Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың ен салу және малға қатысты салт-дәстүрлік ұғымдары

5118
Қазақтың ен салу және малға қатысты салт-дәстүрлік ұғымдары - e-history.kz

Қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлері мен ырым-жоралғылары  ұмыт болып барады.  Әсіресе қазіргі жастар біле бермейтін дүниелер көп. Бүгін біз солардың біразын тоқталғалы отымыз.

Ен салу 

Қазақ малдың меншіктілік белгісін білдіру үшін төрт түлік малдың құлағын тіліп немесе ойып арнайы белгі салады. Бұл ен-таңба деп аталған. Ұсақ малға ен салынып, ірі қараға көбіне таңба басылған. Бұл малын табу, жоғалып, басқа малдармен араласып кетпеу үшін жасалатын амал болған.

Таңба ретінде «босаға», «екі әліп», «ергенек», «бақан», «тұмар», «бөрі құлақ» секілді бұрынғы рулық белгілер қойылған. Кейінгі кезде цифр таңбалар да қойылып жүр.

Ен түрлері

 Ұсақ малдың ен-таңбасы мынадай болып келеді:

Құмырсқа ен

Қозының немесе лақтың оң немесе сол құлағын ұзынынан бүктеп тұрып шетін дөңгелектеп ойып алса, бүтін құлақ құмырысқа бел болып шыға келеді. Мұны қазақ «Құмырысқа ен» деп атаған.

Ойық ен

Құлақтың оң жақ немесе сол жақ шетінен ойып алған ен «ойық ен» деп аталады. Оң құлақтың арты ойық болса, «Оң жақ артынан ойық» деп, сол құлақтың арты ойық болса, «сол жақ артынан ойық» деп аталады. Егер сол мал жоғалып, Іздеу қажет болса, осындай ен-таңбасы арқылы табады.

Тілік ен

Он немесе сол құлақтың ұшын ұзынынан тіліп салынған ен «тілік ен» деп аталады.

Қиык ен

Құлақтың оң жақ немесе сол жақ шетінен қиып салынған ен «қиық ен» делінеді.

Кесік ен

Оң немесе сол құлақтың ұшынан көлденеңінен шорт кесіліп салынған ен «кесік ен» деп аталады.

Тесік ен

Сол немесе оң құлақтың ортасын тесіп салған ен «тесік ен» деп аталады.

Сыдырма ен

Оң немесе сол құлақтың алдынан немесе артынан сыдырып кесіп алған ен «сыдырма ен» деп аталады.

Сол сияқты «қос тілік», «қос құмырысқа», «қос сыдырма», «қос ойық», «қос тесік», «қос түймешік», «ойық тілік», «қос кесік», «бір жағы тілік», «бір жағы ойық», «бір жағы сыдырма», «бір жағы құмырысқа бел» деп келетін ен салудың сан алуан түрі бар.

Әдетте, бір шаңырақтан тараған ұрпақтардың ені бір-біріне жақындау келеді. Қазақта ен салып, енші беріп бөлек отау шығару үлкен салтанат болып есептелінеді. Ірі қараларға да осы сияқты ен салынып, таңба басылады. «Халық ішінде малға (төлге) ен салатын шеберлер болады. Енді өткір ұстарамен салады. Малды қинамай, бір жолдың өзінде-ақ орындап шығу шарт етіледі. Ырым бойынша ен салған кездегі құлақтан шыққан қиындыларды құмырсқаның илеуіне тастайды. Мұнысы «малымыз құмырсқадай көп болса екен!» деген ізгі тілектен пайда болған», -  деп жазады белгілі этнограф Зейнолла Сәнік.

Мал шаруашылығына қатысты ұмыт бола бастаған көне ұғымдар

Сауын мал - сүті үшін сауылатын саулық қой, саулық ешкі, саулық сиырға қаратылған жалпы атау. Бұрынғы кезде дәулетті адамдар өзін жағаттап келіп, ауылынан қоныс алған кедейлерге 5-10 ұсақ, бірер бұзаулы сиыр сауын мал беріп жан бағуға көмектесетін болған. Бұл сауын мал беру деп аталған.

Қоренді мал

Төлiн емізуге салмай-ақ қолға иіп беретін сүтті сауын малын «қоренді мал» дейді.

Қожырау

Уақыты толмай жатып, өз төлiнен өзі жеріп, емізуге пейіл көрсетпеген, сол себепті сүті тартылып кеткен малды «қожырады» деп атаған екен.

Шу асау - Мініске, жегуге көндіктірілмеген жылқы, түйе, сиыр түліктерін осылай атайды.

Ию

Сауын малдың сауған кезде пейілденіп, сүтін толық беруін «ию», «июі» дейді. Кейбір мал қолға да иіп береді. Негізінен сауын мал төлін әкеліп емізгеннен кейін ғана ийді. Сауыншылар осы кезде малдың төлін тартып әкетіп, сүтті сауып алады.

Иісіну

Бар пейілімен сүтін иіп беріп тұрған сауын мал әлденеден үріксе немесе сауып тұрған адамның жәбірлеуіне ұшыраса, дереу сүтін бойына тартып алып, кырсығып сүт бермей қоюын «иісіну» деп атайды. Адамға әдейі иісініп, сүтін төліне ғана беретін малдар да болады. Мұндай малды «иісінгіш» дейді.

