Елбасы Жаңа жолдауында 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қаріпіне көшіру керектігін айта отырып, бір кездерде мұндай қадамды бастан өткізгеніміз жайында атап өтті. Өткен ғасырдың 20-30-жылдары еліміз араб графикасынан латынға көшу үрдісін өткеріп, 40-жылдың басына дейін латын әрібін қолданып келдік. КСРО ыдырағаннан кейін Орта Азияның бірнеше мемлекеттері осы әліпбиге көшті. Олардың қатарын қазақстандықтар да толықтырғалы отыр. Осы орайда біз Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлованы сөзге тартқан едік.
- Өткен жылдарға үңілер болсақ, жалпы латын әрібіне көшу мәселесі қай кезеңдерде көтерілді?
- Түркі халықтарында араб әліппесінің орнына латын әліппесін енгізу мәселесі ХІХ ғасырдың 60-жылдары көтерілген. Әзірбайжандық ғалым, драматург Мырза-Фатали Ахунов латын жазуына көшу мәселесін патша үкіметіне де, Түркия және Иран басшыларына да ұсынып көрген. Дегенмен оның бұл әрекеті сол кездерде жауапсыз қалып қойды. Ол райынан қайтпай екінші рет түрік басшыларына тағы да ұсыныс еткен. Үкімет басышалары бұған да оған назар аудармады.
1905 жылғы орыс революциясынан кейін Әзірбайжан мен Татарстан оқытушылары, баспасөз қызметкерлері арасында түркі халықтарын латын әрібіне көшіру мәселесі қайтадан көтеріліп, оны жақтаушылардың қатары көбейе түсті. Алайда патша үкіметі бұл мәселенің қалың бұқара арасына кең түрде таралуына жол бермеуге тырысып, оны насихаттаушыларды қысымға алған.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі «жәдитшілдік», «мұсылманшылдық» қозғалыс өрлеген жылдары қайтадан көтеріліп, 1908 жылы Түрік парламентінде жаңа әліпби байланысты комиссия құрылып іске кіріскен. Бұл мәселе 1914-1918 жылдары империалистік соғыс тұсында уақытша тоқтап, тек 1922 жылы қайтадан қолға алынды.
- Сонымен түркі халықтары жазуын реформалау мәселесін бірінші болып көтерген Әзірбайжан ғалымдары болды ғой. Оларға не түрткі болды?
- Ия,1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінӘзірбайжаның зиялы қауым өкілдері мен оқытушыларының, ғалымдарының әліпбиді өзгерту қажеттігін көтерудегі өзіндік себебі бар. Сол кезде орыс үкіметі түркі жазуын орыс әліпбиіне, яғни кириллицаға көшіруге әрекеттеніп жанталаса іске кіріскен болатын. Мұнда бір нәрсені айта кету қажет, кеңестік билік түркі халықтарына орыстандырудың жалғасы екендігін білдірмеу үшін, олардың қолданып жүрген араб жазуының қиыншылығын алға тартып, кириллицаға көшіруді іске асырудың бірнеше жолдарын ұсынды. Кеңестік биліктің бұл әрекеті түркі жұртының оқымыстыларына үлкен ой салып, осы тұста олар латын әліпбиін енгізудің сәті түсткендігін түсінді. Сөйтіп 20-жылдың басында Әзірбайжан баспасөздерінде тіл, емле, жазу мәселелерімен қатар жаңа әліппе мәселесі қозғалып, комиссия құрылып, жаңа әліпбидің жобасы жасалды. Көпшілік талқысына салынды. 1922 жылы Бакуде түркі халықтарының жиналысын өткізіп, араб жазуын латынға алмастыру мәселесін көтеріліп, ұзақ айтыс-тартысқа түсіп, ақыры бұл ұсыныс қабылданды.
- Әліпбиге алмастыру мәселесінде қызу айтыс-тартыс жаңа латыншылар мен араб әрібін жақташылар арасында өрбіді емес пе. Біздің ұлт зиялыларымыз, оның ішінде А. Байтұрсынов араб әрібін қолдана беру қажеттігін ұстанса, ал жаңашылдардың арасында Нәзір Төреқұлов, Мұқтар Мурзин сияқты қайраткерлеріміз латынға көшудің маңыздылығын дәлелдеп кітап та жазды. Қазірде де қоғамда әліпбиді алмастыруда үлкен талас туып отыр. Бұл жайында не айта аласыз?
