«...ол жердегі совет үкіметі Түркістан кедейлерінің
өліктерінің үстінде орнады, әйелдер мен балалардың
өліктерін құрбандыққа шалып орнады
(Рысқұлов, Сорокин, Сафаровтардың куәліктерінен қараңыз)».
МҰСТАФА ШОҚАЙТәуелсіздік жылдарында қазақ тарихына жаңаша көзқарас қалыптасты. 1989 жылы Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысы үлгiсiмен құрылған «Әділет» тарихи – ағарту қоғамы (Манаш Қозыбаев, Бейбіт Қойшыбаев) Ашаршылық нәубеті және Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жалпыұлттық деңгейге көтерді. Сол кезде елімізде қалыптасқан жағдайдың ауырлығына қарамастан, мемлекет тарапынан 1991 жылы 11 қарашада құрылған арнайы комиссияның қорытындысы, 1992 жылы «32-жылғы нәубетке 60 жыл толуына» орай ұйымдастырылған «32-нiң зұлматы» тарихи зерттеу экспедициясы (әл-Фараби атындағы ҚҰУ), Смағұл Елубаевтың «Алаш жұртына ашық хаты», 1992 жылы желтоқсанда ҚазОАК мен ҚАКСР ХКК-нiң 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарды тәркiлеу туралы», 1928 жылғы 13 қыркүйектегi «Аса iрi және жартылай феодал байларды тәркiлеу және жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылық туралы», 1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистiк жолмен қайта құруды нығайту жөнiндегi және кулактар мен байларға қарсы күрес жөнiндегi шаралар туралы» қаулыларын зерттеу жөнiндегi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Төралқасы комиссиясының қорытындылары мен ұсыныстары туралы Қаулысы жарияланды.
1993 жылы 14 сәуiрде ҚР жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы Заң шықты, 1995 жылы ҚР-ның Президентi жанындағы Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық Кеңестiң мәжiлiсiнде «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы», 1996 жылы 30 желтоқсанда ҚР Президентiнiң «1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы» Жарлығы, 1997 жылдың 31 мамырын саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi ретінде бекiту туралы ҚР Президентi Н.Ә. Назарбаевтың Өкiмi, соған сәйкес «Келешек күндерiмiздiң бәрi жарық болғай» деген атаумен ҚР-ның Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың Қазақстан азаматтарына Үндеуi жарық көрді. Осылайша, аталған ресми құжаттар мен материалдар болашақ ізденушілердің жаңа зерттеу бағыттарын анықтап берді.
Дегенмен, тәуелсіздік жылдарында күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырып бар. Ол – ашаршылық нәубеті мен жаппай саяси қуғын-сүргін мәселесін дербес қарастыру, соған сәйкес ашаршылық құрбандарына арналған азалы күнді белгілеу. Шын мәнісінде, түйіні шешілмеген бұл мәселенің ара-жігін ажырататын мезгіл жетті.
Жоғарыда айтылғандай, 1995 жылы бекітілген ҚР-ның Президентi жанындағы Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық Кеңестiң мәжiлiсiнде «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасында «Тарихи бiлiмнiң негiзгi басымдықтары», «Тарих ғылымының проблемалары», «Тарихи бiлiм беру мен ағарту iсiнiң келешегi» бағыттары қамтылған болатын. Соның iшiнде Қазақстан тарих ғылымының алдына қойған мiндеттердiң бiрi Кеңестiк дәуiрдегi Қазақстан тарихын қайта пайымдау. Соның қатарында Ашаршылық және Саяси қуғын-сүргiн тарихы бар. Ал, бұл тарихтың түп-тамырын кеңестiк билiктiң негiздерінен іздеген жөн. Өйткенi, Ахмет Байтұрсыновтың «Революция және қырғыздар» деп аталатын әйгілі мақаласында нақты айтылғандай, «қазаққа ақпан революциясы қаншалықты түсiнiктi болса, қазан революциясы соншалықты түсiнiксiз болды» және кеңестiк билiктiң күйреуiне дейiн сол түсiнiксiз күйiнде қалды. Олай дейтініміз, 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін билікке ұмтылған большевиктер, әу-бастан қара халықты алдап-арбау, еріксіз күштеу әдістері арқылы жұмысшы мен шаруа одағына негізделген қоғам құру мақсатын көздеген еді.
