Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ спортының тарихы тым тереңде жатыр...

1858
Қазақ спортының тарихы тым тереңде жатыр... - e-history.kz

Дүрәлі Дүйсебай, ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазақ спорты», «Спорт» газеттерінің бас редакторы. Қазақстан Журналистер одағы сондай-ақ С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері. 

- Дүрәлі аға, сіз біраз ғұмырыңызды қазақ спортының жылнамасын зерделеуге арнадыңыз ғой. Әуелгі әңгіме төркінін осыдан бастасақ қайтеді?

- Спорт ұғымы сонау антикалық, ежелгі грек олимпиалық ойындарының пайда болу кезеңінен бастап адамзат өміріне етене еніп, кіріге бастады. Кейіннен бүгінгі Олимпиадалық қозғалысты (заманауи I Олимпиадалық ойын 1896 жылы ежелгі Олимпиада идеясы жарқ еткен Грекия астанасы Афиныда өтті) қоса есептегенде, ресмиленген спорт тек дене күшін жетілдірудің, жоғары көрсеткішке жетудің нысаны ғана болып қоймай, ел-жұрттың көңіл-күйін көтеру, интеллектуалдық ой-өрісін кеңейтудің, отандастарының жеңістері, жетістіктері арқылы өз еліне деген мақтаныш сезімін де қалыптастыру құралына айнала бастағанын байқау қиын емес.

Осы күнге дейін антикалық олимпиада қозғалысымен малданып келген біз бүгінде осы қозғалысқа о бастан бұрынғы ата-бабаларымыз – түркілердің де ат жалын тарта мініп, атқа қатысты талай ойындарды дүниеге әкелгенін, оның кейіннен осы біз ежелгі ойындар деп отырған олимпиадалық қозғалысқа зор үлес қосқанын мақтан тұтуға тиіспіз. Тек атқа қатысты ғана қырыққа жуық спорт түрі ежелгі түріктерден келгенін ескерсек, мұның ептеп ақиқатқа жақын екенін байқау қиын емес. Бұған аттың көне қазақ жерінде ауыздықталып, қолға үйретілгенін қосыңыз. Ендеше ежелгі олимпиадалық қозғалысқа, жалпы спорттық қозғалысқа біздің де қосқан үлесіміз орасан зор болып шығады деген ойдамын. Оны Халықаралық олимпиадалық комитет (бұдан әрі – ХОК) қолдар-қолдамас, бірақ өзіміздің біліп, осындай мықты ел болғанымызды көңілге демеу санап, масаттанып жүргеніміз де әділдікке жақындау болар еді.

Тіпті, одан беріде де спорт («sport», «dеsport») бұрынғы ата-бабаларымыздың кез келген жиын-тойы, бәсеке ортасында нағыз күш сынасар нысаны болған. Ең көне жырдардың қатарындағы «Алпамыс батыр», «Қобыланды батырды» ертегілер мен ауыз әдебиетінің өзге де үлгілеріне көз жүгіртсеңіз бұған ешқанда да күмән қалмайды. Спорттың (дұрысы, ұлттық ойын – ұлттық спорт, бұдан әрі – спорт) мұндағы мәні мен мағынасы мынаған саяды: көп уақытқа созылған екеуара ұрыстан шаршаған кезде. Екі жақ әбден соғысып, ырың-жырың болып қалжырап, әбден зәрезап болып қожыраған ел де, майданның өтінде, аттың жалы, түйенің қомында жүрген ер-азаматтар да бір дамылдаудың амалы осы түрлі ойындар арқылы (ат жарыс – аламан бәйге, дөнен жарыс, тай жарыс, аударыспақ, жамбы ату, найзаласу, қылыштасу, көкпар тарту, т.т) жеңілдеп, есін жиған. Ұрысты белгілі бір уақытқа дейін тоқтатып, бейбіт күн кешкен. Келе-келе бұл екі ел (қалмақ-қазақ, жоңғар-қазақ, қызылбас-қазақ, парсы-қазақ, т.т), ру-ру арасында өтетін сайыстарға, күш сынасып, кімнің мықты, кімнің әлсіз екенін анықтауға мүскіндік берген. Ежелгі Олимпиалық ойындар кезінде де осындай мақсат көзделген. Бір қызығы, Олимпия қаласында жарыс басталған кезде (шамамен біздің заманымызға дейінгі 884 жыл) бүкіл Эллада жеріндегі соғыс атаулы тоқтатылып, қасиетті бейбітшілік күндер жарияланатын болған. Бір-бірін атарға оғы болмай жүрген қалалардың спортшылары Олимп етегінде бейбіт сайысқа түсіп жататын болған.

