Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркі және Түргеш қағанаты (552—756 гг.)

11002
Түркі және Түргеш қағанаты (552—756 гг.) - e-history.kz
Түркілердің тайпалық одағы тарапынан орта ғасырларда (552 - 742 ж.) басқарылған Азиядағы ірі мемлекет. Түргештер дулы тайпа құрамының ішіне жатады.

Тарихтағы ең ірі мемлекеттердің бірі. Түркі қағанатының күшейген уақытында Солтүстік-Шығыс Қытай (Маньчжурия), Монғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан және Солтүстік Казказ территорияларына иелік еткен. Қытай жылнамалары түркілерді ғұндардың ұрпағы деп атаған. Түркі қағанаттың саяси-әскери бірлестік ретінде қалыптасқан мекені - Жетісу. Жетісу мен Шығыс Қазақстан жужан мемлекеттің шет аймақтары болатын. Осы аймақтарда орналысқан тайпалар - теле - 492 ж. жужаньдарға қарсы шығып, тәуелсіздік мемлекет құрады. Дегенмен де, 516 ж. жужаньдар жаңа құрылған мемлекетті тағы да өздеріне бағындырады. 545 ж. теле тайпаның Ашина руы жужаньдарға қарсы қүресті басқарады. 551 ж. ашина руының батыры Бумын, Қытаймен бірігіп, жужань мемлекетінің талқандайды.

Сонымен, түркі тілдес тайпаларының ішіннен шыққан теле тайпасы Жетісуда мемлекетінің негізін құрып, көрші мекендерді өзіне бағындыру үшін саясат жүргізеді.

1 мыңжылдықта Еуразияның аймағында этникалық өзгерістер болады. Түркі тілдес тайпалар басымдық алды. "Түрік" атауының тұңғыш рет аталуы қытай шежірелерінде кездеседі және ол 542 жылға жатады. Қытайлар түріктерді сюнну-ғұндар деп атаған. Ерте Түркі мемлекеті - Түркі қағанаты 552 жылы құрылды. Оның негізін салған - Бумын қаған 553 жылы қайтыс болады. Оның мұрагері - Қара-Ыстық-хан - билігі бір жылға толмай, қайтыс болады. Мұқан-қаған (553-572) билік құрған жылдарда Түркі қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болады. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисейдегі қырғыздарды бағындырады, бұларға Солтүстік Қытай алым-салық төлеп тұрады. 563-567жж. эфталит патшалыпын басып алады. Міне, осыдан кейін олардың жері Каспий теңізінен Солтүстік Индияға дейін және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан.

Батыс Түрік Қағанаты

Түркілер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне дейін баратын Жібек жолына иелік етті. Олар өздерінің жаулап алу жорықтарын жүргізуде Иранға қарсы Византиямен одақтасты, 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы Естеми Солтүстік Кавказды басып алады, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчьті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірақ Естеми өлгеннен кейін 582-593 жылдары билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Күшейіп алған Иран 588 ж. Герат түбінде түріктерді жеңіп шығады. Византия 590 жылы Боспорды қайтадан жаулап алады. Өзара қырқыстар, әлеуметтік қарама-қайшылықтар қағанатты әлсіретіп, оның 603 жылы Шығыс және Батыс түркі қағанаттарына бөлінуіне әкелді. Шығыс Түркістаннан Амударияға, Еділ өңірі мен Терістік Кавказ далаларына дейінгі жер Қағанат қарауына көшеді.

Түркі мемлекетінің басында - қаған тұратын, оның оң қолы (көмекшісі) - "яғбу" титулымен аталатын. 568 ж. бастап Түркі қағанаты 4 болысқа бөлінетін. Қағанның ордасы (ставкасы) - Алтайда болған. Халық 3 әлеуметтік топқа бөлінген - бектер, қара-будундар (жалпы халық), татылар (құлдар). Түріктерге бағынатын тайпалардың барлығы - оғыз деп аталатын.

581 ж. Қытайда Чжоу династияның орнына Суй династия келгеннен кейін, жаңа патша түріктермен барлық сауда қарым-қаныстарды үзді. Енді Қытайдан жібек маталары Орта Азияға келмейтің болғандықтан, түрік қағандарының Ұлы Жибек жолындағы ролі азаюға бастады. Тобо-хан қайтыс болғаннан кейін, түркі қағанатта өзара қырқыс басталады. Суй династияның патшалары осы ішкі өзгерістерді сезіп, түркі қағанатты ыдыратуға, әлсіретуге тырысады. Осы саясаттың нәтижесінде, 602-603 жж. қарай, түркі қағанаты екіге бөлініп кетеді.

604 ж. Батыс Түркі қағанатының қағаны болып Таман сайланды. Ал Шығыс Түркі қағанатының қағаны болып Жанғар сайланды.