Қазан революциясының қазаққа түсініксіз болуын, Ахмет Байтұрсынов «қазақ қоғамында капитализмнің, соған сәйкес таптық жіктелудің жоқтығымен», ал Міржақып Дулатов «қазақ - қырғызды капиталист, буржуй, жұмыскер деп бөлуге болмайды. Бізде Еуропа халықтарындай зауыт, фабрика жоқ, бізде миллионер, жатып-ішep жоқ. Біздің халық ақ сүйек, қара сүйек, бай, жұмыскер, жерлі, жерсіздерге бөлінген емес. Қалың қазақ - қырғыздың тіpшілігі, шаруасы - мал бағу. Қазақ жері бұрыннан да жеке адамның eншіcіне бөлінген еместігімен» түсіндіреді [1,12].
Ресей орталығындағы қосөкіметтілік және оның шеткергі аймақтарындағы көпүкіметтілік жағдайында, большевиктер билік тізгінін ұстаудың өздеріне тиімді жолдарын қарастырды. 1917 жыл – саяси оқиғаларға толы күрделі кезең еді. Осы жылдары құрлықтың 38 мемлекеті тартылған 1914 жылғы Еуропа соғысы жүріп жатты. Ресейдің ішкі жағдайы тым ауыр-тын, елдің басым бөлігін құраған шаруалардың жер мәселесі шешімін таппады, соған орай шаруаларды сыртқа қоныстандыру процесі жалғасып жатты. Сондай-ақ, елдегі 30 млн.-ға жуық мұсылмандардың азаттық қозғалысы шарықтау шегіне жеткен кезең болатын.
Міне, қалыптасқан осындай жағдайда, өзіне әлеуметтік тірек іздеген Кеңестер, Уақытша үкіметтің соғысты тоқтатпау саясатына кереғар ұстанымға көшті. 1917 жылдың қыркүйек-қазан айларында «Жер – шаруаларға», «Заводтар мен фабрикалар – жұмысшыларға», «Езілген халықтарға – ұлттық теңдік» т.с.с. лениндік ұрандар көтерілді. Басқаша айтқанда, еңсесі түсіп, есеңкіреп қалған шаруалардың сұранысына сәйкес «соғысты тоқтатамыз», «жер береміз», «нан береміз» деген сөздер жағымды естілді. Осылайша, Ресейдің сол кездегі стратегиялық мақсатын жете түсінбеген шаруалар большевиктердің соңынан еріп кете барды.
1917 жылдың 26 қазанында өткен Советтердің бүкілресейлік екінші съезінде жарияланған В.И. Лениннің Үндеуінде: «Совет өкіметі... Ресейді мекендеуші барлық ұлттардың өзін-өзі билеуіне шын мәнінде право берілуін қамтамасыз етеді» деген уәдесі мен съезд қабылдаған «Бітім туралы» және «Жер туралы» декреттер жаңа өкіметтің орнығуы үшін үлкен маңызға ие болды, өйткені олар Советтерге деген халықтың басым көпшілігі болған шаруалардың сенімін күрт арттырды...
Ал, Алаш партиясының басшылары осыған дейін Қазақстанның ең басты, ең өзекті мәселелерін (ұлттық-мемлекеттік құрылыс, жер, қоныс аударушылар, казак-орыс әскерлерінің зорлық-зомбылығы т.с.с.) шеше алмаған Уақытша үкіметке сенуден қалса, енді оның орнынан келіп, жоғарыда аталған проблемаларды таптық принциптер негізінде шешуге уәде еткен Совет өкіметіне күмәнмен қарады [2, 133-134].
Мұстафа Шоқай кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында қазақ халқының жеткен жетістігі туралы Жүсіпбек Аймауытовтың мынадай пікірін береді: «соғыс, революция, тонаушылықтар, аштық, ұлттық тәуелсіздік, автономия... бұның бәрі қазақ-қырғыз халқының түсіне де кірмеген құқайлар, олар аштық пен ұшы-қиыры жоқ жоқшылықтың құшағында (қазақ-қырғыз халқы) кірді де кетті... Социалистік революцияны осылай түсіндіріп, осылай қабылдау саяси-ағарту саласы қызметкерлерінің Қызылордада өткен съезінде де айтылған» /Шоқай М. Советтер қол астындағы Түркістан (пролетариат диктатурасына мінездеме) [3, 142].
