Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қара Ертіс бойындағы қоныстандыру саясаты және сауда қатынасы

1443
Қара Ертіс бойындағы қоныстандыру саясаты және сауда қатынасы - e-history.kz

Патшалық қоныстандыру саясатына балйанысты туындаған жердауы Зайсан уезінде де шиеленісті күйде еді. Қара Ертіс болысында 1373 шаруашылық, 7761адам болған. 9 старшын елдің бір старшыны Қара Ертістің оң жағалауын, қалған сегізі сол жағалауын мекендеген.

Болыстың оңтүстік шекарасы Зайсан қаласына дейін болса, шығыс шекарасы Алтаймен шектесті. Ертіс жағалауын, Қорған, Ақарал бойын, Қаратал мен Сарбұлақ аңғарын, Қарабұлақ,  Жеменей нулы қойнауын, Кендірлік өзенін, Көкжота, Шеңгелді, Маңырақ, Қабырғатал, Кеңарал жерлерін, Бозайғыр, Құмтөбе құмдарын қыстап, жазда Күршім өзеніне, Марқакөл көліне көшті. (Материалы по обследованию хозяйстваи землепользования киргизов Семипалатинской обл., Т. ІІІ. Зайсанский уезд.С-Пб.1913)

Кендірлік бойы кесімді жер

«Кендірлік болысындағы жер дауы облыс, губерния басшыларының басын қатырған елеулі оқиғалардың бірі болған. Зайсан уақытша комиссиясы Кендірлік қазақтарының 202600 десятин жерін орыс казактары мен шаруаларына алып береді. Бұған келіспеген қазақтар дау шығарады. Олардың сенімді өкілі Әбзани Томпин Далалық генерал-губернаторға арыз жазады. 1912 жылы 25 ақпанда Семей облыстық басқармасында осы арыз қаралады. Кендірлік қазақтарының шағымы қанағаттандырылмайды.

Тарихи деректерге қарасақ, бұл дау 1894  жылы бастал ған екен. «Дала уәлаяты» газетінің 1894 жылғы 14-санында «Зайсан оязынан жазып жіберілген хабарлар» деген мақала жарық көреді. Мақалада егіншілікпен айналысқан қазақтар мен казак-орыстардың арасындағы қақтығыс сөз болады. Мақала соңында «Сұранып жазған егінші Бейшараұлы» деп жазылған», – деп «Зайсан асулары» кітабында Бекен Жапаров құнды дерек келтіреді.

Осындай деректерге назар аударар болсақ, қазақтар егіншілікті орыстар келмей тұрып-ақ кәсіп еткен. Кендірліктегі жер дауына байланысты «Дала уәлаятының газетіне» шыққан мақалада «Зайсан оязында Кендірлік деген өзеннің сол қабағында Сауыр деген таудың етегінде елу үй шамалы қазақ- орыстың кішкене қаласы бар. Бұл қаланың сол  жағынан тоған шығады. Бұл тоған бірнеше шақырым қазақ-орыстың жерінің үстіменен ағады. Мұнан өтіп Кендірлік болысының жеріне барады. Һәм қазақтардың балалары оқып тұрған шаруа жеріне барады. Біздің қазақ шалдары айтады, бұл тоған қазақ орыстың қаласы орнамас бұрын бар еді деп», – деген жолдар дан талай мағлұмат алуға болады. Сол 1894 жылы Кендірлік қонысында елу үй қазақ орыстың бүкіл болыс халқына тізе көрсеткенін, Кендірлік болысында мектеп болғанын аңғарамыз. Осы мақалада «Болыс халқының тең жартысы егін салады» делінген. 

Жер мәселесі. Бұл барлық уақыттарда өмірлік мәселе болып келді. «Қазақ арасында жер дауынан үлкен мәселе болып  көрген емес. Ішкі Ресейден қоныстанушылардың келуі оны қиындатпаса, жеңілдетпеді. Әсіресе қазақтардың шұрайлы жерлерден айырылуы, патша үкіметінің алым-салығы шамадан тыс көбеюі, қазақ халқының арасында кедейлер са нының өсуіне әсер етті. Бұл, сөз жоқ, қарапайым халық наразылығын өрістете түсті. Жаңа қоныстанушыларға  берілген жердің үлес салмағы 1895 жылдары Зайсан уезі бойынша 46,7 процентке жетті» (К. Мамырұлы. «Қазақ тарихы»).

