Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқының өз тарихына, өзінің өткенін білуге деген құштарлығына қуануымыз керек

12861
Қазақ халқының өз тарихына, өзінің өткенін білуге деген құштарлығына қуануымыз керек - e-history.kz
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған – Мемлекет тарихы институтының директоры. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик. «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Қазақстан тарихын бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан жаңаша талдап, баға беруде, өтпелі қоғамдағы саяси жүйенің қалыптасуы мен эволюциясын зерттеуде, бұрынғы белгісіз құжаттарды ғылыми айналымға қосуда үлкен еңбек сіңіруде. Қазақтың кесек тұлғаларының өмірі мен саяси қызметтеріне мән беріп, терең ғылыми жұмыстар атқаруда. Сондай-ақ орта мектептер мен жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар жазған, "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы" сияқты іргелі басылымдардың жарық көруіне басшылық жасап, халқымыздың өткен өмірі, басына түскен қиыншылығы, тәуелсіздік үшін арпалысып, көркем бейнеленген "Көшпенділер" фильмін түсіруде кеңесші болған. Сонымен қатар, ғалым қазіргі заман ағымы, ұлт болашағы жөніндегі көптеген публистикалық мақалалардың авторы. ҚазАқпарат қазақ тарихы, оның бет алысы, жетістіктері мен проблемаларына қатысты әйгілі ғалыммен болған сұхбатты ұсынады.

 - Құрметті Бүркітбай Ғелманұлы! Тәуелсіздіктің 20 жылдыған атап өткеніміз кеше ғана. 20 жылдық тарихымызда нендей өзгерістер болды? 

- Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ғылымы, оның ішінде тарих ғылымы, жаңа деңгейге көтерілді. Бұның басты себебі, Кеңес дәуірінде, жоғары жаққа жалтақтау көп болса, қазіргі таңда көптеген ақтаңдақтар мен олардың ұлт болашағы жолында атқарған игі істері әділ бағасын алып, тарихымыздан өз орнын тапты. Қазақстан тарихшыларының аға буыны, атап айтқанда Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов, Халел Арғынбаев, археолог Кемал Ақышев, Жанұзақ Қасымбаев сынды үлкен тарихшылардың арқасында тарихымыздағы көптеген мәселелер қайта қаралып, көптеген тың жаңалықтар ашылды. 1928-1932 жылдары болған аштықтың талай шындықтары айтылды. Ұлы Отан соғысындағы тұтқынға түскен солдаттардың тағдыры қағаз бетіне түсті. Сондай-ақ қуғын-сүргін, яғни 1937-1938 жылдардағы шындықтар көптеп ашылды. Жалпы репрессия қазақ даласында Алашорда көсемдерінен, яғни 1920 жылдан басталды десе болады. Алашорда көсемдері жұмыстан қуылып, қудаланды. Әлихан Бөкейханов сол кезде бірнеше рет тұтқындалып, Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Бұндай қуғынға ұшырағандардың арасында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды қазақ интеллигенциясының қаймақтары да болған.

Осы оқиғалардан кейінгі қуғындаулар 1937-1938 жылдарға дөп келді. Бұл Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды өз ұлтының патриоттары атылып кеткен кезі. Қуғын-сүргінді, сталиндік тәртіп соғыс аяқталғаннан кейін де жалғастырды. Қуғынға ұшырағандардың арасында Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Есмағамбет Ысмайылов, Қаныш Сәтбаевтар бар. Петр Галузо деген тамаша тарихшы да болған. Яғни тарихшылар осы боздақтар жөніндегі көп шындықтарды айтып, жазып кетті. Бүгінгі таңда біз 20 жылдан астам уақыт егеменді ел болып отырмыз. Саяси картада жаңа мемлекет пайда болды. Бұл мемлекет көптеген халықаралық ұйымдармен ықпалдаса біліп, көптеген саяси реформаларды жүзеге асырды. Айталық біз Парламентімізді жасақтап, оны көппартиялы жүйеге айналдырдық. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары пайда болды. Экономика терең өзгерістен өтіп, нарықтық экономикаға бейімделді. Төл теңгеміз қолданысқа еніп, азаматтардың құқықтары қорғала бастады. Бұның барлығы, әрине, үлкен өзгерістер. Мемлекетте осындай жағдайдың қалыптасуына орай біздің рухани әлемімізде де үлкен төңкеріс болды. Міне, осы жетістіктердің барлығын, елеп-екшеп, саралап  отыру үшін, мемлекетіміздің ендігі әрі қарай дамып, өсіп-өркендеу жолын бағамдап отыру үшін Мемлекет тарихы институты дүниеге келді.

