Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Жанайдар батыр ескерткіші туған жерінде бой көтерді

2446
Жанайдар батыр ескерткіші туған жерінде бой көтерді - e-history.kz
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы тапсыруы бойынша Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин тарихшылар алдына, жалпы зиялы қауымға ұлт тарихына қайтадан, жаңаша көзқараспен қарауды ұсынды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы тапсыруы бойынша Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин тарихшылар алдына, жалпы зиялы қауымға ұлт тарихына қайтадан, жаңаша көзқараспен қарауды ұсынды. Міне, осы сәтте ел ерлерінің жүріп өткен жолына, тарих сахнасына қайта бір назар аударудың қаншалықты маңызды екендігі де аңғарылды. Осыған орай, ұлттың туын көтерген кешегі Кенесары ханның жорық жолдары қазақ халқының бүгінгі күніне ұмтылған тамаша талпынысына жол ашқанын ашық айтуымыз керек. Кезінде Кенесары- Наурызбайдың аты аталса шоқ басқандай болып шоршып кеткендер, енді оған тарих толқынында тура қараудың қажеттілігін сезінетін кез келді.

Хан Кене өз батырларының ішінде Жанайдар Орынбайұлын «Бас батырым» деп бағалаған. Оған көптің алдында батасын берген. Жанайдар батырдың хан батасын алған батыр атанғаны да тарихтан белгілі. Өз қатары арасында өжеттігі мен ерлігі, алғырлығы мен айбары, ақылы мен айласы асқан хас батыр Жанайдар жайлы ел ішінде айтылып жүрген аңыз – әңгіме де аз емес. Белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты тарихи романында да ханның бас батыры Жанайдар жайлы жақсы жазылған. Хан әскерінің шешуші шайқастарда жеңіске жетуі қол бастаған батырдың тапқырлығы мен шеберлігіне байланысты десек, Жанайдар батыр бойына сондай қабілеттерді жинай білген сардар. Осындай ерлердің ерлігі арқасында қалың елдің бірлігі сақталып, жүгірген аңның тұяғы тозып, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даланың ұлтымызға ұя болғанын бүгінгі ұрпақ біле жүргені жөн. Олай дейтініміз кешегі кеңестік жүйе кезінде дала қазағы «жабайы» саналып, елі мен жеріне соқпай, батыры мен бегі жоқтай айтылып, жазылып, тұтас ұлт сауатсыздар санатында саналғаны жасырын емес. Ал, ел тәуелсіздік алғаннан кейін оң-солымызға қарап, өткенімізді саралап, өшкенімізді іздеген кезде асылдарымыздың тот баспай жарқырай көзге түскенін көрдік. Тарихқа көз жүгіртсек, Терісаққан бойындағы қалың елді соңына ерткен Жанайдар батыр 1837 жылы Кенесары әскеріне келіп қосылған. Бұл жөнінде Арқаға аты шыққан Мұса Шорманұлы өзінің естелігінде: «Жанайдар батыр Кенесары ханның жамбы басты батырларының бірі болды» деп жазып кеткені бар. Демек, ханның құрметіне бөленген Жанайдар батырдың хан сарбаздарын даярлап, жаттықтырып, дайындаудағы сардарлығы бір бөлек, жекпе-жекке шығып, жау жыққаны бір бөлек, жеке шауып шеп бұзғаны бір бөлек деп айтуымыз керек. Олардың әрқайсысын жеке-жеке талдап, зерттесек, кейінгіге өнеге ететін үлгілі істердің басы болары сөзсіз. Жанайдар батыр Кенесары ханның сенімді серігі, қадірлі қолбасшысы, қимас сырласы. Батыр да ханын қатты құрметтеген. Ханы үшін жанын беруге де дайын болған. Оған батырдың хан Кенені жау қолынан үш рет ажал құшағынан босатып алуы жайлы әңгімені тілге тиек етуге болады. Алғашқысында кезекті бір айқас кезінде Кенесарының жау қоршауында қалғанын көрген Жанайдар батыр сонда бұрылып, ханның қасына жетіп, жауды жасқап, ханды атына өңгеріп алып, шепті бұзып шығады. Жаудан сытылып шыққан бетте хан шапаны етегінің бір ұшын кесіп алады. Кейін хан өзін құтқарған батырды іздеген сәтте шапан ұшының дәл келгенін көріп: «Батырым қалауыңды айт» дейді. Сонда Жанайдар: «Тайжан байдың қызын алғысы келетінін айтады. Хан рұқсатын беріп, інісі Наурызбайды Тайжанға жіберіп, қызын Жанайдарға алып берген» дейді халық. Осының өзі ханның оған ерекше риза болғанын білдіреді. Әйтпесе, ханның інісі Наурызбай сол Тайжан байдың қызына көзі түсіп, оны айттырып, өзі алмақ болған. Ағасының айтқанынан шықпай, бұйрығын орындаған Наурызбай сүйгенін өз қолымен Жанайдарға алып келуі аңғарған жанға көп ойды көңілге түйгізбей ме. Әрине, інісінің қалаған қызын бас батырға алып берген хан Кене оған: «Сен, Наурызбайдан сақ болып жүр» деп ескертіп қоюы да інісінің көңілінде дақ қалғанын білетінін аңғартады. Батырлар бір-бірімен шайқас үстінде сан мәрте кездеседі. Наурызбай сілтеген қылышты қалқанмен қағып, түк болмағандай әрі қарай шайқасып жүре берген Жанайдардың ерлігіне риза болған хан інісі келесі бір жолы «Жанайдар, сен менен өткен батыр екенсің. Сен аға бол, ол (Тайжанның қызы) маған енді жеңге болсын» деп қолын ұсынады. Келісім осылай болады. Елдік жолды ұстаған батырлар серті болса керек бұл. Бұдан кейін де Жанайдар батыр хан Кенені екі рет құтқарады. Бұл батырдың халықтың құрметтеген ханына деген адалдығын дәлелдейді. Ханына адал батыр халқының ұлы. Осылай десек, елдің батырын елі де ұмытпауы заңдылық. Он жыл бойы Кенесары ханмен бірге сары даланың шаңын шығарып ат үстінде өткізген Жанайдар батырдың туғанына биыл екі жүз жыл толып отыр. Ұлытау мен Арғанатының арасында керіле аққан Терісаққан бойында 1813 жылы Жанайдар батыр Орынбайұлы дүниеге келгенін тарихи деректер дәйектейді. Осынау екі жүз жылдық белгілі белесте Жанайдар батырдың аты жалпы қазақ жеріне түгелдей жетіп, дәріптеліп жатса, әбден дұрыс емес пе?! Бұл да сол әлгі тарихымызға әлі де болса салғырт қарап келгендігіміздің салдары болар. Қалай десек те батырларымызды, ұлтын сүйген ұл-қыздарымызды ұлықтауға келгенде кежегеміз кейін тарта беретіні жасырын емес. Бірақ, дәл осылай екен деп ауызды қу шөппен сүрте берудің де жөні жоқ. Алты Алашқа аты шыққан батырдың екі жүз жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтпесе де, кіндік қаны тамған Терісаққан төрінде батырдың атын ұрпақтары ұлықтады. Ұлтын сүйген ұлдардың бірі, Жанайдар батырдың ұрпағы саналатын ұлтжанды азамат Берік Әбдіғалиұлының тікелей бастауымен, Зифаның қостауымен, ауылдағы Бекештің атсалысуымен әдемі бір шара өтті. Ол Терісаққан ауылындағы Жанайдар батырға арнап орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы дер едік. Батырдың екі метрлік ескерткіші бой көтерді. Шағын ауылдың ортасындағы алаңқайда Жанайдар батыр бейнесі жарқырап тұр.

