Кайнозой дәуірінің төрттік кезеңінің көптеген омыртқалылар өкілдерінің қаңқа қалдықтарын Қазақстан аумағынан табуға болады. Бұл қалдықтар жануарлар әлемінің даму тарихының куәлері. Мұндай бірегей жәдігерлерді табиғат мұражайының экспозициясынан көруге болады.
Табиғат мұражайы Қазақстан Республикасы БҒМ Зоология Институтының жетекші ғалымдарының бастамасымен және Қазақстан Республикасы ҰҒА Бірінші президенті, академик Қ.И.Сәтбаевтың қолдауымен 1961 жылы ашылған болатын. 2006 жылы Академия ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізілуіне байланысты Мұражай жабылып, экспонаттар жәшіктерге салынып, Зоология институтына көшірілді. Араға жылдар салып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылы 11-ақпандағы №84 қаулысымен республикалық мемлекеттік кәсіпорын «Ғылым ордасы» құрылды. Бұл мекеме бұрынғы Ұлттық Ғылым Академиясының ғимаратына орналасты да «Табиғат мұражайы» болып қайтадан өз жұмысын бастады. Мұражай экспозициясы негізін Қазақстан аумағынан Зоология институтының ғалымдарының жетпіс жылдан аса уақыт аралығында жинаған материалдары құрады. Мұражайдың негізгі мақсаты Қазақстанның қазіргі кездегі жануарлар және геологиялық дәуірде тіршілік еткен жануарлар әлемінің алуан түрлілігін насихаттау болғандықтан, мұнда қазып алынған омыртқалылар қаңқалары көрмеге қойылған.
Қазақстан жерінде төрттік кезеңде, яғни миллион жыл бұрын эласмотерий мүйізтұмсығы тіршілік еткенін қазақстандықтардың бірі білсе, бірі білмейді. Табиғат мұражайында көрмеге қойылған эласмотерий мүйізтұмсығының бассүйегі қазіргі Астана қаласына жақын Ақжар өзенінің жағалауынан табылған. Бұл Қазақстан жерінен табылған екінші бассүйек, осыған дейін 1928 жылы Каспий өңіріне шыққан экспедиция құрамында болған профессор В.А.Теряев қазіргі Атырау қаласынан эласмотеридің бас және жақсүйегін тауып, РҒА-ың В.И.Вернадский атындағы Мемлекеттік геологиялық мұражайға тапсырғандығы туралы жазған болатын.
Эласмотерий бассүйегі басқа мүйізтұмсықтардың бассүйегіне ұқсамайды, оның маңдайының ортасында күмбез тәрізді дөңес өскін бар. Эласмотериді кейде осы дөңес өскіннің болуына байланысты дөңесмаңдай немесе жалғызмүйізді деп те атайды. Дөңестің биіктігі 15 сантиметр, көлденеңі 25 сантиметр, ұзындығы шамамен 35 сантиметрді құрайды. Бұл дөңес туралы бірнеше жорамалдар бар. Бірқатар ғалымдар «бұл дөңеске мүйіз бекінген» десе, енді бірі «ол жылу реттегіш болған, себебі дөңес қуысы мен мұрын қуысы байланысты, ал ең ірі қан тамырлар жолдары дөңестің сыртқы жұқа қабырғалары арқылы өткен. Дөңес ішіне мұрын қуысы арқылы салқын ауа енген, қан тамырлармен келген ыстық қан дөңес қабырғасына жанасу арқылы салқындатылған, осылайша дененің жалпы қатты қызуына жол бермей реттеп отырған» дегенді айтады. Бұл соңғы жорамал сенімге сыйымсыз, өйткені қазіргі мүйізтұмсықтарда бұндай белгі-нышан жоқ.
Эласмотерий Шығыс Еуропадан Қытайға дейінгі аралықта таралған. Ал Қазақстанда оның қазба қалдық сүйектері қазіргі Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстарынан басқа барлық өңірлерден табылған.Ежелгі мүйізтұмсықты қазақтың тұңғыш палеонтологы Балдырған Серәліқызы Қожамқұлова ұзақ жылдар бойы зерттеді, нәтижесінде бірінші рет сібір эласмотериінің таралуын Оңтүстік Орал палеозоогеографиялық таралу аймағына тиісті деген болатын.
Эласмотерийдің сүйек қалдықтарының ғалымдарға жануарлардың даму тарихын толықтыруы үшін және тәжірибелік геология үшін айтарлықтай маңызы бар.
Гүлжан НАЗЫМБЕТОВА, палеонтолог
РМК «Ғылым ордасы»
Ана тілі газеті