Кейінгі оқиғалар көрсеткендей, қазақ зиялыларының күмәні шындыққа айналды. Большевиктердің сорақылық саясатын көзімен көріп, жүрегімен сезген Алаш арыстары «өзгеше пікірлі» болғаны үшін әртүрлі жазаларға тартылды, соңы жаппай қырып-жоюмен тынды.
«Саяси қуғын – сүргін - кеңестік әміршілдік жүйенің саяси және таптық қарсыластарын «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер» және «әлеуметтік қауіпті элементтер» ретінде саяси қудалау саясаты... осы кезеңде тұтқындалған 44 алашордашылардың үшеуі Жүсіпбек Аймауытов, Әбдірахман Байділдин, Дінше Әділов ату жазасына кесіліп, үкім орындалды. Ал қалғандары әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды [4, 603]. Осы ретте «мұрағат қорларынан табылған 520 алашордашылардың тізімі» туралы айта кеткен жөн [5]. Осы тізімнің ішінде әртүрлі себептермен бүгінгі көпшілік оқырман қауымға жетпей жатқаны қаншама...
Алаш қозғалысы мен жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлттық элита өкілдерінің тағдырын терең ғылыми зерттеуге алған, кәсіби тарихшы Мәмбет Қойгелдиев Қазақстандағы Саяси репрессияны 5 кезеңге бөліп қарастырады:
1) 1918-1920 жж. – революция және азамат соғысы жылдарын қамтиды; 2) 1923-1932 жж. – И. Сталиннің билікке келуінен басталып, бірінші бесжылдықпен аяқталады; 3) 1932 – 1937/38 жж. – екінші бесжылдықтан басталып, репрессияның шарықтау шегімен аяқталады; 4) 1940 жылдың соңы – 1950 жылдың басы – соғыс жылдарындағы репрессиядан басталып, И.В. Сталиннің өмірден кетуімен аяқталады; 5) 1985-1991 жж. – Д.А. Қонаев тұсында бой көтерген «қазақ ұлтшылдығынан» («Казахское дело») басталып, желтоқсаншыларды репрессиялау науқанын қамтиды. Автор соңғысы кеңестік биліктің терең жүйелік дағдарысқа ұшырағанын анық көрсетумен қатар, перманентті репрессиялық шараларсыз бұл биліктің өмір сүре алмайтындығын байқатты» деген салмақты тұжырымын жасайды [6].
Міне, сонау 1917 жылдан билік тізгіні қолына тиген большевиктердің «перманентті репрессиялық шаралары», осындай. Соңғы кезде БАҚ беттерінде жиі айтылып жүргендей, кеңестер ұжымдастыру науқанында тек қазаққа емес, жалпыадамзатқа қарсы ауыр қылмыс жасады. Одан КСРО құрамындағы Еділ жағалауы, Батыс Сібір, Украина, Белоруссия т.б. аймақтардағы өзге ұлттар да зардап шекті.
Соңғы кезде жарияланған тарихшы-демограф М.Асылбековтiң «1933-1937 жылдардағы Бүкiлодақтық құпия санақ» мәлiметтерiнде, КСРО халқының саны әртүрлi берiледi. 1933 жылы 168 млн, 1937 жылы 180 млн мен 162 млн адам көрсетiлген [7]. Бұл кеңестiк санақтың құпиясы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарының санын әлемдік қауымдастықтан жасырумен түсiндiрiлсе керек. Ал, өткен ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақтың жалпы саны – 6 млн. шамасында болса, ашаршылық пен репрессия жылдары тең жартысынан астамы мәңгілік мекеніне ерте кетті. Тіпті, соңғы сандық мәліметтер бұдан да жоғары. Айталық, белгілі тарихшы-аудармашы К. Есмағамбетовтің пайымдауынша, «зерттеушілердің өмірге келмеген ұрпағының саны туралы мағлұматтарын есептегенде, 1932-1933 жылдары қазақтар 4 млн.-дай адамнан айырылған» [8, 114].
