Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы VІІІ бөлім

991
Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы VІІІ бөлім - e-history.kz

1876 жылдың соңғы тоқсаны Шығыс Түркістан үшін қантөгіс пен қасіретке толы мерзімнің басы еді. Мәнжүр мен мұсылман арасындағы бұл соғыс отарлыққа қарсы ұлт-азаттық күрес ретінде де тарихтан орнын тапты. Чиң патшалығы мен Жетішәр хандығы арасындағы соғыс қалай өрбіді? Шүршіт патшайымын Шығыс Түркістаннан бас тартпауға көндірген кім? Манас, Үрімжі, Дауан шайқастарын осы жазбадан оқып біліңіздер.

Үрімжідегі «ұрыс» һәм қуғын

Көктауды алғаннан кейін Үрімжіге барар жол ашылды. Осы жолғы жеңісінде Лю Жинтаңның қолына аса маңызды бір ақпар түсті. Құпия хатта тұтас күш Көктауға жұмылдырылып, Үрімжіде артық әскер қалмағаны айтылып еді. Лю Жинтаң ақпардың рас-өтірігіне жіп таға алмады. «Дұшпан шырғасы болмас па екен», – деп екіұдай күйге түсті. Яқұпбектен бұрын Үрімжіні алу қажеттігі есіне түскен ол тәуекелге барды. Дереу қосынды Үрімжіге бастады. Түнімен суыт жүріп, 18 тамыз таң ата Үрімжі қақпасына жетті. 

Ма Рынды хатының еш өтірігі жоқ еді. Лю Жинтаң алғашқы дүркін зеңбірекпен атқылағанда-ақ Биянху мен Ма Рынды қаладан баз кешті. Лю Жинтаң бір аптаның ішінде екі бірдей қаланы қаратып, Зо Зұңтаңның қыркүйекке дейін Үрімжіні алу тапсырмасын сәтті орындады. Алайда Үрімжі билігін дүнгендер қолынан тартып алғанмен, ол әлі келіп үлгермеген Яқұпбектен тіксінді. Қалай дегенмен де нағыз шайқас Яқұпбекпен өрбитін еді. 

Үрімжінің дұшпан қолына өткенін Жетішәр ханы Тоқсұнда естіді. Бұл хабар оны қайран қалдырды. «Бас-аяғы сегіз күнде алты мың дүнген, үш мың ұйғыр жасағын жайратып, екі бірдей қаланы тартып алған Лю Жинтаң кім болды екен», – деп абдырады. Жол бойы жаумен беттесу әдсін, сап түзеу, соғыс тактикаларын пысықтады. Жаратқаннан медет тілеп, дұғасын да оқыды. 

Лю Жинтаң басты нысан Үрімжіні алғаннан кейін тыншыған көңілмен Биянхудың ізіне түсті. Биянху партизандық әдіске айрықша жатылған еді. Жан алысып, жан берісіп шайқасып жатып, жау тарапы сәл басым түссе, бірден майданды тастап, тайып тұратын. Осы ысылған айласымен Шәншиден бергі  14 жылда бойына оқ дарытпай, дін аман келе жатыр. Төтеннен тиіп, тосыннан қашып құтылатын оны ұстай алмай талай Чиң қолбасыларының зығырданы қайнаған. 

Үрімжіден қашып бара жатып, ол түу шағын жасақты бөлді де, қалған қосынға Манасқа барып бекінуді бұйырды. «Яқұпбекпен ұшырасқан соң, қайтып Манаста бас түйістіріп, орайын тауып Үрімжіні қайтарып аламыз», – деп пәтуаласты. Манастың өзінде де ілгеріден орныққан дүнген әскері бар болатын. Олар Чиң әскері Үрімжіге төнгенде көмекке аттанғанымен, Лю Жинтаң Үрімжіні тым тез қаратып, жетіп үлгерместен кері қайтты.

Биянху бұл тактиканы сәтті құрды. Осы арқылы өкшелей қуып келе жатқан жауды бөгеп, ара қашықтықты алшақтатып алуды көздеді. Оның ойынша, Манаста әскер барын білген қуғыншылар қалай да қайырылып шайқасады. Ұрыс салмай өтсе, Манасқа бекінгендер Чиң қосынының соңынан соққылап, тылмен байланысын үзбек. Биянхудың бұл тактикасы нәтижелі болды. Құйрық тістесіп қуып келе жатқан Лю Жинтаң Манаста бой жасырған жау барын біліп, байырқалады. Тұтас қосынмен Манасқа беттеу керек пе, әлде әскер жіберіп, негізгі қосын Биянхудан көз жазбауға ден қойғаны дұрыс па деген қос таңдаудың талқысында қалды. 

