Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ШЫҢЖАҢ ШЫНДЫҚТАРЫ

4490
ШЫҢЖАҢ ШЫНДЫҚТАРЫ - e-history.kz
Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық ауданындағы қазақтардың тарихы, жан саны мен бүгінгі хал-ахуалы жайында білгіңіз келсе, порталда жарияланатын тарихшы профессор Жақып Мырзаханның материалдарын оқи жүріңіз

Қазақ халқының байырғы атамекені

Қазақ ұлты – дүниедегі тарихы ұзақ, өзіне тән дәстүрлі мәдениетке ие ұлттардың бірі. Ал Қытайдағы Қазақ ұлты болса, көп ұлтты ұлы отанымыз Жұңхуа халық республикасының бір мүшесі. Қазақ халқының тегіне тығыз байланысты ерте заман Ұлыстық елдері (ұлы Иүзілер, Үйсіндер, Қаңлылар, Аландар) сонау ерте замандарда еліміздің батыс өңірін және Орта Азия өңірін қоныстанған елдер болатын. Үйсіндер мен ұлы Иүзілер қазіргі дұнхуаң, чилиян өңірінен біздің заманымыздан бұрынғы 2 ғасырда батысқа қоныс аударып, Алтай, Тянь-Шань таулы өңіріне, Жоңғар ойпатына, Жетісу мен Іле өңіріне келіп қоныстанған.

Демек, шығыста Алтай, Тарбағатай, Тянь-Шань тауларынан батыста Каспий теңізіне және Орал тауларына дейін созылған кең-байтақ өңір ықылым заманнан Қазақ халқының ата-бабасы қоныстанып өсіп-өрбіген ардақты атамекені болып есептеледі. Қазақ халқының тарихынан, ұлттық ерекшеліктерінен сөз қозғау үшін алдымен Қазақ халқының қазіргі жалпы саны, қоныстану мән-жайы, атамекеннің тамаша жаратылыстық шарт-жағдайы және мәдениет мұралары жөнінде қысқаша тоқталуға тура келеді.

Қазақ халқының саны және қоныстану мән-жайы

Қазақ халқы Қазақстан Республикасы, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия қатарлы дүниедегі қырықтан астам елге қоныстанған.

Қазақ халқы ең көп ел – тарихи отанымыз бүгінгі Қазақстан Республикасы. Қазақстандағы Қазақтардың саны 1990 жылғы мәлімет бойынша жеті миллион, Ресейде бір жарым миллион, Өзбекстанда 850 мың, Түрікменістанда 89 мың, Қырғызстан мен Тәжікстанда 50 мың қазақ тұрады.

Моңғол Халық Республикасындағы Қазақтар негізінен Қобда өлкесінің Баян-Өлгей аймағында тұрады. Олар 1960 жылғы мәліметте 45 мың еді, 1990 жылғы мәлімет бойынша 150 мың.

Түркияда, Ауғанстанда, Иранда, Пәкістанда, Германияда, Америка Құрама Штаттарында, Австралияда, Францияда, Канадада, тағы басқа елдерде 365 мың Қазақ бар. Бұл елдердің арасында Ауғанстанға қоныстанған Қазақтың саны едәуір мол. Одан қалса, Түркияда (25 мың) бар. Олардың бұл елдерге қалай барып, қоныстанып қалғаны, кәсіптері жөнінде сөз етпейміз.

Дүние жүзінде Қазақстаннан қалса, Қазақ халқы ең көп қоныстанған ел – біздің еліміз Жұңхуа Халық Республикасы. Еліміздегі Қазақтардың саны Жұңхуа Халық Республикасы құрылған қырық жыл ішінде үрдіс өсті. Қазақ халқы 1949 жылы 443 мың 600 болса, 1979 жылы 847 мың 997 адамға жетті. 1982 жылғы мәліметте 907 мың 583 болса, 1985 жылы 964 мың болды. Ал, 1989 жылға келгенде, Қазақ халқы елімізде жан саны бір миллионнан асқан ұлттар қатарына кірді. Қазір Қытайдағы Қазақтың жан саны бір жарым миллионнан артық.

Еліміздегі Қазақ халқы негізінен, Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық ауданының солтүстігіне қоныстанған. Ең жиі қоныстанған өңір – Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Алтай, Тарбағатай аймақтары және Іле Қазақ автономиялық облысына төте қарасты аудан-қалалар. Онан қалса Қазақ халқы Бұратала Моңғол автономиялы облысында, Санжы хұйзу автономиялы облысына қарасты аудандарда, Құмылдың Баркөл Қазақ автономиялы ауданында, Күйтүн, Қарамай, Шыхызы қалаларында тұрады; Үрімжі қаласы мен Үрімжі ауданына біршама жиі қоныстанған.

