Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Сол соғыс есімде...»

1617
«Сол соғыс есімде...» - e-history.kz
Немістер бізді әрі минометтің, әрі артиллерияның снарядтарымен атуда. Оқ астымен келіп шабуыл жасамақ. Танктің алыстан шуы естіледі. Қарсы атакаға дайындалыңдар деген команда беріледі.

Сұм соғыс әр қазақстандықтың шаңырағын шарпып өтті десек, артық айтқандық емес. Майданға бармағандар, тылда еңбек етті. Олардың әрқайсысының қайғы мен қасіретке толы өз тарихы бар. Олардың әрқайсысына біз бүгінгі ашық аспанымыз бен бейбіт өміріміз үшін бас иіп, тағзым етеміз.

Қан майдан даласында соғысқан батырларымыздың естелік әңгімелері де жетерлік. Ұрпақ сол естеліктерді оқи отырып, ардагерлерге деген құрметінін арта түсетіні анық. Қазақстан тарихы порталы екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен тарихи тұлғалардың естеліктерін оқырман назарына ұсынады. 

1. Мәлік Ғабдуллин, Совет Одағының Батыры:

Батальон комиссары Гусевтің орнына Мәлік­тің қол бастап жасаған ерлігін Баукең Бауыржан Момышұлы бы­лай баяндап жазады: «Қайдан келіп қал­­ғанын қайдам, жалт қарасам қасым­да­ғы­ның біреуі Мәлік. «Ойбай, Мәлік, ана­лар­ға тез жүгір. Қырылып қалмаса бас­та­рын көтерсін. Келіп қалды ғой» деп сөзімді аяқтағанша Мәлік автоматын ұстап, бұғып жат­қан роталарға қарай тұра жөнелді. Жау басынып, айбынды келеді. Қаптап, жа­қындап келіп қалды… Ал, кешеден бер­гі­нің барлығы зая кетті деген осы деп жү­ре­гім сұлқ ете түсе бергенде оң жақтағы бір шоқыдан 5-6 автоматшылар жер ас­ты­нан шыққандай, автоматтарын безілдете ай­қайлай тиісті. Бүйірден соғу қандай жа­ман: жау легінің сол қанаты жапырыла құ­лай бастады. «Айналып кетейіндер…» деу­ге тілім келгенше жаудың оң бүйірінен Мәлік бастаған жиырма шақты адамдар атқылай қарсы шапты».

2. Хиуаз Доспанова, ұшқыш, Халық Қаһарманы:

«Ол кезде жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағымен жау тылын тек тун ішінде бомбалайтынбыз. Осындай бомбалауға 300 рет қатыстым. Ол бір өмір мен өлім айқасқан кез еді. ПО-2 өте төмен ұшатын болғандықтан зенит оғына жиі кезігетін. Сондықтан да жау тылына аттанған әрбір сапарымыздың соңғы болуы мүмкін екенін біліп жүрдік. Тірі қалғаныма таңғаламын».

3. Төлеген Тоқтаров, Совет Одағының Батыры:

Дивизиондық «За Родину» (Отан үшін) газеті Төлеген Тоқтаровтың ұрыстағы ерліктерінің бірін былайша сипаттап жазған: "...Төлеген өрт қоршаған үйде жалғыз қалды. Адам төзгісіз ыстық. Түтін де көзді қарып барады. Тоқтаровтың автоматы тоқтаусыз атуда. Төлегеннен әл кете бастады, бірақ осы мезетте ол таныс ұрандаған дауыст естіп, дүр сілкініп, он есе күшпен ата батады... Совет жауынгерлері жауға қарай толассыз тасқындай лап қойды. Бұл жаудың қатарын абыржытып, үрейленген олар қаша жөнелді. Бір тәуліктің ішінде Төлегеннің өзі ғана 150 неміс солдаты мен офицерін қырып салды».

4. Мария Целуева, ұшқыш, майор:

"1943 жылы Украинада мені барлауға орманға түсірді, ол жерде мені біздің байланысшы күтіп тұр екен. Парашютті көмдік те, екеуіміз деревняға қарай беттедік. Оның үйіне келіп едік, біреулер: - немістер үйлерді тексеріп жүр,- деп хабар берді. Ол ұстараны ала салып, менің шашымды қыра бастады, бетіме күйе жағып: «Төсекке жат та, ауырғандай ыңырси бер, сүзек бар үйге немістер кіруге қорқады»,-деп бұйыыра сөйледі. Солай болды да. Біраздан кейін үйге үш неміс бас сұқты, сол кезде мен науқас адамдай: «Ай! Су! Ай! Су!»,-деп ыңырси жөнелдім. Немістер; «Бұған не болды?»,-деп сұрады. Үй иесі: «Сүзек» дегені сол еді, үйдің есігі сол сәтте тарс етіп жабылды. Осылайша мені байланысшы өлімнен алып қалды».  