Жолайырықтағы таңдау

Зо Зұңтаң мен Лю Жинтаңның әдепкі жоспары бойынша Үрімжіні алған қосын күнгейге беттеп, Дауан мен Тоқсұнды тықсыруы тиіс еді. Осы мерзімде Баркөл, Құмылдан тіке шыққан Жаң Яу, Шүй Жәнбияу жасақтары да Тұрпанға ие болып, Тоқсұн іргесіне келуге міндеттенген. Сөйтіп, үш тарапты әскер шығыс, теріскей, батыстан Яқұпбекті қыспаққа алып, қазан соңында Тоқсұнды тартып алмақ есебін құрған. Бірақ Биянхудың мына әрекеті Лю Жинтаңды жүрісінен жаңылтты. 

Лю Жинтаң әрі-бері ойлана келе Манасты алмай алаңсыз алға озу мүмкін емесін топшылады. Оның алдында екі таңдау тұрды: біріншісі, тұтас қосынмен батыс терістікке шеру тартып, Манасты аса шапшаң алу; екіншісі ұлы қосынды жүріс ырғағынан ажыратпай, сенімді отрядты сұрыптап шығарып, Манасқа шайқасқа жіберу. Лю Жинтаң екі ойдың итжығысында нақты бір байламға келе алмай дағдарып тұрғанда ортаға кеуде керіп Жин Шүн шықты. Оның ұсынысы Лю Жинтаңды ой құшағынан суырып алды әрі іштей бекінген шешімінен айнытты. Әсілі Лю бірінші нұсқаны құп көрген. Өйткені Зо Зұңтаң кесіп берген межелі уақыттан озып тұрғандықтан Манасты  алуға тым тығыз болса да уақыт бар-ды. Уақытқа қолбайлау болғанымен, сақтық жолы осы болатын. Бірақ Жин Шүннің қолқа есебіндегі ұсынысы Лю Жинтаңды райынан қайтарды. Жин Шүн Лю Жинтаңға Манасқа өзін жіберуді өтінді. Манасты тізгін ұшында алып, жеңіспен оралуға уәде етті. Бұл тосын ұсынысты Лю тойтара алмады. Себебі еңбек сіңірген реттен Жин Шүн Лю Жинтаңнан әлдеқайда артық болатын. До Лұңымен бірге Тәйпиң шаруалар көтерілісін жаныштап, батыста мұсылмандармен шайқасқан он жылдан артық уақытта майданнан бір елі ажырап көрген емес. Төккен тер, шеккен бейнетін санаса да майдан қолбасшысы атану жолы Жин Шүнге тиесілі-тін. Бірақ Зо Зұңтаңның Жин Шүнға көзқарасы оң болмады. Майдан қолбасшысында таңдауы Жин Шүнге емес, Лю Жинтаңға түсті. Сондықтан Жин Шүннің бұл жолғы ұсынысы, тек қолқа ғана емес, өзін дәлелдеуге сұраған өтініші іспетті еді. Тұтас қолдың алдында сақа сарбаздың меселін қайтармау әрі ақсүйек нәсілге құрмет пен адами қарым-қатынас тұрғысынан Лю Жинтаң Жин Шүн талабын тойтармады. Жин Шүн өзіне тиесілі отрядты бастап, Манасқа аттанды. Ал Лю Жинтаң Биянху ізіне түсті. 

Манас майданы 

6 қыркүйек Жин Шүн Манасқа жетті. Ол зеңбіректерді қаз-қатар қорған қабырғасын көздете орналастырды. 7 қыркүйек таңертең ерте атқылауын бастады. Толассыз атылған оққа қамалдың бір қабырғасы шыдас бере алмай бүйірден опырылды. Чиң қолы осы ойықтан бекініс ішіне басып кіріп, күні бойы соғыс салды. Манастағы мұсылман қолы тегеурінді қарсылық танытты. Қиян кескі шайқастан екі тараптан да орасан көп адам опат болды. Бірақ қала берілмеді. Шүршіт-дүнген соғысы күн аунап, аптаға созылды. Сөйтсе де кеуде керіп, жеңіспен оралам деген Жин Шүн дегеніне жете алмады. Дүркін-дүркін шабуыл ұйымдастырса да, Манастың тастай бекінісін бұзуға дәрмені жетпеді. Керісінше, күн өткен сайын адам шығыны молайып, шүршіт күші әлсірей бастады. Бес бірдей ірі сардарбасы жантәсілім етті. Жин Шүн намыстан өртенейін деді. «Қолбаслық орнымды орынсыз басты деп іштей наразы болатын Лю Жинтаң екі бірдей бекіністі алғанда бір де бір ірі сардарбасын құрбандыққа бермеді. Дүнген-ұйғырдың тоғыз мың әскерін жер жастандырғанда үш жүздей ғана адам шығын болды. Ал мені не қара басты? Людың істеткен айла, қолданған шарғысын айны-қатесіз қайталадым. Соғысып жатқан да Көктауда шайқасқан тура сол әскерлер. Әлде мен Зо Зұңтаң місе тұтпайтындай, шынымен нашар қолбасы болғаным ба?» Өзін жазғырған Жин Шүн азапқа түсіп, уайымға салынды. Шайқастан әлсін-әлсін өлім көбейгені туралы хабар жетіп жатты. Оның үнжырғасы түскен бейнесі мен кейіген кейпі әскерлерінің де десін қайтарды. Амалсыз қалған Жин Шүн Лю Жинтаңнан қосымша көмек сұрады. Лю Жинтаң 6000 әскер аттандырды.    