Ашаршылық нәубеті кеңестік биліктің бірінші бесжылдық тұсына (1928-1932) сәйкес келді. Бұл кезең жөнінде 1970 жылы Қарағандыда елеусіз жағдайда дүниеден озған соңғы алашордашылардың бірі - Әлімхан Ермеков мынадай пікірін: «қазан төңкерісі Қазақстанда 1928 жылдан бастап нақты күшіне кірді. Далалық жартылай феодализм мен капиатализмнің тамыры енді ғана жұлына бастады. Бұрын саясатпен айналысқан адамдар осындай қысылтаяң сәттерде сынақтан өтуі тиістігін» білдірген еді [9, 202].
Осы жылдары Қазақстанды басқару Ф.И. Голошекиннің еншісіне тиді (1925-1933). Ол орталықтағы «Ұлы қазаннан» «Кіші қазанды» туындатып, өзіне қарсы қабақ шытқандарды қағып тастап отырды. Сөйтіп, айналасына «көнбіс жандарды» жинады. Бұл саясаттың нәтижесі қазақтардың дәстүрлi мал шаруашылығын күйзеліске әкелді. Төрт түлік мал басы күрт қысқарды, малдың сандық көрсеткіші көпірме жалған ақпараттарға толды. Айталық, Әбілхайыр Досовтың 4 томдық жеке істеріндегі материалдарда «1930 жылдары өлкелік комитет ет дайындау жоспарына сәйкес мал санын анықтау мақсатында құрылған комиссия (төрағасы О. Исаев), З. Төреғожиннің Қазақстандағы мал саны шамамен 4-4,5 млн. деген мәліметін жоққа шығарып, әлі де 14-15 млн.–ға жуық мал басының бар екенін алға тартылған. Ал, өлкелік комитеттің мәліметінде – 21 млн. мал басы көрсетілген. Осы бюрода шындықты айтқан З. Төреғожин мықтап таяқ жеген» [10]. Қазақ даласындағы мал басының қысқаруы аздай, ауа-райының қолайсыздығы мен індеттің таралуы «жығылған үстіне жұдырық» болды.
Міне, осы көріністегі тарих сахнасына 1930 жылдары ұшқыр ойлы, өткір тілді Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, О. Исаев, Н.Нұрмақов, С. Қожанов, Ж. Мыңбаев және т.б. қазақтың «ұлтшыл» өкілдері шықты.
«Мемлекеттік тәуелсіздік, жер және кезінде алаш зиялылары күн тәртібіне қойған қоғамдық-саяси басқа да мәселелерді басты талабы етіп, ұлт-азаттық қозғалыс жаңа сипатта Т. Рысқұлов, С. Аспандияров, С. Қожанов, С. Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев қызметінде одан әрі өрши түсті.
Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайұлының қызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929-39) шығып тұрған «Яш Түркістан» журналындағы материалдар соның айғағы [11,249]. Жалпы Мұстафа Шоқай 20 жылдық эмиграциялық қызметінде елдегі жағдайға қатысты материалдарды егжей-тегжейлі қарастырып, талдап отырғаны белгілі. Оның қаламы ашаршылық тақырыбын айналып өтпеген. Айталық, 1918-22 жылдардағы ашаршылық туралы «Новый мир» журналында жарияланған «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақаланың авторы – шынайы Ахмет Байтұрсынов емес. Оның мақаласын советтік цензураның 99 пайызға өзгертіп жібергені аңғарылып тұр. Өйткені, А. Байтұрсынов ешқашан айқын фактілерге қарама-қайшы келмейді» - деп аяқтаған өз мақаласын Мұстафа Шоқай [12].1932-33 жылдары Ұлы Даланы шарпыған ашаршылық жөнінде, оның себептері мен салдары, экономикалық және демографиялық зардаптары туралы Т.Рысқұлов, О. Исаев, Ғ. Мүсiрепов, М. Ғатаулин, М. Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев және т.б. қазақ зиялылары Мәскеу (И.В. Сталин) мен Қызылордаға (Ф.И. Голощекин) ресми хаттар жібергені белгілі. Бұл түпнұсқалық деректер тарихымызға «Сталинге хат», «Бесеудiң хаты» деген атаулармен енді.