- ХХ ғасырдың20-жылдардың басында Ахмет Байтұрсыновтың «Төте жазу әліппесі» халық арасында кең қолдау тауып, Орынборда өткен қазақ- қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде араб әліппесіне лайықтанған қазақ графикасы қабылданған болатын. Бұл ұзақ уақыттар бойы «Байтұрсынов емлесі» деп те аталып келгені белгілі.
Латынға көшу мәселесі 1923 жылдан бастап қазақ ұлт интеллигенциясы мен оқытушылар арасында көтерілді. Латынға көшуді насихаттаған қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың 1924 жылы Мәскеуде «Жаңа әліпби неге керек?» деген кітабы жарық көрді. Ол латын әрібіне көшудің негізгі себебі араб әрібінің оқу мен жазудағы қолайсыздығы деп көрсеткен. Үкімет жаңа әліпбиді жақтаушылар мен бұрынғы әліппені қолдаушылар арасындағы айтыс-тартысқа, еркін түрде пікірлерін айтуға, баспасөзге жариялауға бар мүмкіндіктерді жасаған. Екі жақтың да пайымдауларын ескеруге тырысты. Ұлт зиялысы Халел Досмұхамедов кезінде латын әліпбиіне қарсы болса да, латын әріптерінің жобасын жасауға қатысты. Өз жобасын ұсынды.
Негізінде латыншылар мен арабшылар арасындағы тартыс 1926 жылы Бакуде өткен бірінші түркология съезінде қатты көтерілген. Съезге Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынов, Әзиз Байсейітов, Елдес Омаров, Нәзір Төрекұловтар қатысқан. Дауысқа салу барысында латыншылар басым болып, латын әліпбиін қабылдауға шешім етілді.
Қазақстандағы жаңа әліпбиді жасау білікті ғалымдарға, тіл мамандарына тапсырылып, жасалған жобалар қызу талқылауға түскен. Бұл жерде де түрлі пікірлер пайда болған. Жаңа әліпби 1928 жылдың басынан мектептерге енгізіле бастады. Латын әліпбиіне толықтай көшкенше араб пен латын жазуы қатарласа қолданылды.
Елбасының Жобасынан кейін баспасөз беттерінде осы латын әліпбиіне көшу турсында түрлі пікірлер туындап отырғаны өзіңізге белгілі. Бұл заңдылық. Соның бірі тез арада латынға көшуіміз керек деген пікір. Бұл тым асығыстық шешім. Менің ойымша, біріншіден қабылданатын әліпбиіміздің нақты нұсқасын анықтап алу қажет. Себебі қазіргі таңда латын әліпбиінің қаншама нұсқасы жасалынып, ғалымдардың өздері әлі қайсысының лайықты екендігіне көз жеткізе алмай отыр. Екіншіден, халықты осы әліпбимен баспасөз, теледидардан арнаулы бағдарламалар арқылы таныстырып, дайындап алған абзал.
2006 жылы болған Қазақстан халқы ассамблеясының 12-сессиясында Елбасымыз латын графикасына көшуді қозғап, осы мәселені жіті зерттеп, нақты ұсыныстар даярлауға тапсырма берген еді. 2007 жылы Білім және ғылым министрлігінде осы латын әліпбиі мәселесіне байланысты комиссия құрылып, қоғамдық институттардың мамандары біршама іс-шараларды жүзеге асырған болатын. Бұл комиссия жұмысына қатысқан біздің институттың тарихшы мамандарының арасында мен де болдым. Әр институтқа нақты атқарылатын істері жүктелініп берілді. Мәселен, біздер ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы латынға көшудің тарихын зерттедік, латын әліпбиіне көшкен елдердің іс-тәжірибесі, сауалнамалар нәтижесі жазылған құжаттар, шетелдік зерттеушілердің ұсыныстары жинақталған құжаттар қарастырылып, талданды. Латын графикасына көшірудің негіздемесі жасалды. Тіл мамандары тілдің жағынан, экономистер қажетті шығынын қарастырды. Бірнеше мәжілістер өткізіліп, мамандар ұсынған әліпбилер талқылауға салынды. Латын әрібін қабылдаған Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттеріне арнайы экспедиция жіберіліп, олардың тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Бұл комиссия жұмысы сол кездерден кейін тоқтап қалмай, жұмысын жалғастыра түскенде бірер жылдар аралығында қабылдайтындай дәрежеге жетіп те қалар едік.
