Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ораз Мұхаммедтің кегін қайтарған Петр Урусов

2198
Ораз Мұхаммедтің кегін қайтарған Петр Урусов - e-history.kz
1452-1681 жылдар аралығында қазіргі Рязань облысының (Ресей Федерациясы) аумағында «Касыйм ханлыгы» немесе Қасым хандығы деген феодалдық мемлекет болған

Ғалымдар арасында әлі күнге дейін осы хандықтың пайда болу тарихына қатысты сұрақтар тоқтар емес: біреулері Қасым хандығы – құлаған Алтын Орданың бір бөлігі десе, екіншілері – хандықтың әкімшілік мәртебесін жоққа шығарып, оны тек Шыңғыс хан ұрпақтарының өмір сүрген жері деп қана қарастырады. Өйткені хандық кейін Орыс патшалығының вассалдығына өтіп, хандарды орыс патшалары тағайындаған. Орыс патшалығы 1600 жылы Ондан сұлтанның ұлы Ораз Мұхаммедті хан сайлап, ол 1600 жылдан 1610 жылға дейін хан тағында отырады.

Бұл қалай болды? Ораз Мұхаммедтің шыққан тегін айтар болсақ, оның атасы Шығай хан, немере ағасы Хақназар қайтыс болғаннан соң сексенге келген шағында (1580) Қазақ хандығының тағына отырады. Шығай хан қайтыс болғаннан  кейін оның орнына Ораз Мұхаммедтің ағасы Тәуекел хан келеді. Кейбір деректер бойынша, бұл тақтан Ондан сұлтан да үміткер болған, алайда 1585 жылғы жоңғарларға қарсы жорық кезінде сұлтан қаза болады. Хан ұрпағы Ораз Мұхаммед 1572 жылы дүниеге келген. Атасы мен әкесі қайтыс болғаннан кейін, он бес жасында сібір ханы Көшімге қызметке барады. Шежіре жазбаларынан оның 1590-1595 жж Орыс-швед соғысына, кейін 1598 жылы қырым татарларымен болған қақтығыстарға қатысқаны белгілі. Сол жылдың қаңтарында Иван Грозныйдың ұлы, орыс патшасы І Федор, қайтыс болады да, таққа бояр, патша жесірінің ағасы, Борис Годунов отырады. Бірнеше айдан кейін ол Ораз Мұхаммедтің Қасым хандығының он бірінші билеушісі болуына құқық беретін жарлық шығарады. Бұл айтулы күн туралы 28 жасар сұлтанның кеңесшісі Қадырғали бек былай дееп жазып қалдырған:

«Қасиетті Рамазан айының он бесінші күні орыс патшасы Борис Федорович жанындағы нөкерлерін жинап, қымбатты бектерді ең құрметті орындарға отырғызды, көшеге қару асынған стрелецтер қойылды, ең керемет адамдар құрметпен бастарын иді. Патша Ондан сұлтанның ұлы Ораз Мұхаммедті осындай салтанатпен қарсы алып, өз жанына отырғызып, үлкен құрмет көрсетіп, құттықтады. Патша ақсүйектері өз құрметтерін көрсетіп, бастарын иді. Патша Ораз Мұхаммедке оның еншісін – Керман қаласын берді. Патша ақсүйектері оған бірнеше күн бойы кішілікпен қызмет етті. Бектер, мырзалар, қаралар, Керманнан Мәскеуге келген барлығы екі жүз адам оған қызмет етуге дайын болды. Патша мырза өз бұйрығын беріп, Ораз Мұхаммедті аудармашысымен және нөкерлерімен қоса Керман қаласына аттандырды. Бұл шәуал айының бейсенбісінде болды. Бір аптадан кейін, тарихтың 1000-шы жылының шәуал айының 24-ші жұлдызында, мемлекет адамдары салтанатты түрде Керман қаласына келді. Зүл-хиджа айына дейін бірнеше күн бойы той тойланды. 1000-шы, тышқан жылының, зүл-хиджа айының оныншы күні туды. Бейсенбі күні Ондан сұлтанның ұлы Ораз Мұхаммед хан хан сайланып, таққа отырғызылды. Осы салтанаттың құрметіне үлкен де, кіші де, орыстар мен татарлар, көп халық жиналды. Шах-Әли тұрғызған тас мешіт молда, хафиз, би, бектер мен мырзаларға лық толды. Жиналған жамағат алтын тақты осында әкеліп қойды. Патша Борис Федоровичтің еркімен жіберілген боярлар да осы жерде болды.Сейд-Болек құтпаны оқыды. Төр адам төрт жағынан көтеріп құрметті ханды алтын сандалға отырғызды. 28 жасында Ораз Мұхаммед таққа отырды. Құдай оның күндерін соза көрсін!»

