Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мемлекеттік шекара – ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды факторы

1812
Мемлекеттік шекара – ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды факторы - e-history.kz

Еліміздің Тәуелсіздік шежіресіне сәйкес 1993 жылғы 13 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Заң қабылданды, ол орасан зор тарихи маңызы бар оқиға болды.

1992 жылы қабылданған «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясында»  Қазақстанның қазіргі шекараларда кейіннен қазақ ұлтын құраған және қазіргі Қазақстанның барша аумағын бақылауында ұстаған тайпалардың этностық орналасқан тарихи аумағы болғаны түсіндіріліп берілген. «Қазіргі түріндегі тәуелсіз мемлекет әлдекімнің қазақтарға бере салған сыйы емес, ол – тарихи отанымыз, ежелгі қазақ жері. Сондықтан өкімет мемлекеттің біртұтас бүтіндігін, оның аумағының бірлігі мен бұзылмастығын қамтамасыз ету үшін, барлық конституциялық құқықтар мен құралдарды пайдаланатын болады» деп айтылған [1].

Сол кездегі тұрақсыздық кезең жағдайында бұл маңызды мәлім­деме болды. Алғаш рет тәуелсіз Қазақстан тарихында мемлекеттік шекараны анықтап, белгілеу және нығайту жөнінде іс-шаралар қабылдандыОсының бәрі батыл іс-қимылдарға баруды талап етті. Мәселенің өткір жағдайы әзірше шекараның халықаралық құқық мағынасында белгіленбеуінен, іргелес жатқан мемлекеттер тара­пынан әлдебір аумақтық даулар тууы мүмкіндігі сақталуынан көрінді. Мысал үшін айтсақ, 1990 жылдарда Қазақстан аумағының «заңдылығы» жайында Владимир Жириновскийдің мәлімдемелері, Александр Солженицынның идеялары, кейбір «сарапшылар» мен жекелеген қоғамдық ұйымдардың пікірлері айтыла бастады. Дегенмен, сол кезде Ресей Федерациясы, оның Президенті мен Үкіметі тарапы­нан егемен Қазақстанға ел аумағына қатысты қандай да бір талаптар қойылмағанын айтуымыз керек. 

Алайда бастапқы кезеңде, 1992 жылы, алғашқы екіжақты ауқымды келісімді дайындау барысында, Қ.К.Тоқаев атап өткендей, Ресей тарапының мемлекеттердің аумақтық бүтіндігін тану туралы тармақты алып тастауды тұспалдап, келісімнің «оңайлатылған» нұсқасынан айнымағанын ескеруіміз керек. Бұл жағдайда «елеулі күш­-жігер жұмсау», «ресейліктерді райынан қайтару үшін» Б.Н.Ельцинмен әлденеше рет келіссөз жүргізген Н.Ә.Назарбаевтың тікелей араласуы қажет болды. Нәтижесінде, бұл қол қойылған келісім Қазақстан мен Ресейдің кейінгі қарым-қатынастарының негізіне айналды [2].

Сөйтіп, егемендік алған соң, мемлекеттік шекараларды заң жүзінде ресімдеу төтенше маңызды мағына алып, Қазақстанның сыртқы саяси қызметінде басымдыққа ие бағыт болды. Қазақстанның құрлықтағы мемлекеттік шекарасының ұзындығы – 13400 шақырым. Каспий теңізі суындағы шекарасы теңіз жағалауына жақын барлық елдер теңіздің құқықтық мәртебесін айқындаған соң барып белгіленетін болады. 