Зо Зұңтаң Су Жоуда отырса да күн сайын майданның ау-жайынан хабар тауып отыратын. Көктау мен Үрімжіні тез алғандарына масаттанып, мұрты майланып отырғанда Манастағы ырықсыз шайқас хабары жетті. Манастағы іркілістен Зо Зұңтаң қыс түскенге дейін Тұрпанды ала алмайтындықтарын болжады. Ұлғайған соғыс шығыны жанына батып, сары уайым құшағына буынды. Ақыры жағдаймен санаса келе, ол алғы шепке қосымша жасақ жіберу бекіміне келді. 

Манастан жағымды хабар жетпей, алға оза берудің ретін таба алмаған Лю Жинтаң Үрімжі мен Дауан арасында шеп құрып, Яқұпбекті күтті. Алты мың әскер көмекке келісімен көңілі тоғайған Жин Шүн зеңбірегімен қаланы атқылауды үдете түсті. Бірақ қаланың бекінісін бәрібір қақырата алмады. Тастай бекінген мұсылман әскерлер шүршіт қолын ішке енгізбей, текетіресті. 

Қарыз алып соғысу 

Зо Зұңтаң әуелгі уағда етілген қаражатына қол жеткізе алмай қайта-қайта ордаға хат жазып, қуазастырып жатқан мезгілде соғыс барысын бақылап отырған Ұлы Британия Чиң үкіметіне дипломатиялық қысым жасады. Екі ел арасындағы дәнекер тұлға Томас Уайд Шығыс Түркістанға жасалған жорықты жедел тоқтатуды, әйтпесе екі ел арасындағы қалыпты қатынасқа сызат түсіп, қайшылық туындайтынын ескертті. Томас Уайд Жетішәр хандығының Османлы қорғанышындағы ел екенін жеткізе келіп, Османлының соғыс ашу ықтималын да жоққа шығармады. Шаңхайдан шығатын «Шын бау» бетінде де Чиң патшалығының қауіпке барып, отпен ойнап отырғаны жазылды. Бұның бәрі әуел баста Зо Зұңтаңның батысқа соғыс ашу жоспарына қарсы уәзірлерді тағы бір мәрте қанаттандырды.

Анығында қауіп жоқ емес еді. Бірақ жазымыш Зо Зұңтаңды бір қатерден арашалады. Дәл осы мезгілде Османлы мен Ресей арасы Балқан үшін бұзылып, соғыс тұтанды. Зо Зұңтаң сенімі сетіней бастаған патшайымға хат жазып, мән-жайды қайыра баяндады. Ол «Шығыс Түркістанды қаратудың ең ұтымды уақыты осы, бұдан кешіксек еш орай тумайды» деген уәжінен таймады. Патшайымның алаң көңілін басу үшін Балқан мен Кавказға таласып жатқан Османлы Яқұпбек үшін қияннан кеме жіберіп, көмекке келмейтініне сендірді. Байтал түгіл бас қайғы болып отырған Ресейдің де Шығыс Түркістан мәселесіне мұршасы тимейтініне иландырды. «Құдайдың өзі қарасып тұрған уақытта қол қусырып қарап отыруға болмас», – деп патшайымның жігерін жаныды. Зо Зұңтаң хаты патшайымды кезекті мәрте жіпсітті. Зо Зұңтаңға берілетін қаражат салықтың мезетінде жиналмауынан кешеуілдеген еді. Бұл тығырықтан шығу үшін ол патшайымнан ағылшын банкінен қарыз алу жобасын тезден мақұлдауын сұрады. Өтініші ақыры қанағаттандырылды. 

Қарызды көптеп алғаннан кейін ағылшын үкіметінің ұстанымында да жұмсақтық пайда болды. Қарыз беруші банк лоббиі Ұлы Британияның «Шығыс Түркістанды Қытайдың басып алуына жол беруге болмайды» деген ұстанымын жұмсартып, бейтарап қалуға итермеледі. «The Times» басылымында осы көзқарасты құптаған мақала жарық көрді. Әккі Зо Зұңтаң қарыз алғандағы қосалқы мақсатына қол жеткізіп, екі жеп биге шыққан жүріс жасады.  

Манастағы тұйық «бітім» 

Манаста шүршіттерге тегеурінді қарсылық көрсеткен дүнген қосынының басшысы Хән Шиңнұң еді. Ол екі ай бойы тынымсыз соққылаған чиң әскерін тойтара білді. Алайда бір жолғы зеңбірек оғының жарқышағы дүнген қолбасшысының өмірін жалмап кетті. Дүнген әскері майдан өтінде әмір беріп, тұтас қолды жұмылдырып отырған ұйтқысынан айырылды. Жеңу-жеңбеуі неғайбыл болып, салы суға кеткен Жин Шүнге бұл өлім үміт сыйлады. Сағы сынған қолбасы лезде сілкініп, бойын тіктеп алды. 