Халық жер дауы, жесір дауы, құн дауы секілді кейбір кикілжің жағдайларды да ара-тұра осылай шешіп отырған. Алайда, қай тұрғыдан келсек те, спорттың тәрбиелік мәні менмұндалап тұратыны рас. Тәрбиелік мәні дегенде, патриоттық, отансүйгіштің мағынада.

Біз әлгінде батырлар және лиро-эпостық жырлар, халық ертегілері және жалпы, қазақтың ауыз әдебиетіндегі ұлттық ойындардың осы спорт атауына дейін-ақ осы спорттың миссиясын ара-тұра атқарып келгенін айттық. Ауыз әдебиетінің жоғарыдағы кез келген түрі де бүгінге дейін мұрты бұзылмай жеткен ойындарымыздың халқымыздың төл мәдениетіне айналып, игілігін асырып келеді.

Бүгінге жеткен жаңа Олимпиадалық ойындардың ұйымдастырушысы француз Пьер де Кубертеннің (Пьер де Фреди барон де Кубертен) «Ода спорту» деген еңбегінде «О спорт! Сен – бейбітшіліксің!» деген бөлігінде:

«Ты устанавливаешь хорошие, добрые, дружественные отношения между народами.

Ты – согласие.

Ты сближаешь людей, жаждущих единства.

Ты учишь разноязыкую, разноплеменную молодежь
уважать друг друга.

Ты – источник благородного, мирного, дружеского соревнования.

Ты собираешь молодость – наше будущее, нашу надежду –
под мирные знамена.

О, спорт! Ты – мир!» деген жолдар бар (түпнұсқадан алшақтамуды көздеп орысша нұсқасында айтып отырмын).

Негізінен спорттың қоғамда алатын орнын тым ертеректе жазылса да (1896 жыл) нақты, дәл де анық көрсетіп кеткен еңбек екенін мойындау керек. Онда айтылатын басты ой да осы спорттың бейбіт өмірге үндейтіндігі. Тек үндеп қана қоймайды, ер мен ерді, ел мен елді бәсекелестіріп, жарыстырады да, өзара бәсекеге тартады. Ал бәсеке, жарыс бар жерде елдің намысы, ары мен ұжданы қатар жүретіні бар. Ендеше спорт – саясат та, бүгінгі ақпараттық соғыс, ақпараттық бәсеке жүріп жатқан заманда спорттың алатын орны өлшеусіз екендігі анық.

- Осы жерде өзіңіз жиі ауызға алатын Қажымұқан палуанның өмір дерегіне аз-кем аялдай кетсеңіз?

- Бұл жерде сонау бір замандарда өмір сүріп, секунд, сағат, күн санап өскен алыптарымызды, батырларымызды, тіпті, кейінгі Балуан Шолақтың да атын атамай-ақ қояйық, оны дәлелдеу үшін де тым алысқа барудың қажеті шамалы. Осы кеңестік кезеңге дейін қазақты әлем танушы ма еді? Қазақтың спортта таныла бастаған тұсы Қажымұқанның атымен тікелей байланысты. «Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы – Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажы Мұқан бабамыз еді.


679882b9213cb73c03ff97e61974708c.jpg


Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу – сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.

Небір бәсі биік балуанды алып та, шалып та жыққан батыр ұл түрлі лақап атпен (бірнеше лақап аты болған, соның ішінде сақталып қалғаны – Мухинура) талай елде олжа салған. Бірде «манчжур», бірде «жапон» деп келсе де, оны әлем қазақ деп таныған.

Содан өткен ғасырдың тек алпысыншы жылдары ғана еңсеміз көтеріліп, тіктеліп, спортымыз да жанданып, КСРО секілді алып елдің алдыңғы қатарлы жұртына айнала бастадық. Кеңес өкіметі тұсында біздің спортшылар қаншама жарыстарда топ жарып жүрсе де, халықаралық деңгейдегі бәсекелерге тек «ұлы» халықтың өкілдері ғана баратын. Алайда шын мықтыға кісен салсаң да, бұғауды жарып шығатыны секілді қалың «орманды» жарып өтіп, алғашқы халықаралық жарыстарға жолдама алған оғландарымыз да болды.

