Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ерлігі еленбеген қазақ жауынгері туралы

2222
Ерлігі еленбеген қазақ жауынгері туралы - e-history.kz
(Айып батальонының жауынгері Қаптағаев Мұхамәділдің майдан жолынан)

Енді бірер күннен кейін бұрынғы Кеңес халықтарының Фашистік Германияға қарсы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне 75 жыл толады. Уақыт өткен сайын әлемдегі ең ауқымды да қырғынды  бұл соғыстың  маңызын одан ары ашатын бұған дейін құпия болып келген әлемдік деңгейдегі мұрағат деректерімен жұмыс істеуге рұқсат етіліп жатқанымен, оның толық шындығы ашылып болған жоқ.

Басқаны айтпағанда, өз елі және  Еуропа мен Азияның халқын фашизм мен жапон басқыншыларының ажалы және құлдығынан құтқару жолындағы Кеңес Одағы әскерлерінің Ұлы Отан,  одан арғы басқа халықтарды азат ету  соғысының нәтижесін  төмендету, орын алған шешуші соғыс оқиғаларын  бұрмалау, Фашизмді талқандаудағы Ұлы Отан соғысының барлық қиындығын көтерген көпұлтты кеңес әскерлерінің  жанқиярлы ерліктері мен баладан кәріге дейінгі тыл еңбеккерлерінің Жеңіс жолындағы қажырлы еңбектерін жоққа шығару әлемнің әр аймақтарында белсенділікпен жүргізіліп келе жатқандығы белгілі.

Ал оның кімдер үшін қажет екендігі де айғақ. Яғни, әсіресе 1941-1945 жылдар арасындағы Ұлы Отан соғысы қазіргі уақыттағы дүниежүзілік деңгейдегі мемлекеттер аралық идеологиялық теке-тіреске айналып отырғаны  да баршамызға аян.

Осыған қарамастан бүгінгі кәсіпқой ғалым-тарихшылар  Кеңес Одағы халықтарының  төрт жылдан астам уақыттағы жүргізген соғысының әр кезеңін, нәтижелерін   тарих ғылымына қойылатын методологиялық талаптар негізінде зерттеп, нақты бағасын беруі керек деп есептейміз. Кез-келген ғылым, соның ішінде гуманитарлық ғылым  саясаттан тыс тұру керек екендігі белгілі.

Міне сондықтан да ғалымдардың міндеті-   Адамзаттың одан ары дамып, өркендеуінің тағдырын шешкен осы соғыста ерлік көрсетіп,  Ортақ Отанын басқыншы жаудан қорғап, әлемдік бейбітшілікті қайта орнатқан, ешқандай саясаттан  тыс болған  Кеңес  жауынгердің ерлігін нақты шындық негізінде жариялау арқылы олардың даңқты  өмірлерін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету, Ұлы Жеңістің тарихын маңызын насихаттау  болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың 2020 жылғы 5 мамырдағы ТАСС тілшілеріне берген сұхбатындағы «Кеңес Одағының фашизмді  талқандаудағы шешуші орнын жоққа шығару-бұл тарихи шындыққа қарсы шығу» [1],- деген сөзі  Екінші дүниежүзілік соғыстағы Кеңестік жауынгерлердің  жасаған ерлігіне күмән келтірушілерге деген  жауап болып табылады.

Бір мемлекетті қойып, әлем халықтарының фашистік Германияның құлдығына айналып, жойылуына әкелуі  мақсат етілген фашистік шапқыншылыққа қарсы жүргізілген  Екінші Дүниежүзілік соғыстың шешуші майданына айналған Кеңес халықтарының Ұлы Отан соғысына көпұлтты қазақстандықтар басынан аяғына дейін белсене қатысқандығы әрқайсымызға белгілі. Олардың бұл соғыстағы майдан даласы және тылдағы көрсеткен ерліктерініің көпшілігіне қанықпыз. Алайда ашылып жатқан жаңа деректер қазақстандықтардың Гитлерлік Германия ұйымдастырған осы  әлемдік қырғынға қарсы күресіне қосқан үлестерінің салмағын одан ары еселей түсуде.

Республикамыздың  қазіргі ұрпағы арасында Ұлы Отан соғысына қатысып, ортақ жеңісті қамтамасыз еткен ата-бабаларының  есімдері мен ерліктерін насихаттау тұрақты түрде жүйелі іске асырылып келе жатқандығы белгілі.

