Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтанмахмұт өмірінің Семейдегі кезеңі

2768
Сұлтанмахмұт өмірінің Семейдегі кезеңі - e-history.kz
Халқымыздың ардақты перзенті, жалынды ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қысқа ғұмырында Семей жерінің алатын орны ерекше.

Сұлтанмахмұттың Семейге алғаш келуі 1914 жылдың күзінде болғаны белгілі. Бұл ақынның Троицкіде білім алған, сонымен қатар «Айқапта» қызмет жасап, қоғам өміріне алғашқы кең араласуынан кейінгі кезең еді.

  Сұлтанмахмұттың 1914 жылғы күздегі Семейде болған уақытына қатысты аса көп дерек жоқ десе де болады. Бірақ та, осы келуі оның оқиғаларға толы қысқа өміріндегі ерекше кезеңінің басы болатын.

  Семейде жүргенде Сұлтанмахмұттың жағдайы аса мәз болмағанын аңлауға болады. Ең бастысы, тиісті қолайлы жұмыстың кездеспеуінде болған. Осындай жағдайда жүргенде ол, Өр Алтайдағы қаратай елінен келген Әбдікәрім Ережепов болыспен танысады. Әбдікәрімнің Семейге келуіне себеп болған оның еліндегі Шыңғыстай деген жерде өз қаржысына қарағайдан қиғызып, сол заманғы мектеп салғызуында жатты. Бұл мектеп жергілікті өкімет орындары тарапынан да қолдау тапқан. Мектеп екі классты қазақ-орыс мектебі болып ашылған. Әбдікәрім болыс Шыңғыстай мектебінің оқытушыларын да өз қаражатымен ұстаған. Бұл бүгінгі күннің тілімен айтсақ, халықтың білімін көтеруді қажет деп түсініп, шын жүректен жасалған көмек – меценаттық болады.

  Әбдікәрім Ережепов Семейде Сұлтанмахмұтпен танысып, оған өзі салдырған мектепке мұғалім болып баруды ұсынады. Бұл ұсынысты Сұлтанмахмұттың қабыл алмауына мүмкіндігі болмайды. Сөйтіп, оның бүгінгі Қатон-Қарағай жеріндегі ұстаздық қызметі басталады. Сұлтанмахмұт сияқты ой-өіріс кең, білімді жас жігіт маңайындағы ортаға да жақсы әсер ете біледі. Оны білетіндердің айтуынша, Сұлтанмахмұттың маңайына жастар үйір болады. Осындай бір күндерде ол Әбдікәрімнің бойжеткен қызы Бағиламен танысады. Екі жастың арасында біраздан кейін өзара түсіністік орнап, ол үлкен сүйіспеншілікке ұласады. Екі жастың арасындағы қарым-қатынасты ел де біледі, Әбдікәрім де байқайды. Әбдікәрім болыс балаларына сол заманғы білім бере білген, ел баласының да қамын көксеген озық ойлы адам бола тұрса да, ертеден келе жатқан атастыру сияқты әдеттен аттап кете алмайды. Ол оқиғаның арты ұшықпасын деген оймен, қызы Бағиланы айттырылып қойған жеріне, қыс ішінде Шүй жаққа ұзатып жібереді. Бұл жағдай жаны нәзік, намысшыл Сұлтанмахмұтқа ауыр соққы болып тиеді. Ол жаны күйзеле жүрсе де оқу жылын аяқтауға тырысады. Осы оқиғадан кейін ол, өзінің атақты «Кім жазықты» романын жазады. Оның негізінде өз басының трагедиясы жатқанын білеміз. 

Қазақстандағы мектептердің алғашқыларының қатарына жататын Шыңғыстайда ашылған осы мектепке бүгіндері 96 жыл толып отыр. Шыңғыстай мектебін небір тамаша азаматтар тәмәмдаған. Олардың қатарында қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, профессор Сәрсен Аманжолов, КСРО Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев, жазушылар Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Дидахмет Әшімханов сияқты халқына еңбектері сіңген азаматтардың тұрғанын айтуымыз қажет.

