Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Халық тарих толқынында» дөңгелек үстелі

1988
«Халық тарих толқынында»  дөңгелек үстелі - e-history.kz
Желтоқсанның 23-де Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында «Халық тарих толқынында» атты дөңгелек үстел өткізілді.

 Дөңгелек үстел барысына институт қызметкерлері мен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері,Қытай Халық Республикасының тарихшы ғалымдары қатысты. Сөз басында Институт директоры, тарих ғылымдар докторы, профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Х.М. Әбжанов дөңгелек үстелдің мақсатын, онда қаралатын мәселелер төңірегіне тоқтала келе, Қытайдан келген тарихшы-ғалымдар және олардың ғылыми зерттеу бағыттарымен таныстырып өтті.

000c485eed3c807041ec7d96d8e10b52.JPG

Дөңгелек үстел барысында бас баяндаманы жасаған академик М.Х. Асылбеков төл тарихымызды зерттеудің жолдарына тоқталып, ұлттық тарихтың өзекті мәселелерін отандық және шетелден әкелінген мұрағат деректері мен қолжазбаларды қолдана отырып жазу қажеттігін көтерсе, тарих ғылымдарының докторы А.И. Құдайбергенова шынайы тарихты жазу мақсатында бүгінгі күнде Қазақстан тарихының бұрындары зерттелмей, кенже қалып қойған кейбір мәселелерді зерттеу нысанына алу келелі іс екендігін айта келе, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Стратегия -2050», «20 қадам» бағдарламаларындағы алға қойған талаптары осыны меңзейтіндігін атап өтті.

c619e34eb82a03963130a51bed8dc3e6.JPG

Ғылыми хабарлама жасаған институт директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы С.О. Смағұлова шетелдік мұрағаттардағы Қазақстан тарихына қатысты деректерді жинау мақсатында әкелінген материалдарының құндылығына тоқталды. Тарихымыздың белгісіз беттерін ашатын сақтаулы құжаттық материалдар жақын және шетелдердегі мұрағат пен кітапхана қорларында екендігін, бұл материалдар біріншіден, рухани құндылықтарымыздың қатарын толықтыра түссе, екіншіден,  тарихтағы зерттеу проблемалық мәселелерді жаңа көзқараспен қарауға, жаңа тұжырым жасауға мүмкіндік беретіндігіндігіне  тоқталды.

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жанымхан Ошан Қытайдың мұрағат қорларынан қазақ тарихына, мәдениетіне қатысты құжаттар, көне түркі тайпаларынан шыққан тарихи тұлғаларға қатысты эпитафиялық ескерткіштерді анықтап және Отанымызға алып келген ғылыми материалдармен таныстырса, институт директорының орынбасары, тарих ғылымдар кандидатыН.Ә. Атығаев Қазақ тарихына қатысты парсы деректерінің тарихнамасы мәселелеріне жеке тоқталып, өзінің  Ираннан әкелінген құжаттық материалдар мен қолжазбаларының Қазақстан тарихы үшін маңыздылығын нақтылап берді.  

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Н.Базылхан да ортағасырлық қазақ тарихына қатысты деректермен, атап айтқанда, Моңғолия мен Түркия елдерінен табылған жәдігерлермен таныстырып, бұл табылған заттай деректердің көпшілігі әлі ғылыми тұрғыда зерттелмегенін, түркі халықтарына қатысты мұндай заттай деректер Қытай территориясында да көптеп кездесетіндігін атап өтіп, алдағы уақытта зерттеу нысанына алынса, тарихымыздың кейбір құпия тұстары ашылар деген ойын білдірді.

Институтымыздың аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдар кандидаты Д.А. Рахымқұлов Институттың жас тарихшы-ғалымдарының зерттеулеріндегі негізгі тұжырымдар мәселесі бойынша сөз сөйлеп, көптомдық «Отан тарихын» жазуда жастардың қосар үлесін нақтылап берді.  

Қытайдан келген ғалымдар Мяо Пушэн, Джия Сончжиян, Тян Вейчжиян,Ахмет Шадыман қытайдағы тарихты  зерттеу мәселесіне тоқталып, Қазақстан тарихына қатысты құжаттық материалдардың Қытайда бар екендігін, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізудегі тарихшы ғалымдар айтарлықтай жұмыс атқарғандығын айта келе, бұл деректердің қазақ хандығы, түркі халықтарының тарихын зерделеуде үлкен септігін тигізетіндігін айтты. Мәселен, Тян Вейчжиян  өзі қызмет ететін Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының қазіргі таңдағы зерттеу бағытына тоқталып, қысқа және ұзақ мерзімді стратегиялық жоспармен жұмыс істейтіндерін, соның ішінде социология саласына аса көңіл бөліп, оның ғылыми нәтижелерін қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде шығаратын журналдарында жариялап отыратындығын айтып өтсе, ғалым Джия Сончжиян соңғы уақыттарда Ұлы Жібек жолына байланысты  экономикалық  салада ғылыми зерттеулер жүргізіліп, Батыс Еуропа жолдарын жаңғырту мәселесі қолға алынып отырғандығына тоқталды. Академия қазіргі таңда сегіз жылға белгіленген 1000 томдық Шыңжаң энциклопедиясын шығаруды қолға алып, бұған «Құтты білік» пен «Диуани-ат-түрік» еңбектері кіргізіліп отырғандығын да атап өтті. 

 Мяо Пушэн Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясы Орта Азиядағы көрші мемлекеттермен қоғамдық қатынасын зерттеп отырғандығын баяндады.

 Қытай ғалымдары институт ғалымдарымен келешекте тұрақты байланыс орнатып, бірлесе зерттеулер жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.

Дөңгелек үстел барысында шетелден әкелген материалдарды тарихшылардың пайдалануына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де айтылды. 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?