Бүгінде Қазақстан бойынша 4 мемлекеттік тарих институты бар. Оның біреуі - біздің институт. Біздің мекемеміздің басты мақсаты - елдегі қазіргі жағдайды зерттеу және оған жаңа әдістемелік көзқараспен қарау. Тарихта әрбір айтылатын ойды нақты дәйекпен дәл айту қажет. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылды, деп айтып кеттік алдында. Біз тек былтыр ғана 24 кітап шығардық. Ал соңғы үш жылда тарихи зерттеулермен байланысты 53 кітап шығарып үлгердік. Оның арасында мектептер мен жоғары оқу орындарының  оқулықтары және хрестоматиялар мен хроникалар, жинақтар шығып жатыр. Әрине, тарихтағы есебімізді түгендеу үшін өз салалары бойынша, еліміздегі өзге де институттар ауқымды жұмыстар атқаруда. Дегенмен бізде әлі де болса зерттей түсуді қажет ететін дүниелер жеткілікті. Олар негізінен қазақ мемлекетінің құрылуының алғышарттары, оның күшеюі сияқты мәселелер. Екінші бір күрделі мәселе - қазақ даласына Кеңес өкіметінің келуі. Бұрын біз тарихқа, тарих ғылымына Маркстік, Лениндік методологиямен қарайтынбыз. Енді оларды ұлт тұрғысынан қарайтын кез келді. Яғни, Кеңес өкіметін қазақ халқы қолдады ма, қолдамаса, соған қарсы тұра алды ма? деген мәселелер толғандыруы керек. Өйткені Кеңес өкіметі деген орыс солдаттарының алып келген билігі. Ал қазақтардың кейбірі ғана болмаса, жалпы бұл өкіметті қолдамаған. Сондықтан да Голощекин 1925 жылдары қазақ даласында Қазан революциясы болмаған деген желеумен мұнда кіші революция ұйымдастырған. Яғни қазақ даласындағы жергілікті халықтың қарсылығын олар да сезген. Міне, осы мәселе енді қайтадан қаралуы керек.

Ұлы Отан соғысына қанша қазақ аттанды, қай қазақ қайда соғысты, олардың қаншасы оралды, қаншасы оралмады деген мәселелер де зерттеуді қажет етеді. Бұл жерден идеологиямен байланысты жәйттерді алып тастаған жөн. Ал шын мәнінде бұл жеңіске қол жеткізуге қазақ халқының да қосқан ерен үлесі болуы мүмкін. Бұдан кейінгі маңызды мәселелердің бірі тәуелсіз Қазақстанға қатысты. Жалпы тарих мәселелеріне қатысты соңғы уақытта елде дөңгелек үстелдер мен форумдар, семинарлар жиі өткізілуде. Дегенмен мен әлі де болса бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет деп есептеймін. Былтыр Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Қазақстан тарихшыларының конгресі өтті. Бұл бұрын-соңды елде болмаған алғашқы конгресс болатын. Біз осы жиынның жинағын шығардық. Қазір осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырудамыз. Жақын арада аталған конгрестің басшылары мен қатысушылары 19-шы сәуірде Алматыда қайта бас қосты. Жоспарлар көп. Солардың арасында Қазақстан тарихына қатысты 20 томдық кітап шығаратын ой бар. Міне, бүгінгі жоспарлар осындай.