«Жами ат-тауарих»  

1601 жылдың көктемінде Ораз Мұхаммед Мәскеуге келеді. Ол жерде ол Ұлы Литва князьдығының ұлы канцлері Лев Сапеганың лауазымынан өз еркімен бас тартуының куәсі болады, патшамен кездеседі де, сәуірде Запорожьенің Азов жағалауы даласына қызметке жүріп кетеді. Ораз Мұхаммед хан аттанысымен бірге Запорожье өңірінде аштық басталады. 500 мыңға жуық адамның өмірін жалмап кеткен 1601-1603 жылғы аштық тарих жылнамасына «Ұлы аштық» деген атпен енді. Аш-жалаңаш қалған жұрт күн көру үшін қарақшылықпен, тонаушылықпен айналыса бастайды. Борис Годуновтың таққа отырғанына қарамастан, ел ішінде І Федордың ұлы туралы қауесет тарай бастайды. Бұрынғы билеушінің Дмитрий есімді ұлы болған, мәселе осында, алайда, ресми тарихнамаға сәйкес ол бала сегіз жасында анықталмаған жағдайда қайтыс болады. Борис Годуновтың өзі бұл баланы заңсыз туған деп санағандықтан, тақ мұрагері «Дмитрийдің» пайда болуын өз билігіне қандай да бір мәселе тудырады деп санамайды. Дегенмен де, қауесет тарап кетеді. Көп уақыт өтпей Лжедмитрий литвалық князьдердің (Адам Вишневецкий) қабылдауында болып, өзінің патша әулетінен шыққандығы туралы поляктарға (Ежи Мнишек) және Рим папасының тұрақты өкіліне (Клаудио Рангони) жеткізеді. Лжедмитрийдің құқығын поляк монархы ІІІ Сигизмунд мойындайды. Ресейдегі он бес жылдық азамат соғысы осылайша басталды. Айта кетерлігі, ХІХ ғасырдың аяғында табылған, Лжедмитрийдің қолы қойылған грамотаға сәйкес, Лжедмитрий қасымовтық татарлардың құқықтары мен міндеттерін мойындап, Ораз Мұхаммедтің Қосым хандығына құқығын растайды. Бұл уақыт аралығында, Ресей тағында Борис Годунов (аурудан қайтыс болады), оның баласы Федор (Лжедмитрий өлтіреді), Лжедмитрийдің өзі (Мәскеудегі көтеріліс кезінде өлтірілді), Василий Шуйский (тақтан құлатылып, тұтқындалады) және басқалары отырып үлгерді. 1607 жылы Василий Шуйскийдің бұйрығымен ІІ Лжедмитрийдің көтерілісшілерін басу үшін Ораз Мұхаммед Солтүсткке аттанады.