Іле Қазақ автономиялы облысындағы Қазақтардың саны 750 мыңның үстінде, бұлар жалпы облыста тұратын халықтың 24 пайызын құрайды.

Еліміздегі Қазақтар Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық ауданынан сырт, Гансу өлкесінің Ақсай Қазақ автономиялы ауданында тұрады.

Жұңхуа Халық Республикасы құрылғаннан кейін, еліміздегі аз ұлт қоныстанған өңірлерде партия мен үкімет ұлттық аумақтық автономия түзімін атқаруды белгіледі және шұғыл жүзеге асырды. Осыған орай 1954 жылы қараша айының 27 күні бүкіл ел бойынша бірден-бір орынбасар өлке дәрежелі Іле Қазақ автономиялы облысы құрылған болатын. Бұл облысқа өз кезінде Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтары және Бұратала Мұңғол автономиялы облысы қарасты болатын. Облыс орталығы – Құлжа қаласы. 1954 жылы қыркүйек айының 30-күні Құмыл аймағына қарасты Баркөл ауданында, 1954 жылы шілденің 17-сі күні Санжы хұйзу автономиялы облысына қарасты Мори ауданында Қазақ автономиялы аудандары құрылды.

Қазақ халқы қоныстанған өңірде автономиялы аудан, облыс құру Шыңжаңмен ғана шектелген жоқ, Гансу өлкесінде 1954 жылы көкек айының 27-күні Ақсай Қазақ автономиялы ауданы, Чиңхай өлкесінде 1954 жылы қаңтар айының 25-күні Хайши Моңғұл-Заңзу-Қазақ автономиялы облысы құрылды. Бұл облыстағы Қазақ халқы 1984 жылы Шыңжаңға қоныс аударып, Алтай, Санжы, Үрімжі өңірлеріне ірге тепті. Кейіндеп Күйтүн қаласы Іле Қазақ автономиялы облысына төте қарасты қала болып құрылды.

Азаттықтан кейін елімізде мәдениет, оқу-ағарту, баспа сөз, радио-телевидения жұмыстарының өркендеуіне байланысты Қазақ оқымыстылары астанамыз Бейжіңдегі қатысты мекемелерде қызмет істейтін, оқитын болды. Бұлардың саны барған сайын молая түсуде.

Өңірдің жаратылыстық жағдайы және байлығы

Қытай Қазақтары қоныстанған Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының солтүстігі – жаратылысынан аса көркем өңір. Шығыстан батысқа созылып, Шыңжаңды ортасынан бөліп жатқан дүниеге әйгілі Тәңіртаудың (Тянь-Шань) солтүстік баурайы қалың орманды, шүйгін шөпті, мал шаруашылығын өркендетуге аса қолайлы жайылымдар болып келеді.

Тянь-Шань тауының солтүстік бетін Қазақтар Еренқабырға деп атайды. Айбынды Алтай тауының шығысы Моңғол Халық Республикасына, батысы бұрынғы Ресей империясына созылып кетеді. Алып Тянь-Шань тауы мен асқар Алтай тауының ортасында еліміздің іші-сыртына әйгілі Жоңғар ойпаты бар. Мұның батыснда қаз-қатар болып Жайыр, Барлық, Орқашар, Тарбағатай таулары жатыр.

Осынау көрікті таулар, солтүстік Шыңжаңдағы Қазақ халқы мекендеген өңірлер – көк, мөлдір көлдер мен асау толқынды өзендердің қайнары, алуан түрлі байлық пен кеннің, ну ормандар мен асыр салған жабайы аңдардың құтты мекені.

Тянь-Шань тауының бір сілемі, атақты Боғда шыңы Үрімжінің шығысында. Зеңгір аспанға бой созып тұр. Оның құшағында дүние жүзіне әйгілі саяхат орны Аспан көлі (Тянчы) еркелей толықсып жатыр. Әр жылы көктемнен күзге дейін оған еліміздің іші-сыртынан мыңдаған, он мыңдаған адам келіп-кетіп жатады.

Тянь-Шаньның елміз өңірі ішіндегі батысында Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Іле алқабы мен Бұратала Моңғол автономиялы облысының арасында, айналасы биік таумен көмкерілген Сайрам көлі бар. Көл маңы Іле аймағы мен Бұратала облысындағы Қазақ, Моңғол халқының жаз жайлауы, қыс қыстауы, сонымен бірге атақты саяхат орны және әр жылы думанды жәрмеңке өтетін өңір.

Алтай аймағының Буырылтоғай ауданында жұрт табиғи балықшылық алаңы деп атайтын тамаша көл Үліңгір бар. Мұны жұрт, әдетте, Буырылтоғай көлі деп те атайды. Бұл көлге Үліңгір өзені құйылады.