- Тоталитарлық режимнің құрсауында болған кездегі олқылықтардың орнын жаптық дейсіз ғой? 

 - Әрине, олқылықтардың көпшілігі осы уақытта қалпына келтірілді. Дегенмен әлі де болса жұмыс көп.  Алдында атап өткеніміздей, тарих саласы бойынша ашылып жатқан жаңалықтар көп. Тарих өте қызық ғылым және онда тоқтау деген болмайды. Біз бұрын тарих туралы сөз еткенде көбіне осыған дейін белгілі болған Алтын Орда туралы көп айтатынбыз. Қазір «Мәдени мұра» сияқты бағдарламалардың арқасында тарихымызбен байланысты көптеген жаңа, тың деректер мәлім болып жатыр. Сонымен қатар бұрын біз көптеген мәліметтерді орыс тіліндегі деректер негізінде ашсақ, қазір «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында Қытай, араб деректерін де көп пайдаланудамыз. Батыс деректерін де назардан тыс қалдырмаймыз. Бұрындары Қасым хан кезінде қазақ елінің Иран мемлекетімен қарым-қатынаста болғандығы туралы айтыла бермейтін. Қазақтар мен қытайлықтар арасындағы қарым-қатынастар да беймәлім болып келген. Қазір солардың барлығы бізге айқын. Әрине, тарих іздеген сайын түрлі, қызықты деректерді тауып беріп отыратын қызық ғылым. Сондықтан осыған дейін өзімізге мәлім болған жаңа, тың деректерді де әлі зерттеу қажет.

- Барлығы тек уақыттың еншісінде демексіз ғой? 

- Әрине, мәселенің бәрі тек уақытта ғана деуге болмайды. Себебі, мұнда игі іске қолбайлау болып отырған жекелеген мәселелер де жеткілікті. Бір жағынан мен жастарды көріп ерекше қуанамын. Себебі өскелең ұрпақ тілді меңгеруге өте бейім. Қазір ағылшын тілінде  еркін сөйлесетін жастар жетерлік. Түрік және қытай тілін білетін жастар да баршылық. Моңғол тілін жетік меңгергендер де бар. Соңғы 20 жылда ғылым саласына бет бұрған жастар саны ерекше күрт азайған болатын. Алайда міне, 2-3 жыл болды, жаңағы айтып өткен тіл білетін, ғылымға келіп жатқан жастар саны ептеп көбейе бастады. Яғни осыған дейін бізде тарих ғылымы мамандарының қартаю үрдісі бар болатын.

Екінші мәселе - тарихшы мамандар бір-бір объектін алып, соны зерттеуді жалғастыра береді. Ал шет мемлекеттердегі жәдігерлерді зерттеп, өзімізге тиесілісін елге қайтару жағы ақсап жатыр. Бұл мәселенің оң бағыт алуына кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы игі ықпалын тигізген болатын. Ал биыл осы бағдарламаның жалғасы ретінде Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» деген жаңа бағдарлама ашып, оған қатысты үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Енді осы бағдарлама аясында үлкен, тың дүниелердің беті ашылады деп үміттеніп отырмыз.

Үшінші мәселе - тарих ғылымындағы методологиялық жағынан жаңаша ойлау үрдісі аздау ма деп ойлаймын. Яғни осыған дейін айтылған дүниелерді қайталай беру көп орын алуда. Қазақстанның тарихшылар қауымы - дербес қауым. Бізге осыған дейін біреулердің айтқан ескі-құсқы дүниелерін қайталау мүлдем қажет емес.

- Тарих ғылымын меңгеруге деген жастардың ұмтылысын ояту үшін мемлекеттің де қолдауы қажет болар? 

