Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алматыны басқарғандар I

2510
Алматыны басқарғандар I - e-history.kz
Алатаудың баурайындағы Алматының тарихы – Қазақстанның тарихы. 70 жыл бойы Қазақстанның Астанасы болған бұл қала қазіргі таңда елдің экономикасына 45 пайыз үлесін қосып отыр

Қазақстан мәдениеті  ордасының көркеюі мен өркендеуіне қосқан Алматының басшылары туралы, елге сіңірген еңбектері мен атқарған істері туралы оқи отырыңыздар.

1867 жылы 11-сәуірде  Ресей Империясы Министрлер Кабинетінің Жарлығымен Верный бекінісіне қала дәрежесі берілді. Сонымен бірге Түркістан генерал губернаторлығының Жетісу облысы Верный уезінің орталығы болып бекітілді. 1877 жылы патшаның бекітуімен қала ережесіне сәйкес қалалық дума құрылды. Думаның алғашқы жиналысында Верный қаласының басшысы етіп белгілі сәулетші Андрей Зенковтың әкесі, Жетісу облыстық басқармасы құрылыс бөлімінің кіші инженері Павел Зенковты сайлайды. Бірақ, кейбір деректерде П.М. Зенков Верный қаласының басшылық қызметіне 1867 жылы сайланды дейді. Жан-жақты мәліметтердің арқасында оның нақты қандай жұмыстар атқарылғанын айқындап айту қиын.

Айтжан Түркебаев

Айтжан Түркебаев Алматы қаласын басқарғанға дейін өзі туып-өскен өңір Жаркент пен Талдықорған облыстарында басшылық қызметте болған. Бір қызығы, Айтжан Қапалда ауылшаруашылық училищесінде оқып жүрген уақытта, бір басқосуында патша өкіметі мүлде қатаң тыйым салған «Жұмысшы Марсельезасын» айтып, оқу бітіруіне бір жыл қалғанда оқудан шығарылады.

Айтжан қатарластары Абдолла Розыбакиев, М. Масанчимен бірге атаман Дутовқа қарсы батыр күрес жүргізіп, жеңіске жетті. Білікті басшы XX ғасыр басындағы Жетісу өлкесіндегі Совет өкіметін орнатуда ерекше белсенділік танытқан Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Д. Бәрібаев және И. Қабылов секілді қоғам қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынаста болды.

Небәрі 24 жасында ол Алматы шаһарына басшылыққа келді.  А. Түркебаев басқарған 1924-1927 жылдары елдегі қалыптасқан саяси жүйе, әлеуметтік ауыртпашылықтарға қарамастан, шаһарда біршама ілгерілеу болған. 1926 жылы 3 желтоқсанда Еңбек және қорғаныс кеңесі Түркістан-Сібір теміржолын салу жөнінде шешім қабылдады. Осы Түрксіб құрылысы Алматыны еліміздің астанасы болуына зор септігін тигізді. Бұл істе Айтжан Туркебаевтың қолтаңбасы бар.  Ең бастысы, Алматы ел астанасы мәртебесін иеленуге толық мүмкіндік алды.

1927 жылы 2 наурызда Қазақстанның астанасын Қызылордадан Алматыға көшіру туралы шешім қабылданды. IV Бүкілқазақстандық советер съезі бұл шешімді бірауыздан мақұлдады. Екі жылдан кейін Алматы ел астанасы атанды.

Хасен Байұзақов

Ұлы Отан соғыс алдында, 1939 жылдан бастап Хасен Байұзақов Алматы шаһарына басшылық етті. Байзақов билікке келгесін халық саны да, халық тұрақтаған мекеннің сапасы да өсті. Қала жаңа мәдениетке, жаңа бетбұрыстарға бағыт алды.

Х. Байұзақұлының 1939-1941 жылдары қалада жаңа құрылыс нысандары  салына бастады. Советтік билік Алматыны еліміздің ең әсем қалаларының біріне айналдыру мәселесін күн тәртібіне қойып, жауапты жұмысты талай жыл мемлекеттік қызметте болып, шыңдалған, тәжірибелі қала өмірін бес саусақтай білетін Хасен Байұзақұлына шаһар болашағына кәміл сенді.