Көзі тірі ардагерлерге деген құрмет те өз дәрежесінде атқарылып отыр. «Қазақстанда  Ұлы Отан соғысына қатысушыларға үлкен қамқорлықпен қарайды. Біз үшін олардың барлығы батырлар»,[2]-деп көрсетті Қ.К.Тоқаев өзінің биылғы жылдың 2 мамырындағы Мемлекеттер аралық “Мир” телерадиоканалы тілшілері сұрағына берген жауабында.

Алайда, өкінішке орай кезіндегі коммунистік әділетсіздік саясатының ықпалымен соғыстың бастапқы кезеңінде  еріксізден әртүрлі жағдайлармен сол уақыттағы күші басым болған фашистік неміс әскерлерінің тұтқынына түскен, алайда одан босанып шыққаннан кейін Кеңес Армиясы, партизандар отрядтары, Еуропалық Азаттық армиялары құрамында жаумен шайқасып, ерекше ерлік көрсеткен батырлардың бұл істері әдейі есепке алынбай, лайықты марапаттаулар берілмеген, аман қайтқандары “Соғыс ардагері” атағын ала алмағандары қаншама.  Осылардың қатарында, көзі тірісінде “Отанын сатқан” деген әділетсіз анықтама берілген, іс жүзіндегі “Нағыз батыр” Мұхамаділ Қаптағаев та болды.

Міне осындай себептерден  барып, Кеңес Одағы халықтарының  неміс фашист басқыншыларына  қарсы Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына  қаншама уақыт өткенімен қазіргі күнге дейін оның барлық  ақиқаты толығымен ашылмағандығы белгілі.. Біз  Ұлы Отан соғысында  әскери қолбасшылықтары және жеке ерліктерімен  ерекше көзге түскен  Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, т.б. Кеңес Одағының Батырларын жақсы білеміз.   Алайда  осы соғыс өртінің ортасында болып, қаза  тапқан көптеген қазақ майдангерлерінің есімдері енді ғана анықталуда. Әлі белгісіз болып отырғандары қаншама. Бұл айтылғандарға бүгінгі мерзімге дейінгі соғыс қимылдары  болған жерлерден жаппай табылып жатқан майдангерлердің мүрделері, әскери құжаттары, т.б. дәлел болады. Ал қазақ жауынгерлерінің осы соғыстың барлық майдандарында болғандары белгілі.   Сондықтан да осы соғысқа қатысып, одан туған еліне оралмаған  әр қазақтың есімі мен ерлігі бүгінгі ұрпағына мәлім болғанда ғана  бұл соғыстың ақиқаты барынша жарияланды  деп есептеуге болады. Осы айтылғандармен қатар Кеңестік жүйе кезінде  Ұлы Отан соғысы  тарихының нақты  шындығы  мақсатты түрде  бұрмаланып келгендігі белгілі

Оның қатарында  біздің халқымыздың бұл соғыстағы жеңіске қосқан үлесі де толығымен айқындалмай келеді.  Атап айтқанда:

    -  Ұлы Отан соғысындағы  барлық қазаға  ұшырағандардың  ұлттық белгілеріне сай, соның ішінде қазақтардың нақты  санын анықтау іске асырылмаған;

   -  аға офицер шеніндегі барлық қазақтар, соның ішіндегі олардың   әскери құрамалар басқарғандарының саны, олардың басқа ұлт өкілдерімен салыстырғандағы пайыздық көрсеткіштері кездеспейді;

   - бөлімшеден-батальонға  дейін  басшылық жасаған  кіші офицер қазақтардың саны белгісіз қалып отыр;  

   - Кеңес-герман майданындағы  шешуші кезеңдердегі  жаумен бетпе-бет шайқастарға қатысқан  қазақтардың санын дәл айту қиындық тудыруда;

   -  лажсыздан тұтқынға  түскен, алайда  одан қашып шығып,  кеңес әскерлеріне қосылған және одан ары батырлықпен соғысқан  қазақ жауынгерлерінің  сандарын дөп айту мүмкін емес;

  - соғыста жеке ерліктері мен әскери басқару шеберлігін көрсеткен қазақ офицерлерінің кеңестік жоғары әскери академияларға  оқуға тартылуы, одан арғы қызметтері, т.б. мәліметтерді айқындау маңызға ие.