Ұжымдастыру кезеңінде саясат пен шығармашылықты қатар алып жүрген қазақ зиялылары ұжымдастыру, ашаршылық тақырыбын айналып өтпеді. Соның ішінде Алаш қайраткерлері Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасын, Ілияс Жансүгіровтің «Кәмпеске», «Жұт - жеті ағайынды» өлеңдерін атауға болады.
С. Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы туралы Тұрсынбек Кәкiшевтің мәліметтері мынадай: «1936 жылы 10 қаңтарда Минск қаласында КСРО Жазушылар одағының пленумы болды. Ойламаған жерден Сәкен мықты соққыға жығылды. Бүкiл қазақ даласын жыландай жалмаған аштық пен ауыртпалықты, ескi крайкомның қайрансыздығын қазақ әдебиетiнде жападан-жалғыз жырлаған «Қызыл ат» поэмасы Сәкендi «пәлеге» қалдырды. «...троцкизмге жақын саяси қателіктерге жол берді» деп, Сәкендi Троцкиймен бауырластырып қойды, ... бұл сол кез үшiн қайырлы сағаттан емес-тiн...» [13, 352 ].
«Жұт –жеті ағайынды» өлеңіндегі мына бір шумақтар каннибализмнің қазақ даласына да жеткенін айғақтайды: «Күнiне қазақ мыңдап өлiп жатыр, Тұқымы сағат сайын кемiп жатыр. Өз баласын өзi үйiтiп, сирағын жеп, Көр азабын тiрiдей көрiп жатыр» деген жан түршігерлік жолдар адамның сүйегін қайыстырады [14]. Қалай десек те, тарихтың шындығы көркем әдебиетте осылайша көрсетіледі.
Сөз соңында айтпағымыз - талай жұттан, талай соғыстан аман қалған қазақ, 1920-1930 жылдардағы кеңестік тоталитаризм жүйесіндегі ашаршылық нәубетін көтере алмай қалды... Өкінішке орай, оның экономикалық және демографиялық зардаптары осы күнге дейін жойылған жоқ. Сондықтан, Нәубет жылдарының ащы сабақтарын ұмытпай, миллиондаған ашаршылық құрбандарына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Әдебиеттер:
1. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. – Алматы: «Ел-шежіре», 2007. 4-ші Т: Қазақ съездері. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1917 ж. – желтоқсан 1919 ж. Казахские съезды. Сборник документов и материалов. Апрель 1917 г. – декабрь 1919 г. – Т.4. - 352 б.
2. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: Ататек, 1995.-256 б.
3. Шоқай М. Таңдамалы шығармалар: Үш томдық. 3 – т. – Алматы: «Қайнар» баспасы. -2007. -384 б.
4. Омарбеков Т. Саяси қуғын-сүргін. Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы. - Т.7.-Алматы, 2005. – 728 б.
5. Алаш айнасы. - № 92. 31.05.2011.
6. Қойгелдиев М. Жалпыхалықтық қасіретті естен шығару қоғамның өзі үшін де қауіпті /Алаш айнасы. - №92. 31.05.2011.
7. Асылбек М., Ж. Асылбекова. Құпия санақ болып есептелген 1939 жылғы Қазақстан халқы туралы мәліметтер не дейді? http//www.egemen.kz.
8. Есмағамбетов К. М. Шоқай қазақтардың ашаршылыққа ұшырауы туралы» ҚазҰПУ, №2 (29), 2011. 107-114 бб.
9.Движение Алаш. Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трех томник. Т.2. –Алматы: «Ел-шежіре», 2011. -376 б.
10. Мұсырман К. Қан тамған қолжазбалар. Егеменді Қазақстан. 10.04.1992.
11. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы.ҚҰЭ.-Алматы,1998. -720б.
12. Есмағамбетов К. М. Шоқай қазақтардың ашаршылыққа ұшырауы туралы» ҚазҰПУ, №2 (29), 2011. 107-114 бб.; Көлбаев Т. Мешін-тауық жұты./ Алаш айнасы. 20.04.2012.
13. Кәкiшев Т. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2010. -352 б; Құрманғалиева Р. «Қызыл ат» поэмасына жаңаша көзқарас //Астана ақшамы. 28 ақпан, 2012.
14. Көлбаев Т. Ұлт зиялылары ашаршылық тұсында./http://abai.kz/.
Күлпаш Мырзамұратқызы Ілиясова
т.ғ.к., доцент Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері
Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.