Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кеңес Одағының батыры Ж. Нұрлыбаев өмірін зерттеуші

2808
 Кеңес Одағының батыры Ж. Нұрлыбаев өмірін зерттеуші - e-history.kz
Жолдыбай Нұрлыбаев 1922 жылы дүниеге келген. 1945 жылы Лукац-Крейц қаласы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

Батыр өмірін зерттеуші МолдабековСейдулла, зейнеткер, 1934 жылы дүниеге келген. Ж. Нұрлыбаев атындағы орта мектебінің директоры болып қызмет істеген. Жерлесі, Мақтаарал ауданы «Өнімкер» колхозында туылған, Кеңес Одағының батыры ЖолдыбайНурлыбаевтын өмірбаянын зерттеуде.

 Молдабеков Сейдолла-ағаның Кеңес Одағының батыры

Ж. Нұрлыбаев туралы әңгімесі.

Жолдыбай Нұрлыбаевтың туып өскен жері – 1930 жылы іргесі қаланған «Өнімкер» колхозы. 

- Мен 1970-ші жылдары газетте Жолдыбай Нұрлыбаев мақала шыққан соң ауыл қарты Тастан Текеевпен батыр өмірі жайлы әңгімелестім. «Мен Жолдыбайдың әкесі Нұрлыбаймен қатар өстім», – деп қария сөзін бастады. «Нұрлыбай екеуміз ауыл дихандары үшін құрал-саймандар, аттың ертоқымын жасайтын ұста едік. Нұрлыбайдың перзенті жоқ еді. Ол қашан перзент көремін деп үнемі асыға күтетін.

Бір күні Нұрлыбай екеуміз күнделікті кәсібімізді дөңгелетіп отыр едік. Бір әйел асыға жүгіріп келді, қуанышы қойнына сияр емес. «Нұрлыбай, сүйінші, сүйінші, сәбилі болдың! Ұл!». Оны есіткен соң біздің қуанышымызға шек болған жоқ. Нұрлыбайдың жүрегі жарыла жаздап қуанды. Бұл 1922 жылдың көктемнің бір күні болатын. Екеуміз қуанғанымыздан үйіне бірге бардық. Нұрлыбай мені жібермей: «Сәбидің есімін Жолдыбай деп қоямын», – деді.

«Болар бала бес жасынан», – деп халқымыз айтқандай, Жолдыбай жасынан-ақ пысық, алғыр, әрі жұмысқа ұқыпты қарайтын, тіл алғыш бала болып өсті. Ол «Өнімкер» колхозындағы жеті жылдық мектепті, кейін «Бірлік» орта мектебін үздік бағамен бітірді. Жолдыбайды ағайыны Мәміш Бекботаев (ол уақытта колхоз бастығы еді) 1939 жылы Алматы қаласындағы мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курсқа түсіреді. Оны 1939 жылы бітіреді. 1939–1941 жылдары (Ленин колхозы) «Земля и труд» колхозындағы Қызылабад орта мектебінде мұғалім болып қызмет етеді. 1941 жылы Алматы қаласындағы Киров атындағы университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. 1941 жылы желтоқсан айында Алматы қалалық әскери комиссариаты арқылы өз еркімен майданға аттанады.

Жолдыбай соғыста батарея командиріне дейін көтеріліп, капитан шенін алады. Ж. Нұрлыбаев Ұлы Отан соғысында Сталинград, 3-ші Оңтүстік, 4-ші Украина, 1-ші Белоруссия сияқты соғыс майдандарында шайқасқа қатысады. Висла-Одер шайқасында дайындық кезінде 1-ші Белоруссия майданының құрамындағы генерал Николай Эрастович Берзаринның (Берлинның тұңғыш коменданты) басқаруындағы 5-екпінді армияның жауынгерлері ерекше көзге түсті. Магнушевский әскери алаңының қорғаныс шенін бұзып өтіп, 1945 жылдың 14-қантарында елеулі табыстарға жетті.

19 қаңтар күні Скорневица, Варшава-Познань елді мекендері, 2000-нан астам фашистер жайғасқан елді мекендері, Кола қаласы 7-сағаттық соғыстан кейін азат етіліп, Варта өзеніне өтетін жол ашылды. 21 қаңтар күні 2-гвардиялық танк армиясының жау қарсылығын ерлікпен бұзып өтіп, Несе өзені арқылы Германияның шекарасына басып кіреді. Міне, осы шайқастарда № 507 танкіге қарсы оқ ататын артиллерия полкінің жауынгерлері немістердің тоғызыншы шабуылына тойтарыс берді. Мұнда Нұрлыбаевтың батареясы ерекше көзге түсті. Одер өзенінен өту үшін болған ұрыстардан 5-екпінді армия шайқастың 18-ші күні 570 километр жерді азат етті.

Гитлершілерді өкшелей қуып, Висладан Одер өзеніне дейінгі аралықтағы немістердің жеті тосқауылының бірде-біреуінде аяқ тіретпей қуып тастайды. Батарея командирі П.И. Никулин, кіші сержант Т. Казаков және сержант И.А. Кутиновтар жаудың осы әскери қорғаныстарын қиратуда нағыз  патриотизмді танытты. Соңғы снарядтары қалғанша фашистермен шайқасып, ерлікпен Отан үшін жандарын құрбан етті.