Әлемдік іс-тәжірибеде заң жүзінде бекітілген аумақ пен мемле­кеттік шекараның мемлекеттің қажетті белгілері екені жалпыға бірдей мәлім, өйткені олар саяси-құқықтық санаттарға жатады. Сонымен қатар бұл - нақты адамзат қоғамы тіршілік ететін орта. Өз шека­ралары шектерінде мемлекет басқа елдер бұзбауға тиіс белгілі бір тәртіп орнатады. Бұл тұрғыдан қарағанда, Қазақстанның шекара­ларын межелеу және белгілеу әрекеттері мемлекет аумағын және мемлекеттік егемендіктің кеңістік шектерін айқындап, бекітуге, сондай-ақ, жалпы, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған стратегиялық іс-шаралар болып танылады. 

Мемлекеттік шекараны айқындап алудың 1990-2000 жылдардағы маңыздылығын түсіну үшін, бұрын Қазақстанның дербес мемле­кет ретінде Қазақ хандығы дәуірінде де, Қазақ КСР-і болып тұрған кезде де, халықаралық құқықтық мағынада бүгінгідей танылып, мойындалған шекаралары болмағанын ескеру қажет. Оның үстіне, еге­мен Қазақстанның да, ТМД-ның басқа елдерінің де мемлекеттік шека­раларын межелеу мүлдем «таза» парақтан да емес, қисынсыз да емес, Қазақ КСР-інің нақты әкімшілік шекаралары (РКФСР-мен, Қырғыз КСР-імен, Түрікмен КСР-імен) және КСРО мемлекеттік шекарасының (ҚХР-мен) бір бөлігі негізінде жүргізілгенін ескеруіміз керек. 

1990 жылдардағы шынайы жағдай мынадай еді: тұрақтылық пен тату көршілікті ұлттық та, өңірлік те (тіпті ғаламдық та) деңгейлерде сақтау мақсатында, барлық жаңа тәуелсіз мемлекеттер – ТМД елдері өздерінің меншікті шекараларының бұрынғы әкімшілік және шекаралық сызықтар бойынша өтуін мойындауға тиіс болды (ақырында, мойындады да). 

Сөйтіп, тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихи сабақтастық құқық бойынша, жалпы, Қазақ КСР-інің аумағы мен шекараларын мұраға алды. Сондықтан да енді 1990 жылғы «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда (3-бабы): Қазiргi шекарасындағы Қазақ ССР-інің территориясы бөлiнбейдi және оған қол сұғылмайды, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайды», – деп жазылған [3]. Алайда тәуелсіздік жарияланғаннан кейін, Қазақстанның алдында аса күрделі: біріншіден, «қазіргі бар шекараларды жаңа, енді мемлекетаралық деңгейде межелеп, бекіту, екіншіден, сол уақытта пайда болған даулы мәселелерді шешу» міндеттері тұрды. 

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре бастаған алғашқы күндерінен-ақ өзінің халықаралық құқық нормалары мен ұстанымдарын сақтауға берік ниеті бар екенін мәлімдеген. Бұрынғы Прези­дент Н.Ә.Назарбаев сыртқы саясат бағдарларын: «Бәрінен бұрын, біз саясатымыздың бейбітшілікті сүйетін бағыттылығын жария­лаймыз және әлемнің бірде-бір мемлекетіне аумақтық дәмегөйлік пиғыл танытпайтынымызды мәлімдейміз», – деп айқындаған. Егемен Қазақстан өзінің жауапкершілігін жете түсіне отырып, қалыптасқан шекаралардың бұзылмауы, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне аралас­пау қағидасын ұстанады. 

ҚР Конституциясында «Қазақстан Рес­публикасы аумағының қазіргі шекараларында біртұтастығы, қол сұғылмайтындығы және бөлінбейтіндігі» айтылған. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» 1993 жылғы қаңтардың 13-інде қабылданған ҚР Заңында: «Қазақстан Республикасының шекарасы дегенiмiз Қазақстан аумағының шегiн-құрлығын, суын, жер қойнауын және әуе кеңістiгi айқындайтын сызық және осы сызық бойынша тiгiнен өтетiн жазықтық» - деп жазылған. Мемлекеттiк шекара Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгіленетіні және өзгертілетіні баса айтылған [4].

