Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күнгей Саяқ - хан әулетінің қара шаңырағы қалған жер

3669
Күнгей Саяқ - хан әулетінің  қара шаңырағы қалған жер - e-history.kz

Сурет: el.kz

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қазақтың заманауи қоғамдық, саяси, әлеуметтік түсініктерін қалыптастырған реформатор, қазақ тарихы мен этнографиясы туралы құнды пікірлердің иесі Әлихан Бөкейхан Алаш Орданың көкжал азаматтарының бірі, қазақтың Ломоносовы атанған Елдес Омаровқа жазған «ШЫРАҚ ЕЛДЕСІМ!» деп басталатын хатында «Шұбартау елі (Қарқаралы оязы) 3.000 үй құрама Үш жүздің (қазақтың-Ж.А.) ең соңғы ханы Әбілмәмбеттің төлеңгіті. Мұнда қырғыз, тоқа (қуандық), найман, қалмақ, тағы қазақтың талай атасының тұқымы бар. Әбілмәмбеттің кенже үйі - қарашаңырағы Шұбартау елінде, Күнгей Саяқта» дейді (Әлихан Бөкейхан және түркі дүниесі, 2015, 302 б.). 

Бұл хат 1934 жылы Мәскеуден жазылған. Елдес болса осының алдында ғана орыстың түрмесінен босап келген.  Ол 1930 жылы алдымен  Жүсіпбек Аймауытовтармен  бірге өлім жазасына кесіліп, кейін он жылға Архангельск жағына жер аударылған болатын. Алаш азаматтарының  тағдыры туралы жазсақ біз негізгі тақырыптан ауып кетеміз, дегенмен соншалық қорлық-зомбылықты  көріп жүріп олардың тарихқа деген қызметінің ерекше екенін айтпасқа болмайды.

Біздің  қазіргі қазақ оқырманы Күнгей Саяқты біледі ме? ХVІІІ ғасырдың аласапыран уақытында  Қазақ хандығының алтын тағына 30 жыл бойы (1739-1769 жж.)  ие болған, қазақ мемлекетілігін  көзінің қарашығындай сақтаған  Әбілмәмбеттің қара щаңырағы неге Күнгей Саяқта болуы керек? Осыны біздің  білдей тарихшыларымыз біле ме, Алаш азаматтары туралы сан кітап жазған,  сан хабарда сөйлеген алаштанушылар  Күнгей Саяқта болды ма екен?  Білмеймін, тарихшылар Күнгей Саяқ туралы жазды, алаштанушылар болды  деген   ақпаратты көрмедім.  Сол себепті мақаланы біз  Әлихан Бөкейханның Елдес шырағына жазған хатында айтылатын Күнгей Саяқтан бастаймыз.

Күнгей Саяқ Балқаш көлінің солтүстік жағалауында орналасқан ұсақ шоқылы өңір. Саяқ солтүстік-батыс бағытта көл жағалап  отырып  60 км-ге  дейін созылады, ені шамамен 40 км- дей болады. Осы аумақтың асты толған неше түрлі кен. Бұл жерде өндірістік мәні бар металдардан мыс (10-15%), молибден (0,01- 1%), кобальт (0,151%), алтын (орташа 7,8 г/т), тағы басқа сирек металдар кездеседі. Саяқ кен орындары академик  Қ.Сәтбаев «древняя индустриальная эпоха» деп атайтын қола дәуірінен, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ мыңжылддықтан бастап өндіріліп  келеді. Жаңа заманда Саяқты қайта игеру 1970 жылдардан басталды,  қазіргі уақытта «Балқаш мысқа» қарай Саяқ І, ІІ, ІІІ, ІV, Тастау, Молдыбай, Жамбас, Берқара, Жұмбақ, Үміт сияқты кен орындары ашық кеніш түрінде жұмыс істейді, яғни  металл ашық әдіспен алынады. Бұл жердегі кеннің қалыңдығы шамамен 4000 метр делінеді, яғни  әлі де жүздеген жылдар кен маңындағы халыққа  нәпақа болады деген сөз. 