Жолдыбайдың соғыста армия қатарына бірге қызмет еткен өмірінің соңына дейінгі жолдасы, казіргі отставкадағы капитан Ростов-Дон облысы, Белая Колитва қаласы, Комсомол поселкесінде тұратын Симонов Алексей Парфенович өз күнделігінде былай деп жазады: « ...1945 жылғы 31 қаңтар күні еді, әдеттегідей жау шабуылға шықты. Бұл Лукен Крейц қаласының іргесіндегі шайқаста Нұрлыбаев батареясы жаудың миномет батареясын талқандап, қолма-қол шайқаста елуден астам гитлершілердің көзін жойды. Сондай-ақ гитлершілердің ауыр машиналары мен танкілері біздің батарея орналасқан жерге жақындап қалды, сол кезде Жолдыбай екі қолына екі граната алып, жау танкесіне қарай ұмтыла жүгірді. Біреуін от құшағына орандырды да екіншісіне граната лақтыра бергенде өзі де жау оғынан құлап түсті». Жолдыбайдың ұрыс майданындағы көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін 5 – УД армия командирі генерал-майор Косенко 1945 жылғы 7 ақпан күні қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры деген ең жоғарғы атаққа лайықты деп бірінші рет ұсынды. Армия соғыс Кеңесінің қорытындысы оны Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты деп шешім қабылдады.

- Мен 1970 жылы Москва облысы Подольск қаласындағы СССР қорғаныс министрлігінің архивіне жазып, Батыр туралы хабарлама сұрадым, ол туралы құжаттар мен  Жолдыбайдың жұбайы Прудникова Екатерина Артемовна мен ұлы Георгий Жолдыбайұлы Нұрлыбаев туралы мәлімет алдым. Ағамыз сұрапыл соғыста жүріп, дәрігер қызға үйленіп, одан бір ұл қалғанын білдік. 1970 жылы қыркүйек айында Прудникова Екатерина Артемовна мен ұлы Георгий Жолдыбаевич Нұрлыбаевты хат жазып шақырдық. Олар Мақтаарал, Киров ауданында 20 күн болды. Жолдыбай туып өскен, кіндік қаны тамған жерде болып қайтты. Екатерина: «Мен Жолдыбайдың мұндай туыстары барын білмедім, ол жетіммін деген еді. Мұндай туыстарын білгенде осында келер едім», – дегенді айтты. Ұлы Георгий Жолдыбаевичке ата жұртқа кел деп өтіндік. 1972 жылы Алматыға  келді, қазақ қызына ағайындар ұйымдасып үйлендірді. Қазір Георгийдің Айдар, Дидар деген екі баласы бар.

1a353512144e25beff332be7c2c304ef.jpg

Кеңес Одағының Батыры Ж. Нұрлыбаев атындағы мектебінің директоры С. Молдабеков пен Батырдың жесірі Е.А. Прудникова.

1970 жылы 16 желтоқсан күнгі Мақтаарал аудандық атқару комитетінің шешімімен «Қазақстанның 30-жылдығы» орта мектебіне Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаевтың есімі берілді. Мектеп дирекциясы оқушылармен 2-күндік сенбілік ұйымдастырылып, 1972 жылы Жолдыбайға мектепте мүсін орнатылды.

a6644cebdb3cfdbbfae3d4f82a3d21ab.jpg

1972 ж. орнатылған Батыр Ж. Нұрлыбаевтың мүсіні.

1975 жылы совхоз жұмысшылар кооперациясына Ж. Нұрлыбаев есімі берілді. Сол жылы «Славян» совхозының селолық амбулаториясына да Жолдыбай Нұрлыбаев есімі берілді. Республика Үкіметінің 1991 жылғы 24 маусымдағы № 394 қаулысымен «Славян» совхозына Жолдыбай Нұрлыбаев есімі берілді. Қазіргі уақытта ауылдық әкімшілік Жолдыбай Нұрлыбаев есімімен аталады. Ауыл әкімшілігінің Кеңсесі алдына 1995 жылы мүсіні орнатылды.

Иә, жылдар өтер, бірақ Батыр есімі мәңгі ұмытылмайды. Ұрпақтың жанына өршіл рух беріп, мәңгі жасай береді деп сенеміз, – деп қорытындылады Кеңес Одағының Батыры Ж. Нұрлыбаевтың өмірін зерттеуші Момбеков Сейдулла-аға.

03bbc853279e8190baa88b33c9b831c7.jpg

Батырдың ұлы Г.Ж. Нұрлыбаев ұлдары және немересімен

ff7a1b7d900e4e1bbf4e7c7097f22f49.jpg

Лукац-Крейц қаласындағы (Польша) Кеңес Одағының Батыры Ж. Нұрлыбаевтың ескерткіші.

056cacd0313954c5bd154c8930bdba87.jpg

Лукац Крейц қаласында (Польша) жерленген қазақ батырларының аруақтарына Құран бағыштау.

Г.Ү. Орынбаева, т.ғ.к., Этнология бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?