Бүкілодақтық жарыстарда талайдың таңын айырып, қазақ спортының деңгейін биік ареналардан көрскен балуандар Әбілсейіт Айханов, Амангелді Ғабсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Жақсылық Үшкемпіров, боксшы Әбдісалан Нұрмаханов КСРО ұлттық құрамасына бірден іліге қойған жоқ. Әсіресе, Ә.Айханов. Қазақтың Қажымұқаннан кейінгі алып ұлдарының бірі де бірегейі орыстың әлемдік жарыстарда топтың алдын бермей жүрген Иваницкий, Медведь сынды түйе балуандарының жауырынын жерге талай қадаса да, елден еш шыға алмады. Майда-шүйде жарыстармен ғана шектелді. Ол кезде КСРО ішіндегі бәсекенің тым күшті болғанын әрі халықаралық додаға жолдама алғанның қай-қайсысы да тек жүлдемен келетінін ескерсек, бұл өкінішті-ақ еді. Сол А.Медведь Әбілсейіт балуанды бір рет те ұта алмай, үш рет «таяқ жесе» де Олимпиаданың үш мәрте чемпионы болды. Ал сол Олимпиадаға Айханов барса ше? Онда қазақ спортында үлкен бір сілкіністің болатын анық еді-ау.

Осы жерде сөзімізді растай түсу үшін белгілі спорт журналисі М.Жанәділовтің «Sport» газетінде жарияланған сұхбатынан мысал келтіргенді жөн көріп отырмыз. «Сексенінші жылдардың соңына таман телекомитет басшылары Мәскеудегі орталық телеарна жанындағы білім жетілдіру институтында спорт коментаторларына арналған екі айлық арнаулы курсқа оқуға жіберді. Сонда Сергей Ческидов, Евгений Майоров, Николай Озеров, Александр Маслаченко және тағы басқа атақты спорт коментаторларынан дәріс алдық. Орталық телеарнадағы спорт редакциясының басшысы Олимпиада чемпионы Иваницкий деген балуан еді. Сол Иваницкий заманында одақтық жарыстарда біздің Әбілсейіт ағамыздан жеңіліп қалғанымен, жеме-жемге келгенде Олимпиадаға Әбекеңді емес, соны апарып, Иваницкий онда жеңіске жетті дегенді естігенім бар еді. Сәті келген бір күні мен ол кісіден Әбілсейіт аға туралы сұрадым. Олимпиада алдында Айхановтан ұтылып қалғаны жайлы әңгіменің шындыққа қаншалықты жанасатынын білгім келді. Ештеңені бүгіп қалған жоқ. «Иә, Әбілсейіт Айханов – Әбіл менің үлкен жүректі досым. Оның спортта жолы болмады. Сол жылдары Әбіл мені ғана емес, өзінің салмағындағы барлық мықтыларды тізе бүктірген болатын. Олимпиада алдында мен де ұтылдым. Бірақ басшылардың таңдауы маған түсті және мен ол сенімді ақтадым. Әбілсейіттің Олимпиадаға жолы түскенде чемпион атанатыны сөзсіз еді» деді.

Қатты риза болдым. Он бес республикадан жиналып, оқып жатқан спорт коментаторлары алдында мерейім бір өсіп қалды. Мен бұл туралы бұған дейін еш жерде айтып, жазбап едім» дейді Мейрам Базарұлы.

Нұрмаханов та сол күйді кешті. Кезінде оның күрзі жұдырығынан көз аша алмаған кейбір былғары қолғап иелерінің бақтары жанғанын көрдік, естідік. Тек ГАНЕФО (Джакарта, 1963) ойындарына ғана жіберуге мәжбүр болды сол кезгі бокс тұтқасын ұстап отырған басшылар. Қазақтың мейманасын асырып, бүкіл халқымыздың туын желбіретіп, сол жарыстан алтынмен апталып оралды Әбдісалан. Мұндай жетістікке кеңестік өзге спортшылар жете қойған жоқ еді. Сондықтан осы жеңісі үшін оған «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» деген атақ берілді.

Тек әскер қатарында жүріп, Молдавияның атынан КСРО құрамасының сапына енген Ғұман Қосановтың жолы болды. Рим Олимпиадасының күміс медалін жеңіп алып, қазақ деген халықтың бар екенін, олардың мықты халық екенін дәлелдеген батыр атанды.

