Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Клара Исабаева: «Картина коллекциялау – ұлы іс»

1510
Клара Исабаева: «Картина коллекциялау – ұлы іс» - e-history.kz

Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы ұсынған Клара мен Дана Исабаевалардың жеке коллекциясынан алынған  «Тәуелсіздік бейнелері» атты көрмесін тамашалау үшін уақытша экспозицияға арналған залға аяқ бастым. Әдетімше әдемі ескі паркеттің сықырын тыңдап келе жатып, көзімді көтеріп картиналарды бір шолып өтпек едім, кинематографиялық вайбымды жарқын-жарқын шыққан дауыс бөлді. Бөлгенімен, бұл мудты бәсеңсітпей, керісінше одан әрі қою, қанық ете түсті. 

Өйткені Стамбулдағы Айя-София мешітінің ақ мұнараларын айнала ұшқан шағалалар бейнеленген картина алдында орта жасқа келсе де, жүзінен әр таймаған әйел адам: «Никогда я не был на Босфоре, Ты меня не спрашивай о нем. Я в твоих глазах увидел море, Полыхающее голубым огнем...» деп жанын бере өлең оқып тұр. Оның қасына үймелеген журналистердің де, өзінің асқан ықыласпен әңгіме өрбітуінен де бұл коллекцияның иесі екені анық еді. Мен де жақын келдім: «Сіз менен «Тәуелсіздік бейнелері» аталған көрмеде тулар мен елтаңбалар, ескерткіштер қайда деп сұрарсыз? Ал мен Сізге әркімнің өз Тәуелсіздігі барын айтар ем. Мысалы Қазақстанның бұл статусын алғаш боп мойындаған мына тұрған (картинаны нұсқап) Түркия еді. Ауызша айтып қана қоймай, еліміздің азаматтарына визасыз режим ұсынды. Ал бұл жаңа дәуірдің бастауы болды. Енді біз тек кітаптардан ғана тамашалаған туындыларды ұлы өнер ордаларынан өз көзімізбен көруге мүмкіндік алдық деген сөз. Маған сол кезде қанат бітті. Мен саяхатшыға айналдым. 

Мысалы сәбет уақытында өскен балалардың есінде Тотықұстың «А вы не были на Гаити» деген сөзі бар шығар. Мен де сол мультфильмді көретінмін, бірақ еркін елдің азаматына айналып, Гаити топырағына аяғым тиіп, тіпті мынадай жергілікті суретшілер туындыларын жинаймын деп ойладым ба?! Міне, Тәуелсіздік деген осы».

- Ал өнер атаулыға деген ықыласыңызды оятқан не?

- Менің өнер кеңістігіне бойлағаныма жарты ғасыр уақыт болды. Оның іргетасы 11 жасымда әпкеме ай сайын келетін ЮНОСТЬ журналын парақтауымнан қаланған. Халима Расулқызының қорындағы өнер туралы мақалалардан Сабыр Мамбеевті көріп қалдым. Адамзаттың ұлы қылқалам шеберлері туралы жазылатын бағанада өзіміздің қазақтың да болуы менің бала санама төңкеріс әкелді. Алғашында маркаларды жинадым, кейін өнер туралы әдемі кітап-журналдарға әуес болдым. Бойжеткен шағым сәбеттің темір қақпасы ашылуымен тұспа-тұс келді. Еркін елдің азаматы ретінде әлем шарладым. Әсіресе, Лувр, Британ музейі, Дрезден сынды аңыз өнер ордаларын араладым. Жақұттарды өз көзіммен көріп, тәнті болдым. Жеке коллекциям болса деген арман жаралды. Әрине, миллиондаған доллар тұратын құнды картиналарды қалта көтермес еді, мен өзіміздің суретшілерді қолдауды жөн көрдім. Африкалық, қытай сынды белгілі бір ұлт, этностарға қатысты сурет өнерінің бағалы екенін білуші едім. Біздің де туындылардың дәуренінің келеріне сендім. Қазақ картиналарын шетелге шығару жолында еңбектенсек, бұл уақыт өзін көп күттірмейді.