 Халқымызда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Аруақты сыйлаған ата-дәстүр бұл жолы да бұзылмады. Ескерткіштің салтанатты ашылу барысында Терісаққан мешітінде жалпы аруақтарға Құран бағышталды.

 Батыр ескерткішінің ашылуы Алматы мен Астананың, Қарағанды мен Жезқазғанның, Торғай мен Ұлытаудағы ұрпақтарын бір серпілтіп тастады. Олар бабасы жайлы танымдық материалдар жинақтап, кітапшалар шығарыпты. Арғы-бергі тегі жайлы жазылған шежіре де болашаққа қызмет етпек. Бүгінгі ұрпақ үшін батыр бабасын ұмытпаудың, оның ерлігін қастерлеудің қаншалықты маңызды екендігі осы ескерткіш түбінде тұрғанда бойды да, ойды да билеп алды. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысып, пікір білдірген ақын Жүрсін Ерман, Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров тебірене тұрып, терең мағыналы төркінді сөз сөйледі. Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Сейітжан Өмірбаев пен Жезқазған қаласының Құрметті азаматтары Көбейсін Еңсебаев, Сағындық Қожамсейітов, Арқалық қаласының тұрғыны Мираш қажы да Жанайдар батырдың өмір жолы бүгінгі жастарға өнеге дегенді тілге тиек етті. Басқа да шығып сөйлеген азаматтар Терісаққан ауылының жаңа бейнесі, жаңа келбеті ашылды деп қуанды. Шынында да, республикалық маңызы бар Арқалық-Шұбаркөл теміржолының Терісаққан ауылының үстімен өтуі жаңа кезеңнің келгенін көрсетеді. Батыр ескерткіші енді елдің түкпіріндегі шетіндегі Терісаққанда емес – теміржолы түйіскен Терісаққанның төрінде тұр деп мақтана айтуға болатындай. Бұл Жанайдар батыр ескерткіші «Елім дейтін ері бар, ерім дейтін елі бар» елдің бірлігінің берік екендігінің де айқын дәлеліндей асқақ тұр. Бұл азаматтардың туған жеріне қолұшын беру, оны гүлдендірудегі, сәулетіне сән берудегі жұмыстардың бір парасы ғана. Дәл осы Берік Әбдіғалиұлы қолға алып жүрген істерді жалғастырсақ ауылдар сөзсіз ажарлана түсер еді.

 Батыр ескерткішінің ашылуы әрине, күн талабына сай лайықты шаралармен аталып өтілді. Аруаққа арнап ас беріліп, Құран оқылды. Салтанатқа қатысушылар батырдың бел баласы Мейрам қажы Жанайдарұлының мазарының басына барып, дұға бағыштады. Осының бәрі айналып келгенде қазақ халқының азаттық алған абыройлы шағының шуақты бейнесін шырайландыра түскендей. Тәуелсіздік таңымен нұрланған елдің шаттығы шарықтай берсе екен дейсіз. Жер тыныш, ел аман болса әлі талай батырларымыздың аты аталып, белгісі қойылып, еске алынып, ескерткіштер тұрғызылар. Ал, ондай құрмет пен салтанатқа қазақ жерінде лайықты тұлғалар жетерлік. Тек соларды ұмытпаудың жолын жүйелі түрде қолға алсақ, бір сәттік еске алумен шектелмей, тұлғаларды тұғырға тұрақты тұрғызсақ нұр үстіне нұр құйыла берері хақ.

Батырбек Мырзабеков, Қазақстанның Құрметті журналисі

Дерек көз: anatili.kz


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?