Ал 100 метрлік қашықтыққа жүгіруден КСРО рекордын 6 мәрте жаңартқан Әмин Тұяқовтың жөні бөлек. Өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдары сол Тұяқовтың соңғы рекорды 10,4 секундқа тең болса, қазіргі рекорд сәл-ақ өзгерген: 9,58! Оның иесі – ямайкалық аңыз желаяқ Хусейн Болт. Осы аралықта 47 жыл өтсе де рекорд бар болғаны 0,6 секундқа ғана жаңарған. Бұл – осы замандағы техниканың қаншалықты дамуынан кейінгі көрсеткіш. Ал 1962 жылы аяқ киім де, жарыс жолы да, тіпті, жаттығу үдерісінің сапасы да бүгінгімен салыстыруға мүлде келмейді. Сондықтан Әмин ағамыздың жетістігі ерлікке пара-пар. Бұл азамат бүгін жүгірсе қалай болар еді деп қоятынымыз да бекер емес. Бірақ тарих шығыршығының кері айналмайтыны тағы бар.

Тұяқовтың сол рекорды, өшпес ерлігі қаншама өренді жүгіру жолына алып келгенін ескерсек, бұл спорттың тәрбиелік мәнін, патриоттық мағынасын анық түсінуге мәжбүрміз.

Қазақ баласының спорт аренасындағы әр жеңісі ұлттық рухымызды бір көтеріп тастап отырды. Мұндай жеңістерді кейіннен Ж.Үшкемпіров, Ш.Серіков, С.Қонақбаев жалғастыра түсті. Бертін келе әлемді былай қойып, Олимпиадалық ойындарда жиі-жиі топ жара бастадық: Бекзат Сттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев. ...Серік Сәпиев!

Баласы атқа қонса, тақым қысатын халықпыз ғой. Жақсылықтың, Шәмілдің Мәскеу Олимпиадасындағы жеңісі бүкіл қазақ спортына төңкеріс жасап, күрес кілеміне мыңдаған жас жеткіншектің келуіне ықпал етті. Кейіннен әлемді өз өнерімен дүр сілкіндірген КСРО-ның 7 дүркін чемпионы, Азия біріншіліктерінің жеңімпазы, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері КСРО-ның еңбек сіңірген шебері Д.Тұрлыханов бастаған балуандар легі сол ұрпақтың қатарынан.

Мәскеу Олимпиадасында күміс медальді жеңіп алған КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, аса талантты боксшы С.Қонақбаевтай боламын деген Бекзат Саттарханов қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Әр жеңістің артында бір ұрпақ, ұлтына деген сүйініш, махаббат тұр дейтініміз осы ғой.

Қонақбаев демекші, Мәскеу Олимпиадасында он бір салмақ дәрежесінде 22 боксшы шыққан. Сол 22 боксшының төртеу қазақ болды. «Сол 22 боксшының арасында төрт қытай болған жоқ, төрт жапон болған жоқ, төрт неміс болған жоқ, төрт ағылшын болған жоқ. Төрт қазақ болды. Қазақтың даңқы дәл сол күнгідей асқақтап көрмеген шығар

Былғары қолғап шеберлері арасында қазақтың аты асқақтаған басқа да жарыстар болды. Ол – Алматыда 2013 жылы өткен әлем чемпионаты. Он салмақ дәрежесі бойынша төрт қазақ чемпион атанды. Төрт қазақ. 200-ден астам ел қатысқан жарыста. Он салмақ дәрежесінде. Төрт қытай емес, төрт жапон емес, төрт неміс емес, төрт ағылшын емес. Төрт қазақ. Екі жүз елге он орын. Соның төртеуін қазақ батырлары жеңіп алды. Алтауын 200-ден астам ел өзара бөлісті. Таңдануға тұра ма, тұрады.

1996 жылдан бері бір Олимпиададан алтынсыз оралған емес қазақ боксшылары. Төрт жылда бір келетін әлемдік ірі додада ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын үш рет жеңіп алыппыз. Мұндай оқиға еш елде жоқ. Тіпті, әлемдік бокс державасы ретінде әлі де бірінші аталатын Кубаның да мұндай нәтижеге қолы жетпеген.

Әсіресе, С.Сәпиев алтыннан алқа тағынған Лондон Олимпиадасының орны бөлек еліміз үшін. Отызыншы рет өткен Олимпиадалық ойыннан олжалы оралдық. Олжа болғанда қалай! Тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен 200-ден астам ел қатысқан байрақты бәсекеде 12-орынға ие болдық!


69.jpg


Бұл – тарихи жеңіс енді! «Қазақстан, алға!» деген сөзді өзге ел де үйреніп алып, бірге айтуға мәжбүр болды, қазақ спортшыларының адымына шыдас бермеген талай мықты ел жеңілгенін мойындады.