Бәлкім 2026 жылға қарай Луврда біздің еліміздің Алтын қазынасына арналған көрме өткізілер. Министрлік деңгейінде шешілетін бұл мәселенің ақыры оңтайлы нәтижеге жеткеніне шын қуаныштымын. Себебі өзбек көршілеріміз мұндай шараны әлдеқашан үлкен абыроймен атқарып шықты.

2022 жылдың қараша айында «Өзбекстан оазистерінің қазыналары. Керуен жолдары торабында» атты көрме Луврда қойылды. 

23 қараша күні Көрмені жұртшылыққа ашар алдында Өзбекстан мен Франция президенттері Шавкат Мирзиеев пен Эммануэль Макрон тамашалап шықты. Жыл сайын 10 миллион турист келетін әлемдегі ең үлкен өнер мұражайларының біріндегі көрме 2023 жылдың 6 наурызына дейін жалғасты. Көрме қазіргі Өзбекстанның оңтүстік бөлігі арқылы өткен Ұлы Жібек жолының тарихынан сыр шертетін алғашқы жоба еді. Біз де жуырда осындай шараның көзайымы боламыз деген сенімдемін. 

- Сіздің жеке қорыңыздағы туындылар қай кезеңдерді қамтиды?

- Коллекция ХХ ғасырдың 90-жылдары және екі мыңыншы жылдардың басында қалыптасты. Бұл тәуелсіз Қазақ мемлекеті мен Тәуелсіз Қазақстан өнерінің қалыптасу және құрылу кезеңі. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері, Кеңестік Қазақстан өнері, социалистік реализм, орыс және еуропалық реалистік дәстүрлер, заманауи өнер – контемпорари арт тәуелсіз Қазақстан өнерінің негізі мен алғышарты болды. Бірақ Тәуелсіз Қазақстан өнерінің ең жарқын ерекшеліктерінің бірі суретшілердің өзінің өткен тарихына, еліміздің ежелгі және жуырда өткен тарихына, мыңжылдықтардың тереңіне және ХХ ғасырдың драмалық оқиғаларына деген зор қызығушылығымен көрініс тапқан ұлттық сана-сезімнің оянуы болды. Тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында қазақстандық музейлерінде өнер туындыларын сатып алуға бөлінетін мемлекеттік қаржыландыру қысқарды, сондықтан бұл кезең көптеген өнертанушылардың мойындауы бойынша музейлерде өнер туындылары өте аз ұсынылған.

- Жұртшылық назарына ұсынып отырған осы топтамада өзіңіз үшін бағалы экземплярлар бар ма?

- Әрине, мысалы «Отырар керамикасы» картинасы мен үшін аса бағалы. Ол бізді Ұлы Жібек Жолына, Орта ғасырларға әкетеді. Суретші қазақ жерінің құрлықтар тоғысында гүлденген шағын шебер жеткізген. Материалдық, ғылыми ғана емес, сондай-ақ рухани алмасудың орталығы болғанын көрсетеді. Аркадий Горбатов бұл кесе, ыдыстардың бәрін өз көзімен көрген, археологиялық қазбаларға қатысқан. Қазір мұның бәрі Ұлттық музейде сақтаулы тұр. 50 жылдық тарихы бар аса құнды туынды, бірнеше жылдан кейін оны шекарадан шығару мүмкін болмайды, себебі заңнама бойынша жарты ғасырлық жасы бар өнер жақұтының өзге елге көшірілуіне тыйым салынған. Жеке мұрағаттан болса да, солай. Бірақ заңның өзгеруіне сенеміз. Мынадай ұлы туындыларды әлем жұртшылығы көріп, қазақ өнеріне бойласа деймін. 

 

- Коллекцияңызды тағы да қандай туындылармен толықтырғыңыз келеді, мазаңызды алып, ұйқыңызды қашырып «ғашық еткендері» бар ма?

- Әрине, қазір Шамиль Гулиевтің «Алтын адамын» армандаймын. Серік Альжановтың «1986 жыл» атты жаңа картинасын да ойлап жүрмін. Онда қараңғылықты прожектор жарығы ғана бөліп тұрған алаңда жастардың сұлбасы бейнеленген.

 

- Бұл көрмеде қызыңыздың жеке қорынан алынған картиналар да бар...

