Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тағиев тағылымы

2571
Тағиев тағылымы - e-history.kz
«Қазақстан» газетінің қолдаушысы (1911-1913) болған қайраткер Зейнелғабиден Тағиев өмірінің қыры мен сыры жайлы

Ресей езгісінде жаншылған барша түркі мұсылман қауымының отаршылдыққа қарсы саяси және рухани күресі ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында жаңа сапалық мазмұнда жаңғырды. Қайраткер Ысмайыл Гаспыралының «Dilde, fikirde, iste birlik!» («Тілде, пікірде және істе бірлік!») ұраны түркі әлемінің жәдитшілдік пен милләтшілдік ұстанымындағы түбірлі мақсат-міндеттерін айқындай түсті. Тамырында ата қаны суымаған түркі сойының елшіл тұлғалары өз ұлтының ғана емес, патша қысымында жаншылған барша қандас туғандарының тағдырына бей-жай қарай алмады. Ғалымжан әл-Баруди (1857-1921), Ризаитдин Фахретдинов (1859-1936), Әлимардан бек Топшыбасов (1863-1934), Гайса Еникеев (1864-1931), Мұхниса Буби (1869-1937), Фатих Карими (1870-1937), Мұса Бегиев (1873-1949), Жүсіп Ақшора (1876-1935), Ибинамин Ахтямов (1877-1941), Садри Максуди (1878-1958), Гаяз Исхаки (1878-1954), Заки Уәлиди Тоған (1890-1970) сынды миллатшылдардың бірқатары Ресейдің Мемлекеттік Дума мінбесінен, енді бірі түркі мұсылман басылымдарындағы мақалаларымен қазақтың әлеуметтік мәселелеріне қоғам назарын аудартты.

Түркі мұсылман руханиятының реформатор тұлғалары Маржани, Насырилердің кемел істері жалғастырған қайраткерлер отаршылдық жүйе қысымының небір озбырлықтары өткере жүріп рухани кемелділікке бастайтын білім ордаларын ашты. Зия Камали негізін салған «Ғалия» (1872), Ғалымжан Баруди кірпішін қалаған «Мұхаммадия» (1882), Зайнулла Расулаев бастауында тұрған «Расулия» (1883), Хайрулла Гусманов іргесін көтерген «Гусмания» («Османия») (1887), меценат Ахмед және Махмұд Хұсайновтардың демеушілігімен шаңырағын тіктеген «Хұсайния» (1891) медреселері кең байтақ Тұран даласына білім нұрын төкті.

Қазан, Уфа, Орынбор, Санкт Петербург қалаларындағы түркі мұсылман тұлғалары тұтқасын ұстаған баспалардан қазақ ақын-жазушыларының кітаптары басылды.

Ресей империясы Мемлекеттік Думасы мәжілістерінің биік мінбесінен сөз алған 20 мұсылман депутат барша түркі тілдес халықтардың толғақты мәселелерін көтерді. Мәселен Ибнамин Ахтямов ІV Мемлекеттік Думада (1912.7.12.) мұсылман фракциясы атынан патшалық Ресейдің ұлттық және қоныстандыру саясатындағы қиястықтарды сынға алды. Бүкілресейлік ІІІ мұсылмандар сиезінде қарастырылған діни бостандық, мәдени-ағартушылықтағы ұлттық дербестік, жергілікті өзін өзі басқарудағы шектеушіліктерді алып тастау сипатындағы бағдарламалық шешімдерді қадап-қадап көрсетті. Ал 1914 жылдың 15-25 сәуірінде болып өткен Бүкілресейлік ІV мұсылмандар сиезінде түркі мұсылман жұртының қырыққа жуық белді өкілі бас қосты. Оған ІV Думаның 6, бұрынғы шақырылымдағы Думаның 9 депутаты қатысты. Олардың арасында қыр перзенттері Әлихан Бөкейхан, Бақытжан Қаратаевтар болды.

Зейнелғабиден Тағиев (1823-1924), Моллағали Яушев (1864-1926), Мұстафа Лутфи Измайлов (1880) тұрпатты түркі мұсылман жұртының сом тұлғалары қазақ басылымдарын қаржылай демеді.