Заң жүзінде ресімделген шекара – ол халықаралық құқықтың негізгі екі: шекараның бұзылмастығы ұстанымы және мемлекеттің аумақтық тұтастығы ұстанымы сақталуының кепілдігі. Сөйтіп, мемле­кетіміздің осы мәселедегі саясаты халықаралық құқық ұстанымдары мен нормаларына, ұлттық заңнамаға және әлемдік іс-тәжірибеге негізделеді. Оның үстіне, мемлекеттік шекара Қазақстан Республи­касы өзінің барлық егемен құқықтарына толық ие болатын аумақты белгілейді.

Тәуелсіздік алған соң, еліміздің және оның дипломатиялық қызметінің алдында іргелес мемлекеттермен мемлекеттік шекараны белгілеу және ресімдеу міндеті тұрды. Мемлекетаралық шекараны айқындау үдерісі айтарлықтай қысқа мерзімді – 1992 жылдан 2005 жылға дейінгі уақытты алып, үш кезеңде Қытай, Орталық Азия мемлекеттері және Ресей бағыты бойынша өтті. 

Шығыстың шекара мен аумақтың маңызы жайында баяндайтын бір хикаясы бар. Шапқыншылық кезінде мемлекет билеушісіне бір ірі шенеунік келіп, дұшпанның соғысты тоқтатуға айырбас ретінде алым талап ететінін айтқан соң, билеуші алымды төлеуді бұйырады, өйткені ол небары ақша ғой. Шенеунік жаудың ханшайымды беруді талап ететінін айтып, екінші рет келгенде, билеуші оған да келіседі. Бірақ енді дұшпан бейбітшілік үшін жер талап етіп, ал шенеунік бос жатқан жерлерді бере салуға ұсыныс айтқан кезде, билеуші шенеуніктің басын шабуды бұйырады, өйткені елдің аумағы, жері – ол мемлекеттің негізі. Данышпан билеуші жердің бір бөлігін беріп, ақыр соңында, барлығынан айырылуы мүмкін екенін түсінген. Сол уақыттардан бері қарай талай замандар өтті, бірақ елдің жеріне, мемлекеттік шекара­сына деген көзқарас, қамқорлық еш өзгерген жоқ. Олар қасиетті және қолсұғушылыққа жол жоқ [5].

Ал енді Қазақстан Республикасының көршілес мемлекеттермен шекарасын белгілеп межелеу процесін қалай жүргізгеніне назар аударайық. 

Қазақстан-Қытай шекарасының белгіленуі.  Қазақстан мен Қытай шекарасы межеленіп бөлінуінің ежелден келе жатқан тарихы бар. Кеңес Одағы тұсында Қытаймен арақатынас даулы аумақтарға байланысты қиындай түскен болатын. Даулы жерлер Цинь дәуірі кезіндегі Қытай мен Ресей империясы арасында сонау XIX ғасырда қол қойылған келісім-шарт құжаттарының әртүрлі түсіндірілуінен шыққан. Кеңес елшілері ұзақ уақыт бойы Қытаймен шекарада даулы жер телімдері бар екенін мойындамады. Бірақ 1969 жылы сол кезде Кеңес Одағы Үкіметін басқарып отырған А.Н.Косыгин Ханойдан келе жатқан жолында Бейжіңге аялдаған еді. Әуежайда ол Қытай премьері Чжоу Эньлаймен кездесіп: «Сіздер өне бойы даулы жерлер жайында айтасыздар. Бұл не жағдай?» – деп сұраған. Қытай премьері Кеңес және Қытай мамандарынан өз карталарын әкелуді өтінеді. Оларды салыстыру барысында мемлекеттік шекаралар өтетін сызықтардың айырмашылықтары байқалады. Дау туғызып отырған жер телімдерінің жалпы ауданы – 34 мың шаршы шақырым. Бұл жағдай Кеңес Одағы мен Қытай шекарасында даулы жер телімдерінің бар екенін мойындауға келтірген [5].