- Иә, мына секілді Сан-Франциско, Венеция, Нью-Йорк көріністері оның мұрағатынан. Қызым саяхаттағанды жақсы көреді. Сүйікті қалаларының көріністері бейнеленген картиналарды барған жерінен де, қазақ суретшілердің шеберханаларынан да алады. Мысалы оны Гүлжамал Тагенованың еуропалық пейзаждары – Венеция көріністері, Чех сарайлары, Венаның ерекше үйлері қызықтырады. Сан-Францискода, АҚШ-та оған суретші Карлос Кузьманың қаланың аңызға айналған көрікті жерлерін бейнелеген акварельдері үлкен әсер қалдырды, ол Нью-Йорктен және Майамиден графикалық суреттер әкелді. Қазақстандық суретшілердің арасында оған көрмеге қойылған апалы-сіңлі ГаБоның кескіндеме жұмыстары қатты әсер қалдырды.

- Тағы қай туындыларды айрықша атап өтер едіңіз, бәлкім өзіңіз де кезіндегі өнер бағалаушылары іспетті арнайытапсырыспен де салғызатын шығарсыз?

- Менің ұсынысыммен салынған Нелли Бубенің «Даланың еркелері» атты топтық портрет киіз үйдің ішіндегі жастық шақтың бейқамкөрінісі мен қуаныш сезімін бейнелейді. Суретші қазақ қызының алуан түсті әлемін көптеген көмекші ұлттық элементтер арқылы – әйелдердің әшекей бұйымдарымен және ру таңбаларымен, ыдыс-аяқпен: қазан, саптаяқ, үккіш, қоржынмен, сандықпен, көрпелермен және дастарханмен безендірі отырып шебер жеткізді.

Бейсебек Ақанаевтың «Петроглифтер әуені» (2001) атты шығармасы және «Қымыз құятын ыдыстардың жиынтығы» (2004) атты натюрморты біздің тарихымыздың маңызды кезеңдерін бейнелейді – жартастарда өзінің тамаша суреттерін қалдырған алғашқы қазақстандық суретші өмір сүріп, туындыларды жаратқан. Осы жартастағы суреттерден біздің кескіндемеміз, өнеріміз бастау алады. Бейсебек ежелгі петроглифтерді бейнелеу арқылы біздің жеріміз байырғы замандардан бері дарында тұлғаларға бай екенін көрсете білді. Суреттің ортасында аты аңызға айналған музыкалық аспап – қобыз тұр. Оны жасаушы – бірнеше түркі халықтарының – қазақтардың, түрікмендердің, әзірбайжандардың, түріктердің бабасы, Сыр-Дарья даласынан шыққан X ғасырдың музыканты және сазгері Қорқыт ата. Ішектері жылқы жалынан жасалған аспаптың ерекше дыбысы бар, аңыз бойынша ол Қорқыт атаға келген өлімді де қорқытқан. Дала болмысының ең айқын көрінісі, қобыз көптеген қасиетті мағыналарға ие – бұл көшпендінің жан дүниесінің және қазақ музыкасының символы, виолончель мен скрипканың түп атасы, ата-бабаларымыздың өсиеті және біздің мәдениетіміздің ежелгі дәуірінің дәлелі. Бұл ғажап жұмысқа қарап, біз ғасырлар бойы бізге жеткен ата-бабаларымыздың әуендері мен олардың ғибрат сөздерін естігендей боламыз.

 

- Сөзсіз әсерлі топтама, өнерге ынтық кез келген жан қызыға-қызғана қарарлық ғажап коллекция. Ал оны көрмеге қойып, көпшілікпен бөлісуіңіздің сыры неде?

- «Сурет оны өзгелер тамашалаған кезде өмір сүреді». Мен осы сөздің жаны бар дер едім. Сұлулықпен бөлісу керек, оны көрген адамның жанары арқылы бар әлемге тарату керек. Әсіресе, мынадай заманда біздік рух көркемдікке зәру. Сол құмарын қандырса дедім. 

P.S. Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Клара мен Дана Исабаевалардың жеке коллекциясынан алынған «Тәуелсіздік бейнелері» атты көрме 2023 жылдың 15 маусымында ашылды. Экспозицияны шілде айының 10-на дейін тамашалай аласыздар.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?