Қазақтың алғашқы ұлттық басылымдарының бірі «Қазақстанда» жарияланған «Газет деген не зат» мақаласында Ғұмар Қараш «...Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – казит, со себепті казит – біздің басшымыз, казит – біздің достар алдындағы көркіміз. Дұспандарға қарсы құралымыз, казит – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, казит – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам шырағымыз» деп жазғанындай, Алаш үні болған газеттің жарық көруіне қаржылай көмегін көрсеткен әзірбайжан елінің атақты перзенті Зейнелғабиден Тағиев өнегесі ала бөтен.

Есімі исі түркі әлеміне мәшһүр тұлғаның ақ адал маңдай тері сіңген кенен қаржы-қаражаты туған халқының рухани жаңаруы мен кемелденуіне өлшеусіз үлес болып қосылды. Қатардағы тас қалаушыдан бірегей мұнай алпауытына дейінгі асқарлы белестерден өткен ақжүрек ер қолдау мен демеуге зәру болған талай дарынның жолын ашты. Оқуға құлаш ұрған жастардың әлемнің белді де беделді оқу орындарында білім алуына демеушілік етті. Қандастарының ел мен жер алдындағы перзенттік парыздарына жауапкершілікпен қарауларынына «Қайтпас табандылықпен оқып, қажырлы ізденіспен тыңғылықты білім алғандарыңызды қалаймын. Бақыт кілті – ілім-білімде екенін естен шығармағандарыңыз абзал!» деген аталы сөзін арнады. Олардың Отанына оралып, еңбек етулері әрі тек діндес қарындасына үйлену туралы қолхат алуы Тағиев тұлғасында тоғысқан ілкі қасиеттерді даралайды.   

«Оң қолымдағы Құран ата дәстүрге адалдығымды білдірсе, сол қолымдағы газет тек қана алға ұмтылу керектігін ұғындырады. Сіздер де иман (сенім) және ілгерлеу (прогресс) жолын ұстаныңыздар» деп білген санаткер ұлттық серпіліске ықпал еткен «Хаят», «Каспий» газеттерін қаржыландырды.

Кедей-кепшік отбасынан шықан ол қарапайым жандардың әлеуметтік мұң-мұқтажын жақсы сезінетін. Содан да болар өзіне қарасты кәсіпорынындағы жұмысшылардың еңбекақысын көтермелеп отыруды бір сәт қаперінен шығармайтын. Жұмысшыларды имандылыққа ұйыстыратын мешіт көтеріп, балаларын оқытатын мектеп салғызудан аянып қалғаны жоқ. Дәріхана мен дәрігерлік көмек пунктттерін аштыруымен де сарабдалдық танытты.

Ұлтының өркениет жолымен өркендеуін көздеген санаткер қаржысына 1883 жылы драма театрының зәулім ғимараты бой көтеріп, 1893 жылы өнер шаңырағы кеңейтілді. 1909 жылы қаскөй кертартпалар тарапынан қасақана өртелген театрды қайрадан салғызды.

Әзірбайжандағы алғашқы кітап бастыру, қасиетті Құран Кәрімнің  әзірбайжан тіліне аударылуындағы кемел істердің алғаш қолға алынуы Тағиев есімімен байланысты. Қасиетті кітапты аударуға ресми рұқсат алу мақсатында қазы Мирмогамед Кермиді Бағдатқа арнайы сапармен аттандырады. Лейпцигтен араб шрифтісін тапсырыспен алдыртып, әзірбайжан тіліне аударылған Құран Кәрімді бастырып шығарады.

Ұлтының ұлы перзенттерін ұлықтауды бір сәт есінен шығармай, Сеид Азим Ширвани, Мұхаммед Хади кітаптарын бастырады.

Кең пейіл меценат шапағатымен әзірбайжан топырағында зайырлы білім беретін небір іргелі оқу орындары бой көтерді. Халқының өркениет жолымен ілгерлеуін діттеген ол мұсылман қыздарына арналған тұңғыш мектеп салуға мұрындық болды. Қайраткердің қаржылай қолдауымен 1901 жылы Бакуде әйелдерге арналған алғашқы мектеп ашылды. Ол тек Әзірбайжандағы емес, барша мұсылман әлеміндегі еуропалық үлгідегі бірден бір жалғыз мектеп болатын. Білім ордасының салтанатты ашылуында сөз сөйлеген қайраткер «Біз болашақ күндері бұл әйелдер мектебін гимназияға айналдыруымыз керек. Ол менің қашанғы арманым» деген ақжарма тілегін білдірді.

