Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Нұрғали Құлжанов қандай тұлға?

2636
Нұрғали Құлжанов қандай тұлға? - e-history.kz
Адам табиғаты қызық, ұстанымы да әр қилы. Әу баста дұрыс көрген байламы өмір ағысына сай не қоғамдық жайттарға байланысты өзгеріп тұратындары да болады

Алаш деп атқа қонып, сондағы кейбір сәттерге көңілі толмай, сырттай бастап ақырында ат құйрығын кесіскен күрделі тарихи тұлғалардың бірі – Нұрғали Құлжанов.

Құлжанов туралы деректерді қарастырғанымызда біздің бір нәрсеге көзіміз анық жетті: оның асыл жары, Алаштың аяулы қайраткер қызы Нәзипа жайлы жақсы жазылып, зерттелген екен де, Нұрғали есімі оның көлеңкесінде қалғандай әсер береді. Осындай олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізер болса, мақаламызда біз белгілі балалар жазушысы С. Бегалиннің «Замана белестері» естелігінен ерлі-зайыпты екеудің өмі сырларын, көрнекті алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» кітаптарындағы алаш арыстарының Н. Құлжановқа қатысы бар-жоғын, қостанайлық қаламгерлер С. Оспанұлы мен К. Мырзағалиеваның «Елге елеулі екеу» мақаласындағы тың деректерді молынан пайдалана алсақ, нысана етіп алған тақырыбымызды ашу барысындағы мақсатымызды орындаған болар едік.

Әсілінде Нұрғали Құлжановтың өмірі мен қызметі жайлы көптеген әдебиеттерде небары 5 пункттен тұратын ақпарат қана кездеседі, тым жұтаң. «Құлжанов Нұрғали (1869/70, Торғай уезі – 1919, Семей) – мәдениет қайраткері» деп басталатын өмірбаян Орынбор оқытушылар мектебін бітіргенінен,  1905 жылдан Семей мұғалімдер семинариясында ұстаздық еткенінен хабар береді де, 1906 жылы 1 қаңтарда 3 дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталғанын айта жөнеледі. Бұдан соң, «1908 жылы Батыс Сібір география қоғамы Семей бөлімшесіне мүшелікке қабылдаған. Бөлімшенің тексеру комиссиясының құрамында болып, өлке тарихына қатысты ежелгі тарихи, музыка, фольклорлық мұраларды бөлімше мұражайына жинақтап тапсырған» деп бір қайырады. Ары қарай Абаймен жалғастырады: «1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арнап Н. Құлжановамен бірге әдеби кеш ұйымдастырды» деген жалқы дерек «Қазақ», «Бірлік Туы», «Үш Жүз» газеттерінде мақалалары жарияланып тұрды» дегенмен жалғасып келіп, соңы «1919 жылы Колчак жендеттерінің қолынан қаза тапқанымен» тәмамдалады. Бары осы. 

Атаға тартып туған ұл

Нұрғали Құлжанов қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданында Қошалақ құмында 1870 жылы өмірге келген. Оның әулеті, мұқым ата-бабасы Арғынның Айдарке тайпасынан тарайтын. Шежіре деректеріне қарағанда, Арғын ішіндегі Тоқал арғын атанған тармақтан шыққан аталарды рулық таңбасына қарай жоғарғы шекті деп атаған. Бұған Саржетім, Шақшақ, Сомжүрек, Айдарке, Анай сияқты аталар кіреді, олар Қазан төңкерісіне дейін Торғай уезін мекендеген деген деректер кездеседі. Ал И.М. Казанцев Орынбор әкімшілігінің шығыс бөлігінде мекендейтін рулар туралы жазған қолжазбасында Арғын тайпасының Шақшақ, Айдарке, Қарамылтық, Қараман, Жартым секілді рулар мен ру тармақтарының тарқатылуын анықтап көрсетіп береді [1].