Осылармен бірге  соғыс мерзімінде әр түрлі жағдайлармен айып батальондары мен роталарында болған, онда Отанға берілгендіктің үлгісін көрсеткен қазақ жауынгерлері туралы ештеме жазылмаған. Олардың жалпы сандары, кімдер екендігі туралы мәлімет ашылмаған. Тіпті қазіргі мерзімге  дейін айып батальондары, онда болған жауынгерлер  туралы халық арасында керісінше түсінік те қалыптасқандығы жасырын емес.

Бұл мәселе кейінгі кезеңге  дейін бүкіл ТМД аймағында жабық болып келді. Соңғы жылдары ғана Ресейде бірнеше кітап шығарылды. Олар:  Михайл Сукневтың “Записки командира штрафбата.-Москва, Центрполиграф, 2006”, Александр Пыльциннің “Правда об штрафбатах. Как офицерский  штрафбат  дошел до Берлина. М.: Яуза,Эксмо,2008” кітаптары мен   В.О.Дайнес және В.В.Абатуров құрастырған “Правда об штрафбатах-2- М.:Эксмо, Яуза, 2008”  атты  естелдіктер жинағы. Осы мерзімнен     ресейлік “Штрафбат” телесериалы қойылып көрсетіліп келеді.  Бірақ та  бұлардың ешқайсысында осындай әскери бөлімдерде болған қазақ жауынгерлері туралы айтылмайды. Сондықтан да осы тақырыппен айналысып, бұл әскери бөлімдерде болған қазақтардың есімдері мен батырлықтарын айшықтап, ұрпағына жеткізу керектігі қажеттілікке айналып отыр.

Аталған тұрғыдан алғанда, 1942 жылдың 13 мамырынан 1945 жылдың  9 мамырына дейін тура үш жыл үздіксіз айып батальоны құрамында  болып, үнемі   қаһармандығы  және ерлігімен көзге түскен  Мұхамәділ Қаптағаевтың есімі мен ісі ұрпағына жұмбақ. Тіпті Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсетіп, оның соңына дейін қатысқан, неміс тілін жақсы білгендіктен бір жыл Германияда  қатардағы тілмаштық қызмет атқарып,  туған еліне келгеннен кейінгі кезден өмірінің соңына дейін ол тұтқында болғандығы туралы айыбы алынбай, “Ұлы Отан соғысының ардагері”деген Құрметті атаққа да ие бола алмады.

Баласы Кенесарының әкесінің естеліктері негізінде жазуынша: “Ол 1919 жылы Алматы облысы, Сарқант ауданында өмірге келген. Отбасында әкесі Қаптағайдан ерте айырылады. Бірнеше ағасы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы голощекиндік саясаттың негізіндегі Қазақстанды жайлаған аштықтың салдарынан өмірден ерте озады. Жалпы саны Қаптағаевтардың отбасынан 14 адам аштықтың құрбаны болған екен.  

1939 жылы Мұхамәділ Қаптағаев Қызыл Армия қатарына алынып,  Батыс Украинада әскери қызметін бастайды. 1940 жылы бір жылдық  қызыл командирлер курсын бітіреді. Осы курста  неміс тілін оқып, оны еркін сөйлейтіндей дәрежеге жетіседі. 1941 жылы 22 маусымнан Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстың алғашқы күндері мен айларындағы кеңес әскерлерінің сәтсіздіктерінің барлығын басынан өткізген. Мұхамәділ құрамында болған 12-армияның 17-атқыштар корпусы   Батыс Украинада соғыс басталған күннен  ерлікпен қарсылық көрсеткенімен, бірнеше есе күштері басым неміс басқыншыларына төтеп бере алмады,  шығын аса көп болды. Тірі қалған қызыл әскерлер амалсыздан тұтқынға түседі. Тұтқындардың арасында Мұхамәділ де болады. Неміс тілін білетін Мұхамәділді су тасығыш арбакеш қылып қояды. Деревнядан немістердің көбісінің кеткен күнін білген Мұхамәділ майдандастарымен бірге тұтқыннан қашуды ұйымдастырады. Сөйтіп біраз уақыт тұтқында болған қызыл әскерлер бір түні немістерден құтылып шығып,  орманға қашып, одан әрі Қызыл Армия бөлімдеріне қосылу үшін ығысқа қарай ұзап  кеткен майдан шебіне бет алады.Көптеген күндер аш-жалаңаш болып майдан шебіне дейін тірі жеткен кешегі тұтқындар екі қолдарын көтеріп, бізді кешіріңдер, қатарларыңа алыңдар деген айғаймен Кеңес әскеріне қарай ұрыс шебін  бұза жүгіреді. Алайда оларға қарсы кеңес әскерлері пулеметпен оқты қарша боратады. Бұрынғы тұтқындардың тірі қалғандары ғана кеңес окоптары мен траншеяларына жетеді. Пулемет оғынан Мұхамәділ тамағынан жеңіл жарақат алады. Осыдан басқа соғыс аяғына дейін оған ешқандай неміс оғы тимеген. Көптеген тексерістерден  кейін 1942 жылы мамыр айында Мұхамәділді «тұтқында болған кінәмді қанымен қайтарамын» - деген жеке арызы бойынша 248- атқыштар дивизиясының 905 – атқыштар полкіндегігі  ең алғаш құрылған айып батальонындағы барлаушылар тобына жетекші етіп жібереді.

