Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сүгір жыраудың құлпытасы екені анықталды

3083
Сүгір жыраудың құлпытасы екені анықталды - e-history.kz
Сонымен қатар Байбарақ батыр кесенесі маңындағы көне қорымдағы құлпытастар нөмірленді. Кенжеғара қорымындағы Сатай батыр Кенжеғараұлының (1781-1865) құлпытасына биыл да ерекше назар аударылды

XVIII-XIX ғасырдағы көне қорымдардағы араб жазулы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеп жатқан Ақжайық ауданындағы «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны!» ғылыми-өлкетану экспедициясы Сүгір жыраудың құлпытасы екенін анықтады. 

Экспедиция жетекшісі, өлкетанушы, Алмалы ауылдық округінің Атамекен ауылында тұратын ұстаз Жәнібек Әбілпейісовтің айтуынша, былтыр бастаған жұмыстарды аяғына дейін жеткізу, яғни көне құлпытастардың орнын анықтап, картаға түсіру, суреттеп жазып, фотосуретке басу жөнінде аз уақытта ауқымды істер атқарылды. XIX ғасырдағы қырдағы қазақ ауылдарының отырған орындары картаға түсірілді. Биыл төте жазуды оқуға төселген мамандар Қазыбек Құттымұратұлы, Мұратбек Жахатов және Жаңақала музейінің директоры Аманжол Сәлімов іске араласты. 

Экспедиция Байшөрек күтіріндегі Сүгір жырау қорымына бір күнін арнады. Ол 1868 жылғы патша реформасына қарсы Кіші жүз қазақтары ұйымдастырған «Ел ауа» көтерілісіне қатысқан. Байшөрек жерінде ата-бабасының қонысында қалған шаруа Есқали Шымыров төрт түлік мал көбейтіп, тірлігін дөңгелетіп отыр. Қожалығының аты – «Шымыр мешіті». 

0525aa6771da1ff15ff87c187c76a603.jpg

Есқали – атақты Сүгір жырау Мырзалыұлының шөбересі, Шымыр ишанның немересі. Шымыр осы жерден екі мешіт салдырған үлкен ғұлама, ишан болған. Қажылыққа бес мәрте барыпты. Осы жолы Мұратбек Жахатов пен Қазыбек Құттымұратұлы Сүгір жыраудың жоғалған делініп жүрген құлпытасын тауып, мәтінін оқыды. Осылайша, тарихтағы ақтаңдақтың бірі кетіп, Сүгір жыраудың туған, өлген жылдары мәшһүр болды. 

Сонымен қатар Байбарақ батыр кесенесі маңындағы көне қорымдағы құлпытастар нөмірленді. Кенжеғара қорымындағы Сатай батыр Кенжеғараұлының (1781-1865) құлпытасына биыл да ерекше назар аударылды. Ал Сартай би Сатыпалдыұлының (1797-1868) құлпытасы былтырғы экспедиция нәтижесінде табылған-ды. Қорым маңайы мен XIX ғасырдағы Соналы болысының билеушісі Мұхамеджан Сарғожин мен оның ағайындары отырған ауыл орны картаға түсірілді. М. Сарғожин кезінде Соналы болысын басқарған. Сенаттың жарлығымен дворяндық дәрежемен тепе-тең келетін «Россия империясының мирасқор құрметті азаматы» деген титулы болған. Ол Соналы болысында ауыл балаларына деп 50 орындық бір кластық орыс-қырғыз училищесін ашқызған. Оның жартысына өз қаражатымен, 25 балаға болыс қазынасына интернат ашып, қамқорлық жасаған, сондай-ақ Оралдағы реальдық училищеде оқып жүрген қазақ жастары үшін стипендия беріп отырған. Мұрағаттық деректе 1904 жылы қазақ балаларын оқытуға беркітілген жауапты зиялылар қатарында Орынборда Мейірман Бисенұлы, Жымпитыда Әбдуғали Құмайұлы, Калмыковта Ибрагим Шынарұлы, Қарашығанақта Үмбетқали Дүйсенбіұлы, Ілбішінде Құрманғали Сүйірбайұлы, Соналыда Мұхамеджан Сарықожаұлы, Өлеңтіде Мұзафар Омарұлы болып, балаларды қазақ тілі, орыс тілі және математикадан оқытты деп көрсетілген. 

6863a8250223f0eddf41289f0368e19b.jpg

Байғұтты-Шолаққамыс қонысындағы қорымның былтыр нөмірленіп, картаға түскені істі жеңілдете түсті. Құлпытастар карта бойынша оңай табылды, көбінің мәтіні оқылып, қағаз бетіне түсті. Шолаққамыс көлдігінің қыр бетіндегі көне қыстау орындары байқасталды. 12 қыстау орны картаға түсірілді. А. Сәлімов осы жерден патша эмблемасы мен жазуы таңбаланған әтір құтысы мен тасқайрақ және темір үзеңгінің қалдығын тауып, Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мұражайына тарту етті. 

Байшөрек елді мекенінен үш шақырым қашықтықта батыс бетте Қуқұлақ деп аталатын ескі қорым бар екен. Жоспарда болмаса да, экспедиция Есқали Шымыровтың жол бастауымен сол қорымға келіп, зерттеу жүргізді. 9 құлпытас нөмірленіп, фотосуретке түсірілді. Базаршолан ауылындағы қорымдағы 31 көне құлпытас, Ескі Есім ауылы маңындағы Есім хан жерленген зиратта 46 көне құлпытас анықталды. 

Сөйтіп, бес күн жорықта Кенжеғара, Байшөрек, Байбарақ, Қуқұлақ, Базаршоландағы 5 қорым түгел оқылып, нөмірленіп, картаға түсірілді, Есім хан қорымында бұл жұмыстар әзірге жартылай орындалды.

inform.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?