Қалай болғанда да тарих көшінде Нұрғалидың аталары тегін адам болмаған, текті тұқымнан деседі ел аузындағы әңгімелер. Әкесі Құлжан заманында би болған, би түсетін үй болған, сөйтіп төреліктің сөзі жұптаған,  әділдің көзін жұтпаған көшелі кісі болыпты. Торғай елінің аузында сақталған «Құлжан-Төке» деген аңыз осы кісілердің ісіне байланысты шыққан. С. Оспанұлы мен К. Мырзағалиеваның жазуынша, «...әшейінде ауылда болыстыққа таласып, қырғи-қабақ болып жүретін екеуі үлкен жиындарда тізе қосып, бірінің сөзін бірі қостай сөйлейді екен. Осындайда екеуіне қарсы тұрып, дауласатын адам шыға қоймайтын деседі Торғай елі» [2]. Міне, осындай ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген азулы әулеттен Нұрғали туып, өсіп-өнеді.

Торғай даласындағы білім шырағы Ыбырай Алтынсаринның тарихи еңбегінің арқасында негіз қаланғаны белгілі, осы мектепте бала Нұрғали алғаш әліпті таяқ деп таниды. Бұл мектепте ол кейін Алаштың бір арысына, рухани көсеміне айналған Ахмет Байтұрсынұлымен бірге оқиды.  Бұдан соң, ол 1893 жылы Орынбордағы екі сыныптық мұғалімдер мектебін бітіріп шығады. Алтынсарин демекші, Нұрғалидың жары Нәзипа кейін Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы жайында баяндама жасап, «Көктем» өлеңін орыс тіліне тәржімалап шығатыны бөлек әңгіме.

Махаббат хикаясы

Нұрғали Құлжанұлы еңбек жолына Шұбар болыстық мектебінде мұғалім болып бастайды. Осы қызметте жүрген кезінде ол Нәзипаның тағдырына араласады. Бұл оқиға кейін екеудің туған Торғайынан алыстап, сонау Семей шаһарынан бірақ шығаратын үлкен дауға себеп болады.

Нәзипаның әкесі Сегізбай кедей адам болғанымен, татар байларға жалданып жүрсе де, қызының өз қатарынан қалмай, білім алуып, сауатты азамат болып қалыптасуына ықпал еткен саналы жан болғанға ұқсайды.  Бір жылы Қостанайдағы педагогикалық гимназияда оқып жатқан Нәзипа оқуға төлеуге қаржысы болмай қатты қиналады. Сонда Нәзипаға мұғалімге бар сырын жасырмай айтқан, мұғалім оның Шұбар болысында қызмет істейтін Нұрғали Құлжан баласына барып, жағдайын айтып көруге кеңес береді. Жоқ-жітік пен жетім-жесірге жанашыр Нұрғали Нәзипаның мұң-мұқтажын да қарап, көмек қолын созады. Мұның соңы білімді жастардың махаббат хикаясына ұласады.

Қолы қысқа Сегізбай Нәзипаның Қостанайды білім алып жатқан кезеңінде оны сырттай бір байдың баласына тұрмысқа беріп қояды. Қалың малы төленген соң, бай баласы да айттыруға асық, бұл жағдайды сезген Нәзипа дереу Нұрғалиға хат жазып, кісі жібереді. Бірақ қызды айттырып қойған жақ дау шығарып, Н. Құлжанұлының үстінен арыз жазып, ұлықтарға шағымданады. «Іс насырға шаба бастаған соң, Нұрғали мен Нәзипа Ресей оқу министрлігі жолдамасымен Семейде жаңа ашылған мұғалімдер дайындайтын семинарияға (қазіргі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж) барып, мұғалім болады» [2] деп тәмамдалады бұл оқиға.

Семейге келген Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар алғашында мұғалімдік қызметтерін жалғастырады. Ол Алтынсарин бастаған дәстүрді одан әрі дамытып, қазақ балаларына арнап сауат ашу мектептерін ұйымдастырады және сол мектептер үшін қазақ тілінің «әліппесін» жазу жұмысымен шұғылданады. Семейдің Слабодка деген аумағында қазақша мектеп ашып, сабақ үйретуді бастайды. Қазақ тілінде оқу құралы қат болғандықтан, тіпті болмағандықтан, өзі қолжазба «әліппе» кітабын жазады. Жас ұрпақты сол өзі жазып, қолжазба күйінде тараған кітаппен оқытып, білім нәріне бас қоюға күш салады. Туған өлке Торғай сыйдырмаған қос мұңлықтың ендігі тағдыры Семей қаласымен байланысып жатты.