1942 жылдың сәуір-мамыр айларында негізделе бастаған  осы арнайы әскери бөлімдердің  мақсаты, оған алынған әскерилердің құрамы,  атқаруға тиісті міндеттері туралы  соңғы кездері жариялана бастаған естеліктерде  бұрын құпия сақталынып келген  Ұлы Отан соғысының  шындық беттері ашыла түседі.Көрсетілген  мазмұндағы “1941 жылы  Киев ауданында қоршауға түсіп, кейін  Чапаев атындағы партизан отрядында болған, алайда 1943 жылы Пересяславты азат еткеннен кейін үш ай бойы арнайы тексерістен өтіп, немістерге қызмет  етулері, сатқындықтары дәлелденбей,  таза болып шыққанымен     айып батальонына жіберілген офицер  И.И.Коржиктің: “Батальонда 1200 офицер, соның ішінде   25 полковник  болып, егде тартқан кезінде оларды қатардағы жауынгер етті. Барлығымызға  қызыләскер кітапшасын берді,”[3.62-63] - деген жазбасы сол уақыттағы айып батальондарына жіберілген кінәсіз адамдардың ауыр тағдырын бізге жеткізеді.  Қаптағаев Мұхамәділ 1942 жылдан 1945 жылдың мамыр айындағы Жеңіске дейін осы айып батальонында үздіксіз фашистермен шайқасты.

Бірде неміс танктері бұзып-жарып Кеңес әскерінің штабына қарай өтіп кетеді. Осы кезде танктерге қарсы белдеріне граната байланған иттерді жібереді. Иттерді бір неше күн аш ұстаған, белдеріне тас байланған иттер босана салысымен танкінің астындағы жыланбауыр доңғалақтарынан дәмді ет шұжығын жеп үйренген еді. Ал енді нағыз соғыс кезінде иттерге тас орнына граната байлап неміс танкілеріне жіберілетін болған. Солардың арқасында неміс танкілерінің көзі жойылады, алайда үйретілген иттер біткен кезде немістің «Тигр» атты бір танкісі бұзып жарып жолындағыларды түгелдей таптап, оқты қарша боратып Кеңес әскерінің алдыңғы шебіне қарай келе жатады. Осы кезде басқару пунктіндегілер айыпкер жауынгер Қаптағаев Мұхамәділдің беліне гранаталарды байлап, ит сияқты еңбектеп танкінің астына соғылуға бұйрық береді. Танкіге қарсы осылай жүгірген Мұхамәділге Кеңес әскерінің мергені  тоқтап, сәл  демін алуға да мұрша бермейді. Тоқтаса атып қуалайды. Сөйтіп танкіге жеткен Мұхамәділді танк кенеттен айналып өткендіктен, танкінің астына еніп, соғылуы туралы бұйрықты орындай алмай қалады. Алайда қасынан өтіп бара жатқан неміс танкісінің  қозғалтқышы жағына қолындағы гранаталарын лақтырып үлгіреді. Сөйтіп жау танкісін өртеп істен шығарады, өзі аман қалады.