Әлі есімізде, Лондондағы алғашқы алтынды даңқты велошабандоз Алексанр Винокуров әкелді. Екінші алтын – зілтемірші қыз Зүлфия Чиншанлоның еншісінде. Оның командалас серігі Майя Манеза үшінші алтынға қол жеткізді. Тағы да бір зілтемірші Светлана Подобедова төртінші алтынды қанжығаға ілді. Бесінші алтынның иесі – жеңілатлет, үш қарғып секіруші Оля Рыпакова. Алтыншы алтын – атақты зілтемірші Илья Ильиннің еншісінде! Тамаша-ақ! Бірақ бір нәрсе жетіспейді, қазақ елі, қазақ жұрты бола тұрып, бір қазақ баласының алтын алатын реті бар еді. Алты алтын әзірге мысқа жақын. Сол кездегі әлеуметтік желілерде «барлық медаль өзге ұлттың еншісінде. «Титулды ұлт» қайда?» деген кекесінді материалдар жылт ете түсті. Сол кезде Серік Сәпиевтің бокстан жеңіп алған алтынына ештеңе жетпейтін еді! Бүкіл қазақ дүр көтерілді, бүкіл қазақтың даңқы аспандап жүре берді. Кешегі әлеуметтік желілердегі әңгіме әдірәм қалды. Дегенмен әділ азаматтар да болды. «Винокуровты орыс дейміз. Ильинді орыс дейміз. Олардың ұлты орыс болса да, жаны қазақ. Қазақстан үшін барын беруге әзір. Ол Ресейге келмейді, Ресей үшін отқа түспейді. Өйткені оның Отаны – Қазақстан!». Бұл – ресейлік БАҚ-тарда жарияланған материалдың бірінен алынған үзінді.

Ендеше спорт – бүкіл халықты, ұлтты ұйытатын, ұйыстыратын, рухын көтеретін қуатты күш. Спортта ұлт жоқ, ол Отанының отын жағып, елінің еңсесін көтеретін ерлердің кәсібі.

Әрбір жеңіс – үлкен насихат! Әр насихат – ел еңсесін көтеретін, көзінде оты бар азаматтың намысын жанитын, Отанға деген сезімін арттыра түсетін мықты құрал.

Бүгінгі ұрпақ осылай түсінуге тиіс. Егер осылай болса, біз әлі талай асуларды бағындырып, әлемдегі ең күшті державалардың алдыңғы легінде сөзсіз тұратын боламыз.

Ендеше бүгінгі ұрпақ қазақ футболын қайдан білсін! Қанат Нөсербаев, Қайрат Нұрдәулетов, Ұлан Қонысбаев жас жанкүйерге пір бола ала ма? Самат Смақов идеал болуға тұратын ойыншы еді. Өкінішке қарай, бола алмады.

«Уэмблидегі» голдан кейін Жамбыл Көкеевтің аты ауыздан ауызға тарай бастаған еді. «Семіздікті қой ғана көтереді». Құрамаға да шақырылмайтын болды. Неге екенін қайдам, осы азаматта нағыз футболшының бойына қажетті қасиеттің бәрі бар екенін іштей сеземін. Әлде біз оның болмысын аша алмай жүрміз қалдық па?

Бразилияның «Ботафогасында» ойнаған Рауан Сариевтен көп үміт күткен едік. Ақталмады. Алайда таяуда ғана бір ақпараттан оның «Жетісуға» оралғанын оқып үміт оты жарқ еткендей болы.

Ал «Оле Бразил» футбол академиясынан оралған жастар «күшігінен таланып» қалғандай, әр жерде шашылып қалғанға ұқсайды.

Бауыржан Исламханның күні туғандай еді. Ерте қуандық па деп қорқамын. Аялы алақан, ақылды бас жетпей тұр ма деймін оны тәрбиелейтін. 

Сонымен кумир-пір тәрбиелеуге бола ма? Қайткенмен де қазіргі ұрпаққа қазақ Мессиі керек. Алаңға ағылып барып, сағынып қайтатын. Енді Тимур тумайды. Сейітжан да, Сейілдә да, Құралбек те. Мүлде басқа ұрпақ келеді алаңға. Біз сонда кіммен суретке түсеміз, кімге қол соғамыз?!  Еркебұланға ма, әлде Бақтиер-Бақтиярға ма? Ол енді уақыт еншісіндегі нәрсе.

- Бір жазбаңызда қазақтың майлы тағамына араша түсіп, шыр-пыр болған едіңіз. Соның нәтижесі қалай болды өзі?