Саяқ кенді ауданы  Балқаш қаласына жақын болып есептеледі, дегенмен соңың өзі 200  шақырым. Жолай атақты  Қоңырат, Гүлшат кен орындары орналасқан. Бір сөзбен айтқанда бүкіл солтүстік Балқаш өңірінің асты толған қазына байлық.  Сол байлықты тасымалдаумен айналысатын  Балқаш- Ақтоғай бағытындағы темір жол  Саяқ арқылы  өтеді. 

Енді Ә.Бөкейхан хатындағы екінші жұмбаққа келейік. Ол «Әбілмәмбеттің кенже үйі - қарашаңырағы Шұбартау елінде, Күнгей Саяқта» дейді. Бұл ақпараттың контексіне қарағанда  Күнгей Саяқ  Шұбартау елінің ішіне кіреді.  Шұбартау деген қай жер екенін біздің оқырман білер ме екен? Біле қоймас. Ертеде қазақта «Басында Шұбартаудың қос балапан, Сол таудан дария тасып,  су тараған,  Сұлу қыз, әсем жігіт бәрі сонда,  Япыр-ай, неге келдім сол арадан?!» деген ғажап әдемі ән болған, қазір онша айтыла қоймайды. Осы  өлеңнің ішіндегі «Сол таудан дария тасып,  су тараған» дегені қандай керемет?! Қазақ жерінде мұз басу дәуірінен кейін алғаш су жүріп, құрғаққа басы қылтиып шыққан  таулар Ұлытау мен Саяқ екенін білесіз бе?!.

Әлекеңнің «Шұбартау елі» деп отырғаны Әбілпейіз сұлтан соңынан 1757 жылы еріп келген  Өмірзақ аталық пен Жаназар батыр бастаған  төлеңгіттер.  Ә.Бөкейхановтың Елдеске жазған хатында  «Шұбартау елі (Қарқаралы оязы) 3.000 үй құрама үш жүздің ең соңғы ханы Әбілмәмбеттің  төлеңгіті.  Мұнда қырғыз, тоқа (қуандық), найман, қалмақ, тағы қазақтың талай атасының тұқымы бар» делінеді (Әлихан Бөкейхан және түркі дүниесі, 2015, 302 б.).  Ол заманда Қытайдың ауызында қара қалмақтан  босаған Жетісу, Тарбағатай, Алтай  түгел кетіп бара жатқан соң, Әбілмәмбет ханның жан ұшырып өзінің баласы Әбілпейізді  жанына  ақылшы аталықтарын, қарулы төлеңгіт жасақтарын, қожа-молдасын қосып Шығысқа аттандырады. Ол кезеңде қазақ Балқаштың бергі жағын жағалап, Шардан  әрі аспаған уақыты. Аягөзге 1754 жылы Мамыр су бітімінің алдында Қызай  елі келіп, бекінген  екен дейді. Содан найманның игі жақсылары Әбілмәмбет хан алдына барып, Әбілпейіз сұлтанды «қанаттыға қақтырмаймыз, тұмсықтыға шоқытпаймыз» деп мойындарына бұршақ салып қалап алған, өздері кепіл болған. Бұл оқиғалардың бәрі біздің «Аталықтар әулеті» кітабымызда  баяндалған (Омари, 2012).

Әбілпейіз осы уағадамен алдымен Шұбартауға келіп түскен. Бұл бір жағы Шыңғыстау,  бір жағы Қарақаралы таулы аймағымен астасатын  ғажап қоныс. Осы жердегі  Жорға, Қалмақ Емел баурайы әсіресе жылқы малына жағымды.  Шұбартау елінің  қысқы қонысы Күнгей Саяқ болған, әлі күнге дейін ата-баба   қорымдары  Көк теңіздің жағасында.  Содан  біртіндеп   Шығысқа жылжып отырып   қазақтың көші бір жағы Ертістің, бір жағы Іленің басына дейін жетті. Осы ұлы көштің басында Әбілпейіз сұлтан, оның ақылшы аталықтары мен жауынгер төлеңгіттері, қалың найман мен абақ-керей елі тұр.  Бір өкініштісі,  қазіргі уақытта  Шығыс аймақта Әбілпейізге арналған  ескерткіш түгілі   ең болмағанда бір көше жоқ, қаншама жерде айттым, қаншама мақалада жаздым. «Жартасқа бардым, айғайды салдым, одан да шықты жаңғырық» (Абай).

