Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әбсаттар қажы Дербісәлі: Отырардан отыз Фараби шыққан

2520
Әбсаттар қажы Дербісәлі: Отырардан отыз Фараби шыққан - e-history.kz

Сіз кәсіби шығыстанушы, араб тілінің маманы ретінде Фараби мұрасына қандай баға бересіз? 

Біріншіден айтар болсам Әл Фараби Отырардан шыққан жалғыз ғалым емес. Зерттей келе Отырар шаһарынан отыздан астам ғалым шыққанын таптым. Ғалымдар арасында мерзімдік жағынан алып қарайтын болсақ, 870 – 950 жылдары өмір сүрген Әл Фараби бірінші болып тұр. Әл Фараби мұсылман діні пайда болысымен бір-екі ғасырдан соң дүниеге келген. ХІ – ХІІ ғасырлардан бастап ары қарай Әл Фарабилер үзілмеген. Бұл үрдіс ХVI ғасырға дейін жалғасқан. Отырар қаласы Фараб деп аталып, шаһардан шыққан ғалымдар өздеріне Фараби есімін қосқан. Зерттей келе мен ұлы ойшылдан үш жылдан кейін өмір сүрген Әл Фараби ат Түркістани әл Иқани деген кісінің шығармасын тауып, трактаттарын араб тілінен қазақшаға аудардым. Бұл жайында монографиям жарық көрді. Қазір бұл мәліметтерді ҚазҰУ ректорына табыстамақпын. Өткен ғасырдың 60 – 80 жылдары Әбу Насыр  Әл Фарабидың жеті-сегіз трактаты жарық көрсе біз, «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында Түркия кітапханаларынан оның жетпіс сегізге жуық трактатын алып келдік. Сегіз трактаты осыған дейін жарық көрсе оның жетпіске жуық шығармасы шаң басып белгісіз болып келген.

Сіз аталған мәліметтердің электрондық нұсқаларын «Қазақстан тарихы» порталына оқырмандар қолданысына бере аласыз ба?

Әлбетте. Сіздер біздің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына келіңіздер, әрмен қарай ақылдаса отырып, бірігіп жұмыс жасайтын боламыз.Институтқа келіңіздер, сосын біріге отырып әрмен қарай жұмыс жасайық.

Келесі сауалға көшсек, Әл Фарабидың шығу тегі мен ұлтына қатысты біраз ғылыми пікірталастар туындаған болатын. Көршілес өзбек ғалымдары ұлты өзбек деген тұжырымдама ұсынды? Сіздің ғылыми пікіріңіз қандай?

Жақсы адамға әрқашанда талас болады. Кезінде Мәскеудегі КСРО ҒА Шығыстану институтын ұлты тәжік академик Б.Г.Гафуров дейтін кісі ұзақ жылдар басқарды. Жетпісінші жылдары Әл Фарабиды танып біле бастаған кезден бастап, ғалым еңбектері өзбектің де, тәжіктің де әдебиеттерінде жарық көре бастады. Ал Әл Фараби тегіне қатысты сұрақтың нүктесін Б.Гафуров қойды. Әл Фарабидың «Философиялық трактаттары» жарық көрген кезде ол кісі алғы сөзді «Әл Фараби түркі текті ғалым. Ол Қазақстандағы Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Отырар қаласынан шыққан тұлға» деп жазды. Қазақ жерінен шыққан деген сөздің өзі біраз нәрсені айғақтап тұр емес пе?

Қорытынды сауалымызға көшсек, «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бадарламасы бойынша сіз басқаратын Шығыстану институты Әл Фараби мұрасы бойынша қандай іс-шаралар атқаруда?

Шығыстану институтының жанынан ақпарат орталығы құрылды. Орталық жоспарлар жасап, Фараби атанған барлық ғалымдарды зерттеу үстінде. Жалпы Әл Фараби ғылымның барлық саласын қамтыған тұлға. Сондықтан да ҚазҰУ ғалым есімі беріліп отыр. Қалған Әл Фарабилер тек қана бір ғылым саласымен айналысқан. Мен тапқан екінші Әл Фараби Әбу Насырдан кейінгі атақты ғалым болған. Оның кітаптарының бір парасы АҚШ Принстон университетінде басылып шықты. Зерттей келсек, басқа да белгісіз Әл Фарабилерді көптеп кездестіруге болады. Қорғас ауданының солтүстік - шығысында Алмалық деген қала болған. Сол қаланың тумасы Жамал Қаршы(моңғол тілінен аударғанда – патша сарайы деген сөз) деген кісі ХІ ғасырда өмір сүрген Әл Фарабидың 7 том еңбегін парсы тіліне аударған. 700 бет кітап етіп бастырған, бұл еңбек бертін келе Бейрутте жарық көрді. Аталған еңбекті Каирден тауып келдім, қазіргі кезде бұл мендегі жеке кітапханада тұр. Бабамыздың өзі араб тілінде жазған. Ендігі міндет осы еңбектерді ары қарай зерттеу.

Сұхбатыңызға рахмет!

Олжас БЕРКІНБАЕВ

"Қазақстан тарихы" Интернет-порталының тілшісі 


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?