Түркештер-Батыс түрік қағандығындағы бес арыс ел дулаттың белді тайпасы. Түркештер- ежелгі үйсін,дулат ұлысының ұрпағы. Шежіре деректерінде "сары үйсін" деп аталады.Түркештер Іле мен Шу өзені аралығында, Іле Алатауынан Балқаш көлінің оңтүстігіне дейінгі өңірде көшіп-қонып жүрген. Бұл өлке мал шаруашылығына қолайлы, құнарлы өріс-қоныс болды. Сонымен қатар отырықшы егіншілік ошағы, біршама көркейген қалалары бар бай өлке еді. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-керуен жолының осы өңірді басып өтетін басты бөлігі түркештердің бақылауында болды. Бұл жағдай түркештердің әскери-саяси жіне шарушылық қуатын арттыра түсті.

Батыс Tүрік қағанатындағы өзара тартыстар, Жетісу- да өз үстемдігін орнатуға ұмтылған Қытай императорлық әулетінің әскери- саяси әрекеттері қаған билігінін әлсіреуіне, сөйтіп бірте-бірте тек аты ғана қалуына көбіне-көп себепші болды. «Он жебе» құрамына кірген тайпалардың енді қаған атынан емес, өз туын көтеріп қимыл жасауы жиілей түсті. 694 жылы таққа отырған Ашина Туйцзы тибеттіктермен одақтаса отырып, шығыста қытай әскеріне қарсылық ұйымдастыруға әрекет жасаған кезде, Жетісудың өзінде азғыр Нүзұқ-Иркин, түргеш Чыкан және ұлық-оқ тай- пасының басшысы бастаған тайпалар Суяб бекінісін қоршауды ұйымдастырған, бірақ шежірешінің сөзіне қарағанда, олар жеңіске жете алмаған. Мұның өзі, шындыққа үйлеспейтін болса керек. Қалаға шабуылдың сәтсіз аяқталуы туралы шежірешінің сөздері өкілдердің мәлімдемесіне ғана негізделген. Әдеттегідей, шайқастың қалай болғанын нақты суреттеп баяндау жоқ, шежіреші тек «жеңілді» дейді де қояды. Ол былай тұрсын, бұдан кейін аймақтың халқын бірден тыныштандыру үшін түрік Хусэлоның бастауымен армия ұйымдастырылды (бұлар түріктерден құрылған болуы керек) делінеді. Бірақ жорыққа әзірленіп жатқан кездің өзінде қағанатта жаңа бір күш пайда болады да, мұның қуаттылығы соншалық, Хусэ- ло батысқа жорық жасаудың орнына асығыс түрде тайып тұрады.

Бұл күш Баға-тархан (моге-даған) деген атағы бар Үшлік (Учжилэ)17 бастаған түргештер болды. Бытыраңқылық және Хусэло қағанның қашып кетуі жағдайында түргештердің көтерілуі күтпеген жерден болған оқиға емес еді. Қағанаттың сол қанатының құрамына кіретін, халқы көп тайпа болған түргештер VI ғасырда-ақ Шу-Іле қос өзені аралығындағы үлкен аймақты алып жатты және Жетісудағы керуен жолдарының көбі солардың бақылауында болды. Түргештердің ықпалы бірте-бірте күшейе берді, оларға бағынышты тайпалар саны көбейді. Хусэло жеңілместен бұрын-ақ Үшлік өз жерлерінде әрқайсысы 7 мың адамнан 20 түтіктік құрды. Бұрын Шудың солтүстік-батыс жағында болған өз ордасын ол Суябқа көшіріп, оны Үлкен орда деп атады; Күнгіт қаласында оның Кіші ордасы болды. Күнгіт және солай аталатын тайпа Іле өзені аңғарында орналасқан18 (олар мұнда XI ғасырда да тұрған, мұны Махмуд Қашғари атап көрсеткен)19. Шежіреде айтылғанындай, батыс түрік жерлері «шығыста солтүстік туцзюйлермен (яғни Шығыс түрік қағанатымен), батыста — хулармен (соғды князьдіктерімен) шектесіп, шығыста тікелей Сичжоу (Тұрфан) жәнеТинчжоу (Бесбалық) аймақтарына дейінгі жерді алып жатқан». Бұл екі топтың арасы өте-мөте ушығып тұрған болатын. Үстемдік үшін күрестің барысында Іле түргештері Қапаған-қаған бастаған шығыс түріктерімен әскери одақ құрды. Олардың арасындағы күрес көріністерінің бірі Ертістен бір түндік жердегі Бөлу Шу өзені бойындағы шайқас болып табылады. Шу түргештері (басқаша айтқанда, сары түргештер) қатты жеңіліске ұшырады, мұның нәтижесінде үстемдік олардың бәсекелестеріне (қара түргештер, бұлар өз ордасын Таласқа көшірді) ауысты. Бұлар қаған тағына қара түргештердің шапыш (чэбиши) тайпасының өкілі Сулықты (Сулу) отырғызды.