Манас бекінісінің қорғанысы аса тыңғылықты пысықталған еді. Ең әуелі, бекініс сыртынан айнала ор қазылып, ор ішінде атты сарбаздар еркін жүрді. Қорғанның қай тұсы әлсіресе, винтовкалы атты сарбаздар сол жаққа жедел жетіп, ұрыс сала алды. Қамал төбесінде де мергендер мен әртүрлі тас атқыш зақпылар, ағаш тұғырлы қол зеңбіректер орналасты. Бұлардың бәрі шабуылдаушы күштің алға жылжуына тосқауыл қойды. Бекініс ішіндегі шағын калибрлі артиллерия мен гатлинг зеңбіректері де қорған ішіне атойлағандарды тойтарды. 

Хән Шиңнұңның қазасынан кейін оның орнын Хәйиан басты. Өкініштісі Хәйиан шайқасты табандап жүргізе алмады. Бітімге барып, жан сақтауға пейіл тұрды. Көп ұзамай бітімге келу ұсынысымен Жин Шүнге елші аттандырды. Жетішәр хандығына берілерден бұрын, Хәйиан дүнген ханы Туо Миң қоластында Яқұпбекке қарсы соғысқан еді. Бұл соғыста ол қытай шаруа жасағының басшысы Шүй Шуегұңмен бір сапта тұрған. Ол осы көнекөз танысын ара ағайындыққа пайдаланғысы келді. Ескі таныстың өзіне деген сенімі Жин Шүнмен бейбіт бітім орнатуда кәдеге жарауынан дәмеленді. 3 қарашада сенімді адамын қаладан астыртын шығарып, Шүй Шуегұңға жіберді. Әлденеше мың әскері өліп, оннан аса сардарбасын жоғалтқан Жин Шүнге келісімге келу жаман хабар емес-ті. Соғысты тоқтатып, тиімді бітім шартын талап ете алатын. Бірақ оны бітім туралы ойдан бірқанша себеп айнытты. 

Шынтуайтында, Манас соғысы оның беделіне көлеңке түсіріп, абыройына нұқсан келтірді. Бірдей жарақтанған әскердің екі адам басшылығында ортақ жауға екі түрлі қауқар танытатынына анық мысал өзі болды. Лю Жинтаңның Көктау мен Үрімжіні бас-аяғы сегіз күнде алып, өзінің екі айға жуық аядай Манасты ала алмай отырғанына қарап қосын ішінде Лю Жинтаңның қабілеті мықты деген көзқарас қалыптасқанын сезді. Ызасы келсе де, тілін тістеп жүрді. Бірақ шындық солай еді. Екінші бір себеп, Жин Шүн қолға түскен дүнген сарбаздарынан бекініс ішінде азық таусылуға жақын екенін естіді. Сондықтан Жин Шүн Хәйианмен бітімге барғысы келмеді. «Соғысып жеңе алмай, бітімге көнді» деген қағажу сөзден қашқақтады. Осындай бірқыдыру себептерден ол Хәйиан талабына мүлде ауыр жауап қатты. «Қару-жарақ пен ат-көлікті түгел тапсыру, әр отряд басшыларын тұтқынға беру, барлық әскерлердің тізімін алып, сол бойынша санын түгендеу» шарттарын көлденең қойды. Хәйиан мұның бітім деген аты болмаса, толық жеңілістен айырмасы жоқтығын бірден аңғарды. Көзі қанталаған Жин Шүннің қара басына рақымшылық береріне де нанбады. Алайда дүнгендер не қорғаныстан шабуылға өтуі немесе келісімге келуі тиіс-тін. 

Манастықтар мойнына ала алмайды деген «ауыр» талапқа мойынсал болған хабарын жеткізді. Нанар-нанбасын білмей, дал болған Жин Шүнге енді басқа жол қалмады. Ертесі күні таң сіберлеп ата бере қала қақпасында екі тарап ұшырасты. Дүнгендер қақпадан шыға бере, тосыннан оқ атылды. Манас үшін шайқас тағы да қыза түсті. Бұл жолғысы өліспей беріспейтін, не бел кетеді, не белбеу кетеді деген ақтық тартыс еді. 

1876 жылдың қарашасы. Манас даласын ұлпадай мамықтарымен ақша қар басты. Қанды қасап қырғынды өткерген Манас қамалы бір сәтке тыныштық құшағына шомды. 

«Қудаланған» қолбасшы

Жин Шүннің Манасты алған хабары жеткенде Зо Зұңтаң иығынан ауыр жүк түскендей қуанды. Өйткені Манастағы іркіліс ордадағы өзіне қарсы уәзірлер мен генералдардың кұңкіл әңгімесін тағы да қоздатып еді. Манаспен бірге теріскей Шығыс Түркістан аумағы Чиң патшалығының территориясына қосылды. Бұл сөзінің салмағын арттырып, бықсыған қоламтаның шоғын сөндіретіні анық. Әйтсе де ол біраздан бері көкейінде жүрген бір ойды жүзеге асырмай болмайтынын білді. 