Ресей мен Қытайдың XIX ғасырдағы келісімдері Қазақстан және іргелес мемлекеттер арасындағы шекара мәселелерінің шешілуі үшін негіз болды. Межелеу, яғни жерде шекара белгілеу үдерісінің әрдайым осы келісімдерге сай бола бермегені – ол басқа мәселе. Жекелеген жер учаскелерінде шекараның екі сызығы жүргізілген. Біреуі – келісілген, ал екіншісі – іс жүзінде қорғалатын шекара сызығы. 

1992 жылы Қазақстан тарапы Қытай Халық Республикасымен келіссөз жүргізе бастады. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы келіссөздердің қорытындысы бойынша, бес халықаралық келісім жасалып, оларда Қазақстан мен Қытай шекарасы айқындалып, шекараның өтетін сызығы сипатталған. Бұл мәселені шешудің барлық мүмкін нұсқалары оқылып, зерттелген соң даулы аумақ (Шығыс Қазақстан облысындағы Шоған Оба асуы ауданындағы және Алматы облысының Сарышілді өзені ауданындағы) 53:47 өлшем жағдайында бөлініп, Қазақстан үлкен бөлігіне – 537 шаршы шақырымға ие болды. 

Межелеу аяқталған соң, тараптар жалпы ұзындығы 1782 шақырым құрайтын шекараны белгілеуге кірісті. ҚР және ҚХР үкіметтері арасындағы хаттамаға 2002 жылғы мамырдың 10-ында қол қойылды. Аумақтар айырбасы теңдей бағаланып, Қазақстан Республикасының мүдделеріне сай болды. Дегенмен кейде бұл жерде «ұлттық мүдделерге қысым жасалған» дейтін пікірлер айтылып қалады. Алайда саясат, білетініміздей, мүмкіндік жасау өнері де. Қытай Халық Республикасының да өз ұлттық мүдделері бар екенін ескерген жөн, сондықтан бұл күрделі шекара мәселелерін біржақты шешу еш мүмкін болмады. Ымыраға келу қажет болды. Қазақстанның осындай ымыраға табысты қол жеткізуін және, оған қоса, өзінің ұлы Қытаймен серіктестігін нығайта алуын, сөз жоқ, Қазақстан мен оның елшілігінің даусыз еңбегі деп түсіну керек. 

Уақыт өткен сайын, оппозицияның шекараға қатысты негізсіз пікірлерінің қазіргі заманның шындықтарына парапар еместігі айқын бола түседі. Екі тарап – Қазақстан мен Қытай қажетті көрегендік танытып, шекара мәселесін дұрыс ымыра жолымен шешуді ұйғарды. Қытаймен келісімнің тарихи маңызы шекараларды айқын бекітіп, елдеріміз арасында олардың бұрыс түсіндірілмеуіне жол бермеуден көрінеді. Ал Ресейдің Қытаймен шекара межелеу ісінде қиын шешім қабылдап, Хабаровскіге тікелей жақын маңдағы Амур өзеніндегі бірқатар аралдар аумағын Қытай Халық Республикасына беруіне тура келді. 

Көптеген ғасырлар бұрын Конфуций: «Саясат – тарихтың перзенті, ал тарих – географияның перзенті», – деген екен [5]. Тарих та, география да Қазақстан мен Қытайға тату көршілер, шынайы достар және стратегиялық серіктестер болуды ұйғарған. Тәуелсіздік таңы атқанда, Қазақстан орасан көп қиындықтарға тап болды. Алғашқылардың бірі болып Қытай да Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін танып, қолдаған еді. Екіжақты құжаттардың ішінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы ара­сында 2002 жылғы желтоқсанның 23-інде тату көршілік, достық және серіктестік туралы қол қойылған келісімнің негізге алынатын маңызы бар. Елдердің қол жеткізген саяси сұхбаты мен стратегиялық серіктестігінің жоғары деңгейі екі халықтың игілігі үшін екіжақты қатынастардың болашағына үлкен үмітпен қарауға мүмкіндік береді. 

