Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Әлихан Бөкейхан ізімен» экспедициясы басталады

1734
«Әлихан Бөкейхан ізімен» экспедициясы басталады  - e-history.kz
Экспедиция Ақтоғайдан басталып, Қарқаралы, Семей, Омбы, Санкт-Петербург, Минск, Самара, Орынборда болып, бағдарын Мәскеуде аяқтамақ

Биыл Қазақ тарихындағы көрнекті тұлғаның бірі, «Алаш» ұлт азаттық қозғалысының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толды. Әлихан Бөкейхан – қоғам қайраткері ғана емес, саясаткер, ағартушы, журналист, қазақ тіліндегі алғашқы география оқулығының авторы, этнограф, Орыс географиялық қоғамының мүшесі. 

ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан мерейтой аясында бүгінде Ресей мен Түркияда айтулы шаралар болып өтті. Қазақстанда да әлем мойындаған Алаш зиялысының өмірін, шығармашылық жолын, саяси тұғырын танытарлық, Алаш көсемінің сан түрлі өнерді бойына жиған жан-жақты қырын ашарлық конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, шаралар ұйымдастырылуда. 

Бұл әлемдік шарадан Қазақ Географиялық Қоғамы да тыс қалмай, «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты экспедиция ұйымдастыруды жоспарлауда. Құрамына Айгүл Ісімақова, Қайырбек Кемеңгер, Айжан Хамит, Елдос Тоқтарбай, т.б. белгілі алаштанушылар мен тарихшылар тартылған экспедиция Ақтоғайдан басталып, Қарқаралы, Семей, Омбы, Санкт-Петербург, Минск, Самара, Орынборда болып, бағдарын Мәскеуде аяқтамақ. 

Экспедиция мақсаты – Әлихан Бөкейханның өмір жолын кең арнада таныстыру, оқырмандарға еңбектерін таныту, Алаш көсемінің ел еркіндігі үшін істеген ерен еңбегін насихаттау. Сондай-ақ әлі көпшілік қауымға мәлім бола қоймаған дәйектер мен құжаттар іздестіру болмақ. 

Алдағы уақытта «Қазақстан тарихы» интернет жобасы «Әлихан Бөкейхан ізімен» экспедициясына ақпараттық қолдау көрсетіп, шараның барысынан оқырмандарын хабардар етіп отырады және ең қызықты әрі құнды деректермен бөліседі.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?