1943 жылдың күзіндегі Кеңес әскерінің Днепр өзенінен өтуі аса қиынға айналды. Днепр өзенінің немістер орналасқан батыс жағалауындағы майдан шебі өзен бойынан жоғары, ал Кеңес әскерлері орналасқан шығыс жағалауы тегіс болады. Сондықтан осы төбелердің басына немістер бар қаруларын орналастырып,  келесі жақты үздіксіз атқылаумен болды. Өзеннен өтуге әрекет жасаған кеңес әскерлері  көп шығынға ұшырады. Сондықтан да айып батальоны жауынгерлеріне ұзындығы 2-3 метрлік бөренелерді дайындатып, сол бөренелерге қаруларымен шығарып, қараңғы түні Днепрдің әр тұсынан өзеннен өте отыра, немістердің қарсылықтарын басу,  негізгі әскери бөлімдер келгенше тірек орындарын дайындау міндеттелді. Өзеннің батыс жағалауына қарша бораған жау оғынан санаулы ғана айыптылар аман өтіп, жау бекінісін басып алады..  Солардың қатарында барлаушылар тобын басқарған Қаптағаев Мұхамәділ де болған. Днепрден өту үшін болған соғыс операциясы үшін мыңдаған адам Кеңес Одағының батыры атағын алғанын біз  Ал жаңағы аман қалған нағыз батырлар, айыпкер болғандықтан ешқандай марапаттауға ие болмады.

Оларға Кеңес Одағының батыры атағын беретіндей ерлік жасағанда ғана «Ерлігі үшін»(«За отвагу») медалін берген. “Айыпкерлерді  орден, медальдармен ... қалыптасқан талап бойынша марапаттамайтын, сирек кездесетін жағдайда, егер ерлігімен көзге түскенде ғана марапаттайтын”,[3.272]-деп еске алады  сол кездегі 322- жеке армиялық айып ротасының командирі болған Михайл Григорьевич  Ключко. 

Ал 1945 жылғы жеңіске дейін бірнеше жыл айып батальонының взвод, рота командирі болған А.Пыльцынның “Батальонда ...  “Ерлігі үшін” медалі  жауынгерлік “Даңқ”орденінен кем емес жоғары награда ретінде бағаланатын,”[4] – деген сөзі осы айтылғандарға дәлел болатын сияқты.  

Міне осылай, бүкіл Ұлы Отан соғысындағы  үзіліссіз  жауынгерлік жолында  Қаптағаев Мұхамәділ  алты медальмен ғана марапатталған. Олардың үшеуі “Ерлігі үшін” медалі.

Алғашқы “Ерлігі үшін” медалінің берілуі туралы жазылған ұсыныста: “248-Одесса атқыштар дивизиясы 905-атқыштар полкі 120 мм батареяның байланысшысы қызыләскер  Қаптағаев Мұхамед дивизияның  1944 жылдың  21 наурыз-11 сәуір Николаев және Одесса қалаларын алуға арналған   шабуыл ұрыстарындағы    ешқандай қиындық пен қауіпке қарамастан ерлік пен табандылық және батылдық көрсетті және  тәулікктің әр мерзімінде және кез-келген жағдайда  батарея мен  басқару пункті мен жаяу әскерлер арасындағы  байланысты жақсы іске асырды.  Одесса түбіндегі ұрыста  қарсыластың күшті артиллериялық және миномет оғы астында  3 сағат бойы  шеп арқылы үнемі жата жылжи отыра  18 рет үзілген сымды жалғады,  нәтижесінде байланыстың үздіксіз іске асырылып, миномет оғын бағыттап отыруға жағдай жасады, осы арқылы  Николаев және Одесса қалаларынын  неміс басқыншыларынан  тазартушы  біздің бөлімдердің  табысына үлес қосты” [5]-деп жазылған.

І- Беларуссия майданы 5-Екпінді Армиясы 248-Одесса атқыштар дивизиясы командирінің бұйырығында 905- атқыштар полкы 120 мм батареяның байланысшысы Қаптағаев Мұхамәділдің келесі жасаған ерлігі туралы жазылған ұсыныста:  “ Висла өзенінің (Польша) cол жағалауындағы қарсыластың бекінісін бұзу кезінде  өзін ержүрек байланысшы ретінде көрсете білді.  Күшті артиллекриялық атыс пен өміріне нақты төнген қауіпке қарамастан  ол 26 рет  үзілген байланыс сымын қалпына келтірді,” [6]-делініп,  үшінші рет “Ерлігі үшін” медалымен марапатталды. 

Варшава қаласын жаудан азат етудегі Қаптағаев Мұхамәділ өршеленген, және жан аямай соғысқан ондаған жау әскерінің көзін  жекелей жойғандығы үшін «Варшаваны азат еткені үшін» медалін ғана алған.

Қаптағаев Мұхамаділ құрамында болған айып батальоны Ұлы Отан соғысының соңғы мерзіміндегі  Берлинді, соның ішіндегі Рейхстагты алудағы ұрыс қимылына тікелей қатысты. Осындағы көрсеткен айырықша ерлігі үшін де   оған “Берлинді алғаны үшін” медалі берілді. 