Қазақстан және Орталық Азия республикалары: шекараларды реттеу және межелеу үдерісі. Көршілес республикалармен шекаралар кеңес заманында ішкі әкімшілік-аумақтық болып саналатын жерлерде емес, кар­таларда ғана белгіленетін. 1980 жылдардың соңында, 1990 жыл­дардың басында батыл шешімдерді қолдайтын қоғамдық орталарда аумақтардың межеленуі мәселесіне тарихи тұрғыдан қарау қажеттігі жайында ой-пікірлер айтыла бастады. Осындай тексерулер халықаралық қатынастарда елеулі қиындықтарға келтіруі және Кеңес Одағынан кейінгі кеңістікте өткір кикілжіңдердің шығуы себебіне айналуы мүмкін еді. Ақылға қонымды шешім қабылдап, КСРО тарағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалар сол кездегі бар шекараларды өзгертпейтіндерін мәлімдеді. 

Алайда қауіпсіздік мәселелерін өздігінен шешу мүмкін емес еді. «Сындарлы онжылдық» еңбегінде бұрынғы Президент Н.Ә.Назарбаевтың әлеуетті қауіптер мен қатерлердің барлық бағыттары бойынша «қауіпсіздік белдеулерін» жасау қажеттігін ерекше атап айтқаны кездейсоқ емес. Қауіпсіздіктің бірыңғай тұжырымдамасы шектерінде қабылдау қажет болатын іс-шаралар кешені ішінде мемлекет басшысы өңірдің барлық елдері арасында шекараларды межелеуді аяқтаудың қажеттігін айтқан-ды. Бұған Орталық Азия өңірі елдерінің уақыт өте келе ашық және бақыланбайтын шептердің шикізат пен түсті метал­дарды, энергия көздерін заңсыз шығарып әкету үшін пайдаланы­лып жатқанын, ал есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы етек алуының, заңсыз көші-қонның ұлттық қауіпсіздікке шын мәнінде қауіп-қатер төндіретінін айқын түсінгені де себеп болды. 

1999 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түрікменстанмен және Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекарасын межелеу жөнінде Қазақстан Республикасы үкіметтік комиссия құрған. Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер министрлігі барлық шекаралас мемлекеттермен келіссөздер барысын Қазақстан Республикасының егемендігі мен қауіпсіздігін, аумақтық бүтіндігі және шекарасының бұзылмастығын қорғаудың дипломатиялық құралдары мен әдістерін қамтамасыз ету бойынша алдына қойған міндетіне сай үйлестірді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» ҚР Заңының 2-бабында: «Қазақстан Республикасы аумақтық тұтастықтың және Мемлекеттiк шекараға қол сұғылмайтындығының халықаралық принциптерiн негiзге ала отырып, Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттер – КСРО-ның бұрынғы республикаларының әкімшілік-аумақтық шектері туралы актіні қоса алғанда, өзінің мемлекеттік шекарасының осы Заң күшіне енген күннен бастап бекітілген халықаралық келісімдер бой­ынша өтетінін растайтыны» жазылған. 

