Соңғы деректер мен зерттеулер бойынша, б.з. I—X ғасыр аралығында Орталық Азия мен Моңғол үстіртінде саяси үстемдік жүргізген түркітекті теле тайпалар одағы болғаны белгілі болып отыр. Сонымен қатар Алтай, Тарбағатайды мекендеген қарлұқтар мен Шығыс Түркістандағы басмылдар да Орталың Азияны билеуге ұмтылды. Ғұндар империясы ыдыраған соң, Орхон аймағында түркі текті теле тайпалар одағы ұйымдасты. V ғасыр ортасында Ашына бастаған Алтайдағы түркілер осы телелердің 40 мың үйлік бірлестіктерін бағындырып, солардың күшімен өздерінің ата жаулары жужандарды (аварлардың бабаларын) жеңіп, тарих сахнасына көтерілді.
Түріктер 552 жылы Солтүстік Моңғолия жерінде Түрік каганатын құрды. Оның алғашқы билеушісі Бумын қаған еді. Мұқан қаған тұсында бүкіл Ішкі Азия, Оңтүстік Сібір жері, Оңтүстік-батыс Маньчжуриядағы қидандар, қарақытайлар, Тува жері мен Енисей қырғыздары бағындырылды. Иштеми (Естеми) қаған тұсында түріктер батысқа қарай жылжып, Жоңғария жерін, Қазақстанның, Орталық Азияның шығыс аймақтарын бағындыра бастады. VI ғасырдың екінші жартысына қарай түріктер бүкіл Қазақстан жерін, Орталық Азияның біраз бөлігін бағындырып, Қара теңіз жағалауына дейін жетті.
Билік басында ақсүйек ашына (ашина) руы тұрды. Бұл — «киелі қасқыр» деген сөз. Қағандар мемлекеттің басты билеушісі болды. Түріктердің туы бөрілі байрақ болуымен қатар олардың қорғаушыоң қағарлары да «бөрі» аталған. Оның алғашқы қағандары Түмен (Бумын), Мұқан, Естеми, Қара-Еске қағандар еді. Ал Батыс түрік қағанатының билеушілері Тон Жабғу қаған (618—630), Жеғуй қаған (610—618) кезінде қағанат саяси-әкімшілік жағынан дамудың ең жоғары дәрежесіне көтерілді. Қытай жазбаларында айтылғандай Бүмын (Тұмын) қағанның кіші інісі Мұқан қаған 552—554 жылдары Түрік қағанатының негізгі дұшпанының бірі жужандарды (аварларды) бағындырып, Орталық Азия билеушісіне айналады. Түрік қағанының тағы бір інісі Иштеми (Естеми) (552— 582 жж.) батысқа жылжып, Жетісу мен Қазақстанның далалық аймақтары және Сырдария, Арал теңізіне дейін жетті. Сасанидтік Иранмен одақтаса жүріп, эфталиттерді бағындырып, Византиямен сауда-экономикалық байланыстар (Земарх елшілігі) орнатады. Түрік қағанаты Қазақстан жеріндегі алғашқы ортағасырлық мемлекет болды.
Батыс түрік қағанаты (603—704).
Сонымен580 жылға дейін Түрік қағанаты дамуының шарықтау шегіне жетті. 581 жылы Қытайда Суй әулеті билікке келіп, жаңа басқыншылық соғыстар мүмкін болмай қалды. Өзгерген саяси жағдайда, 20 жылға созылған түрік билеушілерінің арасындағы өзара соғыстар нәтижесінде 582—603 жылдары Түрік мемлекетінде ыдырау үдерісі жүрді. Түрік қағанаты 603 жылы Шығыс (Моңғолия), Батыс (Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі) болып екіге бөлінді.
Батыс Түрік қағанаты ежелгі үйсін мемлекетінің жерінде құрылды. Батыс қағанаттың орталығы Шу аңғарындағы Суяб (Жетісу) қаласы болды. Аумағы: Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жер, Алтай,Сібір, Әмудария, Еділ, Жайық өзенінің төменгі ағысы аралықтарын қамтыған. Құрамына Шығыс Түркістан, Самарқанд, Кеш, Бұқара сияқты отырықшы-егінші аймақтар да енді. Батыс Түрік қағанатының Шығыс Түрік қағанатынан айырмашылығы екіншісінің халқы, негізінен, көшпелі, жартылай көшпелі болатын. Ал Батыс Түрік қағанатының көпшілік халқы отырықшы, егін егумен, қолөнер, саудамен айналысты. Сондықтан әлеуметтік құрылымы күрделі, Шығыс Түрік қағанатымен салыстырғанда қоғамдық-экономикалық қатынастардың дамығандығымен ерекшеленеді. Мысалы, Батыс Түрік қағанатында мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі қағаннан бастап ру-тайпа басшыларына дейін 28 дәрежелі лауазым иелері болған. Түрік қағанатында қағаннан кейін екінші адам ұлық болды. Үшінші билік қаған руының үстем тап өкілдері қолында болды. Олар: Шад, одан кейінгілеріне Тегін, Елтебер деген лауазымдар берілді. Бұл лауазымдар мұрагерлікпен беріліп отырды.
Сондай-ақ мұнда Ұлы Жібек жолы бойындағы қала мәдениеті жақсы дамыды. Қазіргі Моңғолия жерінде көк түріктердің 220 қаласының орны бар көрінеді. Араб географтары кимектердің белгілі 16 қаласы, қарлұқтардың 25 қаласы бар деп жазды.
Шығыс Түрік қағанатының жұрты көк түрік, ал Батыс Түрік қағанатының жұрты «он оқ бұдын» — «он оқ елі» аталды.
Батыс Түрік қағанаты өзіне жаңа жерлер мен жаңа елдерді жаулап алып жатты. Олар 588 жылы Еділ бойын, Орал тауының бергі бетіндегі елдерді, Орталың Азияның біраз бөлігін өздеріне бағындырып алды.
Алайда «он оқ бұдын» елінің оң қанаты (5 нушиби) мен сол қанаты (5 дулу) арасындағы 16 жылға созылған билік үшін күрес қағандықтың іргесін шайқалтты. Бұған 657 жылы Жетісуда өз үстемдігін орнатуға ұмтылған Қытай экспансиясы қосылды. Тақ әулетіне қарсы соғыс бірнеше жылға созылды. 657 жылы түрік әскерлері Ертіс бойында жеңіліп, қағанның өзі Шаш өлкесіне бой тасалады. Қарамағындағы ұлыстар ыдырап кетті. Осы кезден бастап өз дамуында күшейіп алған Тақ әулеті Шығыс және Батыс Түрік қағанаты жерлерін толығымен өз ықпалында ұстап тұруға ұмтылды. Империяның қол астындағы халықтарды ұстап тұру үшін түрік ақсүйектерін өз жағына тартып, сенімді өкіл ретінде басқақ, тұтық лауазымдарын үлестірді. Тақ империясы тарапынан тұрғызылған балбал тастарда түрлі лауазымы бар түрік тайпаларының көсемдерінің есімдері қашап жазылған.
Тақ империясы қағанаттың жерін екіге бөліп, оны «қуыршақ» қағандар арқылы басқарды. Тақ империясының басқаруы ширек ғасырдан астам уақытқа созылды.