Сұлтанмахмұт келесі, 1915 жылы көктемде Зайсан қаласына келеді. Мұнда оны досы Мәулет Шамсудинов қарсы алады. Сұлтанмахмұт өмірінің Зайсандағы кезеңі де зерттеуге, үңілуге тұрарлық. Мұнда ол, негізінен бәйжігіттер мекендейтін Терісайрық болысында бала оқытады. Терісайрықтың жері бұрынғы Ақсуат және Тарбағатай ауданындарының бірігуінен құрылған бүгінгі Тарбағатайға кіреді. Осында жүргенде ол, Алаштың көрнекті қайраткерлері Ақсуаттан шыққан Бияхмет Сарсеновпен, Ережеп Итбаевпен және т.б. ел азаматтарымен танысып, етене жақын болады. Терісайрықта жүргенде ол, ерекше қызық адам, асқан шежіреші, ескіден мол хабары бар Құрбан қажымен танысады. Балаларды 1914-1916 жылдары осы Құрбан қажының ауылында оқытады. Сұлтанмахмұттың мерзімді баспасөздің бетінде жарияланған «Ескі сөз», «Ақнайман Ойсынбай», «Жалаңаш баба», «Елден», «Усть-Каменогорск уезден» және т.б. мақалаларының дені Құрбан қажыдан естігендері болған[1; 129-189]. Сөйтіп жүргенде, патшаның 1916 жылғы қазақтан әскер алуы туралы жарлығы шығады. Ел ішінде дүрбелең басталады. Сұлтанмахмұттың өз тілімен айтқандағыдай «бала оқытудың мәнісі кетеді». Ол 1916 жылдың жазында Семейге қайта оралады. Оның Семейде көп тұрақтамай, оқу іздеп Том қаласына кеткенін білеміз.

1917 жылы ақпанда Романовтар династиясы тақтан түсіріліп, Уақытша үкіметтің халыққа кең бостандықтар бергені белгілі. Осындай еркіндікті Сұлтанмахмұт қуана қарсы алады. Бұл кезде оның отаны - Қазақ елінде, оның ішінде Семейде азаттықпен бірге келген үлкен өзгерістер басталып кеткен еді. Ол осы жағдайда елге қайтуға ұмтылды. Халықпен бірге болуды ойлаған ақын 1917 жылдың 10 наурызында Семейге келіп жетеді. Міне, осыдан бастап Сұлтанмахмұттың өміріндегі Алаш қозғалысымен тікелей байланысты кезеңі басталады.

Сұлтанмахмұт өмірінің 1917-1918 жылдардағы осы бір кезеңі аса мәнді деп айта аламыз. Мұнда ол, ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейхановпен, Ахмет Байтұрсыновпен, Міржақып Дуатовпен, Мұхаметжан Тынышпаевпен және т.б. көрнекті қайраткерлермен танысып, олармен бірге азаттық үшін жүрген қасиетті күрестің қатарына тұрады. Ол Семейде облыстық Қазақ комитетінде қызмет жасайды. Сонымен бірге, Алашорданың үні болған «Сарыарқа» газетінің және «Абай» журналының редколлегия құрамында қызмет жасайды[2; 18-19]. 

1917 жылдың күзінде Сібір автономистерінің съезіне қатысып, Семйеге келген Әлихан Бөкейхановты Семей жұртшылығы құшақ жая қарсы алады. Сұлтанахмұт теміржол вокзалының басында болған митингіде Әлиханға арнап өзінің өлеңін оқиды. Сонымен бірге, «Сарыарқа» газетінде «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласын жазып, оны «Бостандық үйінде» халықтың қалай күтіп алғанын, жиылыста Райымжан Мәрсековтың, Ахметжан Қозыбағаровтың, Шынжы Мұсататевтың, Мәннан Тұрғанбаевтың, Иман Әлімбековтың және т.б. сөз сөйлегендерін, ал келесі күні Алаш қаласының тұрғындарымен кездескенін тебірене жазады. Осы кезде оның «Алаш ұраны» атты Алаш гимінінің дүниеге келгенін де айтуымыз керек. Осы өлеңінде ақын:

Алаш ту астында,

Куә болсын арымыз.

