Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құралай деген қандай жаратылыс?

4985
Құралай деген қандай жаратылыс? - e-history.kz
Біз күнделікті өмірде «құралайды көзге атқан мерген», «құралайдың салқыны» немесе «құралайдың желі» деген тіркестерді жиі қолданатынымыз болмаса құралай

сөзінің нақты не мағына беретінін біле бермейміз. Әдетте құралай ұғымы киікке, ақбөкенге қатысты айтылады. Яғни киіктің лағын құралай деп атайды. Киік төлдейтін уақытта ауа райы күрт бұзылады. Жүгірген аң мен ұшқан құс жорыққа шыға алмай қалады. Осы сәтті пайдаланып дүниеге келген киік төлі аман-есен аяқтанып, үйірге қосылады деген түсінік бар халық арасында. «Құралайдың салқыны», «құралайдың желі» ұғымдары осыған байланысты пайда болған.

Белгілі зерттеуші Омар Жәлелдің айтуынша, құралай деген құстың атауы. «Қазақта «Қатын бастаған көш оңбайды, құралай бастаған құс оңбайды» деген мақал бар. Қарағандыда тұратын досым, емші Бейіс ағамның айтуы бойынша, құралай деген құс болады екен. Оның тышқан боғы кәдімгі емдік қасиеті бар мумиеге айналады. Ол өзі әрі құс, әрі тышқын текті, ұзын жарғақ қанатын жиып, құйрығы тышқандікіндей ұзарып ініне кіріп кетеді екен. Кәдімгі құс сияқты талпынып ұшқанмен, жерден бес метрдей көтеріліп, қайта жерге топ ете қалады. Отырған кезде көзі айналып, айналаны түгел шолып, 360 градусты түгел көріп отырады. Сондықтан оған оқ тигізу қиынның қиыны, нағыз қас мергендердің ғана қолынан келеді. «Құралайды көзінен атқан мерген» деген сөз тіркесі осыған байланысты шықса керек», - деген еді бір әңгімесінде.

Расында құралай деген қандай жануар?

Құс немесе тышқан әлде мүлдем басқа жаратылыс па?

Түсіндірме сөздіктерде «құралай» сөзіне мынадай анықтамалар берілген:

Құралайдың амалы - сәуірдің аяғы не мамырдың басында күн суытып, қар аралас жаңбыр жауатын кез; 

Құралай салқыны - бұл белгілі «құралайдың амалы», «бесқонақ» деген қауіпті кезең. Құралайдың амалы тұсында жолаушы жолға шықпайды (Р.Тоқтаров, Ғасыр наны, 375). Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі

Киік төлдейтін май айының екінші жартысында ылғи да аспанды сұрғылт бұлт торлап, жауын-шашынды, салқын болады. Қазақ халқы бұл мезгілді «Құралай амалы» деп атап кеткен. Бұл 3-4 күнге немесе бір аптаға созылатын суық мезгіл (Шопан сырласы, 323) Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі

Құралай - зат. Жабайы, тағы аң; киік, бөкен. зат. Киіктің жас лағы. зат. Май айының екінші жартысында болатын 8-10 күндей болатын жауынды шашынды мезгіл; амал. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі

Құралай құс - зат. зоол. Торғай типтес, басы қызыл құс (чечевица) (Ана тілі, 21.08.2008) … Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі

Яғни құралай дегеніміз киіктің төлі, табиғат құбылысы сонымен қатар шағын құстың атауы болып шығады.

Википедиядағы деректер де құралайдың құс екенін растайды. Ондағы деректер былай дейді: Үлкен құралай (лат. Carpodacus rubicilla) - сирек кездесетін, аз санды, жете зерттелмеген құс. Орталық Азияның биік тауларын мекендейді, Қазақстандағы ұялайтын жерлері белгісіз. Саны анықталмаған, әзірге белгілі бізге қыстайтын екі жері: Алматының төңірегі мен Ақсу-Жабағылы қорығы.

Үлкен құралай өте сирек кездеседі. Қысқы мекені көлемі жағынан шағын, әрі қолайлы болғандықтан оларды аулау оңай. Аз зерттелген бұл түрді қорғау шараларын белгілеу үшін оның таралуын, санын, биологиясын анықтау қажет. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.[1]

Құралай құс емес – ұшатын тиін атауы

Айтпақшы, қытайдан оралған қандасымыз білікті дәрігер, халық емшісі Қайрат Айдарханұлының Халық емшілігі деп аталатын кітабында құралайдың құмалағына дейін дәрі болатыны туралы айтылады. Халықаралық атауы Pteromys Volans Linne деп көрсетілген бұл жануар тиінге ұқсас. Жарғақ қанатты фотосы берілген. Жануардың жалпы сипаттамасы мен ерекешелігін де қоса беріпті.