Хасен Байұзақов өзінің 1941 жылы Қазақ ССР Жоғарғы советінің VI сессиясындағы Алматы қаласының бюджетіне қатысты жасаған баяндамасында шаһардағы атқарылған істерге ерекше тоқталады.

«Казахстанская правда» газетінің 1941 жылғы 23 наурыздағы санында жарияланған баяндамасында Байұзақов: «Қазақ республикасының астанасы Алматы 1941 жылы қала бюджетінен бөлінген қаржыны ауылшаруашылық жоспарға сай орындады. Үкімет пен партия қаланы көріктендіруге, әлеуметтік-мәдени құрылымдарды жетілдіруге және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлуде.

1940 жылы қала бюджеті 108,7 пайызға орындалып, 5 561 мың рубль көлемінде кіріс кірді. Бюджет қаржысы толықтай қала игілігіне жұмсалды. Оның басым бөлігі – трамвай жолдарын жөндеу, электрстанса және қала құрылысына қажетті материалдарға бағытталды. Әсіресе қаланы көріктендіруге қомақты қаржы бөлінуде. Биыл шаһарға тал-ағаш отырғызу үшін 400 мың рубль ақша бөлінді», – дейді.

Расыменде Х. Байұзақовтың басқару кезеңінде шаһар белгілі бір деңгейде маңызға ие қала болып қалыптасты. Үкімет бұл еңбектерді ескеріп, Х. Байұзақовты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады.

1941 жылы қараша айында Х. Байұзақов басқа жұмысқа ауысты. Оның орнына Қазақ ССР Халық ағарту комиссарының орынбасары болған Мұхамеджан Әбдіхалықов тағайындалды.

                                     Мұхамеджан Әбдіхалықов

Алматы қаласы соғыстың алғашқы жылдары майданға үздіксіз азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұрды. Осы кезде қаланы басқаруға 34 жастағы Мұхамеджан Әбдіхалықов келді. Соғыс жылдарында билік жүргізген М. Әбдіхалықовқа жүктелген міндет тез арада майдандағы жауынгерлерді керек-жарақпен қамтамасыз ету болды. Ол майдан мен қала арасын жалғаған «алтын көпір» қызметін атқарды.  

М. Әбдіхалықов қала басшылық қызметін атқарған уақытта бар-жоғы екі айдың ішінде қала орталығынан жүретін трамвай жолын бірінші Алматыдағы вокзалға дейін жеткізді. Мұндай ауқымды жұмыс кез-келген басшының қолынан келе бермейтін қиын іс. Себебі, сұрапыл соғыс кезінде осындай шаруалар жұмыстар жауапкершілік пен ұтқыр ұйымдастырушылықты талап етеді.

Мұхамеджан Әбдіхалықовтың шаһар басшылығындағы қызметі осымен тәмамдалып, 1942 жылы Қазақстан Компартиясының орталық Комитетінің V Пленумы оны Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат жөніндегі хатшысы етіп тағайындады.

Хафис Айбасов

Ұлы Отан соғысы біткеннен соң 1947-1950 жылдары Хафис Айбасов деген азамат басқарды. Үлкен қаланың тізгінін үш жыл ұстады. Жаңадан тағайындалған жаңа басшы үшін қаланың әл-ауқаты нашарлау еді. Соғыс жылдарынан соң елдің күйзеліске түскен кезіне тап келді.

Х. Айбасовтың тағайындалуымен қалада өзгешелік пен жаңашылдық болмады. Барлық міндет пен мақсат қираған шаруашылықты қалпына келтірумен шұғылданды. Барлық іс-шара осыған бағытталды. Соданда болар жаңа бастамалар бой көрсетпеді.

Қала басшысы үш жыл бойы Алматының жыртығын бүтіндеп, ойсыраған тұсын толтырды. Халықпен тығыз қарым-қатынаста болды. Қолынан келгенше шаһарды көркейтуге, көгертуге тырысты. Бұл қызметінен соң ол Алматы кондитер фабрикасына жұмысқа барды. Ол жерде де жемісті еңбек етті.

Х. Айбасовтың ұлы Юлий былай дейді:

– Ол кісі Алматы қаласының атқару комитетінің төрағасы болған жылдарда мен 7-8 жасар бала едім. Көп нәрсе есімде қалмапты. Есімде қалғаны, әкем мені үнемі алаңда болатын шерулерге алып баратын. Жанынан бір елі тастамайтын. Мінберге шығып сөйлейтін. Орталық алаңға жиі баратын едік. Үйде сирек болатын. Түнде келетін. Қаладағы барлық іс, қимыл-қозғалыс, оқиғаның барлығы әкемнің көз алдында болатын.