Балқаштың солтүстік жағасында  Әбілпейіз сұлтанның  хан ордасы болғандығын міне дәлелдедік. Егер жергілікті өлкетанушылар болса  ол жерден Әбілпейіз  ордасының орнын да табуға болады. Былтырғы жылы ғана Шыңғыстауда  Әбілпейіз өзенінің жағасынан сұлтанның  бәйбішесі, Нұралы ханның қызы салғызған «Хан патшайым мешітінің»  орны табылды. Әбілпейіз сұлтанның қысқы ордасы  табылатынына да менің еш күмәнім жоқ. Қайда  біздің алтын іздегіш археологтарымыз мен мәдениет саласында күн-түн демей еңбек жасап жүрген  шенеуніктер?

Күнгей Саяқ тек ХVІІІ ғасырдағы даңқты тарихымен ғана емес, сонымен бірге көне заман жәдігерліктерімен де  белгілі. Бұл жерде тас дәуірінің палеолит кезеңіне қатысты толып жатқан ескерткіштер сақталған. Олардың ішінде көзге ерекше түсетіні тас бетіне салынған ғажайып суреттер. 

Бұл суреттерді кезінде Алан Георгиевич Медоев зерттеді, одан кейін ат ізін салған ғалым болды дегенді естіген жоқпын. Қазақ жанды осы ғалым ағамыз 1960 жылдары Балқаштың солтүстік жағындағы Шұбартау, Шыңғыстау, Жорғаны түгел аралап, жартас галлереяларын зерттеді. Саяқ маңындағы Тораңғы, Семізбұғы ескерткіштері сол кісінің қаламына бірінші ілікті. Егер сіз мүмкіндігіңіз босла А.Г.Медоевтың «Гравюры на скалах» кітап-альбомын қараңыз, ғажаптарға кез болып, таң  қаласыз. Бұл бүгінгі күнгі  көп әдебиеттен  озық тұрған дүние,  бұл біздің 30- 50 мың жыл бұрыңғы тарихымыз. Алан Георгиевич Батыс Еуропаның атақты палеолит живописі (франко-кентрберия) өзінің түп бастауын осы Күнгей Саяқ петроглифтерінен алады дейді. Иә, біздің ата-бабаларымыз ол заманда ұлы көштермен  батысқа да, шығысқа да  барған, өзінің озық мәдениетін  таратқан.

А.Г.Медоев  бұл мәдениетті  «Саяқ мәдениеті» деп  атады және осы  атаумен Сарыарқаның  палеолит сурет өнері ғылыми айналымға енді. Мына бір пікірге қараңыз: «В Сары-Арка (Центральный Казахстан) выявлена замечательная позднепалеолитическая каменная индустрия, получившая название саяк. Поскольку в этом громадном регионе неизвестны другие позднепалеолитические культуры,  изображения ископаемых зверей можно априори считать связанными с саякской традицией. Стиль древнейших гравюр характеризуется органичным сплавом элементов натурализма и схематизма, что в общих чертах присуще наскальному искусству всех последующих периодов».

Біз дәл қазір ертегі әлемімен астасқан палеолит дәуіріне бойлап, бас қатырмай-ақ  қоялық, әзірше   күні кещегі  ерлік заманын, Шоқан «век рыцарства» атайтын кезеңді  түсініп, сол ауыр кезеңде осыншама кең байтаққа, мол байлыққа  ие қылған тұлғаларымызды  қадірлесек  болар еді. Өзге әкім-қара  аяулы азаматтарымыздың  қасиетін білмесе де, төре, аталық, төлеңгіт балалары біледі,  Ә.Бөкейханның   «Әбілмәмбеттің  кенже үйі - қарашаңырағы Шұбартау елінде, Күнгей Саяқта» деген  жазу жақын арада  Көк теңіздің  жағасында тұрады деген  үмітім бар. 

 

Әдебиет:

Бөкейхан Ә. ШЫРАҚ ЕЛДЕСІМІ //Әлихан Бөкейхан және түркі дүниесі / Құраст.: С.Аққұлы – Астана: «Ғылым» баспасы. 2015. – 320 б. 

Медоев А.Г.  Гравюры на скалах. Алматы, «Жалын», 1978.

Артықбаев Ж.О. Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз. Астана, «Алтын кітап», 2012.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?