Мектепті бітіруші түлектерге әзірбайжан тіліне аудырылған қасиетті Құран Кәрім кітабын тарту етеді. Әлем әдебиетінің классиктері Толстой, Пушкин, Лермонтов кітаптарын сыйлайды. Жаңа киім-кешектер мен құнды кәдесыйлар үлестіреді.

Туған жер топырағынан қуат алған тау тұлға өсіп өнген өлке табиғатының гүлденуі мен көркеюіне қажетті қаржы бөлуден да аянып қалғаны жоқ. Баку қаласы маңындағы Мардакян елді-мекенінде бау-бақша және гүл өсірушілер мектебінің негізін қалады. Құмдауық жерлерге шоқ тоғай егіп, Баку қаласының көгалдануы мен абаттануында өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Қуаңшылық пен табиғат апатынан төнетін жұт, аштық зардаптарының алдын алу үшін су бөгеттері мен су құбырының құрылысын қолға алып, ел игілігіне жаратты. Белгілі инженер Вильям Линдлеяны Майндағы Франкфурттан арнайы алдыртып, су құбыры кәріздерін тартуды жүзеге асырды.

Шуша қаласындағы аштыққа ұшыраған қандастарына көмек қолын созып, керуен-керуен азық-түлік аттандырды.

Атымтай жомарттығымен ұлтының құрметіне бөленген дегдардың Еуразия кеңістігін қамтыған қайырымдылық көмегі ерекше тағылымға толы. Петербургтегі мешіт құрылысына 1100, Қап тауы мен Дағыстан мешіттерін жөндеуге 5000, Баку зиратын абаттандыруға 5000, Астарахан мешітін қайра қалпына келтіруге 5000, Тегерандағы медресе құрылысына 55 000, «Саадат» мектебіне көмек ретінде 5000, жетім-жесір, ауру-сырқау жандарды қолдау мақсатында 8500, коммерциялық училище мен мұсылман балаларының оқуына 50 000 сом (рубль) көлемінде демеушілік жасады.

Имани қасиеттерге толы қайырымдылық шапағатынан Алаш баласы да шет қалғаны жоқ. Меценаттың қазақ топырағында 1911 жылдың 10 наурызынан 1913 жылдың 15 қарашасына дейін жарық көрген алғашқы ұлттық басылымдарының бірі «Қазақстан» газетіне сүйеу болудағы кесек мінезі сүйсіндіреді. Басылымды шығарудағы қаржы мәселесі тығырыққа тірелген кезде Зейнел-Ғабиден Тағиевке Шәңгерей Бөкейұлы Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйраұлын жіберіп, көмек қолын ұсынуды өтініп хат жолдайды.

«Шәңгерейдің Тағиевке өз қолынан хат жазып беріп жібергенін Ғұмар да сұлтанның алдында айтқан марсия жырында: Екі ауыз жазған сөзімен, Жер шетіне кеткен жан, Іздегені тап болмай, Мұңайып елге бос келмес, Бос келмеудің себебі: Түрлі жөнді білесің, Жөнін тауып лайықты, Сөздер жазып бересің. Жөнін тапқан жұмысты, Қайт етуге хош алмай, Нендей адам сескенбес, – деп аңғартқан ғой» (қараңыз. М. Тәж-Мұрат. Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы. – Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖШС, 2004. – 72-б.).

«Қазақстан» газетін шығаруда Шәңгерей Бөкейұлы, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйраұлы (Бұйрин), Бақытжан Қаратаев, Ғұбайдолла Бердиевтер қайтпас қайсарлық танытты. «Ала ту Абылайдың ала аттансаң, Аламан артыңдағы біреуі мен» деп білген ғажайып өнер иесі Шәңгерей газетке қаржылай көмек берді, демеушілік жасады. Бүгінгі ұғымға жанастыра айтсақ, ел игілігі үшін қазақ топырағында Есенқұл қажы Маман, Ахмет ишан Оразай қатарында ұлттық  меценанттықтың негізін қалады.

