Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тастөбе шайқасының 176 жылдығына орай шаралар өткізілді

2249
Тастөбе шайқасын тәрбие құралына айналдырып, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында Тастөбе ескерткіші маңында өткізілген әдеби-сазды кеш шайқасты бейнелеген көрініспен басталды.

Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі тарихында ерекше орын алатын Тастөбе шайқасына биылғы 15 қарашада 176 жыл толды. Азаттық үшін жан алып, жан беріскен айқас Жаңақала ауданы аумағында болғаны белгілі. Осыған орай соңғы жылдары Тастөбе шайқасы болған жер анықталып, аудан орталығында ескерткіш-белгі орнату жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды inform.kz.

Тастөбе шайқасын тәрбие құралына айналдырып, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында Тастөбе ескерткіші маңында өткізілген әдеби-сазды кеш шайқасты бейнелеген көрініспен басталды. Мұздай қаруланған солдаттарға арыстанша атылып, жалаң қылышпен қарсы шыққан көріністі жастар жақсы сомдады.

Аудан әкімі Лавр Хайретдинов Тастөбе шайқасының ел тарихында маңызы зор екендігін атап көрсетті. Алдағы уақытта Тастөбе шайқасына қатысқан ерлердің есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.

Аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы көркемсөз үйірмесі мүшелері нақышына келтіре Махамбеттің өлеңдерін оқып берді. Сондай-ақ шарада Махамбеттің күйі «Жұмыр, Қылыш», «Махамбеттің термесі» орындалды.

Сонымен қатар аудандық орталықтандырылған кітапханада «Азаттық туы - Тастөбе» атты шара өткізіліп, өлеңдер оқылып, күйлер орындалды. Шараға қатысқан ардагерлер Тастөбе шайқасына арналған шаралардың тек аудан емес, облыс, ел көлемінде өткізілуі, оның оқу бағдарламасына енгізілуі керектігін жеткізді.

Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің шарықтау шегі 1837 жыл екені анық. Исатай батырдың қолы Хан ордасын қоршаған кезде Жәңгір хан одан он күн мұрсат сұрап алады. Соны пайдаланып, Орынбордан әскер шақыртады. Қолын таратып, Исатай бастаған көтерілісшілер өздері Бекетай құмына келіп бекінеді. Орынбордан жеткен, қанқұйлы полковник Гекке бастаған 2 мың жазалаушы, оған қоса хан әскері Тастөбеде 500-дей сарбазбен ғана қалған Исатай-Махамбетпен кездеседі. Бұл ұрыста патша зеңбірегі елеулі рөл атқарады. Көтерілісшілер қанша батыр болғанымен, зеңбірек дүркін-дүркін атқан «допқа» амал қыла алмайды. Соңғы жылдары тарихшылардың іздестіруімен Тастөбе шайқасына қатысқан 113 сарбаздың есімі анықталды. Ел азаттығы үшін жан қиған Исатай-Махамбет бастаған батырлардың ерлігін үлгі тұту олар емес, бүгінгі, келер ұрпақ үшін қажет.


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?