Бұл үрдіс XX ғасырда одан ары жалғасты. Мысалы, Шығыс аймаққа (еркек кіндік есепке алынған) 1906 жылы – 999 адам, 1907 жылы – 4006, 1908 жылы – 6287, 1909 жылы 10459 адам қоныстанған. Дала өлкесінің барлық аймақтарындағы сияқты шаруаларды жерге орналастыратын көші-қон басқармалары жұмыс істеді.

Қоныстанушылар  саны   1910   жылы   тіптен   көбейді. «Қоныстанушылар арқылы орыс тұрғындарының саны көбею үстінде. Есепті жылда 4003 қоныстанушылар отбасы, оның 11494-сі еркек жынысты жан. Қоныстанушылардың жаңадан 70 учаскесі, одан басқа 8 хуторы құрылды» деген Омбы генерал-губернаторына Семей губернаторы Тройницкийдің есебін облыстық мемлкеттік мұрағаттан алып, журналист Ораз Жүнісов облыстық «Дидар» газетіне жариялады («Ди- дар», 7 сәуір, 1998 жыл). Осы есеп-баяндамадан патша үкіметі саясатының шын бейнесі, губернатордың шектен шыққан шовинист, қазақ еліне аяусыз екенін көреміз.

«Есеп беріп отырған жылда да менің басты міндетім, 1908 және 1909 жылдардағыдай, Қытаймен шекаралас негізінен қырғыздар мекендейтін облысқа орыс келімсектерін орналастырып, оны Россия империясының бөлінбейтін орыс облысы ету болды. Бұрын көшпелі қырғыздардан басқа ешкім мекендемеген облыстың далалары мен тауларындағы уездердің бәрінде шаруалардың поселкелері пайда болды. Орыс шаруаларын бұдан да көп көшіріп әкеліп орналастыруға болар еді, бірақ мен асықпауды, шаруалар қоныстандырылатын жерлерді алдын ала жан-жақты зерттеп, олар тұра алатын және шаруашылық жүргізе алатын суы бар, қолайлы жерлерді таңдағаннан кейін ғана әкелуді талап етемін» немесе «...Қырғыздар асқан қу, өтірікші және пәлеқорлық, өсекшілік, жалған куәгерлік, өтірік арыз түсіру әбден сіңісті болып кеткен» деген үзінділерге еш түсініктеменің қажеті жоқ шығар.

Облыстық генерал-губернатор қанды қол қарақшыдан бетер қара ниетін жасырмай отырғанда, көшпенді елдің жағдайы қалай оңсын. Жыл өткен сайын өрістері тарыла түседі. Мақсұт ақсақал өз естелігінде атаған қара Ертіс болысы елінің жаз жайылымының бірі Ақжайлау деген жерден Успенка, Марқа жағасынан Уранхайка, осы көлдің терістігінен Еловка, Ертіс пен Алтай арасынан Черняевка, Алексеевка деп аталатын қоныстар бой көтерді. «Қаба өңіріндегі Төсқайың, Балықты Бұлақ және Шанағаты деген жерлерді өз беттерімен барып иеленді. 1896 жылы мұнда 500-ден  астам адам  тұрды»,  – деп жазды Алаш қозғалысы көсемі Әлихан Бөкейханов (Таңдамалы  шығармалар  жинағы.  1-кітап. – Алматы,  2002).

Ә. Бөкейхан: «Көшу аумағы жылдан-жылға тарыла түсті. Бұрын қыстаудан жайлауға 500-1000 верст көшкен кез тек естелікке айналды. Қазақ даласындағы 170000 шаруашылықтың 10789  немесе 6,3 проценті жатаққа айналды», – деп  жазса, Зайсан уезінде бұл мөлшер екі есеге артқан. Мысалы, Қостанайда – 0,74, Павлодарда – 3,16, Ақмолада – 4,2, Қарқаралыда – 4,4, Петропавлда – 4,64, Көкшетауда – 4,65, Өскеменде – 9,99, Се мейде – 11,5% болса, Зайсан уезіндегі жатаққа айналған шаруалар үлесі 13,5%-ға жеткен. 