Оқи отырыңыз: Нәзипа Құлжанова – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист 

Белгілі балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің де балалық шағы, оқу-білім алуы да осы отбасының өмірімен тікелей байланысты. Бала Сапарғалиды әкесі Семейге оқуға әкеліп, ерлі-байлы Құлжановтардың қолына тапсырады. Отбасындағы қораның атқосшысы болып жүріп, оқуға ден қойғанын, мұғалімдер жанұясы қол ұшын созып, білім алуына көмектескенін айтады. «Кешкілікте бір-екі сағат Назипаның өзі, кейде Нүкеңнің өзі сабақ үйретіп, жазу жаздырып, есеп көрсетіп оқытады. Күндіз Нұрғалиды Ертіс жағасындағы Городской школына алып барып салып, алып қайтам» деп еске алып жазады кейін жазушының өзі [3].

Қазақ мәдениетінің қазынасы

Екі жас Семей шаһарында мұғалімдік қызметпен қатар қазақтың салт дәстүрі, мәдениеті туралы Орыс географиялық қоғамының хабаршысына мақалаларын жиі жазып тұрған. Осы еңбектері үшін Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжанов ашылғанына көп уақыт өте қоймаған Орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылданған. Ғылыми-зерттеу мекемесіне айналған бөлімшеде ерлі-зайыпты Құлжановтар тарихи, этнографиялық, археологиялық және географиялық экспедициялар ұйымдастырып, қазақ халқы өмірінен көптеген құнды да қызықты материалдар жинауға атсалысты [4].

Орыс география қоғамының Семей бөлімшесіне әр жылдары қазақтар арасынан Әлімхан Ермеков, Жақып Ақпаев, Райымжан Мәрсеков, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхаммет Хамитов, Арынғазы Абылайханов, т.б. арқасында сол еңбектер әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтпай келеді.

1914 жылғы 26 қаңтарда императорлық орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесі ұйымдастырған, оның өзінде де Құлжановтар отбасының тікелей атсалысуымен өткізілген этнографиялық әдеби-музыкалық кеш Абайға арналады. Тарихта бұл әдеби кеш «Абай кеші» деген айтулы оқиға болып таңбаланып қалды.

Айтулы Абай кеші

Абай кешін өткізіп тарихта қалды деп қазір жазу оңай, ал сол мәдени іс-шараны ұйымдастыруға рұқсат алу да оңай болмаған.  Патша үкіметінің қатаң бақылауына түскен қазақ әрекетіне оның мәдениеті мен әдебиеті, рухани мұрасы да тартылды. Бұл тәртіп бойынша көпшілік жиналатын жерде ойын-сауық өткізу үшін арнайы рұқсат қағаз жазылып, оған елге белгілі тұлғалардан отыз адамның қолын қойғызып, жергілікті әскери губернаторға өтініш жолдануы тиіс болатын. Осындай бір жапырақ қағаздың әуресі Құлжановтардың екі айға жуық уақытын алған. Семей әскери губернаторы Тройницкийдің есігін тоздырып жүріп алған алақандай қағаз үшін ет жүректің қаншалықты қуанғанын сезсеңіз... Осыдан кейін барып өз елі мен жерінің үстінде өз тілінде ойын кешін өткізуге дайындық жұмысына кіріседі.

Қазақ арасында бұрын болмаған театр өнері, актерлер ойыны мен сахна сыры ең алдымен осы Құлжановтар шаңырағында басталады. Әдеби кеш болатын күнге дейін Нұрғалидың үйі мәжіліс, басқосу, жаттығу өткізетін орынға айналды. Бұл міндетті мойнына алған екеу қазақ әдеби-мәдени кешінің жүргізу тәртібін, екі тілде (қазақша, орысша) бағдарламасын жасақтап, оны қаланың іші-сыртындағы қауымға таратады.