Үйге демалуға келсе де, телефон қоңырауы тыным бермейтін. Әкем белсенді, жалпақ жұрттың тілін табатын, айтқанынан қайтпайтын білікті басшы болды. Достары да аз болған жоқ. Жақындарынан жәрдемін аямайтын. Қолы ашық жан еді. Ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін.

Рымбек Ілияшев

1950 жылдан бастап Алматы қаласында жеке-дара сайлау болды. Бұған дейін Мәскеудің қаулысымен, партияның нұсқауымен басшылық тағайындалатын еді. Сол сайлауда жеңіске жеткен Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Рымбек Ілияшев еді.

Р. Ілияшев қаланы 1950-1952 жылдары басқарды. Ол уақыттағы барлық жұмыс, басты мақсат – құлдыраған ел экономикасын көтеру мен халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру болды. Билік портфелін ұстаған ұлықтар да осы бағытта жұмыс істеді.

Алматы қаласына басшылыққа келген Ілияшев шаһардың шешуі қиын проблемаларын ақылмен, парасатпен, сабырмен шеше білді. Ең алдымен ол соғыстан оралған мүгедектер мен күйеуі майданнан оралмаған әйелдерге әлеуметтік көмек көрсетті. Оларға тұрғын үймен қамтамасыз етті, балаларын балабақшаларға орналастырған.

Қаланың көркін келтіру мақсатында алғашқы құрылыс нысандары да осы уақытта салына бастады. Қала көшелеріне ағаш отырғызылды. Рымбек Ілияшевтің замандастарының айтуына қарағанда, 50 жылдары Алматыда қонақ үйлер көп болған, шаһар басшысы солардың орнына жаңа үлгідегі дүкендерді тұрғызуға атсалысқан. Қалада 1950 жылы Амангелді Имановқа ескерткіш қойылды. Осы жылы шаһарда шампан-шарап зауыты іске қосылды. Осылайша екі жыл сырғып өтіп, Рымбек Ілияшев Алматы облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатылды.

Р. Ілияшевтың баласы Қасым Рымбекұлы:

Әкем – Алматы қаласына алғаш рет ресми түрде сайланып, халық қолдауына ие болып, шаһарға билік жүргізген басшы. Бұған дейін қаланы басқарған адамдарды партия тағайындап келген болатын-ды. Бұл үрдіс 1950 жылы бұзылды.

Осы жылы желтоқсан айында Үкіметтің қаулысы шығып, шаһарда сайлау болды. Бұл сол уақыттағы алғашқы сайлау еді. Сол сайлауда екі адамның сайланғаны есімде. Оның бірі – әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев, ол кісі Ғылым академиясына, менің әкем Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды, – дейді.

Ахмет Әділов

1956 жылы Алматы қаласына жаңа басшы келді. Басшы жай келмеді, өзімен жаңа өзерістер алып келді. Қазақтың тұңғыш тау-кен инженері А. Әділов қаланы 4 жыл астам уақыт басқарды. А. Әділов алматылықтардың 10 мың отбасына жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Сондай-ақ сол жылдары қала бойынша 11 мектеп қолданысқа берілді. Жолдар жөнделіп, электр жарығы тартылды.

Алматы қаласын басқарған жылдар ішінде  тұрарлықтай біршама істер атқарылды. Атап айтсақ, Орталық стадион, «Целинный» кинотеатры, балалар емханасы салынды және Абай ескерткішінің тұғыры биіктетілді. Бір айта кетерлігі, ол кезде Абай ескерткішінің тұғыры өте аласа болып, сырттағы адамдарға елеусіз көрінетін. Жаңа басшылықтың шешімімен ұлы Абай ескерткіші бұрынғысынан биіктеп, асқақтай түсті.

А. Әділов 25 жыл бойы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болды. «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. Алматы қаласының құрметті азаматы. Алматыда Ахмет Әділовтің есімімен аталатын көше бар.