Бұрынғы КСРО-ның әкімшілік-­аумақтық межеленуін тануды бекітетін құқықтық құжаттар болып: 1991 жылғы желтоқсанның 21-індегі Алматы Декларациясы, 1992 жылғы ақпанның 14-індегі «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында ынтымақтастық принциптерінің сақталуы туралы Декларация», 1994 жылғы сәуірдің 15-індегі «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің егемендігі, аумақтық тұтастығы және қолсұғылмастығы туралы» Декларация және әртүрлі екіжақты келісімдер танылады. КСРО Кон­ституциясына сәйкестігі тұрғысынан қарағанда, Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-і арасындағы әкімшілік шекара ең жақсы реттелген деп саналады. Дегенмен,  қиындық мынада болды: Өзбекстанмен шекараның 200 шақырымы (жалпы ұзындығы – 2351 шақырым) Қазақстан жағынан да, Өзбекстан жағынан да халық ең тығыз қоныстанған елді мекен­дерден өтетін. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш пен Мақтаарал аудандары және Өзбекстанның Ташкент, Жызақ облыстары болатын. Бірқатар елді мекендердің ұйысып кеткені соншалық, кейде шекары сызығы аулалардан өтіп, ауылды қақ бөлетін. Алайда өзара аумақтық наразылық туғызбау үшін, тараптар негіз ретінде өңірде қалыптасқан, 1950-1960 жылдары белгіленген әкімшілік-аумақтық шекараларды қабылдады. 

Жалпы алғанда, Өзбек тарапымен келіссөздер жүргізу оңай болған жоқ. Ташкентте 2000 жылдың ақпанында екі ел үкіметтері делегацияларының біріккен шекараның өтетін сызығын келісе шешу жөніндегі келіссөздерінің бірінші отырысы өтті. Келіссөздердің екінші отырысы (Астана, 2000 жылдың мамыры) іс жүзінде шекара межелеуге көшуге мүмкіндік туғызды. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында қиындығы әртүрлі дәрежедегі учаскелер бар болатын. Үкімет делегациясының қиын жағдайда жұмыс істеуіне тура келді, бірақ орын алған даулы мәселелер ымыраға келу әдісімен шешілді [5].

Түрікменстанмен шекара межелеу мәселесі бәрінен оңай шешілді, өйткені шекара Үстірттің оңтүстік шеті бойымен өтіп, шөл арқылы барлығы 426 шақырымға созылатын. Шекара межелеуді дай­ындау үшін негіз ретінде 1932 және 1972 жылдары қабылданған құжаттар алынды. Ашхабадтағы келіссөздер барысында, 2001 жылдың сәуірінде тараптар шекара межелеу туралы шарт жоба­сын келісіп, екі мемлекеттің басшылары 2001 жылы шілденің 5-інде Астанада «Қазақстан мен Түрікменстанның мемлекеттік шекарасын белгілеу туралы» Келісімге қол қойды. Ашхабадта 2001 жылдың қараша-желтоқсанында делегациялардың үшжақты кездесуінде Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасында мемлекеттік шека­ралар тоғысатын аудан туралы шартқа қол қойылды. Қазақстан мен Түрікменстанның құрлықтағы мемлекеттік шекарасының түпкілікті ұзындығы 426,08 шақырым болып белгіленді. 

Қырғызстан шекарасымен де шамамен осындай жағдай қалыптасты. Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік шекарала­рын межелеу жөніндегі келіссөздері 1999 жылдың қарашасынан 2001 жылдың желтоқсанына дейін жүргізіліп, 1997 жылғы сәуірдің 8-індегі «Мәңгілік достық туралы» келісімге және 1998 жылғы шілденің 17-сіндегі «Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы арасында мемлекеттік шекараны межелеу туралы» меморандумға негізделді. Жұмыс топтарының кездесулерінде географиялық шектер мен шекараның сипаттамасы арасында айырмашылықтар бар екені анықталды. 2001 жылдың тамызынан қарашасына дейін делегациялар жер-жерлерге шыға отырып, бірнеше кездесу өткізді. Нәтижесінде, Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік шекарасының сызығы барша ұзындығы бойынша қандай да бір «терезелерсіз» келісілді. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара жөніндегі келісімге Астанада 2001 жылы желтоқсанның 15-інде қол қойылып, содан кейін 2003 жылғы шілденің 3-інде Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдады. 