Сауық кешін ұйымдастырушылары Нұрғали мен Нәзипа және Абай балалары болғанымен, алғашқы үлкен мәдени кешке сол кезеңде Семей Мұғалімдер семинариясында білім алып жатқан қазақтың талапты жастары, атап айтқанда, болашақ ғұламалар Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Семейдегі орыс мектебінің оқушысы жас Сапарғали Бегалин бір кісідей жүгіріп, атсалысқан. Бақсы ойыны жүреді дегенге ой-қырдағы қазақ түгел жиналуғаасыққыан, тіпті билет те табылмаған. Кеште Қаныш бірнеше күй тартып, ән салса, Мұхтар ойынның бағдарламасын жасақтауға, «Біржан-Сара» айтыс дастанын сахнаға ыңғайлап әзірлеуге көмектесті, Абай елінен әншілер мен күйшілерді шақырып, оларды ойынға қатыстырды. Бұл бастама кейін оның 1917 жыл Ойқұдықта «Еңлік-Кебек» қойылымын қоюға көп көмектескені айтпаса да түсінікті.

Профессор Темірбек Қожакеев: «Құлжановтар өмірінің Семей кезеңі қазақ өнері мен әдебиеті тарихында белгілі із қалдырған. «Біржан-Сара» айтысын алғаш сонда сахнаға шығарған солар, Қ. Сәтпаев, М. Әуезов, Ә. Қашаубаев, И. Байзақовтарды алғаш сахнаға тартқан да солар» деп жазса [5], жазушы С. Бегалин «Заман белестері» романында: «Ойынды аяқтап, қазақ ұлт әдебиеті-ойын кешінің тұңғыш шымылдығын ашқан саналы зайыптар Семей жұртшылығына бұрынғыдан да абыройлы көріне бастады... Ойынның артынан сол кешке жиналған 918 сом ақша қазақтың мұқтаж оқушыларына таратылды. Мысалы, Петербургта оқитын, Томда, Орынборда, Қазанда, тағы басқа жерде оқитын мұқтаж оқушылардың тізімі жасалып, соларға жіберілді. Түнек заманның түнерген бұлтынан жылт еткен сәуледей Семей оқытушылар даярлайтын мектептің оқытушысы Нұрғали Құлжанов, оның жары, қазақтың сол кездегі аса мәдениетті оқыған қызы Нәзипа Құлжанова осындай бір игілікті істі бастап еді», – деп еске алады [4].

«Ойынды аяқтап, қазақ ұлт әдебиеті – ойын кешінің тұңғыш шымылдығын ашқан саналы зайыптар Семей жұртшылығына бұрынғыдан да абыройлы көріне бастады. Бұрын от басында, затон астындағы госпитальдің фельдшерінің ғана келіншегі Тұрар Семей жұртшылығына сахна көркі болып танылды». Тұрар Қозыбағаров – атақты алаш қайраткері Ахметжан Қозыбағаровтың әйелі болатын.

Семейдің ой мен қырын, даласы мен қаласын түгел серпілткен айтулы оқиға жайлы мақала «Қазақ» газетінде 1915 жылғы 9 мамыр күні жарық көреді.

Бір мүдде жолында

Ақпан төңкерісінің буынан іле-шала 1917 жылғы 7 наурызында құрылған Семей облыстық қазақ комитеті «жаңа тәртіпті жұртқа түсіндіру, ел арасында тыныштық орнату, құрылтай жиналысына қамдану, қазақ пен орыс арасын жайластыру, билік құрған мекемелердің үстінен күзетші болу» секілді мәселелерді көтеріп, саяси-қоғамдық жұмыстың жүйелі басталуына әсер етеді. 28 наурызда осы қазақ комитетінің жалпы жиналысы болып, оның құрамы сайланып бекітіледі. Ал 25 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткізілген Семей облыстық қазақ сиезінде қазақ комитетінің жаңа құрамының  төрағалығына Р. Мәрсеков, комитет мүшелігіне: Ж. Ақпаев, Х. Ғаббасов, М. Боштаев, Б. Сәрсенов, Ә. Ермеков, А. Қозыбағаров, Н. Құлжанова, А. Тарабаев, Ә. Молдабаев, М. Тұрғанбаев, Т. Ибрагимов, С. Сабатаев, Ы. Оразалин, М. Малдыбаев, А. Абылайханов, мүшелікке кандидаттар болып Ж. Аймауытов, Қ. Есенғұлов, Ш. Керейбаев, К. Дүйсебаев, Ж. Қияқов, М. Малдыбаев бірге Н. Құлжанов та сайланады [4].