Зо Зұңтаңның ойы Жин Шүнді сардарбасылықтан аластап, соғыс майданынан түгелдей тықсырып шығару еді. Ол барлық майдан қолбасшылығы Лю Жинтаң қолында орталықтандырылғанын қалады. Бұны сәтті іске асырмаса, үлкен егес, топаралық кикілжің туып кету ықтималын да жақсы білді. Себебі Жин Шүннің нәсілі шүршіт-тін. Ал Лю Жинтаң екеуі қытай. Мемлекетті билеп отырған шүршіттер ақсүйек саналатын. Оның үстіне Жин Шүн қара жаяу емес, елге еңбек сіңірген, мемлекетке есе қосқан білдей сардарбасы. Ұзаққа созылған әрі әскер өлімі көп болғанмен де, Манасты алғаны көрнеу нәтиже. Лауазымынан тіке ала салса, бұл әрекетін ордадағылар да сан-саққа жорып, байқамаса, өзі де орнынан таюы мүмкін. Ал Жин Шүнді орнынан қозмаса, өзін тәуекелге байламақ. Өйткені қолдағы қаржы, азық-түлік бір бекіністі алуға айлап уақыт жұмсауды көтермейтін. Жылдам шайғас, жедел жеңіспен алға жылжып отыру қажет-ті. Қылдан нәзік мәселенің оң-терісін түгел тексере келе, ол өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын әдіске арқа сүйегісі келді. 

Зо Зұңтаң патшайымға кезекті хатын жазды. Соғыс жайын, алдағы жоспарларын тағы да пысықтай келе, Іле генералы болып отырған Рұң Чуәнді ордаға алдырып, оның орнына ұлты мәнжүр Жин Шүнді Іле генералы етіп тағайындауды сұрады. Теріскей Шығыс Түркістанның қазіргі әскери жағдайында әкімшілік істерін жүргізу соғыстан хабары бар Жин Шүнге тапсырылса ғана көңілі толатынын «жырлады». Бұл іске одан өзге сенімді адам жоқ деп нықтады. Зо Зұңтаңның бұл қулығы өтті. Қай тараптың да көңілінен шықты. Өтілі мен тәжірибесі кем соқпаса да, өзінен кейін шыққан Лю Жинтаң алдында «қорсынып» жүретін Жин Шүнге қолай тиді. Пәленбай жыл тоқтаусыз соғысып, әскери қызметкер ретінде бағы жана алмаған ол бір мезетте Іле губернаторы болып шыға келді. Ал Іле губернаторы Рұң Чуән онсыз да Зо Зұңтаңның ықпалды адамдарынан аяқ-қолы байланып жүретін. Ордадан келген шақырудан күткені орындалып, оның да тынысы кеңіді. Лю Жинтаң да Жин Шүннан тіксініп, ығып жүретін қорғаншақ сезімінен айықты. Зо Зұңтаң үшін де алға үздіксіз ілгерлеуге оралғы кадрлық кедергі жойылды. Сонымен Зо Зұңтаңның бұл қулығынан әркім де зиян шекпеді. Соғыс шебіндегі барлық әскери құқық Лю Жинтаң уысына толық жинақталды. 

«Есінен адасқан» Лю Жинтаң

Қар түсіп, қыс басталғандықтан қос тарап та соғыстан тыйылды. Әркім қыстап шығар мекенін таңдап, келер көктем әзірлігіне кірісті. Яқұпбек әмірімен Айдарқұл Дауан бекінісіне орнықтырды. Моңғол тілінде қысаң деген мағынаны аңдататын Дауанның жаратылыс жағдайы қорғанысқа аса ұтымды еді. Айдарқұл бек ескі бекіністің тозғанын әрі орналасу ретінен кемдігі барын байқап, қысаңның ең ұрымтал тұсынан жаңа Дауан бекінісін салуға кірісті. Бұл бекініс Үрімжіден оңтүстікке өтетін Тәңіртау асуын толық бекітті. Яқұпбектің кенже ұлы Хайролла Тоқсұнға, Биянху мен Ма Рынды Тұрпанға бекінді. Ал Яқұпбек өзі бұлардың шегінер тұсындағы Қарашәр қаласына орда сайлады. Ол соғысқа Қарашәріден көз тігіп, осы арадан бақылау жүргізуді жоспарлады. Үрімжіден  оңтүстікке және шығыстағы Құмылдан батыстағы Тұрпанға тіке келетін шүршіт қолы өзіне жету үшін 3 қабат құрсаулды бұзуы қажет еді. Атап айтқанда, Дауандағы Айдарқұлды, Тоқсұндағы Хайролланы, Тұрпандағы Биянху мен Ма Рындыны еңсеріп қана Яқұпбекпен ұшырасатын. Яқұпбек есебінде Чиң әскері өзіне жеткенше титықтап, әлсіреуі тиіс.