Алтай аймағының Буыршын ауданында теңіз деңгейінен 1370 метр биік тау қойнауында жатқан аса көркем көл Қанас бар. Бұл көлде табиғат берген сұлулықтан сырт, балық өседі. Айналасында әр түрлі дәрілік өсімдік, шөптер мол, бай жер.

Тянь-Шань, Алтай, Тарбағатай тауларында қарағай, самырсын, қайың, терек, тал, шетен сыяқты орман байлығы аса мол. Іле өңіріндегі тау қойнауларында алма, өрік, долана, қарақат сияқты жемісті ағаштар аса бітік өседі. Таңқурай, бүлдірген, рауағаш, қымыздық сияқты жемістері көз жауын алып, ат тұяғын бояйды.

Жоғарыдағы тауларда бұғы, аю, қасқыр, түлкі, арқар, тәуешкі, киік, елік, әсіресе құндыз, сусар сияқты терісі бағалы хайуандар жасайды.

Іле өзені Қас, Күнес, Текес өзендерінен құралады. Іле өзені Құлжа, Чапчал, Қорғас аудандары арқылы Қазақстан жеріне өтіп, атақты Балқаш көліне құйылады.

Алтай тауының оңтүстік етегінен басталатын Ертіс (Қыран, Буыршын, Қаба өзендерінен құралып), батысқа Қазақстан мен Ресей жеріне өтеді де, жолай Обь өзенін қосып, Солтүстік Мұзды мұхитқа құяды.

Алтай тауының шығыс оңтүстік етегінен басталатын Үліңгір өзені Шіңгіл, Бұлғын өзендерінен құралып, солтүстіктен оңтүстікке, одан батыс солтүстікке бұрылып Үліңгір көліне құйылады.

Ертіс, Іле, Үліңгір өзендерінде және олардың басты тармақтарында балықтың неше алуан түрі өседі.

Асқар таулары, асау өзендері, әсем көлдері мол солтүстік Шыңжаң өңірінің климаты қыста суық, жазда негізінен қоңыржай келеді. Жоңғар ойпаты қыста қатты суық, жазда шіліңгір ыстық болады. Алтайдың кейбір өңірінде қыста минус 40-50 градусқа дейін суық болады. Іле өңірі жауыны мол, топырағы құнарлы, егін шаруашылығын дамытуға қолайлы, бау-бақшалы келеді.

Шыңжаңның шығысындағы Құмыл аймағына қарасты Баркөл Қазақ автономиялы – мал шаруашылғын дамытуға қолайлы өңір. Аратүрік ауданында да жаратылыстық жайлым мол.

Қазақ халқы жиі қоныстанған солтүстік Шиынжияң жаратылысынан мал шаруашылғына қолайлы болғанымен, Жоңғар ойпатында Құрбан Тұңғыт (Құбының құмы) сияқты шөлді өңір де бар.

Мал шаруашылғы жақтан, Іле жылқысы, Алтай тегене құйрықты қойы, Шағантоғайдағы Басбай қойының бүкіл елге даңқы ерте шыққан еді. Іле жылқысын бұдан екі мың жыл бұрын Хан патшалығы тұсында хан уди «Тұлпар»  деп атағаны ел-іші сыртына мәлім.

Орман шаруашылғы жақтан, қызыл қарағай, ақ қайың, қарағаш, терек сияқты түрі мол құрылыс материалы болатын ағаштар өседі.

Солтүстік Шыңжаңдағы өзен, көлдерде алабұға, ақ қайран, қызыл балық, т.б. балық түрлері өте көп. Ал топырағы құнарлы, шөбі шүйгін тау қойнауларында бал аралары бағылады. Тамаша дәрі материалдары алынады. Мысалы: бұғы мүйізі, қожа шөп, адыраспан, шұғынық, ақжүрек, т.б.

Тянь-Шаньның солтүстігінде, өте-мөте Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында кен байлығы өте мол. Көмір кені барлық жерде бар. Күнес ауданындағы темір кені сапалы. Кейбір жерде темір рудасының темір құрамы 60‰-дан асады.

Алтай өңірі – кен байлығы ең мол аймақ. Бұл жер ежелгі тарихи жазбалардың өзінде (Қытай тіліндегі тарихи кітаптарда) «Алтын тау» деп аталған. Алтын қазу жұмысы Алтай өңірінде әлі де даму үстінде. Бұдан сырт, Алтайдан құнды көкшіл жақұт және қоңыр түсті қас тасы кені табылды. Көкшіл жақұт – өте сирек кездесетін, нұр шашып тұратын асыл жақұт. Шіңгілден шығатын тұнық, жап-жасыл шіңгіл тасы, аппақ та тұнық кристалды Ертіс тасы елімізде тұңғыш рет табылған асыл қазыналар қатарына кіреді.

Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты өңірде бұлардан сырт, күміс, мыс, қалайы, қорғасын, уран, волфрам, берилий, никел, күкірт, шырымтал, кристалл сияқты кен байлықтары шығады.

Жақып МЫРЗАХАН, жазушы, этнограф, профессор

Автор туралы қысқаша анықтама: Жақып Мырзахан 1940 жылы Іле Қазақ автономиялы облысы Қорғас (бұрынғы Сұйдын) ауданының Сарбұлақ ауылында туған. 1958 жылы Шыңжаң институтының (қазіргі Шыңжаң университетінің) тарих-жағырапия факультетін бітірген. 1981 жылы Қытай жазушылар қоғамының Лу Шүн Әдебиет институтын бітірді. 1985 жылы Бейжіңдегі Орталық партия мектебінің аспирант класын тауысты.

Ж. Мырзахан тарих ғылымының аға зерттеушісі, 1986 жылдан 2011 жылға дейын Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының орынбасар бастығы, Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық аудандық Халық құрылтайы тұрақты комитетінің жорасы, Шыңжаң қоғамдық ғылым бірлестігінің орынбасар төрағасы қызметтерін атқарған.

1959-1961 жылдары Қытай ғылым академиясының Шыңжаң бөлімшесінің тарих зерттеу бөлімінде, 1962 жылдан 1981 жылға дейін ШҰАР этнология институтында, онан кейін Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясында Шыңжаң тарихын, Қазақ тарихын және этнографиясын зерттеумен, сондай-ақ әдеби шығармалар жазумен шұғылданып келеді. Қазірге дейін оның «Қазақ деген халық» (Қытай тілінде, 1989 жылы), «тарихи-этногырафиялық зерттеулер» (1990 жылы) «Қазақ халқы және оның салт-санасы» (1992 жылы), «Қазақ ұлты» (1996 жылы), «Абылай хан» (2000 жылы), «Күшлік хан» (2002 жылы), «Ғасырлар қойнауынан» (2004 жылы) «Қазақ тарихы мен мәдениетінен зерттеулер» (2011 жылы) деген ғылыми кітаптары, «Арман асуында» (1979 жылы), «Таңқурай» (1984 жылы) романдары, «Дала гүлі» (1984 жылы), «Тағдырдың тартуы» (1995 жылы) атты әңгіме-очерктер жинақтары, «Алтын Ұя» атты эссе-естеліктер жинағы жарық көрді.

«Арман асуында» жуңғо қазақтарының тұңғыш романы ретінде 1981 жылы үздік әдеби шығармалар қатарында 3-дәрежелі роман сыйлығын еншіледі.

Жақып Мырзахан ШҰАР қоғамдық ғылым академиясында, басшылық міндет өтеп тұрған жылдарында, төрт томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», көп томды күрделі аударма еңбек «Қытай жылнамаларындағы Қазақ тарихының деректері» және «Қазақ мәдениетінің айдыны» атты Қытайша, Қазақша екі тілде баспадан шыққан кесек еңбек қатарлы мемлекеттік ғылыми тапсырмалардың жазылуына жетекшілік етті, оларға бас редактор болды. Ұлттар баспасынан шыққан «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» деген ортақ атқа ие 50 томдық кітаптарға бас редакторлық міндетті табысты өтеді. «Қазақ әдебиетінің тарихы» 1-, 2-томдары бүкіл елде оқу-ағарту саласы бойынша оқулық бағалауда 1-, 2-дәрежелі сыйлықты еншіледі. Ал «Қытай жылнамаларындағы Қазақ тарихының деректері» 1-, 2-томдары ШҰАР да қоғамдық ғылым саласы бойынша 1-, 2-дәрежелі таңдаулы аударма еңбек сыйлығын алды. 3-томы бүкіл ел бойынша ғылми тапсырмаларды сараптауда таңдаулы болып бағаланды. Бұл коллектив күрделі аударма еңбек «Шыңжаң кітап қамбасы» сынды ірі инженерия талабына сай 4 том болып әзірленіп 2013 жылы тұңғыш топтағы кітаптар қатарында баспадан шықты.

Жақып Мырзахан 1988, 1995, 2000 жылдары үш рет автономиялық аудан дәрежелі таңдаулы маман атағын алған, 1991 жылдан тартып қазірге дейін ерекше үлес қосқан мамандарға мемлекеттік кеңес жағынан берілген степендия иегері болып келеді. Қазақстан Республикасы Ғылым және білім минстрлігі мен ҚР ҰҒА екі рет Құрмет грамотасын тарту етті. Ол Іле педагогикалық институтының, Шыңжаң Педагогика университетінің және Қазақстан Республикасының астанасындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры.  

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?