Есен Дүйсенов

Алматыны әр жылдар басқарып келген басшылар қаланы көркейту мақсатында көптеген істер атқарды. Бірақ, солардың ішінде қаланы ең ұзақ басқарғандардың бірі  Е. Дүйсеновтың есімі ерекше ілтипатпен аталады.

Іскер, жан-жақты, қабілетті Е. Дүйсенов қаланың ең маңызды деген ғимараттарын өзінің жеке бақылауымен қадағалап отырды. Осы кездерде қаланың орталық көшелерінің бойындағы құрылыс жұмыстарының архитектуралық жобалары жүзеге асырыла бастайды. Қазіргі таңда қаланың бас ғимараттарына айналған 25 қабаттан тұратын «Қазақстан» қонақ үйі, М.Ю. Лерментов атындағы академиялық орыс драма-театры, Пушкин атындағы республикалық «қазіргі Ұлттық» кітапхана жайлары бой көтерді.

Тек Алматы емес, Қазақстанның ең басты символдарының біріне айналған әлемге әйгілі «Медеу» мұз айдыны да Е. Дүйсеновтың тұсында салынды.

Есен Дүйсеновтың бастамасымен Алматы үй құрылыс комбинаты, құрылыс индустриясы кәсіпорындары, институттар салынды. Бірінші Алматы темір жол вокзалына қарай шығатын Красногвардейский тракт бойымен үлкен жол құрылысы қолға алынады. Е. Дүйсенов қаланың әр құрылыс жұмыстарын жеке бақылауымен жүргізіп, 15 жылдай қала басшысы болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, ССРО-ның құрметті энергетигі, энергетиканың үздігі Кежек Бершенұлы Ысқақов:

Жаңадан бітуге таяу даңғылды қалай атау керектігі туралы Есен Дүйсеновтің кабинетіндегі мәжіліске қатысқаным бар. Қалалық атқару комитеті мәдениет бөлімінің бастығы сұлу орыс келіншегі еді, соның қасына отырып қалыппын. Аппарат қызметкерлері, біраз кісілер Пушкиннен бастап, орыстың танымал адамдарының есімдерін атап жатыр. Өзіміздің ұлттан ешкімнің аты аталмады. Қазекеңдер тым-тырыс отырмыз.

Есен Дүйсенов орыс тілінде: «Егер даңғылға Сәкен Сейфуллиннің есімін берсек, қалай болады?» – деп көпшілікке барлай қарады. Сол кезде оң жағымда отырған сұлу келіншек қақпайланғанша болмай орнынан атып тұрып: «Сәкен Сейфуллин деген кім? Бұл – үлкен көше. Оған Совет үкіметін орнатқан революционердің есімі берілуі керек!» – деп Киров, Фрунзе, Фурманов, Калининнің есімдерін тізбелей жөнелді.

Сол кезде қала басшысы: «Қазақтың дауылпаз ақыны, революционері, 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған Сәкен Сейфуллинді білмейтін сен секілділер атқарып жүрген қызметіне лайық емес. Бүгіннен бастап жұмыстан боссың!» – деді.

Содан соң «Кандай ұсыныс болады?» деген сөзге бірде-бір адам жүрегі дауалап жауап қата алмады. Осылайша бес минуттың ішінде мәселе шешілді. Жаңа даңғылға Сәкен Сейфуллиннің есімі берілетін болып, бірауыздан шешім қабылданды, – деп Е. Дүйсенов қатысқан бір жиынның жай-күйін баяндайды.

Көптеген жыл Қазақстанның астанасы болып келген, Алатаудың баурайындағы бас қаланы басқарып келген алғашқы тізім міне осындай. Тұлғалардың әрқайсысы Алматы шаһарының гүлденуіне қандайда бір үлесін қосты. 37 жасында басшылыққа келген Кеңес Аухадиев Қазақ театрының ордасы М. Әуезов атындағы театрды, ҚазҰУ қалашығы дәл осы басшы кезінде салынған. Әнуар Жақыпов басқарған жылдары шаһарда 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 9990 мың орындық 37 балабақша және 4712 мың орындык 4 мектеп салынды. Сондай-ақ шаһарда тоқымашыларға арналған Мәдениет сарайы, «Отырар» қонақ үйі, М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағына жазғы эстрада орнады, орталық АТС салынды. Міне, осындай қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар аз болмаған.

Әдебиеттер:

1. Алматыны басқарғандар: Алматы 2008

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?