Міне, Ғұмар Қараштың «Қазақстан» басылымында жарияланған  «Баку» очеркіне әзірбайжан сапарының барысы арқау болды. «Былтыр 1911 йыл жауза жұлдызының бас күнінде «Қазақстан» газитін атқа мінгізіб, адам ету қайғысында адамдар арасында етілген бір қаулы бойынша Алла деб аттаныб, Баку қаласындағы хажы Зинелғабиден Тағиевті іздеб елден екеу шықдық. «Еріккен екі тентек елден шығыб кетді» деушілер көб болса да, жан-тән көңілдерінен «хайырлы сафарлы болыб, жеңіл барыб, ауыр қайтқай» деб дұға етуші хайыр хуаһлеріміз болуын да білетін едік. Ақ ниетіміз хұрметіне Алла тізгінімізді оңғарыб, барған хажымыз хош алды. «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді. Аталық шафхатынан ағыб шықған сөздерін айтады. Барлық қазақ атағына 3 жәлид тәфсірлі Құран шәриф һәдиа қылды. Амандасыб, айрылар жерде «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес, милләттікі» деген сөзін айтыб, көзіне жас алды. Жәй-түйімізді түсіндіру турасында мәшһүр Ғали Мардан Бек Топшыбасовдың жәрдемі тиді. Хұдай тағала ғұмырларын ұзақ етіб, ондай адамдарымызды көбейтсін» (қараңыз: Қазақстан. Орал, 2012. – 177-б.). Ғұмартанушы Мақсат Тәжмұрат атап көрсеткеніндей, «Әне, ол заманға милләт, ұлт желімі сондай болған!». 

Кісілік қасиетімен қалың қазақтың риясыз құрметіне бөленген милләтшіл тұлғаға деген елдің шексіз алғысы ұлттың үні болған «Қазақстан» газетінің әр санында көрініс тауып жатты. Мәселен басылымының екінші санындағы «Хұрматлу оқушыларымызға» редакциялық мақалада «Қазақстанның» екінші нөмірі кешігіп шықты, шығарушылардың не хәлде болғаны бір Аллаға, екінші өздеріне айан. Қайғылы күндердің, ұйқысыз түндердің талайы бастан кешті, алдарында да тар жерлер, тайғақ кешулер жатыр, алайда шығарушылардың келешектегі қиындықтардан қашуға ойлары жоқ, Алла саламатшылық берсе, машһүр генерал Зайн ал Ғабидин Тақиуф жанаблары ейкден бір көтеріб жіберді, йағни бір мың сом казитіміз файдасына жәрдем етті.

Бұ кісі орыс мұсылманға ортақ кісі, «бір падшалықта тұрған адам, «сен орыс» деп, «сен қазақ» деп, бірін бірі жат көрмеске керек» деген фікірлі кісі» деп Тағиев іскерлігін жарқырата көрсетті.

«Азаматтара және бір-екі ауыз сөз» мақаласында Бақытжан Қаратаев қазақтың алғашқы газет-журналын қаржылай қолдауда азаматтық танытқан З.Тағиев, Яушевтердің (Иаушев) берендігін сүйіншіледі.

«Троитскі шаһарында қазақ тілінде «Айқаб» журналы шықды деб, Оралскі шаһарында «Қазақстан» ғазитасы шықды деб қазақ азаматдары қуынысыб жатқан көрінеді. Мұны біліб, азаматдарға айтатұғын аз ғана сөзім бар: «Айқаб» журналының шығуына расход шығарыб, себеб болған Троистскі мұсылманы Иаушев болады, «Қазақстанның» шығуына себеб болған Баку шаһарының мұсылманы генерал Зейналғабиден Тағиев һәм Жаһангир ханның немересі сұлтан Шаһангерей деген мұсылман болады. Тағиев мың сом берді, сұлтан Шаһангерей бес жүз сом берді» (қараңыз: Қазақстан. – Орал, 2012. 118-б.).