5. Хабдышаар Әміренов, полковник:

"Мен алғаш ұрысқа Ржев түбінде қатыстым. Біздің пойызымыз солтүстік бағытта кетіп бара жатқан, жан-жағыңның бәрі жарылыс. Бір бомба теміржолға түсіп, рельстер жан-жаққа ұшып кетті. Солдаттар вагондардан секіріп, жанып жатқан пойыздан әрі қарай қаша бастады. Менің жанымда Бөкі Уалжанов деген сарбаз бар еді, соның: «Иттің баласы Адольф! Қатын болмай, жауынгер болсаң, майданға шық та, бізбен шайқас, әйтпесе, нағыз қоянжүректің дәл өзісің. Біздің қазақ бабаларымыз ешқашан тығылмаған, жауына астыртын шабуыл жасамаған, ұрыстың уақты туралы ертеден келісіп алған. Міне, бұл нағыз батырлық. Мен сенімен ұрыс даласында бетпе-бет келсем деймін. Сол кезде саған және сенің солдаттарыңа көресілеріңді көрсетер едім»,-деп ызалана күбірлегенін естідім.

6. Төлеби Ахметбеков, взвод командирі:

«Ұрыста ішімнен жарақат алып, байланыстырушымның арқасында ғана тірі қалдым. Ол мені шинельмен сүйреді, сол уақытта бізді ракетамен атқылап, қасымдағы адамды өлтіріп қояды ма екен деп қорықтым. Ракеталар өше салысымен-ақ біз тұрамыз да, жүреміз, жана қалса – жата қаламыз. Осылайша төрт рет жатып-тұрып, атыс шебінен өттік-ау. Орман ішінде есімде жоғалтпай тұрып, байланыстырушыға шана мен ат табуды тапсырдым. Есімді жинасам, шанада кетіп бара жатыр екенмін. Аяғымда бір нәрсе кедергі болып тұр. «Мынау не?» - деп сұрағанымда, «Көңіл бөлме командир, жай ескі заттар салынған чемодан» - деп жауап берді. Байланыстырушым бұрын ұры болғанымен соғыста жақсы жауынгер болып шықты. Мен оған: «Не істейсің бұл заттарды? Бұл соғыс қой, ертең тірі қалатыныңды немесе өлетініңді білмейсің» - деп, заттарын жерге лақтырып тастадым. Ол мені госпиталге алып келді, мен хат жазып, ол хата оның шынымен де адал ниетпен соғысқанын, мені құтқарғанын және сол себепті оған рақымшылық көрсетуді сұрадым".

7. Шапағат Әлбазаров, капитан:

«Совет әскерінің шабуылын тоқтату үшін немістер жергілікті тұрғындарды шығарып, деревнялардың бәрін суға батырған. Одерден жүзіп өту үшін өзіміз сал жасадық. Немістер бізді дамбының үстінде тұрып оқ борап күтіп алды. Сол кезде көп солдаттан айырылдық. Тек екінші реттен ғана өзенді кесіп өтіп, немістердің шебін бұзып, оларды шегінуге мәжбүр еттік. 9 күн бойы су толған окопта тұрдық. Немістер біздің тамақ таситын жолымыздың барлығын бөгеп тастады. Бірақ бізді өзіміз оккупациядан азат еткен адамдар құтқарды. Олар немістердің азы-түлік тыққан жерлерін біледі екен, осылайша біз аман қалып, Берлинге шабуылымызды жалғастырдық».

8. Софья Румянцева, зениттік қару көздеушісі, кіші сержант:

"1944 жылдың 17 маусымы. Бельцы бағытында түнімен ауқымды шабуыл болды. Түнімен оқ жаудырдық. Көз ілген жоқпыз, бірақ тапсырманы орындадық... 1944 жылдың 6 шілдесі. Таң. Броневиктер мен аспапшылар снарядтарды тасыды. Қатты шаршағанымызды сездік... Түнде тағы да дабыл берілді. Түнгі бірге дейін атыстық... Бірақ ештеңеге қарамастан соғыста мен институтқа түсуді, бізөкше туфли мен нағыз көйлек сатып алуды армандадым! өйткені, соғысқа дейін көйлекті мен анамның пальтосының астарынан өз қолыммен тіккен едім...».