Бүгінгі таңда Қырғыз Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасымен шекаралар межелеу мәселесі толық реттелді. Қырғызстанмен шекараның ұзындығы – 1242 шақырымға жуық, Түрікменстанмен – 426 шақырымға таяу, ал Өзбекстанмен 2351 шақырым құрайды [5].

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараның белгіленуі.  Қазақстан-Ресей шекарасы дүние жүзінде ең ұзын, үздіксіз тартылған құрлық сызығы болып табылады және 7591 шақырымға созылған. Қазақстан мен Ресей арасында шекара межелеу әлемдік халықаралық-құқықтық тәжірибеде бірегей болып саналады, өйткені салыстырмалы қысқа уақыт ішінде оның сызығының барлық нүктелерін келісіп алуға қол жетті. 

Шекара межелеу батыстан шығысқа қарай басталып, Еділ өзені сағасынан санағанда, Каспий теңізі жағалауынан Қазақстанның, Ресейдің және Оңтүстік Алтайға тірелетін Қытайдың мемлекеттік шекаралары түйісетін нүктеге дейін жүргізілді. Негізге КСРО тарай­тын кезде, 1991 жылы Қазақ КСР-і мен РКФСР арасында қалыптасқан әкімшілік-аумақтық шекаралар алынды. Мемлекеттік архивтерде сақтаулы барлық материалдар егжей-тегжейлі зерттеліп, қажет болған жағдайларда жекелеген аудандардың жерлері тексерілді, жергілікті тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. 

Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекараларын межелеу жөніндегі келіссөздерде Қазақстан Үкіметі делегациясының басшысы болған, Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Атановтың пікірінше, «келіссөз үдерістері барысында Қазақстан – Ресей шекарасында даулы дейтін аумақтардың болмауы сияқты сәттер маңызды рөл атқарған». 

Келіссөздердің бірінші кезеңінде шекара сызығының 7440 шақырыммен өтуін сипаттау жобасы келісіліп, дайындалған. Қалған 150 шақырымда бірлескен комиссия кейбір айырмашылықтар анықталған 16 учаске тауып, шекара өтетін сызықты түзету туралы ұсыныстар айтылды. Оны аудандардың құнын өтеумен айырбастай отырып өзгерту жөніндегі ұсыныстар бір тараптың шаруашылық немесе әлеуметтік нысандарының екінші тараптың аумағында қалып отыруы себепті алға тартылған-ды. Тараптар бір-бірімен келісімге келіп, шекара сызығының өтуі өзара ұсыныстарға және аудандарды өтемдік айырбастауға сәйкес реттелді. 

Имаш газ-конденсат кен орны (Батыс Қазақстан) арқылы өтетін шекараны айқындау көбірек дау туғызған. Қ.К.Тоқаев атап көрсет­кендей, «осы учаскеге қатысты келіссөздер күрделірек, кейде тіпті айтыс-тартысты болған. Осы учаскеге үміттенгенмен, тараптардың ешқайсысы, қалай дегенде де, өз пайдасына сенімді құжаттармен рас­талатын дәлелдер келтіре алмаған». Шекара сызықтары тараптар табыс еткен кезекші карталарда және жер немесе ормандардың орнасуы материалдарында әртүрлі көрсетілген. Кезінде Астрахань және Гурьев облыстық атқару комитеттері шығарған құжаттардың бір-біріне қарама-қайшылығы қиындық туғызған. Кеңес заманында-ақ тараптар арасында Гурьев (қазіргі Атырау) облысының Құрманғазы ауданында және Астрахань облысының Краснояр ауданы арасында жатқан осы учаскелерге қатысты дау-дамайлар орын алып, көптеген онжылдықтар бойы шешілмеген күйінде қалған. Қиын пікірталастардан кейін, басқа учаскелерге қатысты дауларды шешкен кезде сәтті пайдаланылған әдісті алып, яғни ымыраға келіп, теңдей бағалап айырбас жасау туралы келісімге қол жетті. Бұл учаске теңдей бөлініп, кен орнын қазақстандық және ресейлік компаниялардың тепе-теңдік шарттары­мен бірлесе игеретіні туралы шешім қабылданды [2].

Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекараларын меже­леу жөніндегі бірінші хаттамаға 1998 жылы-ақ қол қойылған-ды. Келіссөздер үдерісі алты жылдан артық уақытқа созылған. Бұл жұмысты Н.Ә.Назарбаев Б.Н.Ельцинмен де талқылауда бастаған. Сөйтіп, 2005 жылғы қаңтардың 18-інде Қазақстан Республикасының бұрынғы Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путин Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекаралары туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының аса маңызды кезеңі және Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекараларын халықаралық-құқықтық ресімдеу үдерісіндегі шешуші заңдық әрекет болды. Құжат екі елдің өзара қарым-қатынастары тарихына стратегиялық серіктестіктің жаңа бетін аша отырып енді. Қазақстан-Ресей шекарасы ғасырларға созылатын достық пен тату көршіліктің нышаны іспетті. 

Мемлекеттік шекараны белгілеудің тарихи маңызы. 1990-2000 жылдарда мемлекеттік шекараны межелеу жөніндегі жұмыстың маңызды қорытындысы – болашақ ұрпақтарымызға халықаралық құқық нормаларымен қорғалған бейбіт, тұрақты шекара қалдыратынымыз. 

Шекара белгілеудің маңызды қажеттілігі шекара сызығы көзге көрінетін және жер-жерлерде арнаулы белгілермен таңбалануға тиістігінен көрінеді. Шекара таңбасының болмауы шекаралас аудан­дар тұрғындарының шекара сызығын кесіп өту ережелерін бұзуына байланысты оқиғаларға әкеп соғуы мүмкін. Ондай фактілер Оңтүстік Қазақстан облысының Өзбекстанға жақын жатқан аудандары шека­расында орын алған-ды. Бұндай жағдайдың жасырын тауар өткізу, заңсыз көші-қон және есірткі айналымы іспетті теріс және қауіпті құбылыстар үшін алғышарттар туғызатыны анық. 

Шекараны барлық жағынан белгілеу – елді қорғау және оның қауіпсіздігі, мемлекеттік шекара өтетін сызықты заңға қайшы және күшпен өзгертуге жол бермеу, іргелес мемлекеттердің және олардың азаматтарының Қазақстан аумағының шекараға жақын учаскелерін заңсыз пайдаланбауы және игермеуі үшін жасалатын маңызды шара. Қазақстанның геосаяси жағдайын ескергенде, бұл – өте өзекті мәселе. 

 Мемлекеттік шекара Тумен, Елтаңбамен және Әнұранмен бірге тәуелсіз елдің ажырамас атрибуты болып саналады. 2022 жылы республиканың қасиетті шекараларын күзететін ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 30 жыл толды. Биыл «ҚР Мемлекеттік шекарасы туралы» ҚР Заңының қабылдануына 31 жыл толды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қалыптасуы мен барлық қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеті республика халқы саналы түрде тәуелсіздік жолын таңдап, оны Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңында жариялағаннан кейін елдің өркениетті әлемдік қоғамдастыққа кіруімен тікелей байланысты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

1Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясы. – Алматы, 1992.

2. Токаев К.К. Преодоление: Дипломатические очерки. – Алматы, 2003.      

3. «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Қазақ КСР-інің     Декларациясы, 1990 жылғы 25 қазан. – Алматы, 1990. 

4. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (2018 жылғы 01 қаңтарда өзгерістер мен толықтырулар енгізілген) – Астана, 2018.

5. Аяган Б.Г. и др. Современная история Казахстана: Учебник. – Алматы, 2010.

Талғатбек ӘМИНОВ, ҚР ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,  т.ғ.к., доцент

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?