«…по повелению царя Василия татарам и черемисе велено украинных и северских городов уездов всяких людей воевать и в полон имать и животы их грабить за их измену»  

Алайда, бір жылдан кейін, 1608 жылы, Ораз Мұхаммед ноғай мырзасы, князь Петр Урусовпен бірге (ол кейін ІІ Лжедмитрийді өлтіреді) патша Василий Шуйскийдің лагерін тастап, жалған ІІ Лжедмитрийдің жағына өтіп кетеді. 1610 жылғы 1 сәуірде Қасымовты Шереметевтің патша әскері алғаннан кейін Ораз Мұхаммед пен Петр Урусов қайтадан лагерь ауыстырады. Бұл жолы олар поляк королі ІІІ Сигизмунд Вазаға келеді, ол оларды игі ниетпен қарсы алады. Бірақ, кейбір тарихшылар Петр Урусов поляк короліне жау болды деп санайды. Ораз Мұхаммедтің отбасы ІІ Лжедмитрийдің лагерінде қалғандықтан, Конрад Буссовтың Аласапыран уақыт хроникасында жазылғандай, ол жалған аттыны өлтіруді ұйымдастыру үшін оның лагеріне оралады, алайда, оның жоспарын әлде ұлы, әлде жиені бұзады:

«Мәскеуді алудың сәті түспегеннен кейін 1610 жылдың жазында жалғанатты Калугаға қарай шегініп, жаңа жорыққа дайындала бастайды. Бірақ Ораз Мұхаммедтің ұлы Лжедмитрийге әкесінің оны өлтірмекші екенін айтып қояды. Содан Лжедмитрий қасым ханының алдын орамақшы болады. Ока өзенінің жағасында аң аулап жүрген кезде Лжедмитрий Ораз Мұхаммедке тұтқиылдан шабуыл жаап, оны өлтіреді. Денесін суға тастайды. Кісі өлтіргенін жасыру үшін Лжедмитрий «хан мені өлтірмекші болды, ал мен ғйыптың күшімен аман қалдым» деп айқайлап, өз нөкерлеріне қарай шаба жөнеледі.

Буссовтың бұл жазғанын «негізсіз» деп атап, ХІХ ғасырда тарихшы Михаил Хмырев бұл пікірге қарсы шыққанын айта кеткен жөн. Тарихшылар қасымов татарлары өз хандары үшін кек қайтарған жоқ деп санайды. Сол кезде ІІ Лжедмитрийдің күзетін басқарған Петр Урусов мүлде басқа шаруа. Лжедмитрийге патшаның өзін қорғағанын емес, ханның өлтірілуінің куәгері болдым деп мәлімдегені үшін ол алты аптаға түрмеге қамалады. Түрмеден шығысымен-ақ П.Урусов Лжедмитрийдің әйелінің қамқоршылығының арқасында бұрынғы лауазымына қайта келеді. 1610 жылғы 11 желтоқсанда серуен кезінде Лжедмитрийдің жанында тек татар күзетшілер мен бірнеше бояр ғана қалғанын пайдаланып, Петр Урусов жолдасының кегін қайтарады – «атымен шанаға шауып келіп, қылышымен патшаны жарып тастайды, ал інісі патшаның қолын орып түсіреді». Осыдан кейін Урусов мырзалар мен татар күзетшілер Калуга жерінен жылдам кетіп қалады, ал орыс боярлары мен патша сайқымазағы Кошелев патшаның өлімін Маринаға естіртеді. Кейбір деректер бойынша «қасымов татарлары билеушілерінің мүрдесін Ока өзенінен тауып алып, Касимовқа әкеліп, Старопосад зиратында жерлейді». 1860 жылы түркітанушы Хусаин Файызханов оның екіге бөлінген тасын табады. 1702 жылы І Петрдің жарлығы бойынша Касимов мешіті бұзылады, онымен бірге Ораз Мұхаммедтің қабірі де жойылып, оның аты да ұмыт болады. Х.Файызханов тапқан таста мынадай жолдар жазылған:

1019 жылы, Рамазан айының 16-шы күні, Ондан сұлтанның ұлы Ораз Мұхаммед хан қайтыс болды. Жаратқан Иеміз рақымына алсын!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?