9. Баубек Бұлқышев,  саперлер дивизиясы саяси жетекшісінің орынбасары, жазушы:

«...Нағыз қиыншылық кезеңде менің көз алдыма шығыстың жиырма сегіз батырының бейнесі елестейді. Жазғытұрым сол 28 батырдың бейітінің үстінен еттік. Шығыстың топырағы торқа ерлері қара жер астында жатқанменен қолын қысып амандасқың, тілдесіп .сөйлескің келеді. Осыларша өлу біздің де дәстүріміз болуы керек. Отан: «Жауынгер, менің тағдырым сенің қолыңда», — дегенде 28 батырдың сертін жоғары көтеріп, бас иіп жауап беруіміз керек оған, Шығыс ұлы!

Немістер бізді әрі минометтің, әрі артиллерияның снарядтарымен атуда. Оқ астымен келіп шабуыл жасамақ. Танктің алыстан шуы естіледі. Қарсы атакаға дайындалыңдар деген команда беріледі. Мықты бол, Шығыс ұлы! Біз қазір шабуылға шығамыз...

Батыс майдан, 1942 ж.»

10. Төлеуғали Әбдібеков, мерген:

 «Мен – гвардияшымын, бұл мен үшін үлкен құрмет. Мен өзімнің «Гвардия» туын сүйемін және соңғы демім шыққанша оның астында күресіп, 28 гвардияшыл батырлар қалай шайқасты, солар секілді жауқа қарсы айқасып, жеңуге ант беремін».

11. Әлімжан Мұратов, қатардағы жауынгер:

"Біз жерлес-қазақтармен әрқашан бір болдық. Аздаған демалста да, ұрыс алаңында да... Алғашқы қазалар біз үшін өте ауыр болды - өзіңдікілерден айырылу өте ауыр! Міне, жерлесің құлады: жараланды, ыңырсып жатыр немесе қаза болды! Біз оған: «Бауырым, бекем бол, жеңеміз»,-деп айғай саламыз. Ал фашистер болса біздің дауысымыз шыққан жаққа қарай пулемет оғын жаудырып, жерлесімізге көмекке ұмтылғандарды қырып салады. Сол кезде командир бізге дауыс шығармауды бұйырды. Бірақ, дауысың шықсын-шықпасын, досың өліп бара жатқанда, жаның бәрібір ышқына жылайды...».

12. Жұмағали Қалдықараев, қызыләскер, Совет Одағының Батыры:

"Жұмағалиды наградтау парағынан: "...1942 жылы қыркүйектің 26-нан 27-не ауған түні қызыләскер Қарлдықараев танкке қарсы қарулардың 3 есептобымен бірге қолда бар материалдармен сал жасап, қарсыластың қарша бораған пулемет оғының астында Днепр өзенінің батыс жағалауына өтуді бірінші болып бастады. Толқыннан сал бұзылады. Бірақ қайсар жауынгер абдырап саспады, бар қару-жарағымен суға секіріп түсіп, басқа жауынгерлерге үлгі болды. Өзеннің оң жағалауына өтіп, қарсыластың басым күшімен тең емес шайқасқа түсті.

Қалдықараев жолдас өзінің өжет жігіттерімен қараңғы түнде немістердің траншеясына еңбектеп барып, оларға граната жаудырды. Қарсылас оқты қарша боратты, бірақ ол Отаны үшін өлімді де елемей, немістердің бекініс ауданына шабуыл жасап, жаудың 8 сарбазын жойып, қалғанын қашуға мәжбүрледі. Қалдықараев жолдастың Отанға шексіз берілуі, батылдығы мен қайсарлығы бүкіл бөлімнің су тосқауылынан өтуін қамтамасыз етті».

13. Фатима Нұрғалиқызы Сырлыбаева – байланыс ротасының командирі:

"Ленинград байланыс училищесінен кейін мен Солтүстік-Кавказ майданына түстім, бірақ ол жерден мені Мәскеуге қайтарып, 1-ші Белорус майданының 22 артиллериялық дивизиясына жіберді. Онда мен байланыс ротасының командирі болып бардым, кейіннен бүкіл взвод командирі атандым. Біздің негізгі міндетіміз - корпус пен взводтар арасындағы, полктар пен штабтар арасындағы байланысты қамтамасыз ету болды. Ұрыс жүріп жатқан кезде байланыс та тоқтамауы керек, ал ұрыс аяқталысымен байланыс та тоқтауы тиіс. Мәскеуден Польшаға дейін әртүрлі жолдармен жеттік, бір жерде поезбен, бір жерде жаяу, енді бір жерде еңбектеп, келесі жерде су арқылы өттік. 1944 жылы Польшада мен аяғымнан жараландым. Ұрыс кезінде байланысты қамтамасыз етіп жүріп, қалайша аяғыма жарқыншақ келіп тигенін сезбей де қалдым. Сынған аяқпен мені Саратов қаласының госпиталіне жіберді, осылайша Жеңіске дейін сол жерде жаттым".

Дереккөздер: tengrinews.kzvoxpopuli.kzbiografia.kz

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?