Комитет 1918 жылдың шілдесіне дейін алаш ұлт-азаттық қозғалысы аясында көптеген жұмыстар атқарады. Атап айтқанда, олардың белсене араласуымен жер комитеттерін, «Алаш» партиясының облыстық және жергілікті комитеттерін, денсаулық сақтау, ұлттық білім беру жүйесін құру, шаруашылық жүргізу, әділ сот билігін, Земстволық басқаруды енгізу сияқты қыруар жұмыстар жүзеге асырылады. Маусым айының басында Алашорда үкіметінің іске кірісуіне байланысты бұл қоғамдық-саяси ұйым өз қызметін тоқтатады. Жалпы алғанда, бұл комитет өңірдегі ұлт-азаттық қозғалысының өрістеуіне, жалпы халықтың санасына азаттық идеяларын сіңіруге, жалпықазақ сиезін ұйымдастыруда, кейінірек Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің саясатын жүргізуде үлкен тарихи еңбек атқарды.

Соы кезеңде Н. Құлжановтың жергілікті комитет жұмыстарының барысы мен олардың жұмыстарын тексеру мен қадағалау мақсатында Семейден шығып, өзге аймақтарға инспектор ретінде жіберілгені жайлы деректер сақталған. Мысалы, Қарқаралы уездік қазақ комитетінің құрылуы мен оның жұмысының басталуын да қатысқан делінеді. 1917 жылы Қарқаралы уездік қазақ комитетін құру үшін Семейдегі мұғалім Нұрғали Құлжанов және Николай Васильевич Вайсер екеуі комиссар ретінде Қарқаралыға жіберіледі. Оларға бұл жауапты шаруа сеніп тапсырылады. 15 наурыз күні Қарқаралыға жеткен комиссарлардың алдында жергілікті халықты Уақытша үкіметке сенім артуға шақыру міндеті тұрды. Нұрғали Құлжанов Аманбайдың үйіне, Вайсер Игнати Бабиннің үйіне келіп түскен. «1911 жылы Семей шаһарында иық тіресіп суретке түскен бұл екеудің жолы Қарқаралыда тағы түйіседі» деп жазылған [6].

Оқи отырыңыз: Шипагер Шегіров

Алаштан сырт айналды ма?

Көзін көргендердің әңгімелеуінше және жазылған бірен-саран естеліктерге қарағанда, Нұрғали Құлжанов оқыған-тоқығанымен қоса, қашаннан-ақ жұртшылықтың үлкен құрметіне бөленген, зор амбицияға ие, мінезге де бай, кей жағдайда келіспейтіні болса, келіспейтінін айтып, ақырына дейін сол ұстанымында тұра алатын қайсар тұлға деп дәріптеледі. Оның алаш қайраткерлерімен бірде келісіп, бірде келіспей, қайбір сәттерде қарсылық танытып, өз ой-пікірін білдіріп отыруы сол туабітті мінез көрінісіндей болады да тұрады. Оның үстіне өмір бойы жинаған бай тәжірибе, көпті көргеннен сұра деген қазақ тәмсіліне салғанда жас үлкендігі бар, тағдырдың талай теперішін көрген үлкен басы бар, осылардың барлығын ескере келгенде алаш жолындағы кейбір келеңсіз әрекеттері мінезінен туындап жатуы әбден мүмкін.