- Біреулер бізді құртқан жалқаулық деп жүр. Ол да шындық. Әлгінде ғана «майлы тамақ» деп қалдың. «Қазақтың жауы – майлы тамақ» дейді осы сөзді көтерген Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) өкілі-тұғын. Бірақ «Бұл –бос сөз. Атам қазақтың майлы ет жемесе іші ауырады» деп өре түрегелетіндер де бар.    БДҰ өкілі Мелита Вуйновичтің айтуынша, ел халқының 86%-ы жүрек-қан тамырлары ауруымен ауырады екен. Қуаты (калориясы) мол тамақ жегеннен. «Бұдан шығатын қорытынды, дұрыс тамақтанып, көп қимылдау» дейді осы Мелита ханым. Оны Мелитасыз да білеміз. Бірақ оған мойын жар бермейді ғой. Әрі айтқанымыздан қайтқымыз келмейді. «Қазақ еттен өлген жоқ!». Болды, айттым, бітті!

Ал енді салыстырып көрелік.

Атам қазақтың ет жемесе ұйықтай алмайтынын білеміз. Асқазанының да ет қорытуға келгенде өзге халықтарға қарағанда өзгеше екенінен де хабарымыз бар. Алайда өмір де өзгерді, заман да өзерді, қоғам да басқа. Өмір сүру салтымыз да жаңаша.

Сәл ертеректегі ата-бабаларымыз таза ауада, қимыл-қозғалыста өмір сүрді. Тамақ та таза, ауа да таза. Тіршілігінің басым бөлігін далада өткізді. Қазір жеп-ішкені қазір қорытылып, жұтынып шыға келетін.

Ал қазір ше? Отырықшы тірлік. Далаға шыққаннан гөрі үйде, кабинетте отыру басым. Жұмыс істеу, демалу дәстүрі солай. Үйге келе салып тамақ ішеді де диванға жантая кетіп, «көк жәшікке» үңіледі. Сосын төсекке құлайды. Экология анау. Тамақ жасанды. Осыдан кейін қорытылуы қиын «майлы тамақ бізге пайдалы ма?» деген заңды сұрақ тумай қоймайды.

«Финляндияда майды тағам қатарынан мүлде алып тастаған, майдың бағасын өсірген. Қазір бұл елде дәрігерлер «жұмыссыз» отыр» дейді БДҰ өкілі. Неге жұмыссыз десеңіз, асқазанға «өкпелейтіндер» азайған ғой.

Өткен ғасырдың 60-жылдары жүрек ауыруларынан Суоми елінде қаза тапқандар саны тым көп болған деседі. Осы ауыру бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұрған. Оқымыстылардың зерттеуі бойынша, бұл елдің тұрғындары арақты көп ішіп, майлы етке тым құмар болған көрінеді. Осыдан кейін финн әйелдеріне сары майды өсімдік майымен, майлы сүт тағамдарын майынан ажыратылған түрімен, тағам түрлерін жеміс-жидек, өсімдіктермен ауыстыруға ақыл берген. Жиырма бес жылдан кейін мынадай қорытынды шығарылған: жүрек ауырулары 3,5 есе азайған. Міне, нәтиже!

Вуйновичтің өзі де қазақ тағамдарын жақсы көрген екен. Осында тұрған төрт жыл ішінде кәдімгідей семіргенін айтады. «Молданын істегенін істеме, айтқанын істе» деген де осы шығар.

Қазақ ойлануға тиіс. Өзіміз көрмеген кемшілігімізді өзгелер көріп тұр ғой енді.

- Соңғы кездері тұңғыш қазақ спорт комментаторына байланысты пікірталастар көбейіп кетті ғой. Осыған кәсіби спорт маман ретінде не айтасыз?

- «Жұмыртқа бұрын ба, тауық бұрын ба?» деген мәңгілік сұрақ бар ғой. Өмірі жауапсыз қалатын. Қазақстандағы қазақтілді бірінші спорт комментаторы кім дегенде біз де тосылып қаламыз.

Осыған дейін Сұлтанғали Қаратаевты қазақ тұңғыш спорт комментаторы деп есептеп келдік.

