Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» конференциясы

2209
«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» конференциясы  - e-history.kz
Өздеріңіз білесіздер, көп жылдар бойы біздің тарихымыз коммунистік идеология ықпалымен өрескел бұрмаланып келді, таптық көзқарасқа бой алдырып, өткеннің бәрін жоққа шығардық.

Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Маңызды халықаралық шараны ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры мен ҚР Білім және Ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты бірлесіп ұйымдастырып отыр. 

Конференцияға жетекші шетелдік ғалымдар, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздің ғалым, профессорлары, жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары, докторанттар мен магистранттар, БАҚ өкілдері қатысты. 

a52e2a10217c366978e0c0283be4f560.jpg

Конференцияның ашылу салтанаты маңызды тарихи кітаптың тұсаукесерімен басталды. Азия зерттеулері институтының директоры, Шығыс Еуропа зерттеулері институтының аға үйлестірушісі, Қазақстандағы Польшаның бұрынғы елшісі Владыслав Соколовскидің ғылыми редакциясымен дайындалған «Od Chanatu do Republiki Historyczne i współczesne uwarunkowania państwowości Kazachstanu» («Хандықтан республикаға дейін: Қазастан мемлекеттілігінің тарихи және замануи шарттары») кітабы оқырманға жол тартты. 

«Бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны арнайы тағылымды кітаптың тұсаукесерімен бастап отырмыз. Бұл кітап Қазақстан Республикасы деп аталады. Онда қазіргі Қазақстанның дамыған, табысты, тарихи ел екендігі баяндалады. Бір ерекшелігі кітап Польшада шыққан. Осы кітап арқылы Еуропа мемлекеттері де біздің ел туралы маңызды деректерге қанық болады деген ойдамыз. Тарихи кітаптың ішінде Қазақстан ғалымдары бар»,-деді шараның ашылу салтанатында сөз алған Мемлекет тарихы инстутының директоры Бүркіт Аяған. 

b1d92eced063c5439eeb8b1a35bb8f54.jpg

Конференцияға қатысушылар «ҚР Тұңғыш Президенті және оның қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы рөлі», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және отандық тарих ғылымын жаңғырту» тақырыптарындағы секция жұмыстарына қатысуда. Салтанатты жиынды Мемлекет тарихы инстутының басшысы Бүркіт Аяған жүргізді. Пленарлық мәжіліс аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков, Азия зерттеулері институтының директоры, Шығыс Еуропа зерттеулері институтының аға үйлестірушісі Владыслав Соколовски (Польша), ҚР Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, И. Джавахишвили атындағы ТМУ жанындағы Тарих және этнография институтының директоры, т.ғ.д., профессор Важа Кикнадзе (Грузия), ҚР Ұлттық мұрағатының директоры Марат Әбсеметов, Назарбаев Университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі Саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының ассоциацияланған профессоры, PhD докторы Чарльз Салливан (АҚШ); Мәскеу мемлекеттік облыстық университеті Стратегия және талдау институтының директоры, т.ғ.д., профессор Виталий Ершов (Ресей); И. Джавахишвили атындағы ТМУ жанындағы Тарих және этнография институтының директоры, т.ғ.д., профессор Важа Кикнадзе (Грузия); Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, т.ғ.д. Айдарбек Кочкунов (Қырғызстан); Гази университеті Гуманитарлық ғылымдар факультеті Қазіргі түрік зерттеулері департаменті Солтүстік-Батыс (қазақ-қырғыз) зерттеулері бөлімінің профессоры, ғылым докторы Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун (Түркия); Корвинус университеті Халықаралық қатынастардың көп пәнді докторлық мектебінің (Будапешт) ғылым докторы Михай Аладар Добрович баяндама жасап, Қазақстан Республикасының 25 жылда жеткен жетістігі мен табыстарын, Елбасы саясатының жарқын тұстарын, қазіргі кезеңдегі тарихи зерттеулер мәселесі, отандық тарихты дәуірлеу проблемалары және т.б тақырыптар аясында сөз қозғады. 

1ea32e8d7e5d5a183ecc9d6e40c261b1.jpg

Пленарлық мәжілісте ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков қазақстан тарихының коммунистік идеология ықпалымен бұрмаланып келгенін сөз ете отыра, бүгінгі жаңа тарихтың бетбұрыстарына жаңаша қару керектігін тілге тиек етті.

«ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияның ашылу салтанатымен құттықтаймын. Өздеріңіз білесіздер, көп жылдар бойы біздің тарихымыз коммунистік идеология ықпалымен өрескел бұрмаланып келді, таптық көзқарасқа бой алдырып, өткеннің бәрін жоққа шығардық. Шын тарих 1917 жылдан ғана басталатындай болып көрінді. Тарихты зерттеудің ғылымнан гөрі саяси сипаты басым болды. Елімізде талай ұрпақ дәл осы ұғыммен өсіп, өніп, қалыптасты. Енді мінекей, егемен ел болғалы бұл жағдай мүлдем өзгерді, қоғам жаңарды, ел жаңарды. Қазақстан өз билігі өзінде, әлем таныған дербес мемлекет болды. Сөйтіп, енді кеңестік санадан арылып жүріп кеткен жолымызға жаңаша қарау қажеттігі туындап отыр. Өркениетті мемлекет құрып, өркениетті мәдениет жасап жатқан ел үшін бұл жауапкершілігі аса зор міндет. Халық үшін оның тағдырлық маңызы барын естен шығармауымыз керек», - деді Б. Жұмабеков. 

a924f717feb146c08997b9e962573069.jpg

Түркияның Гази университеті Гуманитарлық ғылымдар факультеті Қазіргі түрік зерттеулері департаменті Солтүстік-Батыс (қазақ-қырғыз) зерттеулері бөлімінің профессоры, ғылым докторы Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун екі ел арасындағы тарихи байланыстарды сөз ете отыра, түрік елінде алаш тақырыбында көптеген диссертациялар қорғалғанын айтты. 

«Түркия мен Қазақстан арасында білім мен ғылым арасында үлкен байланыстар орнап келеді. Екі елдің тарихы да көне сақ-ғұн дәуірлерінен басталып, түрік дәуірімен бірлесе оқытылады. Соңғы уақытта көптеген зерттеушілер Алаш тақырыбымен жұмыс атқарып, қазақ тарихындағы 20 ғасыр басындағы ұлт интелегенцияларынан диссертациялық жұмыстар да қорғауда. Алаштың көсемі Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы да ең бірінші Түркия елінде басталды. Осының өзі екі ел арасындағы тарихи байланысты, бауырластыққа апарып тұрғандай»,-деді Г.Ерджиласун.

Конференция мақсаты - елдің 25 жылдан бергі толағай табыстарын түйіндеу; ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін құру мен нығайтудағы, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастырудағы, Қазақстанның тарих ғылымын жандандырудағы рөлін зерттеу; тарих ғылымының өзекті және қазіргі ұлттық тарихнаманың түйінді мәселелерін «Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясының аясында зерделеу.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?