Құжаттар сол кездегі Түргеш қағанатында әлеуметтік өзгерістердің болғанын көрсетеді. «Жаңа Тань тарихында» былай делінген: «Шығындар (ақсүйектердің) күн сайын өсіп жатты, ал қор дегенің болған жоқ. Соңғы жылдары ол (қаған) тапшылықты сезіне бастады, сондықтан талап алынған олжаларды бірте-бірте бөліске салмай, өз қолында ұстады. Міне, осы кезде бағыныштылар да одан бөлініп шыға бастады». Дау-жанжалдар қара түргештер мен сары түргештердің билеуші топтары арасындағы күреске ұласты. 738 жылы Сұлық-қаған өлген кезден бастап бұл күрес өте-мөте шиеленісе түсті. Шежіреде айтылғандай, Түргеш қағанатында «Сөгенің (Сақалдың) ұрпақтарын сары рулар (сары түргеш) деп, ал Сұлу (Сулуқ) үлысын қара рулар (қара түргеш) деп атайды, (олар) бірімен-бірі жауласады, біріне- бірі сенбейді». Түргеш шонжары шумекен Бекан-Күлүг-шорасының (Фу- Янь-Цюэлю-чо) хатында да осы туралы айтылады: «Біз далада, толқып тұратын елде тудық, біріне-бірі шабуыл жасап, кескілесіп жатады...»

Арабтар Орта Азияға жаулауы басталған кезде, Қазақстан мен Орта Азияның басым бөлігі Батыс Түркі қағанаты қол астында болды. Арабтарға қарсы күресте Жетісуда өкімет басына келген түргештер болды. Оның негізін салған Үш-еліг қаған (699-706 жж.). Оның ордасы Шу бойындағы Суяб қаласы болды. Екінші (кіші) ордасы Іле өзені жағасындағы Күнгіт қаласында орналасты. Үш-еліг-қаған елді 20 түтіктікке (еншілікке) бөлді, оның әрқайсысының 7 мыңнан әскері болды. Үш-еліг-қаған Қытай империясымен және Согда мемлекетімен саяси бірлестік құрып, арабтарға қарсы күреседі.

Түргеш қағанатында Үш-елігтен кейін оның мұрагері болып, баласы Сақал-қаған (706-711) таққа отырады. Оның кезіңде Түргеш мемлекетінде ішкі бірлік болмайды және қағанат үнемі арабтармен, қытайлармен күрес жүргізіп отырды. Түргеш қағанаты Сулық қаған (715-738) тұсында күшейді. Оның тұсында түргештер екі майданда күрес жүргізді. Батыстан арабтар, шығыстан Тан әулеті кұш көрсетті. Елшілік жолымен (неке байланысы) және әскери шаралар арқылы Сулық шығыстан келетін қатерді болдырмады. Бұл жағдай түргештердің батыста белсенді әрекет етуіне мүмкіндік туғызды. 723 жылы Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен тізе қосып, түргештер арабтарды жеңеді. Сулықты арабтар Абу Мұзахим (Сүзеген) деп атайды. 737 жылы Сулықты өз қолбасшысы Баға-Тархан өлтіреді.

Оның қазасынан кейін "сары" түргештер мен "қара" түргештер арасында өкімет билігін алу үшін күрес басталды. 746 жылы Жетісуға Алтай мен Тарбағатайдан қарлұқтар келіп қоныстанады. Арабтармен, сондай-ақ өзара қырқыстардан әлсіреген түргештер қарлұқтарға белсенді қарсылық көрсете алмайды. Мұны Қытай империясы пайдаланды. Оның Шығыс Түркістандағы уәлилері 748 жылы өз әскерін Суяб қаласына аттандырады да, оны басып алады. Шаштың иесі дарға асылады. Оның баласы арабтардан көмек сұрап келеді. 751 ж. Тараз жанындағы Атлах қаласы маңында арабтар мен қытай әскері арасында зор шайқас болады. Шайқас бес күнге созылады. Шешуші сәтте қытайлардың ту сыртындағы қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтар жағына шығады. Қытайлар толық жеңіледі. Тан әскері Жетісуды, Шығыс Түркістанды тастап кейін шегініп кетеді. Арабтар Шашқа қарай кетеді. Бірақ ішкі қырқыс Түргеш мемлекетін әбден тұралатып тастады. 756 жылы түрік тілді қарлұқ тайпаларының әрекетінен түргеш мемлекеті құлады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?