Яқұпбек қат-қабат құрсау құрып, тастай берік шептерді нықтап жатқан  мезгілде Лю Жинтаң да соғыс жоспарын айқындады. Ол үш бағыттан жылжымақшы болды. Өзі басқаратын үлкен қосын Тұрпанға батыс бағыттан келіп, Құмылдағы Жаң Яу шығыс тараптан, ал Баркөлдегі Шүй Жәнбиау солтүстіктен шабуылдайтын болды. Үрімжі-Тұрпан 400, Құмыл-Тұрпан 380, Баркөл-Тұрпан 200 шақырым шығатын. Ара қашықтық әртүрлі болғанымен, Лю Жинтаң үш қосынға да 1877 жылдың сәуір басында жолға шығып, ай ортасында Тұрпанға жетуді бұйырды. Бұл бұйрық Құмыл мен Баркөлден бағыт алатын Жаң Яу мен Шүй Жәнбиаудың көзін атыздай етті. Мандымды жүріспен іркілмей жүрсе олардың екі жұмада Тұрпанға жетуінде гәп жоқ-ты. Ал қалың әскер бекінген Дауан мен Тоқсұнды қатар алып, жарты ай ішінде Тұрпанға жету қайткенде де мүмкін емес. Үрімжі- Тұрпан арасы 180 шақырым. Бұл қашықтықты еңсеру үшін ештеңеге мойын бұрмай суыт жүріп отырған жаяу қосынға тау асып жеткенде 7-8 күн керек. Ал қалған бір аптаның ішінде екі бірдей қаланы алу мүмкін бе? Осыны есепке салған екеу Лю Жинтаңның қандай қисынға сүйеніп бұл байламға барғанын біле алмады. Қыс бойы дайындалған екі қаланы екі жұмада жеңемін деуге қандай да бір негіз керек емес пе? Лю Жинтаңның қолында бар-жоғы жиырма мың әскер. Ал әлекедей жаланып отырған Айдарқұл мен Хайроллада алпыс мың әскер бар. Сөйте тұра үш есе көп әскерді шыбын шаққан құрлы көрмей тұрған Лю Жинтаңның бұл айтқаны шыны ма, әлде өздеріне дем беру ме – екеудің ой ұшығына жете алмай дал болғаны осы еді. 

Дауанға асығыс аттану

1877 жылы 14 сәуірде Лю Жинтаң он алты мың әскерімен Дауанға қарай жол тартты. Қыстай қамданып, әзірлігін тыңғылықты пысықтаған Айдарқұл оны қабырғасы қалың қамал ішінде күтті. Айдарқұл Яқұпбектің сенім артатын қолбасшыларының ең мықтысынан еді. Сондықтан Жетішәр ханы Лю Жинтаңға қарсы алдыңғы шепке оны орналастырды. Жаңа бекініс қорғаны биік, қабырғасы қалың болып қана қоймай, жер жағдайы да қорғанысқа айрықша қолайлы болатын. Оған ағылшындардың озық қаруы қосылып, Айдарқұлдың Лю Жинтаңға осал қарсылас болмайтыны анық. Манас секілді оқшау емес, Дауанға екі сағаттық жерде Тоқсұн тиіп тұр. Кез келген уақытта көмекке әскер үстелмек. 

Лю Жинтаң атты әскеріне 18 сәуірге дейін шапшаң барып, қаланы шыбын ұшпайтындай берік қоршауға пәрмен берді. Жаяу әскер жеткенше оқ атып, соғыс бастамауды тапсырды. Бұйырық бұлжытпай орындалды. 18 сәуір таң ата Лю Жинтаңның алғышқы атты әскері Дауан бекінісін қоршады. Сол түні қас қарайғанша зеңбірек тұғырлары орнатылып, ұңғылары бекініс қамалын көздеп қойылды. Атты әскердің ізін ала винтовкалы қосын жүрдек жүріспен жетті. Олар да шаршаса жол шетінде сәл мызғып, күн-түн демей қалаға құстай ұшты. Лю Жинтаң 19 сәуір күні соғыс ашпақшы болды. Жасағы шалдықса да тынығып-тыңайып алуға орай бермеді. Лю Жинтаңның не ойлағаны бәріне беймәлім еді. Бірақ Жин Жибаудан бері ат үстінен түспеген қосын шайқасқа пісіп, ұрысқа жатылып-ақ алған. Бірер күндік кем ұйқыға да қалжырап кетпейтін. Әбден піскен қосынның шаршағанға бола шашауы шықпайтынына Лю Жинтаңның да көзі әбден жеткен, әскерлері де оған сенім артқан. 

Дұң Фушиаң басшылық еткен атты әскер Дауанды қоршауға алысымен, бекіністі айналдыра ор қазуға кірісті. Бұны Айдарқұл көріп-біліп, бақылап отырды. Қорғанысы жан-жақты қарастырылған қамалға бұл ор не істей қояр деп таңданыспен көз тастағаны болмаса, дегбірі қашып, сасқалақтамады. 

