 40-60 күн мөлшерінде сауығып кетеді.

Қанаттың екінші түтікше сүйегі және үшінші башке қанат сүйегі сынса да, құстың қанатын жиып қомдап, жоғарыдағы әдіс бойынша біржақтылы ету керек.

Міне бұлар – саят құстарының күтіп баптау мен асырауға қатысты әдіс-тәсілдер.

Пайдаланған әдебиеттер:

А. Нүспоқасұлы. Ит жүгіртіп, құс салу. Шыңжаң жастар-өрендер баспасы. 2012 ж.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?