Газетте басылған Жұбакен Тілеубергеновтің «Бес азаматқа тәшкүр», Ғабдолла Көбжасаровтың «Қара халық тарафынан бір-екі ауыз сөз» мақалаларында да Зейнелғабиден Тағиев, Моллағали Яушев, Шәңгерей Сейіткерейұлының азаматтығы лайықты бағасын алды.

Бакуге арнайы аттанған Алаш азаматтарын Тағиевпен жолықтыруға дәнеркер болған Ғали Мардан Бек Топшыбасов эмиграцияда жүріп 1934 жылы өмірден өткенде Мұстафа Шоқай жерлеу рәсіміне қатысып сөз сөйледі. «1918 жылы Әзірбайжан ұлтық тәуелсіздігін жариялағанда Әлимардан бекті әзірбайжан Ұлттық Парламентінің төрағалығына сайлады.

Рақымсыз тағдыр өз дегенін істеді. Әзірбайжан тәуелсіздігінен айрылып, қызыл империяның бұғауына қайта түсті. Бұл кезде Әзірбайжанның Еуропадағы ұлттық өкілдігінің төрағасы міндетін атқарып отырған Әлимардан бек әзірбайжанның мұғыжары болып қала берді. Ол қайда жүрсе де ұлты мен атамекенінен басқа ештеңені ойламаған аса күрескер адам еді.

...Біз, Түркістан түріктері, Әлимардан бекті аса көрнекті түрік қайраткері ретінде құрметтейміз. Әлимардандарға түркістандық түрік те, қазандық түрік те, қырымдық түрік те өзінің әзери түріктерімен бірдей еді..» деп барша түркі баласының айрықша құрметін жеткізді.

Түркі мұсылман қауымындағы дәулетті азаматтардың қазаққа қол ұшын созудағы меценаттығы ұлт зиялыларын ойландырмай қоймады. Міржақып Дулатұлы «Оқушыларға жәрдем» мақаласында «Басқа  жұрттарды айтпай-ақ, өзiмiзге жақы ноғай ағайындарымыздың байларына көз жiберелiк. Орынбордағы Ахмет, Махсұт Хасеновтар, Кавказдағы Тағиев, Сейдоллаевтардың жүз мыңдарымен ноғай халқының он мыңдаған жасөспiрiм жастары гүлденiп шешек атып, ғылым нұрына қанып келедi. Орынбордағы медресе Хусаиния, Уфадағы медресе «Ғалия», Қазандағы медресе Махмудия һәм сол секiлдi зор медреселердiң бәрi де ноғай байларының ақшасымен салынған һәм бұл күнге шейiн оқушылардың тәрбиесi, оқытушылардың жалованиесi солардан. Мұнан кейiнгi ноғайдың екiншi, үшiншi дәрежелi байлары әрқайсысы өз жерiнде оқу жолына жомарттық қылып, мешiт, мектеп, медреселерiн тәрбиелеп тұр...» деп өз қаржы-қаражаттарына мектеп-медресе ашып, оқуға ынталы жастарға жәрдемдесудегі түбі бір туысқан ағайындардың кемел істерінен қандастарының өнеге алуын құп көрді. 

«Былтыр Оралда «Қазақстан» газетi шыққанда, Баку байы Зейнелғабиден Тағиев бiр мың сом жәрдем бердi. Мұны көрiп тұрған қазақ байларының санасы, намысы деген нәрсенiң ұшқыны, тамырларында бiр  тамшы қазақ қаны болса, ұяларға керек едi. Мыңды айдаған қазақ байларының қолынан мұндай орынға 5-10 сомның шығуы қиын болып тұрғанда, қайдағы бiр шеркестiң мың сом суырып беруi қалай!...» деп Тағиев ғибратымен қазақтың дәулетті азаматтарының намысын қамшылады (қараңыз: «Алты томдық шығармалар жинағы. 2-том: Көсемсөз, әдеби-сын және зерттеу мақалалары /Құраст: Г. Дулатова, С. Иманбаева. – Алматы: Мектеп, 2013. – 131-132-б.).