Осыдан кейін ғаламторды ақтарып отырып Pteromys Volans Linne деп аталатын бұл жануардың қазақша атауы ұшар екеніне көз жеткіздік. Оның өзінде еліміздің шығыс жағы яғни Семей жұрты ғана солай атайды екен. Орысшасы летяга. Былай қарағанда онша әдемі атау емес. «Летяганың» тікелей аудармасы екені даусыз. Табиғатты танып, ат таңу жағын мықтап меңгерген қазақ халқының танымына сай келмейтін атау секілді. Сосын ойладық, бәлкім атам қазақ құйтақандай ғана сүйкімді бұл жаратылысты «ұшар тышқан» деп атаған шығар деп. Олай дейтініміз, жұпар тышқан немесе борша тышқан деп аталатын кеміргіш түрі кезедеседі орманды жерлерде. Кеміргіштердің бұл түрі еліміздің шығыс өңірі мен Алтай өлкесінде ғана кездеседі екен. Осыған қарап бұл тышқан түрінің бұрынғы құралай деген атауы мүлдем ұмытылған (қытай қазақтары ғана солай атауы мүмкін) деп топшылауға болатын секілді.

Ағаштан ағашқа қарғыған жай тиіннен айырмасы ұшарлар жарғақ терісін пайдаланып өте алыс қашықтыққа дейін қалықтап ұшады. Бірақ құс емес. Жарғақ терісі қанат та емес. Алдыңғы және артқы аяқтарының арасын жалғап тұрған жұқа терісі арқылы ауада қозғалып, қалықтап ұша алады. Ұшарлардың құйрығы ағашқа қонғанда тежеуіш қызметін атқарады екен. Құстардың қараусыз қалған ұясын пайдаланып ұрпақ өсіреді. Құмалағы дәрі. Яғни Омар Жәлел келтірген аңызға толықтай сәйкес келеді. Екіншіден бұл кеміргіш тиін тектестердің ішіндегі ең шапшаңы саналады екен. Әрі шағын денелі. Кішкентей ғана қоңыр көзі бар. Осыған қарап «құралайды көзге атқан мерген» сөзі қайдан шыққанын бажайлай беріңіз.

Ұшардың елімізде екі түрі кезедеседі екен: семейлік (Р.v.betulinus) және орташа сібірлік (P.v.turovi). Жылына екі рет көбейеді, бір ұяда 3-5 ұрпақтан болады. Қысқы ұйқыға кетпейді. 13 жылдай тіршілік етеді. 13 жылдай тіршілік етеді. Ұшарлардың арасындағы ең алысқа секіретін түрі Тагуан деп аталады екен. Үндістанның шығысы, Мьянма және Шри-Ланканың таулы ормандарында тіршілік ететін тагуандар 60 м қашықтыққа дейін қалқып секіре алатын көрінеді.

Ермек Есқожа ақынның «Құралай ғұмыр» деп аталатын тамаша өлеңі бар: Сол өлеңде

Мен көрдім түз еркесі "құралайды",

Құралай қай "аңшыға" ұнамайды?!

Сұқтанып сұлулық пен еркелікке

Тасадан талай аңшы сығалайды...

деп келетін тамаша жері бар.

Халық әні деп айтылып жүрген «Қарлығаш» (Құралай көз, қолаң шаш...) бірен-саран шығармада болмаса жалпы «құралай» сөзі ауыз әдебиеті мен көне жырларда көп кездесе бермейді. Тек Ақтанберді батырдың «Жалаулы найза» жырында ғана

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екенбіз!

Тобыршықты әндіген,

Толтыра тартар ма екенбіз.

Тобылғы түбі құралай

Бытыратып атар ма екенбіз!

деп келетін жері бар. Яғни бұл жерден де құралайдың тобылғы, бұта түбін мекендейтін ұсақ құс екенін аңғарамамыз. Сонымен қатар, Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастанын да айта кету керек.

Басқа шығарма туралы дерек таба амадық. Белгілі зерттеуші, журналист Асылбек Байтанұлының айтуынша, ертеректе үйректің еркегін де құралай деп атаған екен. «Қанаты қысқа үйректің түрі. Өте шапшаң ұшады. Үйрек тобын бастап ұшатын еркегін құралай деп атаған аталарымыз. Бала кезімізде үлкендердің ауызынан «үйректің атқызбайды құралайы...» деп басталатын ән еститін едік, - дейді ол.

Ең қызығы, Данияның орнитологиялық сөздігінде колибри сөзінің этимологиясы яғни түп негізі құралай деген түрік сөзінен алынған деп көрсетілген екен.

Қалай болғанда да «ҚҰРАЛАЙ» сұлуықтың символы. Сонымен қатар, жұмбаққа толы ұғым болып отыр. Әлі де толықтай зерттеу керек секілді. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

 Бүркіт НҰРАСЫЛ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?