Көркейтуге Алашты,

Құрбандық біздің жанымыз!

Былай тұрсын малымыз!

Алаш деген ел үшін,

Сарыарқаның жері үшін,

Бостандық берген ер үшін,

Төгілсін біздің қанымыз!

Аямасын барымыз!

Жасасын, алаш, жасасын! – деп, ұран тастайды.

  Семей кезеңінде ақынның шығармашылығының да жемісті болғанын  көреміз. Ол Семейде жүріп, өзінің қазір ел білетін атақты «Таныстыру» поэмасын жазады. Бұл шығарма қазақтың поэма жанрын жаңа нұсқада көрсеткен туынды боды деуге тұрады. «Таныстыруда» Алаш қозғалысының өкілдерінің еңбектерін саралап, Әлиханды, Ахметті және Міржақыпты «бірін – күнге, бірін – шолпанға, бірін – айға» теңейді. Сұлтанмахмұттың Қаныш Имантайұлымен танысуы да осы кезеңде, Семейде болған.

  Сұлтанмахмұттың ертерек шалдыққан науқасы Семейде жүргенде сыр береді. Том қаласының дәрігерлері оған мардымды көмек көрсете алмай, ел ішіне шығып, қымыз ішіп, таза ауамен дем алуға кеңес береді. Тұрағұл Абайұлы және Мұхтар Әуезов қыс бойы қысырақтың қымызын ішіп, емделсін деген ниетпен Шыңғыстаудағы Оразбайдың Медеуінің ауылына жібереді. Ол мұнда бір қыс Тұрағұлдың қызы Ақышқа (Ақлияға) үйленген Медеудің ұлы Сәнияздың үйінде дем алады.

  Жазушы Тұрсын Жұртбаевтың жариялаған Ақыш әжей естелігінде: «қыс жаңа түсіп, қаһарын төге бастаған. Бір күні үйімізге қалаша киінген, жұқа өңді, ашаң жанарлы адам келді. Ол Сұлтанмахмұт екен. Асты-үсті тақтаймен көмкерілген үлкен ағаш үйіміз болатын. Соның төогі бөлмесін екіге бөліп, бір бұрышын шымылдықпен ұстап, сұлтанмахмұтқа өзінше жеке бөлме жасап бердік. Ортасына ағаш стол қойдық. Сонда жазуын жазып, ұзақ түндер отыратын» - дейді. Зерттеуші, белгілі ғалым Арап Еспенбетовтың айтуы бойынша, оның біраз шығармалары, оның ішінде «Таныстыру» поэмасы, «Социализм» атты мақаласы Абай елінде дүниеге келген көрінеді [3;33].

Сұлтанмахмұт 1918 жылдың сәуірінде Шыңғыстаудан Семейге оралып, мамыр айында еліне қайтады. Тағдыр енді оған өзі бауыр басқан Семейіне қайта оралуға жазбайды. Өмірінің соңғы бір күндерінде ол Шыңғыстаудағы Сәнияз бен Ақышқа арнайы хат жазады. Осы хатында ол, «Қарағым Ақыш, мен сендердің біраз уақыт орталарында болдым, ауруымның асқынып кеткеніне қарамай күттің. Бұл сенің бекзаттығың ғой. Екі дүниеде разымын.» деп, қоштасқандай болады. Бұл ақынның Абай еліне жолдаған соңғы сәлемі еді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Cұлтанмахмұт Торайғыров. Сарыарқаның жаңбыры. 2 том, Алматы, 1987.

2. Ерлан Сыдықов. Алаш қаласының тарихы. Семей, 2010.

3. Арап Еспенбетов. Cұлтанмахмұт Торайғыров. Алматы, 1992.


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?