1962-1969 жылдары – Қазақ КСР-і Министрлер кеңесіндегі Радиохабарлар және теледидар жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Кенжеболат Шалабаев мырза Сұлтанғалиды, ұмытпасам 5-ші КСРО халықтары спартакиадасына алып барып, сол кездегі аса маңызды жарыстардың бірі ретінде сынға түсіп жатқан қазақстандықтар туралы сюжеттер түсіртеді. Репортаж дайындатады. Сөйтіп аталған жарыстан естелік жасайды. «Ол кезде қазақ спортының мақтанышы – «Қайрат» футбол клубы еді ғой. Алғашқы репортажымды футболдан бар-жоғы 5-ақ минут жүргіздім. Оның өзі ойын басталған кезде 2,5 жарым, соңында 2 жарым минут. Тек ойыншылардың аты-жөнін таныстырып өте шығатынмын. Бұл – 1964 жыл еді» деп Сұлтекеңнің өзі айтқан болатын. Осыған қарағанда оның алдында да басқа комментаторлар болған тәрізді.

Белгілі спорт журналисі, спорт комментаторы марқұм Өмірзақ Жолымбетов ақын Атбай Хангелдинді тұңғыш комментатор деп жүрді. Ол кісінің айтуы бойынша Түркомолдың хатшысы, қазақтан шыққан тұңғыш комсомол жетекшісі Ғани Мұратбаев өткен ғасырдың 20-сыншы жылдары Ташкенде «Қазақ» атты футбол командасын құрып, сонда Айтбай ағамыз доп тепкен көрінеді. «Ара-тұра келіп радиодан репортаж жасайтын» дейді Өмірзақ аға. Бұл да рас болуы керек. А.Хангелдин 1926 жылы Ташкенттегі қазақ халық ағарту институтын бітірген. 1920-1930 жылдары Өзбекстан КП ОК-нің органы – «Еңбек» газетінде жұмыс істеген.

Кейінірек елге келіп, 1932-1942 жылдары республикалық Қазақ радиосы комитеттінде жұмыс істеген. Қай жағынан алсаңыз да бәрі келіп тұр. Бұл да ойланатын мәселе.

Белгілі спорт комментаторы Рабат Жәнібеков былай дейді: «Қаратаевқа тұңғыш комментатор деген атақты кім бергенін білмеймін. Ол радиоға 1964 жылы келіп, небәрі он шақты репортаж жүргізген. Ал қазақтан шыққан ең алғашқы комментатордың есімі әлі белгісіз. Негізі, 1958-1965 жылдар арасында радиодан Абай Шәріпов есімді азамат орыс тілінде хабар таратыпты. Ал 1958 жылдан бастап бір қазақ жүргізген. Оның есімін білмей жүрмін. Жақында радиоға қоңырау шалып, «Алтын қордан» сол кісінің аты-жөнін тауып беруді сұрадым. Олар қазір іздестіріп жатыр.

1960-1969 жылдарға дейін Совет Мазғұтов репортаж жүргізгенін қазіргі жастар біле бермейтін шығар. Сәбеңді студент кезімде көп тыңдаушы едім радиодан. Ол – Юрий Гагарин ғарышқа ұшып, Қазақстанға қонған кезде ең алғаш сұхбат алған қазақ. Үлкен лауазымды қызметтер атқарған. Басшылық оған «қазақ тіліне өте шеберсің, тіл байлығың зор» деп комментатор болуға қолқа салыпты. Қазақтың әдемі сөздерін тауып сөйлеуші еді жарықтық. «Косенков допты кеудесіне қыса қойды» дегені қандай жылы!

Бұл мәселеге нүкте қояр болсам, қазақтың алғашқы комментаторы деп Абай Шәріповты айтуға болады. Алайда ол орыс тілінде жүргізген. Қазақша жүргізген адамның аты да жақында табылып қалар деген үмітім бар.

Рабат көкеміздің сөзімен де келісуге болады. Өз әңгімесінде мысал еткен Абай Шәріповтің бірінші комментарий жасаған-жасамағаны мәселе емес. Мәселе оның репортажды орыс тілінде жүргізгенінде. Орыстілді комментаторлар оған дейін де болған, одан кейін де жүргізіп жүр. Ал С.Мазғұтовтың репортаж жасағаны рас. Бірақ бұл кезеңде Қаратаев та, тіпті, Р.Жәнібеков те репортаж жасай бастаған.

«Іздестіріп жатыр» дегені түптің-түбінде осы Айтбай Хангелдин болып шығар деп отырмыз. Кім болса да біз үшін бірінші комментатордың орны бөлек қой әрине.

- Ақыры тарих қойнауының қолтығына сүңгіген екенбіз. Ендеше өзіңіз баспасөзде көтерген сонау сақ дәуіріндегі Шырақ бабамыз туралы да сұрағым келіп отырғаны?

