Сирек
кездесетін кітаптар мұражайы «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны
Жарғысымен, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2010 жылғы 01
маусымдағы №35-ПР Бұйрығына сәйкес, мұражай жәдігерлері мен жиынтықтарын
сақтау, зерттеу және көпшілікке ұсыну, ғылыми, тарихи – мәдени мұраны кеңінен
жариялау мақсатында құрылған.
Мұражай жұмысының негізгі міндеті – халықтың рухани байлығының қайнар көзіне айналған жазба жәдігерлердің алғашқы қолжазба нұсқасынан қазіргі заманауи полиграфиялық өнердің терең иірімдерімен сабақтаса дамыған кітап күйіндегі тарихын баяндау, халыққа көрсету.
Мұражайдың кітап қоры Орталық ғылыми кітапхана, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл институты, танымал қоғам және ғылым қайраткерлері сыйға тартқан жүздеген аса құнды кітаптармен, көне қолжазбалармен толықты. Жинақталған бес жүзден астам сирек кітаптар және қолжазбалардың мерзімдік ауқымы ХVІІІ ғ. бастап, ХХ ғ. 40-шы жылдарына дейінгі аралықты қамтиды. Олардың қатарынан тарихи-мәдени, һәм ғылыми маңызы жоғары отандық және шетелдік қолжазбалар мен араб, латын, көне кириллица әріптерінде басылған баспа кітаптарын көруге болады.
Мұражайдың «Ғасырлар қойнауындағы мұралар» атты тұрақты экспозициясында Қазақстан территориясында табылған тас, қола, ерте темір дәуірлеріндегі көне жазба ескерткіштері мен кейінгі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама аясында зерттелген жазба ескерткіштер қамтылды. Жазба жәдігерлер төрт негізгі бөлімде орналастырылды:
Қазақ даласының байырғы жазба мұрасы.
Қолжазба – ғасырлар мұрасы.
Отандық алғашқы баспа өнімдері.
Қазақстанның жазба және баспа ескерткіштері.
Мұражайдың «Қазақ даласының байырғы жазба мұрасы» экспозициялық көрмесінде бағзы заманан бастау алған көне түркілердің жазба мәдениеті баяндалады.
«Қолжазба – ғасырлар мұрасы» көрмесіне ортағасырлық қолжазбалар, адамзат өркениетіне өшпес із қалдырған ортаазиялық ғұламалардың діни, тарихи, әдеби шығармалары қойылды. Экспозициядағы құнды жәдігерлер қатарынан Қ.А. Яссауидің «Диуани хикмет» (Даналық кітабы) шығармасының ХVІІІ ғ. қолжазба нұсқасын атауға болады. Аталған шығармадан көнеден келе жатқан қазақтың мақал-мәтелдерін, философиялық танымы терең сөз иірімдерін кездестіреміз.
«Отандық алғашқы баспа өнімдері» көрмесінде Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, Біржан сал Қорамсаұлының, Балуан Шолақтың және қазақтың басқа да танымал ұлы тұлғаларының шығармалары қолжазба күйінде және алғашқы баспа нұсқасы күйінде ұсынылды.
«Қазақстанның жазба және баспа ескерткіштері» экспозициясында отандық басылымдар қойылған. Көрме ұлттық басылымдардың қалыптасуы мен оның даму тарихын, алғашқы отандық баспа – ұлттық газеттердің тағдырымен таныстырады.
Сирек кездесетін кітаптар мұражайында тұрақты экспозиядан өзге «Кішкене көлемді кітаптар жиынтығы», «Уақыт ағымындағы кітаптар», «Сирек кездесетін Батыс Еуропа кітаптары (ХVII-XIX ғғ.)», «Алғашқы қазақ баспа кітаптары», «Латын графикасындағы қазақ кітаптары» сынды бірнеше тақырыптық кітап көрмелері жүйелі түрде өтіп тұрады.
Мұражайда атаулы күндер мен оқиғаларға байланысты кітап көрмелері ұйымдастырылып, орта және арнайы мектеп оқушыларына, жоғары оқу орны студенттеріне лайықты тақырыптық экскурсиялар, лекциялар, әр түрлі дәрістер жүргізіліп тұрады. Мысал ретінде Қазақстан территориясын зерттеген Н.И. Ильминский, П.П.Семенов Тянь-Шанский, В.В. Радлов, В.В. Катаринский, Л.Н. Гумилев сынды көрнекті орыс ғалымдарының мерейтойларына орай өткізілген (2012 ж.) «Қазақ даласы орыс зерттеушілерінің көзімен» атты кітап көрмесін атаса болады. Көрмеде Қазақстан тарихын, географиясын, халықтарының этнографиясын, мәдениетін, тілін зерттеген орыс ғалымдарының көзі тірісінде жарық көрген еңбектері қойылды. Көрермендерге ғалымдардың өмір баяны, қызметі, еңбек жолы жайлы қызықты экскурсиялар жүргізілді. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай танымал ғалымдардың қатысуымен «Д.А.Қонаев және оның Қазақстан ғылымындағы орны» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Д.А.Қонаевтың жеке кітапханасындағы кітаптары мен қолжазбалары, ғылыми еңбектері көрмесі жасалды. Көрермендерге қайраткердің еңбек жолы мен Қазақстан ғылымы мен өндірісін өзара ұштастыра дамытқан елеулі үлесі жайлы деректі фильм көрсетіліп, танымдық дәрістер жүргізілді.
Мұражай көрме жұмысымен қатар, жинақтау және ғылыми-зерттеу ісімен де белсене шұғылданып келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігі 2012-2014 жж. конкурстық негізде қаржыландыратын ғылыми-зерттеу жобалар қатарында мұражай қызметкерлері дайындаған «Жазба дереккөздеріндегі далалық дипломатия көрністері (XIII-XVIII ғғ.)» және «Қазақстан және Ресей кітапханалары, мұрағат, музей жинақтарындағы қазақ кітабы (XIX – XX ғ. басы): тарихи-деректанулық зерттеулер» атты екі ғылыми жобасы жоғары бағаланып, грантқа ие болды.
Жақын болашақта мұражай көнеден бастау алған отандық жазба мәдениетті насихаттайтын ірі мәдени және ғылыми орталыққа айналуды көздейді және сол мақсатта ғылыми-ағарту, мәдени-қоғамдық іс-шараларды тынбай жүргізуге ниетті.