Екінші пікір бұл латын әліпбиін қабылдасақ, ол әріпке жаттыққанға дейін ежіктеп оқып қалмаймыз ба, орыс әрібінде шыққан құнды дүниелерімізді кейінгі ұрпақ оқи алмастай жоғалтып алмаймыз ба деген қорқыныш. Бұл бір жағынан орынды. Себебі, шындығында 20-30-жылдары латынға, 40-жылы кириллицаға көшуіміз бертінгі ұрпақтың ХХ ғасыр басында жарық көрген көптеген ұлттық құндылықтарымызды оқудан мақұрым етті. Қаншама зиялыларымыздың еңбектері осы күнге дейін әлі ашылмай жатыр. Алысқа бармай ақ тұңғыш журналымыз «Айқап» пен биыл шыққанына жүз жыл толып отырған «Қазақ» газетінің толық нұсқасын араб әрібін білмегеннен қолдана алмай отырғандар қаншама. Ал ол дүниелерде қаншама баға жетпес материалдар бар. Латын әріпімен басылған қаншама құнды дүниелеріміз кітапхана сөресінде өз оқырмандарын таба алмай жатқаны баршамызға аян. Осыған орай алда бұл мәселені де орайына келтіре шешу керек сияқты.
Тағы бір пікір бұл қазіргі таңда интернетте жастар латын жазуын еркін қолдана алады, сондықтан таяу арада қабылдауға еш кедергі жоқ деуі. Рас, жастар бұған икемшіл. Баланың қабылдау қабілеті өте күшті. Олардың техниканың, электрониканың жаңалықтарын да тез қабылдап алады. Қош. Ал орта жастағылар мен егде азаматтарымыз ше? Олардың үйренуіне біршама уақыт кетеді емес пе. Бұл мәселеде біз әліпбиімізді нақтылап алғаннан кейін баспасөз арқылы кең түрде насихаттап, жаңа әліпбиге көзімізді үйретуіміз керек.
- Сонда латын қаріпіне көшу мәселесінде сол кездегі тәжірибелерді ескеру қажет дейсіз ғой?
- Әлбетте. 20-жылы латын әліпбиін енгізуді жүзеге асыру туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Үкіметтің қарарлары бойынша жергілікті өкімет пен халық ағарту органдары әліпби мәселесіне арналып көпшілікке түсіндірме түрінде арнаулы кітаптар шығарылды, газеттердің бір беті жаңа әліпбиге арналып, жұртты жаттықтыру жұмыстары жүргізілген. Арнаулы курстар ашып, әліпбиді үйрететін ұстаздар даярланды. 2007 жылғы комиссия жұмыс барысында даярланған анықтама-ұсыныстарда, 1929 ж. латын әріпіне ауыстыру тәжірибесін ескеру қажеттілігі негізделіп, жоғарғы орынға ұсынылған. Сондықтан сол кездердегі тәжірибеге жүгінгеннің артығы болмас.
- Ал «Латын әліпбиіне көшуге биылғы жылдың қыркүйегінен бастап кірісу керек» деген пікірге қалай қарайсыз?
- Құр сөзбен қамал да, қала да тұрғыза алмайсың. Нақты қолданатын әліпбиді таңдап алмай, сол әліпбиді үйрететін маман ұстаздарды даярламай ол мүмкін емес. Бірақ түбі осы латынға көшеміз. Сондықтан бұл үдеріс жақсы дайындықпен және ойластырылып жүргізілуі аса қажет. Біз кешегі Өзбекстан мен Түркіменстанның қателігін қайталамауымыз керек. Мемлекет тарапынан арнайы қаулы қабылданып, оған ғалымдар жұмылдырылуы абзал. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, бұл істе ұқыптылықтың болуы шарт.
Сұхбаттасқан Жолдасбек Дуанаба