Дауан бекінісінің қорғанысы мықты болғанының сыртында, қару-жарақ, оқ-дәрі дайындығы да айрықша мол еді. 3 ай тоқтаусыз атса таусылмайтын оқ-дәрісі, түмен әскерін жарты жыл тарықтырмайтын азық-түлігі қамбада жатты. Чиң әскері айнала қоршағанмен, екі күншілік жердегі тоқсұндықтар соғыс басталып, оқ атылса-ақ қиналмай хабар таппақ. 

18 сәуір іңірде Лю Жинтаңның негізгі жаяу қосыны да келіп жетті. Ертемен соғыс ашылатынын құлақтандырды. Лю Жинтаң жеткен күні түнде шүршіт әскерлері тағы да қарбаластыққа түсті. Алау жағып, зеңбіректердің орнын нықтап, әбігерге түсті. Жалт-жұлт ектен шашау от жарықтарын көрген Айдарқұл Лю Жинтаңның не үшін соншалықты жанталасқанына қайран қалды.  Байыбына бара алмаса да: «Мына тастай берік қамалымды ертең-ақ басып алғысы келе ме? Бізді таяз бағалап, тым менменсіген екенсіңдер, шүршіттер. Оларыңа жол жоқ!», – деп өзді-өзі іштей жанып, жігерлендірді. Ойымен арпалысып кеткен Айдарқұл алдағы қиян-кескі соғысты елестетті.

Лю Жинтаң қамалдың оңайлықпен алынбайтынын өте жақсы білді. Бұл әскери бекініс еді. Сондықтан былайғы қалалар секілді емес, Дауанға күш анағұрлым көп шығындалмақ. Бірақ оны басқа себеп жанталастырды. Әскерлерін асықтырып, өзі де аяқ-аяғы жерге тимей тізгін ұшымен жеткенде діттеген мақсаты бар еді. 

Айдарқұлдың кешірілмес қатесі

19 сәуір таң ата Лю Жинтаң өзінің кәдуілгі ұрыс әдісімен зеңбірекпен атқылауды бастады. Дүркін-дүркін атылып, дүрс-дүрс еткен үннен құлақ тұнды. Бірақ бұл атылған оқтың ешқайсысы қабырғаны қирата алмады. Дәлірегі, оқтың бәрі қамал қабырғасына немесе бекініс есігіне бағытталмады. Керісінше, барлық зеңбірек ұңғысы қамалдың шығыс күнгей тұсындағы бір нүктені көздеп атып жатты. 

Алғашында жау зеңбірегінің ұрымтал нүктеден тысқары «қаңғып» кеткеніне масайраған Айдарқұл мәселенің мәнісін кеш ұғынды. Түсінген бетте жаны мұрнының ұшына келді. Жан дәрмен тұтас қосынға бекіністі тастап, шабуылға шығуды бұйырды. Алайда кеш еді. Қосын бұйрықты алып үлгерместен бекініс ішінде «дүрс», «дүрс» еткен жарылыс үні естілді. Бірінен кейін бірі тоқтаусыз атқылаған дыбыстан құлақ тұнды. Қала іші өртке оранды. Бекіністегі жасауылдар жалынға шарпылды. Қара түтек қою тұман қаптады. Жетішәр әскері аң-ақылынан адасты. Бұйрықты алып, бекіністен шыққанмен, қожыраған қосын шабуылдай алмады. Мылтық оқтағандарын кезеніп отырған шүршіт мергендері баудай түсірді. Амал жоқ, қалғандары бас сауғалап, жан олжалады. Тірідей өртенген мың қаралы әскер мен оққа ұшқандардан басқасы шүршітке қолды болды. Арасында Айдарқұл да бар еді. 

Асылы, Үрімжіні алып, Дауанға жоспар құрған сәтте-ақ Лю Жинтаң жансыздарын астыртын жіберген-ді. Тыңшылар Дауан бекінісінің ішкі орналасу тәртібін тәптіштеп сызбаға түсірді. Әсіресе, азық-түлік, қару-жарақ, оқ-дәрі секілді маңызды керектердің қайда орналсқанын түгел анықтады. Сызбаны мұқият қараған Лю Жинтаң миығынан күлді. «Бізге құдайдың өзі қарасқан екен», – деп жадырап сала берді. Сөйтсе, Айдарқұл барлық оқ-дәріні бекіністің шығыс оңтүстігіндегі бір нүктеге жинапты. Лю Жинтаң дұшпанының кешірілмес қатесін мұлт жібергісі келмеді. Дереу қоластындағы әскерлеріне Дауанға жедел жетуге әмір етті. Айдарқұлға қатесін түсініп, оңдауға үлгертпестен, қаланың күлін көкке ұшыруға ұмтылды. Дауанды күн асырмай алуға ынтызары ауды. Бірақ Лю Жинтаң зеңбірек оғын оқтағанға дейін бұл «құпияны» тіс жарып ешкімге айтпады. Тіпті, Құмыл мен Баркөлдегі қолбасылар да хабарсыз қалды. Тек Зо Зұңтаң екеуі ғана бұл құпияны білді.  Қоластындағы әскері де асықтырғанын аңдағанмен, астарын ұғынбады. Сөйтіп, Дауан қаласы тым тез шүршіт қолына өтті. Ұшса құс, жүгірсе аң өтпейтіндей нықталған қала ойламаған олқылықтан күйреді. Сенімді қолбасшысы Айдарқұлмен жаудың алдын бөгеймін деген Яқұпбектің үміті желге ұшты.