Зайсан оязындағы сауда жолы

Патшалықтың қоныстандыру жарлығы Зайсан уезінде осылайша асыра сілтеумен жүзеге асқан. XX ғасырдың алғашқы  онжылдығында  шағын болса да Қазақстандағы санаулы қаланың бірі болғандықтан, Зайсанның ел өміріндегі алар орны ерекше еді. Аз да болса білім орындары жұмыс істеп, онда зиялы қауым қалыптаса бастады. Қала халқының саны 1910  жылы 5147-ге  жетті. Осы  жылдарда  Өскеменде  12462,  Павлодарда  7744  халық тұрғанын ескерсек, сол кезең үшін Зайсан орташа қала болған. Қала халқының негізгі кәсібі сауда болды. Ресейдің Қытаймен сыртқы саудасы қызып жатты. Мал саудасымен бірге жергілікті жерде өсірілген астық саудасының маңызы  артты. Шығыс өңірі диқандарының өнімдері Сібір, Еділ, Орал бойына жөнелтілді.  Әсіресе орыс-жапон  соғысы  жылдары алыпсатарлар ұн мен бидай бағасын көтерді немесе оның маңызын арттыру үшін шетке сатты. Өкімет орындары бағаны реттеп отыруға тырысты. 1904 жылғы 15 желтоқсанда Зайсан қаласы өкілдері жиналысында алыпсатарлар көтеріп жіберген ұн бағасын реттеу мәселесі көтеріліп, қала қаржысына ұн сатып алып, қажет еткендерге қалыпты бағаға беру керек деп шешті.

Сауданың дамуына орай Зайсанда қоғамдық банк құрылды. ХХ ғасыр басында Зайсан, Павлодар, Семей қалалары мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу орталықтары болып табылып, Монғолияның батысындағы шекара аудандарымен сауда жасалды. Осы саудада болашағы бар деп саналатын пункттің бірі Зайсан қаласы саналды. Ондағы саудагерлер мен фирмалардың саны таңқаларлық сомаға жетті. Мысалы, «Ерзин и К» серіктестігі тек 1911 жылы 115 мың сомның тауарын сатты, ал 140 мың сомға мал және шикізат сатып алды. 1910 жылға дейін Монғолияға шығарылатын тауарларды тексеру тек Зайсан постында жүзеге асырылды. Алайда Дала өлкесі губернаторы Монғолиямен сауданы жандандыру мақсатымен «...барлық товарды тексеруді транзит жолынан қиыс жатқан (өзінің пікірінше – Ж.К.) Зайсанның өзінде емес, Тополевмыста (қаладан 70 км) атқаруды ұсынды». Зайсан саудагерлері үкіметтің жеңілдігін пайдаланып, Ертіс бойында кеме қатынасын пайдаланды. (Ж.К. Қасымбаев. «Города Восточно- го Казахстана»).

Ертістегі кеме қатынасы Қытаймен саудаға дәнекер болды. Сауда ісін дамытуда татар ағайындар іскерлік көрсетті. Олар сауда ісін жолға қоюмен бірге Зайсан қаласында сәулетті үйлер салды. Ыбырай Манапов, Юсуп Әбілханов, Сағдолла қажы Бекшентаев, Тұхфатолла Бекшентаев, Жүніс Татанов, Халел Ерзин есімдері кеңінен мәлім болды. «Зайсанда «Бекчентаев және Абылханов сауда үйі» фирмасының сауда айналымы миллион сомға жуықтады...» – деп жазыпты «Семипалатинский листок» газеті. Ахметзәки Ахтямов (суретте) сауда ісінде жолы болған әрі діндар болыпты. Зайсанда мешіт, әйелдер және ерлер мектебін салды. Кірпіш зауыты жұмыс істеді. Татар тілімен қоса араб, орыс тілдерін жақсы білген. Сауда төңірегіне қазақтар икемделе бастайды.