Аяулы ақын Сұлтан Махмұт Семейдегі қазақ оқығандарын таныстырған әйгілі поэмасында «Қайратты, кең ойлайтын сабырлы адам, Жасымайтын, бермейтін жанға сырын. Турашыл жан бетіне қарамайтын, Онан келер зиянды санамайтын» деп сипаттайды [8]. Ал Сапарғали Бегалин: «Нұрғали ағайдың мінезі қызық кісі еді, бір нәрсеге көңілденсе қауқылдап ағыл-тегіл сөйлеп, бала демей, шаға демей ойындағысын ақтара айтатын. Бір нәрседен көңілсізденсе қабағы түйіліп, селдірлеу мұртын қайырып қойып иегін сипай беретін» деп суреттейді [4].

Алаш арысы Халел Ғаббасұлының әңгімелеуіндегі мына бір тосын оқиға былай басталыпты: «Құрылтай кезінде бір тосын жағдай болды. Құрылтай өтіп жатқан жерге Қазақ комитетінің бұрынғы мүшесі Құлжанов келіп, оған сөз беруді талап етті. Құрылтай төрағасы Поштаев оған рұхсат бермеген соң, Құлжанов сыртқа шығып кетті де бір топ қызыл армия солдаттарын ертіп келіп, егерде өзіне сөз бермесе, құрылтайды күшпен тас-талқан етіп таратып жіберетіндігін мәлімдеді. Бәрібір құрылтай Құлжановтың талабын орындаудан бас тартты, тиісті қаулы шығарып, жұмысын аяқтады. Бұдан кейін құрылтай жетекшілерінің тұтқындалғаны туралы хабар естілісімен, біразымыз бас сауғалауға мәжбүр болдық» [7].

«Жанға сырын бермейтін» Құлжанұлының құрылтай жиналысына кедергі келтіруі большевик қазақтардың Алаш автономиясының ертеңіне деген сенімсіздігінен, үмітсіздігінен өзге жол емес еді. Сұлтан Махмұт жырында өзін қазақ комитетінің жұмысынан шығарған Х. Ғаббасұлын жағымсыз етіп суреттейтіні, ал керісінше, Н. Құлжановты дәріптеуі – жеке бас мүддесінен туындаған пенделік қырлары ғана сияқты.

Нұрғали Құлжановтың Алашқа қарсы әрекеттері мұнымен тоқтамайды: Алаш армиясын жасақтауға қатты кедергі келтіретіні жайлы Т. Жұртбайдың «Ұраным – алаш» кітабының ««Бостандықтың аятты жасыл туын тіккен...» деген тарауында «Большевиктердің ықпалындағы семинария оқытушысы Н. Құлжановтың арнайы жарғысы жасалмаған қазақ сотын сынаған мақаласына орай «Жалақорға жауап» атты мақала жазып, онда: «Заңның күрделі мәселелеріне жолбикелердің жол көрсетуі ортақ іске пайда әкелмейді... Меніңше, Құлжанов, бүкіл бір халықтың құқықтық кодексін жазып шығуды – газет үшін сүйкете салған жалақорлық мақала сияқты жеңіл іс деп ойлайтын болуы керек... Төңкеріс тұсында неше түрлі қылмыстылар бас көтерді, қыр еліндегі мұндай жағдайға қарсы шұғыл күресуді қажет етеді, комиссия шақырып, кодекстің баптарын, айлап, жылдап талқылайтын уақыт жоқ. Сондықтан да осы уақытқа дейін елімізде қолданылып келген заңдарға сүйене отырып уақытша ұлттық сот құрылды», – дей келіп [9], Нұрғали пікірлерінің тиянақсыздығын дәлелдеп, оның «большевиктердің пайдасына тыңшылық еткен қызметі үшін» айыптады» деген сипаттама берілген.