Соғыс мерзімінде көрсеткен басқа ерліктері үшін  Жоғары Бас қолбасшының  алғыс хаттары жарияланды.

Кейінірек «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.  

1946 жылдың мамырында  Қаптағаев Мұхамәділ әскер қатарынан босайды, бірақ елге қайтпай “жау тұтқынында” болғандығына орай жазаланудан жасқанып, өз еркімен 1949 жылға дейін Германияның Росток және Штральзунд қалаларындағы кеңес әскери  комендатураларында  аудармашысы болып қызмет атқарады.

1949 жылы Қазақстанға қайтып, ұзақ жылдар бойы туған жерінде қарапайым сатушы болып еңбек етті. Онда да өзіне тапсырылған міндетті жауапкершілікпен атқарды. Көптеген марапаттауларға ие болды. Алайда ол дүниеден өткенше ешкімге де өзінің  Ұлы Отан соғысына қатысуы, жасаған ерлігі туралы айтпай өткен. Осы тақырыптағы мектеп оқушыларымен, т.б. кездесулерге көп бара бермейтін еді. Оның себебі тұтқында түсіп, айып батальонында болғаны, соғыстың басынан соңына дейін орденсіз келуі  еді. Соғыстың алдыңғы шебінде болғандығын дәлелдейтін фотосуреттері де жоқ.  Өйткені айып батальонындағылардың әскери киімдерінің бөлектігі де әсер еткен шығар. Алайда соғыстағы батырлығының айырықша белгілері – шешесіне жауынгерлік медальдарға  ие болғандығын айқындайтын  майдандағы әскери бөлім  басшылығынан жіберілген ресми құжаттар мен алғыс хаттарды  сақтап, ұрпағына қалдырды. Жұртына еленбеген ерлігін нақты бағалау үшін ізденбеді де”.

Балаларын жеткізіп, тәрбие берді, оқытты. Халқына, туған еліне, оның өткен тарихына деген құрметін ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы Абылай, Кенесары, т.б. ұлт мақтаныштарының атын атауға тиым салынған кезеңнің өзінде ұлдарының  есімдерін Наурызбай, Кенесары деп қоюынан да білуге болады. Міне сондықтан да,  ортақ Отандары үшін өлімге қасқайып қарсы тұрып, ерлік жасаған Ұлы Отан соғысының Мұхамәділ Қаптағаев сияқты батырларының ерлігін ұрпағына жеткізу баршамыздың ісіміз екендігі айғақ.

Осы тұрғыдағы Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: “Отанды сүю-бабалардан мирас  болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және  кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау ...”[7]-деген сөзі тағдырдың тәлкегінен халқының еркіндігі  үшін жасаған  қаһармандығы  жұртына әлі де белгісіз болып келе жатқан осындай ұлдарының есімін айшықтауға, сонымен бірге барша қазақстандық майдангерлердің ерлігін   үнемі барынша насихаттауға  міндеттейді  демекпіз.

                                    ӘДЕБИЕТТЕР

1.Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың 2020 жылдың 5 мамырындағы ТАСС тілшілеріне берген сұхбатынан НУР-СУЛТАН5 мая 2020,   : https://regnum.ru/news/society/2939422.html REGNUM

2. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылдың 2 мамырындағы Мемлекеттер аралық “Мир” телерадиоканалы тілшілері сұрағына берген жауабынан Источник: NUR.KZ

3. Правда об штрафбатах-2/ Сост. В.О.Дайнес и В.В.Аватуров.- М.:Эксмо, Яуза, 2008.- 320c.

4. Пыльцын.А. Правда об штрафбатах. Как офицерский  штрафбат  дошел до Берлина. М.: Яуза,Эксмо,2008, (Великая Отечественная: Нейзвестная война ). с. 113

5. Электронный банк документов “Подвиг народа в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг”РФ., номер записи 23013028, л.1

6. Электронный банк документов “Подвиг народа в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг”РФ., номер записи 23013028, л.168

7. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 11 қараша. “Нұрлы жол-болашаққа бастар жол” /Егемен Қазақстан, 12.11. 2014

Қарасаев Ғани Мұқашұлы - тарих ғылымдарының докторы, 

ҚР БҒМ  ҒК Мемлекет тарихы институты.  

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?