Зайсанның дәулетті саудагері   Тұқпи  қажының   баласы Сағдолла қажыға Бақасу маңында 1890 жылы туған Әбдірахман мен Ділдахан Тоққұлұлдары о баста жалда жүріп, соңынан сауданың қыр-сырын үйренеді. 1908 жылы Қытай қарамағындағы Алтай аймағына қажының баласы Садықпен ілесіп барып, Әбдірахман сауда жасайды. Келе-келе ірі байлардың біріне айналады. Совет өкіметі кезінде бүкіл Алтай байлардың біріне айналады. Мұқым Алтай аймағы атынан жеке өзі сауда жүргізуге өкілдік алады. Аймақ халқын қажетті тауарлармен қамдайды. Егіншілікті қолға алады, ағарту ісіне қамқорлық жасайды. Алтай аймағында шыққан кітапта («Алтай аймағы, Буыршын ауданының тарихының материалдары») авторлардың бірі – Мағыпер Қатшаұлы мұсылмандар үшін жылына екі рет келетін айт мерекесінде: «...Әр жолғы айтта бір мың дана дәптер, бір мың дана қарындаш дайындатып, оны босағаға қойғызып, айтшылап келген балаларға таратып отыруға арнаулы орналастырушы қоюшы еді. Сол кезде дәптер,   қарындаш өте тапшы болып, сатып алуға да, айырбасқа да табыла бермейтін», – деп жазғаны немесе «1930 жылдан кейін Совет Одағында жүргізілген әсіресолшылдық пен ашаршылық есебінен ондағы халықтың Жуңғо жеріне ауып келіп, қоныстанушылар күн санап көбейе берді. Олардың ішіндегі Әбдірахманмен руластар және Әбеңнің атақ-даңқын  алыстан естіп білгендер Әбдірахманды пана етіп, маңына топтаса бастайды. Әбдірахман бұлардың бірде-бірін сырт теппей, қамқорлыққа алып, олардың жан бағуына сүйеніш болды», – дегені, сондай-ақ: «Әбең 150 ағаш астық бір жолда таратып беріп, аштықтан өлермен болған 100-дей адамның жанын алып қалғанын көзім көріп еді» дейді Буыршындағы зейнеткер ақсақал Мұхтарқан Самажанұлы», – деген жазбалар оның биік кісілік келбетін көрсетеді. Жерлесіміз Алтай аймағын 1947 жылдан 1959 жылға дейін басқарыпты.

Сол сияқты қазақ баласы Бидахмет Бобкин бай саудагерлерге жалданып, сауданың қыр-сырын үйреніп, кейін  Зайсан өңіріндегі ірі байлардың бірі болады. Зайсан қаласының сәулетіне сән берер үй және сауда орындарын салдырады. 1913 жылы 22 маусым күнгі №19 санында «Қазақ» газеті «Зайсан қазағы Бидахмет Бобкин 13 жастағы  қызы  Айшаны Мәскеуге орысша оқуға апарды» деп жазды. Айша кейін Қуаныш ауылының тумасы, Зайсаннан шыққан  алашордашы Әденбек Бекмұхамбетұлына тұрмысқа шығады. Екеуінен туған Халима – қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың жары, педагогика ғылымдарының кандидаты.

Қиын жылдарда жат жұртқа кетуге мәжбүр болған Баязит Сәтбаевтың Зайсан қаласын сәулеттендірудегі еңбегі ерен. «Аягөзде ағаш шеберінің отбасында туған Баязит 1900 жылы Зайсанға келіп, 30 жыл өмірін қала құрылысына арнаған». (Б. Жапаров материалынан). Зайсан қаласындағы күйдірілген қызыл кірпіштен салынған үйлердің сәулеті ерекше. Базар алаңы маңындағы қоймалар, бүкіл сауда орындары Баязиттің қолынан шықты. Отызыншы жылдардан алпысыншы жылдарға дейін қалада жаңа құрылыстар салынуы өте сирек болды. Бүкіл Совет өкіметінің мекемелері – аупарткомнан бастап, аурухана, емхана, банк, әскери комиссариат, милиция, бүкіл мектептер, мәдениет орындары, өзге де аудандық ұйымдар қала байларынан тартып алынған ғимараттарда ораласты. Соның көбін дерлік Баязит ұста салды. Қазір тарихи-өлкетану музейі орналасқан үй – жоғарыда аталған қазақ азаматы Бидахмет Бобкин деген байдың үйі. Осы үйде алпысыншы жылдарға дейін аудандық партия комитеті болды. 

Бірінші хатшы Юсупов осы үйдің есігін біресе көше жақтан, біресе қора жақтан шығартады  екен.  Бірінші хатшымен сөзге келіп қалған халық ақыны Рахметолда Тоқтарбаев: «Бобкиннің үйінің есігін біресе ар жағынан, біресе бер жағынан шығарғаннан басқа не бітірдім деп отырсың?! Юсупов салдырды деген бір жаңа құрылыс бар ма?» – деген екен.

Ақын айтса айтқандай, Совет өкіметі кезінде Зайсан аудандық маңыздағы қала болып, соның салдарынан өспеді. Кезінде Алматы, Өскемен, Павлодармен мәртебесі бір қалаға ең болмағанда жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі сияқты кәсіпорындар салынбады. Аудан шикізат базасы болса, орталығы қалай өркендемек? Сол баяғы Ресей патшаларының күшті орталық, шикізат қана жеткізуші әлсіз шет аймақ саясаты үстемдік құрды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?