Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Мамочкино моласы» оқырманға жол тартты

1981
«Мамочкино моласы» оқырманға жол тартты - e-history.kz
Жоба мақсаты – жұртшылыққа тарихымыздың ең бір қанқұйлы кезеңдері саналатын зұлматтың табиғаты мен тереңдігін жеткізу, Қазақстан тарихының 1930-1956 жылдардағы бұрмаланған парақтарын қалпына келтіру

Елорда төріндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 31 мамыр – ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған заманауи көркемөнер жұмыстарының көрмесі өтіп жатыр. 

Рухани салтанатты шарада Парламент депутаттары, Иран, Украина, Тәжікстан, Беларусь, Түркия, Венгрия, Литва мемлекеттерінің Төтенше және өкілетті елшілері мен қоғам қайраткерлері, музей қызметкерлері мен зерттеуші ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты. 

a860c878483e86ee191016d3ef5e525f.jpg

Зұлматты тарихи кезеңнің тарихын көркемөнермен көрсетіп, елордалықтарға ұсынуға жәрдемші болған, шараны ұйымдастырушы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Болашақ» академиясының сталиндік қуғын-сүргін тарихын зерттеумен айналысатын «ҚАРЛАГ: Болашақ үшін ұмытылмас» ғылыми-зерттеу орталығы, ҚР Ұлттық музейі. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтің «ҚАРЛАГ Архипелаг» көркем әрі гуманитарлық жобасына – қазақстандық заманауи суретшілер Айнұр Сәденова, Алмагүл Меңлібаева және Сырлыбек Бекботаевтың мультимедиа-көрме жұмыстары ұсынылды. 

Жоба мақсаты – жұртшылыққа тарихымыздың ең бір қанқұйлы кезеңдерінің бірі саналатын зұлматтың табиғаты мен тереңдігін жеткізу және Қазақстан тарихының 1930-1956 жылдардағы бұрмаланған парақтарын қалпына келтіру. Көркемдік рефлексия нысаны – КСРО ІІХК ГУЛАГ құзырындағы еңбекпен түзеуге арналған 11 лагерьде (АЛЖИР, ҚарЛаг, СтепЛаг, ДальЛаг, ПесчанЛаг, КамышЛаг, ЖеқазғанЛаг, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері) айдауда болып, азап шеккен милионнан астам тұтқынның ауыр тағдырын заманауи көркемөнер арқылы сипаттау. Суретшілер Қарағандыдағы зияткерлік орталықпен бірге жекелеген түйткілдерді байланыстыра отырып, зұлмат территориясын, адамдар тағдырын, олардың тоталитаризм жағдайындағы әрекетін, өзін-өзі сақтап қалу жолындағы жанталасын және бастан кешкен антигуманизмдік тәжірибесін зерттейді. 

5fbef4d1456c7334132b6b932c33ae72.jpg

Көрмедегі көрсетілім барысында заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтің жетекшілігімен жарық көрген ҚАРЛАГ жайлы кітаптар топтамасы ұсынылды. Соның бірі көрмеде көрерменге ұсынылған «Мамочкино моласы» туралы ғылыми еңбек. Бұл кітапта Кеңестер Одағы кезінде НКВД-мен жазықсыз жазаланып, Қарлаг лагерьлерінде айдауда болған саяси қуғын-сүргін кұрбандарының балаларының тізімі, олардың біразы жерленген «Мамочкино моласының» суреттері, сондай-ақ осы тақырыпқа қатысты мұрағат кұжаттары, сол кезеңнің көріністері – суреттер шоғыры, бұйым-заттардың суреттері берілген.

Сонымен қатар, Сырлыбек Бекботаевтың «Қызыл Фильтр» фотосуреттер топтамасы, туған жер тыныштығы мен қорғанысының кепілі ретінде жасалған «Сылдырмақ» атты қазақ бесігі қойылды. Бесік Айнұр Сәденованың «Аналар зираты» жұмысымен үндесіп жатыр. «Аналар зираты» – Қарағанды облысының Долинка поселкесі жанындағы балалар зиратының жалпылама атауы. Онда 2000-ға жуық сәби жерленген. Ал, Алмагүл Меңлібаева көрмеге жиналған қауымға «Шанель N5» деп аталатын туындысын ұсынды. 

c1f703929bed811638965b81c62d2a70.jpg

Қысқаша айтар болсақ, Қарағанды қаласындағы «Болашақ» академиясының жанынан «КАРЛАГ: тарихтан – тағылым, өткенге-тағзым» ғылыми ағарту жобасы Ұлт жанашыры, заң ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтің идеясы негізінде ашылды. Карлаг ақиқатын ашып, онда құрбан болғандардың рухына тағзым жасау мақсатында ашылған ғылыми-зерттеу орталық жанынан бүгінде бірнеше кітап оқырманға ұсынылып үлгерілді.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?