Үрей салып, қорқыныш ұялату

Лю Жинтаң қолға түскендердің дерегін шолып шыққаннан кейін, тұтқындарды екіге жіктеуді тапсырды. Бір бөлімін тірі қалдырып, екіншісін түгелдей өлтіруге әмір етті. Өлтірілгендер Қоқаннан келген жалдамалы әскерлер еді. Ал тірі қалған жергілікті жігіттерден ауылына қайтуға уағда алды. Шүршіттер қоқандықтарды тірі қалдырғандардың көзінше қырып салды. Қан-сөлі қашқан Айдарқұл өмірден күдер үзді. Бірақ бағына жарай тірі қалды. Лю Жинтаң суқаны ұшқан жергілікті әскерлерге де, зәресі зәр түбіне жеткен Айдарқұлға да көргенінің ине-сабақ жібіне дейін түгел таратуды тапсырды. Тағдыры қыл ұшындағы тұтқындарға Лю Жинтаң мынаны айтты: «Қоқандықтар тірі қалғысы келсе, еліне қайтсын, әйтпесе жолыма қарсы келгенінің бірі де аман қалмайды. Ал жергілікті жұрт сендерге айтарым, менің дұшпаным біреу-ақ, ол – Қоқаннан бүлік бастап келіп отырған Яқұпбек. Сондықтан сендер де тірі қалғыларың келсе, оған ермей, өз күндеріңді көріп, бейбіт жүріңдер. Ауылдарыңа қайтыңдар. Екі күннен кейін Тоқсұнға шабуылдаймын. Қарсыласқандардың күлі көкке ұшады. Осыны айта барыңдар». 

Лю Жинтаңның бұл істегені психикалық соққы еді. Яқұпбектің ұйыстырып отырған қолын іштен сетінетіп, қоқандық пен жергілікті жұрт арасындағы иненің жасуындай жарқышақты ұлғайтуға күш салды. Жергілікті әскерлер арасына «қоқаннан ауып келген бөтенге жан қиюдың қажеті жоқ» деген іріткі ойдың уытын шашты. Қолбасшы Айдарқұлдың құр сүлдерін сүйретіп келгенін көрген тоқсындағылардың үрейі ұшты. Тоқсұнның бекінісі Дауаннан анағұрлым әлсіз еді. Дауанның бір күнге жетпей күлі көкке ұшқанын естіп, Хайролла жасағын қорқыныш меңдеді. «Мәнжүрлердің көздеп келгені Яқұпбек, қарсыласпасақ тірі қаламыз» деген ұшқын лезде қосын арасында өрттей қаулады. Қосынның сенімі сетінеп, үміті өлеусіреді. Бірден бірге кеулеген қауесеттен торығыс пайда болды. Торығыстың соңы әскерлердің қосынын тастап қашуына ұласты. 

Лю Жинтаң тұтқындарды тірі қалдырғанда қандай нәтиже шығарын білмесе де, онысы расында кәдеге асты. Қару-жарағы заманға ілескенімен, Яқұпбек әскерінің психикалық дайындығы көңіл көншітпеді. Лю Жинтаңның «екі күн мұсат берем» деген доңайбатынан қарадай қаймықты. Бір-ақ күнде желі шыққан доптай семіп кетті. Мұны айтқандағы Лю Жинтаңның ішкі есебі жау үрейін ұшырып, Тұрпанға діттеген мерзімінен кешікпей жету еді. Ол бұл тілегіне көп қиналмай-ақ қол жеткізді. 

Тоқсұнның шегінген хабарын алған Яқұпбек от алып, қопаға түсті. Әйткенмен Хайролла өз баласы болғандықтан сөз жүзіндегі сөгіс бергені болмаса, қатты қайырым әскери жазаға тарта алмады. Шашыраған, қожыраған қолды қайтып тәртіпке келтіре алмасын түсінген ол, амал жоқ, өзі де Корлаға шегінді. Биянхуға Тоқсұнға жетіп, қалай да табандап соғысуды тапсырды. Яқұпбек Биянхуға өзін дәлелдеудің соңғы орайын берді. Адалдығын танытып, қадірін арттыратын қандай да бір нәтижеге жетпесе, Яқұпбектің өзін аямасын Биянху да түсінді. Дүнген қолбасшысының шегінерге жолы қалмады. Жеңістен басқа жолдың бәрі тұйық еді. Биянху қамалды қалай қорғарын білмей дағдарып тұрған мезетте Тоқсұн іргесіндегі бірнеше ауылдың Яқұпбекке қарсы көтерілгенін естиді. Оған кенет шүршіт қолын осы адамдар арқылы шырғалау ойы туды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?