Абақтыға қамау

Келеңсіз қылық пен кеселді мінезі үшін Нұрғалиды алаш тарапы түрмеге жапқанын Сәкен Сейфуллин растайды. Оның Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеттерін жайынан хабар беретін «Тар жол тайғақ кешу» романында «Алашорда» Семейде «Совдепке кірдің», «Большевик болдың...» – деп, Нұрғали Құлжанұлын айыптап абақтыға жапқызды. Және елдегі болыстық дауларға, араздық партиясына қатынасып жатты. Семейдегі «Алашорда» мен Земство бастықтарының көбі Тобықты елінің ісіне көбірек қатынасты» деп жазады [10]. Сәкеннің тобықты елінің ісіне көбірек қатнысты деп отырғаны – Нұрғалимен бірге абақтыға қамалған Мұсатайдың ісі.

Семейдің қазіргі Саржал жерінде бір мезгілде Мұсатай және Ике деген екі кісі қатар өтті, жай өтпей, бірімен-бірі алысып, қырқысып, жауласып өтеді. Былай қарап отырсаңыз, руы бір, бір атаның баласы екеуі де. Абай қақсап айтатын қазақтың партияшылдығы бұл екеуін де іліп әкетеді, екеуіне ерген ел де адасады. Осылайша туыс елдің арасы ашылады. Бірінің үстінен бірі арыз жазған екеуінің ісін С. Сейфуллин қатты шенейді. «Алашорда» бастықтарының бірі – Икенің туысқаны дегені Халел Ғаббасұлы, апайын алып отырған жездесі болатын. «Мұсатай Икеден таяқ жеген соң, Икені «Алашордалар» сүйеген соң, турашылықты Совдептен тапқан соң, большевиктерді, Совдепті қуаттамай қайтсін! «Мұсатай жауыз, ұсталсын!» деп «Алашорданың үкіметі» жарлық шығарады. Жарлыққа Бөкейханұлы қол қояды. Мұсатайды ұстатып, абақтыға жаптырады» [9].

Оқи отырыңыз: Дала көкжалы

Ең қызығы, Мұсатай мен Нұрғали Құлжанұлын абақтыға жатқызуға Алаш қайраткерлерінің ішіндегі Мұхамеджан Тынышбайұлы қарсы болған. Бірақ өзгелері оның қарсылығын тыңдамай, соттаған. Сейфуллиннің басқа емес, осы Тынышбайұлына деген ілтипаты ерекше: «Алашорда» бастықтарының ішінде татулықты сүйгіші, сезгіш жүрегі Мұқаметжан Тынышбайұлы болған. Семейде әскери-майдан соты құрылмақ болғанда (военно-полевой суд) Тынышбайұлы қарсы болып айтысып, қарысып отырып, майдан сотын жасатпаған», – деген С. Сейфуллиннің дерегін Т. Жұртбай «Ұраным – Алаш» кітабында келтіреді [9].

Қашқан ақтар атқан

Ақ пен қызыл айқасып, бірін-бірі ысырып, ақырында 1919 жылдың желтоқсанында Колчак үкіметі құлап, Семейде большевиктер билік басына келеді. Жаңа үкімет жеңісін тағдыр теперішін сан мәрте көрген Нұрғали Құлжанов қуана қарсы алады. Ол осы кезеңде Семейдегі баспахананың меңгерушілігіне тағайындалады. Халық қазынасын Колчак армиясының талан-таражына айналдырмау үшін қарсы шығады.

Құлжановтар отбасының шарапатын бір кісідей көрген көрнекті балалар жазушысы С. Бегалин «Заман белестері» атты романында қайраткердің ақтық сәтін жары Нәзипамен екеуара әңгімеде егжей-тегжейлі баяндайды. Көп уақыттан соң, Семейге жолы түсіп, үйге соққан Сапарғали Нәзипа мұңлықтың «Ағаң жайын естіген боларсың. Құтырған қасқырдай қағынған ақтың жауыз жендеттері ақыры түбіне жетті» деп көзіне жас алып, біраз уақыт отырып қалғанын жазады.

Жазушы Сапарғали Бегалиннің отбасы. Семей, 1926 ж.