- Бұл да бір ғылымдағы келелі мәселелердің бірі десе болады. Бізде талантты жастар өте көп. Бірақ жас ғалымдардың алатын жалақылары мардымсыз. Сондықтан мемлекет тарапынан оларға көңіл аударылу қажет деген ойдамын. Мүмкін олар үшін жатақхана салынар. Кезінде ғалымдарға жасалатын осындай бір жақсы дәстүр бар еді. Соны қайта жаңғыртса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, қалаға ағылып келіп жатқан жастар саны өте көп. Олардың арасында ғылым саласының өкілдері де жетерлік. Олардың пәтер алуға жағдайлары жоқ. Жатақхана әрине жастардың мәселесін түбегейлі шешіп жібереді деген ойдан аулақпын. Бірақ ол болашақ ғалымдар үшін айтарлықтай қолдау болатынына сенімдімін.

  - Ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу жайы қалай болып жатыр ? 

- Батыс елдерінде ғылымдағы жаңалық бірден өндіріске ене бастайды. Ал бізде бұл жағы әзірге дайындық үстінде. 2011 жылы 1 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғалымдармен кездескенде «Ғылым және бизнестің жол картасы» туралы әңгіме қозғады. Бұл өндіріс пен ғылымды бір-біріне жақындату дегенді білдірсе керек. Қазір бұл бастама қолға алынды. Енді ғана жүзеге аса бастады. Біз оның болашағына зор үміт артып отырмыз.

Жалпы бұл мәселеде де назар аударуды қажет ететін проблемалар бар. Мысалы бизнес өкілдері гуманитарлық ғылымдарды  тиімді деп есептемейді. Олар үшін ең тиімді салалар техника, технология, биотехнология сияқты салалар болып табылады. Ал гуманитарлық салалар олар үшін пайдасыз. Алайда гуманитарлық ғылымсыз, яғни рухани дүние байымай, қоғам да байымайды. Бұны бизнес өкілдері түсінулері керек. Қорыта келгенде, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу бағытында  ғалымдар тартынып қалып жатқан жоқ.

Осы ретте айта кететін мәселе ғылым саласына деген сыни көзқарас қазір жоғары деңгейде десе болады. Қазір, айталық, әдебиетшілер, саясаттанушылар, тарихшылар біраз жұмыстар атқарды. Менің тілейтінім, солардың еңбектері зая кетпей, қажырлы жұмыстар атқарып, тәуелсіз Қазақстанға пайдасын келтіре берсе деп тілеймін. Қазір біздің, яғни тарихшылардың басы қосылды. Өйткені біздің ортақ ұйымымыз бар. Бұл игі үрдісті ғылымның өзге салаларындағы азаматтардан көре алмай отырмыз. Ал тарихшылардың бастарының бірігуі жақсылықтыің нышаны деп білемін.

Өзге елдің боданы болған халықтар немесе ұлттар әлемдік тарихта аз болмаған. Ең қызығы солардың басым көпшілігі өз тарихын, өз тегін білуге құлықсыз. Ал осындай жағдайда біз қазақ халқының өз тарихына, өзінің өткенін білуге деген құштарлығына қуануымыз керек сияқты. Қазақ қаншама идеологиялық науқандарды бастан өткерсе де тарихын жадынан өшірмеген. Бұның басты себебі - қазақ халқының тарихы өте бай. Түркі қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығы болып кете береді. Бұлардың барлығы да қазақ халқы құрған, қазақ халқы өмір сүрген мемлекеттер.

Екіншіден, қазақ шежірешіл халық. Осының арқасында «қылышынан қан тамған» кеңестік жүйенің уысынан да аман қалды. Ең қызығарлығы, халқымыздың тарихқа деген қызығушылығы жыл өткен сайын арта түсуде. Тарих десең, «жауға шабуға дайын» қазақты кез-келген уақытта табуға болады. Мен бұған қуанамын. Әрине, тарих көп оқып, зерттеуді қажет ететін күрделі, қиын ғылым. Сондықтан тарих туралы таласқа түскендердің барлығы бірдей ғұлама дей беруге болмайды. Дегенмен, соған деген ұмтылыстың өзі жүрек түбіне сенім ұялатады. Әр халықтың өз тарихын білсем деген құштарлық қашан да қолдауға тұрарлық.

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?