Көлік - жұмысқа пайдалануға жарайтын ат, өгіз, атандар осылай аталады.

Керік - салт мінілетін, жұмысқа салынатын мал.

Көтерем 

Қыс бойы арықтап, әбден кетеуі кеткен малдың көктемде, яғни жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген қара өзек шағына жеткенде жатқан орнынан тұра алмай немесе сүйемелдеп, көтермелеп әрең тұрғызатын халге түсуін «көтерем» дейді. Мұндай «көкбақа» аталатын малдың жілігінде май болмайды, су татиды. «Қазақтың «Мына малың союға жарай ма, жiлiгi тати ма» деп жататыны осыған каратылып айтылған», - делінеді З.Сәніктің еңбегінде.

Шайлау

Жаз бойы жақсы семірген мал, әсіресе қошқар, еркек қой, еркек тоқтылар күзге таяу семіздігін көтере алмай жатып қалады. Тегене құйрық тоқтылар құйрығын көтере алмай, сүйемелмен әрең тұратын дәрежеге жеткенін «шайлау» деп атайды. З.Сәніктің жазуынша, шайлаған еркек тоқтылардың еңістен түскенде құйрығы алып қашып, содан белі үзіліп, өлу оқиғалары да болады екен.

Шүйелмелі болу

Буаз мал қыстан арықтап, жеріне жетіп кететін болса, көктемде төлдей алмай жатып қалады. Кейде төлдей алмай, өліп кетеді, бұл әсіресе ұсақ малда көп кездеседі. Мұндай малды қазақ «шүйелмелі болып қалыпты» деп жатады.

Төлтума

Адамдар өз қолынан тудырған малды «төлтума» немесе «қолтума» деп атайды.

Үйездеу

Жылқы немесе қой түлігінің жаздың шіліңгір күнінде бір жерге топталып, біріне-бірінің көлеңкелеуі осылай аталады.

Косақтау

Жаз күндері қой, ешкі түліктерін сауғанда біріне-бірін тізіп байлап тастап, қосақтап сауады да, содан соң ғана төлiне жамыратады. Сырттан, басқа өңірден келген ірі қара малдың тобына үйірлеспегенін кейде қолтума малға қосақтап қойып, үйірге көндіреді.

Үрпінді сауын

Малдан алғаш рет үрпи сауып алынған сүт «үрпінді сүт» деп аталады.

Жебінді сауын

Малға төлін салып, идіріп алғаннан кейін жебе сауып алған сүт «жебінді» деп аталады.

Күйсеу

Сиыр, қой, ешкі сияқты күйіс қайтаратын малдар күндізгі жеген шөбін жалбыршақ қарынға сақтап, кеште мал күйiске енген шақта қайтадан кекіріп аузына әкеліп, сонысын ұсақтап шайнауын «күйсеу» немесе «күйіс қайтару» дейді.

Оқыралау

Жаз күндері «оқыра қоңыз» деп аталатын ала қоңыз сиырдың жотасына келіп қонып, өзінің тұмсығындағы өткір бізін шаншып алады. Сол жеріне құрт түссе, ол ісініп, сиыр түлігінің жотасына бауырсақтай домалақ ісіктер пайда болады. Осының зардабынан шошыған сиырлар жаз күндері оқыра қоңыз маңайлап келсе болғаны, еш нәрсеге қарамай, жан-жаққа тым-тырақай қашады. «Оқыра тиген сиырдай» деген сөз содан айтылады.

Бүгелектеу

Жаз күндері сиырға оқыра тигенде жылқыны «бүгелек» деп аталатын қара қоңыз мазалайды. Бүгелек келгенде жылқы да ес-ақылы қалмай, пана іздеп қашады.

Кісінеу

Жылқы түлігі бірін-бірі іздегенде, айғыр үйірін іздегенде шығаратын қатқыл дауысты «кісінеу» дейді. «Айғырша арқырады» деген сөз де осыған қаратылған.

Оқырану Айғырлар үйірге түскенде, биеге шапқанда білдіретін белгі осылай аталады.

Сүзісу

Сиыр, қой, ешкі түліктері бір нәрсеге таласқанда, өштескенде өзара сүзісіп, наразылықтарын білдіреді. Мұндайда мықтылары жеңіп шығады. Жылқы әсіресе айғырлары үйірге түскенде шайнасып барып, мықтысы жеңіп шығады.

Қасынысу

Бір үйірдегі жылқылардың өзара қасынысуы – татулықты, тебісуі ренішті білдіреді. Ұзақ жыл көрiспеген үйірлі жылқылар оқыранып барып, бірін-бірі иісінен таниды.

Шұрқырау

Ұзақ мезгіл бірі-біріне қосылмай сағынысып табысқан жылқылар алғаш табысқанда шұрқырасып, мекіренісіп жатады. Бұл сөздің ауыспалы мағынасы сағынысқан адамдардың алғаш рет жүздескен кездегі амансәлем жасауында да айтылады.

Ескерту – материалға белгілі белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің еңбектері пайдаланылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?