- Біз кейде намыс туралы көп айтамыз ғой. Намыс дегенде ұлттық намыс туралы. Сол намыс «қазіргі жастарымыздың бойынан көрінбейді» деп жатамыз. «Көзінде от жоқ» дейтініміз де сол.

Намыс болу үшін мұндай сезімге жөргегінен тәрбиелеу керек шығар. Еліктейтін мысал көп. Батырлар жыры, ертегілер. Қысқасы ауыз әдебиеті тұнып тұрған намыс. Оған прототүрік ағайындарды қосыңыз. Бірақ оларды дұрыстап жаза да, көрсете де алмай жүрміз ғой.

Әлi күнге дейiн Иван Сусанинді орыстың кiшкентай баласына дейiн бiледi. Ол туралы кiтап, пьесса, опера – бәрі-бәрi бар. Ал біздің түркі халықтарында парсының патшасы Дари әскерінің жартысынан астамын шөлге алдап апарып, қырып тастаған Шырақты кім біледі. Бірен-саран оқымыстылар болмаса.

Скиф Шырақ. Қазіргі деректерге сүйенсек, түпкі ата-бабамыз ғой. Еділ-Волга (Итиль) бойында жылқышы екен. Парсылармен соғыстың шешуші бір сәтінде скиф патшасына былай дейді: «... Соңымыздан Даридің қалың қолы қаптап келе жатыр. Егер осы бағытпен тұп-тура жүріп отырып, парсыларды ілгері жетелей түссек, құмды шөлдің қақ ортасынан бір-ақ шығуға болады. Оған жеткен парсы тірі жан қалмай қырылады. ... Өзекті жанға бір өлім... Болашақ ұрпақ өзінің туған жерімен, өз халқы үшін пида қылған бір адамды қастерлеп еске алатындай өліммен өлген артық сияқты көрінеді. Мен борышымды адал орындағым келеді. Жалғыз тілегім бар: өзім мерт болғаннан кейін менің балаларым ешнәрседен кемдік көрмесе, жетімдігін сезбейтіндей болса жетеді» депті.

Міне, сол Шырақ парсыларды сендіру үшін өзін-өзі кескілеп, Дариді күтіп жатады. Ақыры олардың сеніміне кіріп, шөл далаға алдап апарып, қиын жағдайға тап қылады. Өзі өледі, бірақ Дари скиф жерін тастай қашып, еліне барып паналайды.

Бұдан артық қандай намыс, қандай идеология керек. Алыс та болса, жақын, халқымыздың менталитетіне, мінезіне дәл келетін асыл қасиет емес пе. Қазіргі жастарға үлгі болатындай мұндай мысалдар тарихымызды өте көп қой.

- Қазақтың белгілі ақыны Ақылбек Шаяхметтің жазған «Коньки – қон, ки» дерегіне не дейсіз?

- Қазақтың белгілі ақыны қостанайлық Ақылбек Шаяхмет жазған мына дүниесі көп ойға қалдырып отыр. Бұрын Британ мұражайында бұдан 2000 жыл бұрын жасалған конькидің сақталып тұрғанынан аз-мұз хабарымыз бар секілді еді. Ал 1948 жылы Қостанай қаласының маңайында біздің дәуірімізге дейінгі қола ғасырда жасалған 6 жұп конькидің табылғанынан, оның жылқының сирағынан жасалған мәліметті еш білмейді екенбіз.

Аяққа байлайтыны да кәдімгі қайыс, ол да жылқы терісінен жасалған. Ал, тарих ғылымының кандидаты А.Хазанов мұндай  конькидi жасауға жылқының  тiлерсек сүйегi пайдаланған деген пiкiр айтады. ХIII ғасырда  Сарыарқа даласында болған саяхатшы Гильом Рубрук «Олар аяқтарына егелген сүйектердi байлап алып, қатып қалған қардың үстiмен сырғиды да, тiптi құстар мен аңдарды қуып жетiп ұстай алады» деп жазады.

Орыстың «конь» сөзінің мағынасы «атқа қону», яғни «салт атпен жүру» дегенді білдіреді. «Коньки (қон, ки)» – атқа мінгендей «қон» және «аяғыңа ки» деп тұрған жоқ па» дейді ақын. Конькидің Тобыл жағасында табылғаны осы деректердің бәрін растап тұрғандай сезіледі маған.

- Құрметті Дүрәлі аға, тұшымды әңгімеңізге көп-көп рахмет! Келесі кездескенше тек есендік болсын.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?