«Қазақстан» газетін Ғабд әл-Хамид Хусаинов 25 соммен демесе, осынау игілікті қадамдардан қандастарымыз да шет қалмады. Атап айтқанда қазақ даласын білім нұрына бөлеген Маман әулеті яғни Сейітбаттал қажы Маманов, Хұдайберген Тұрысбеков, Ишанғали қажы Маманов, Ғайдмахмуд Тұрысбековтер қаржылай жәрдемдесті.

«Мамания» мектебінде ұстаздық еткен қайраткерлер Ғабдолғазиз Мұсағали, Мұстақым Малдабайұлы «Қазақстан» газетінің жұмысына атсалысты. Ишанғали Меңдіғалиев, Билаш Шолтыровтар қалың қауымды басылымды жаздыруға тартуда тер төкті, қаржы жағынан қарайласты.

Мұстақым Малдыбайұлы «Хайырлы сағат» мақаласында «Иә, Қазақ балалары! Істі бастаушы табылды, енді сіздер қошдаңыздар! «Айқаб» менен «Қазақстанның» екеуі жиылғанда бір қозының құны ғой... Ойлаңыз! Әлбетте, санасы, намысы бар адамдар, осындай жарлы күнде жәрдем етер. Қазақ арасында білікті адамдар моллалар, мұғалімлер, халықға айтсаңыз, халық тілегіңізді алады» деп ұлт басылымдарын қолдауға шақырды.

1904 жылдың 7 қазанында С.-Петербургтен Қазан қаласындағы ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке жазан хатында Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы «...Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтар жоғарғы дәрежелі білімдер алып жатқанын ойыңызға алсаңыз, сол кезде бұл халық та еңбекке, алға басуға қабілетті деп есептейсің. Ол: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», деген сөз» деп ұлт жасампаздығына сеніммен қараған еді (қараңыз: Т. Жаңабайұлы. Халелдің бір хаты хақында // www.madenimura.kz/kk/materials/publications/haleldin-hati/-). Міне, Ғұбайдолла Бердиев «Қазақстан» басылымның ел өміріндегі маңызын «Хұрматлу басқарушы» мақаласында «Өлген кісі болмаса, тірі кісі оянса керек. Түңілу жол емес, үмід көб. Ел көзсіз емес, аз да болса көзі бар. Ел елдігін етер. Халықты ояатушы - газет» деп айқындаса, Мұхамедғали бин Ғабдрахман Оразбаев «Алаштың азамадтары!» мақаласында «Мұсылманша оқы, орысша оқы, йапонша оқы, әйтеуір оқы, ғұмырды бос өткізбе, тек жату жарамайды» деген пікірімен ұлттық өркендеуде Алаш зиялылары үлгі етіп алған Жапония жолын ұстану бағытына қолдау білдірді.

Жаңалық жаршысы болған басылымы «Қазақ» газетінің жарық көруін «Орынбордан нағыз қазақ тілінде «Қазақ» атты казит шықты. Бас жазушысы «Қырық мысалды» шығарған атақды ақынымыз Ахмет Байтұрсынов, ақша шығарыб бастырушы Мұстафа Оразаев деген азамат. Газетдің мақсұды қысқа айтқанда қазақға көз, құлақ болу» деп алты Алашқа алабөтен қуанышпен жеткізді.

Басылымда жарияланған «Ұмтыл», «Қазақтың кешегі күйі», «Қазақ халқына» өлеңдерімен Ахметғали Мәметұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Ишанғали Бисенұлы ояну дәуірі әдебиетінің көркемдік даму үрдісіне үн қосты.

Түйіндей айтқанда, алғашқы ұлт басылымдарының бірі «Қазақстан» газетін қаржылай қолдауда азаматтық танытқан түркі әлемінің тарлан тұлғасы Зейналғабиден Тағиевке деген қазақ баласының құрметі шексіз. ХХ ғасыр бас кезіндегі түркі халықтарының жәдитшілдік, милләтшілдік мұратындағы рухани ұйысуының осынау бір ғана жарқын үлгісі тарих тағылымына жетелейді. Қашанда түркі мұсылман қауымының елдік қасиеттегі береке-бірлігі мығым, рухани дамудағы ықпалдастығы асқарлы болғай!

 

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?