Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың байырғы дәстүрі. Бала асырап алу

3146
Қазақтың байырғы дәстүрі. Бала асырап алу - e-history.kz
Бала асырап алушы отағасының әйелі үлкен бәйбішенің көйлегін киіз үйдің оң жағына ұзынынан тастайды. Бала сол көйлектің жағасынан кіріп етегінен шығады.

Бала асырап алу дәстүрі атам қазақ заманында өте жиі кездеседі. Оған негізгі себеп елдің басындағы жаугершілік, қоғамда үстем болып отырған туысқандық байланыстар жүйесі, ата баласы  ру-тайпа ішіндегі адам саны көп болсын деген мүдде, себебі сан кейін сапа туғызады. Қазақ шежіресінің ұзын-ырғасы осындай асырап алу оқиғаларын жиі баяндайды. 

Қазіргі қазақ ру-тайпаларының көпшілігі белгілі бір тарихи кезеңде бір-бірімен саяси және шаруашылық мүдденің ортақтығы жақындастырған қауым деп есептеуге болады. Біздің әкімшілік-территориялық құрылым, яғни аудан, облыс деп жүргенімізді байырғы заманда ру-тайпа ұғымдары алмастырыған. Бала асырап алуға мүдделі қазақ ешкімді де бөтенсінбейді ағайын-туыстың баласы, алыс жамағайын, қолға түскен тұтқын, ат арқасына мінгесіп келген олжа, панасыз қалған жетім бәрі де қазақ ішінде егер пысық, еті тірі болса өз орнын, яғни әкесі мен шешесін тауып кетеді. Бала асырап алатын адам алдымен ауыл ақсақалдарына ақылдасады, батасын алады. Содан кейін ауыл-елді жиып, бір қойын сойып қазан көтереді. Осы тойдың үстінде баланың қолына қойдың, не жылқының ортан жілігін ұстатып үйге кереге астынан кіргізеді. Ол үшін бірнеше қарулы жігіт киіз үйді аздап көтереді, сол саңылаудан бала үйге еңбектеп кіреді. 

56065244d3fea1bd322207cce9a55fcc.jpg

«Ортан жілік ұстады ма екен ?» деген сөз осыған байланысты қалған, ол жілікті ұстаған бала әкеден қалған жан мен малға мұрагер есепті. Егер баланы ауыл-аймақ түгел мойындасын десе отағасы маңайындағы ата баласын түгел шақырады. Сол ата баласының ішіндегі үлкен бір бәйбішенің көйлегін дайындайды. Бала сырттан киіз үйдің ішіне еңбектеп кірген соң екінші бір ғұрып жасалады. Бала асырап алушы отағасының әйелі үлкен бәйбішенің көйлегін киіз үйдің оң жағына ұзынынан тастайды. Бала сол көйлектің жағасынан кіріп етегінен шығады. Бұл ишара бала сол бәйбішенің ішінен шықты дегенмен бірдей. Асырап алған баланы осыған байланысты «киімді ұл» деп атайды және бәйбішенің бауырынан тарағанның бәрі оны бірге туған туысындай қабылдайды. Егер отағасы және ауыл ақсақалдары тұтас ру осы баланы жатсынбасын десе, артық сөз айтылмасын десе ру басы көсем-билерге осы шешімді хабарлайды. 

Осыған байланысты ру көсемі бастап жиналған қалың елдің алдында үшінші бір ғұрып өткізіледі. Ол ауыл-аймаққа аты белгілі бес береке атанып жүрген үлкен бәйбішелердің отыз-қырығы тізіліп тұра қалып, асырап алынатын бала аяқтарының арасынан еңбектеп өтеді. Енді ол осы елдің баласы, ешкім бөтенсімейді деген ишара. Қырық бәйбішеден тараған ұрпақ оны енді тұмсықтыға шоқыттырмайды, қанаттыға қақтырмайды. Ол да өз кезегінде өзінің ағайындары үшін жанын беруге дайын тұрады. 

Жамбыл Артықбаев, тарихшы-этнограф

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?