Нәзипа Сегізбайқызының әңгімелеуінше, Нұрғалидай арыстың қазасы былай болған: өз ойлағаны болмаса, оңай илікпейтін жолдасын «сақтан, тіпті қырға шығып кет» дегеніне көндіре алмайды. «Жан сақтай алмай сүмеңдеп қашып-пысып жүрген ақтың азғындарынан қорқып қырға шықпаймын» деп қасарысып тұрып алған. Бұған дейін бақылауда жүрген оған бір күні кешкісін екі әскери адам келіп, «штапқа шақырып жатыр» деп алып кетеді. Жарының «мыналардың түрі жаман екен, барма» дегеніне көнбестен, баратын болып, киініп алады. Сол кеткеннен оралмайды. Таң ата штапқа барған Нәзипа Құлжанова жолдасының қайда кеткенін біле алмай, кері, үйге қайтады. Есік алдында бір топ адам, жолдастары күтіп, қайғылы хабарды естіртеді.

«Мұғалім Нұрғали Құлжановты ақтың солдаттары қашып бара жатқан жерінен атып өлтірді» деген хабарламаны 1919 жылдың 27 қарашасында «Сарыарқа» газетінен оқыдым да, Нәзипа апайды іздеп үйіне бардым. Нұрғалиды ақтар далаға алып шығып атқан екен. Бейіт басына көп адам жиналып, жерлепті. Олардың арасында орыстар, татарлар, басқа да ұлт өкілдері болған екен» деп еске алады қайғылы жайтты Мұсағали Қаңлыбаев [2].

ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениетінің қос қарлығашы Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың шаңырағында сәбидің іңгәсі естілген. Олардың Миллат атты ұлы болыпты. Бұл баланың өмірі өте қысқа болды да, ол жайлы деректер тіпті жоқтың қасы. Ал Нәзипа Сегізбайқызы 47 жасында 1934 жылы бұ дүниеден бақиға өткен екен. Қиын кезең, ауыр тағдыр жолы бұл шаңыраққа мұрагер қалдыруды жазбапты. Десе де, дәтке қуат ететіні, ең маңыздысы да, жақсы да ғибратты өнеге қалдыра алуында жатыр.

Ерлі-зайыпты екеудің артындағы құнды қазынаны тірнектеп жинап, зерттеген адам – Мұратқали Қамалов. Нәзипа Құлжанованың жақын туысы боп келетін бұл кісі қос ғашықтың тағдыр-тауқыметін бүге-шігесіне дейін білетін. Ол Арқалық қаласының әкімдігіне қайта-қайта кіріп жүріп, Арқалық педагогика училищесіне Нәзипа Құлжанованың есімін бергізді. Сол училищенің өзінде Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтарға арналған шағын мұражай жасақталуына атсалысты.

Алаш қозғалысына қатысы бар тұлғалардың өмірі мен қызметін саралаған кезде бұған қарсы тарапта болған қайраткерлердің де уәждерін бірге қарастыруға тиістіміз. Олай болмаған күнде зерттеліп отырған нысан біржақты болып қана қоймай, уақыт пен кеңістік және адам тағдыры сынды құбылыстар сыры толық ашылмаған күйінше қалады. Нұрғали Құлжановты зерттеу арқылы Алаш қайраткерлерінің бейнесін жасауда қателіктерге ұрынбай, кемшіліктер жібермейтін боламыз.

 

Әдебиеттер:

1. Арғын. ІХ т. – Алматы: «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, 2010.

2. Оспанұлы С., Мырзағалиева К. Елге елеулі екеу. // Үркер. 28.03.2018.

3. Бегалин С. Замана белестері. – Алматы: Жазушы, 1979.

4. Алаш қозғалысы. – Астана: Сардар, 2007.

5. Қожакеев Т. Сара сөздің сардарлары. – Алматы: Санат, 1995.

6. Кәрімхан З. Шипагер Шегіров. // «Қазақстан тарихы». 13.12.2018.

7. Жұртбай Т. Ұраным – Алаш! 1-т. – Алматы: Ел-шежіре, 2008.

8. Торайғыров С. Таныстыру. «Сұрақ-жауап».

9. Жұртбай Т. Ұраным – Алаш! 2-т. – Алматы: Ел-шежіре, 2008.

10. Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?