Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Балаларға базарлық (Қазақ балалар әдебиетінің кітап көрмесінен)

12815
Балаларға базарлық (Қазақ балалар әдебиетінің кітап көрмесінен) - e-history.kz
Ең бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, имандылыққа тәрбиелеу.

Балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Ең бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, имандылыққа тәрбиелеу.

728a0ed4de4ec447ceefe8bd0b6445df.jpg 11345f8598b379745302c2c198981db0.jpg 9f28516d193f49682a97b7c8c75d459d.jpg

Балалар әдебиеті жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше салаға бөлінеді. Балаларға арналған шығармалар жасөспірімдердің ой-өрісін, сана-сезімін дамытып, оларға заман талабына сай тәлім-тәрбие беруге бағытталады.

Балалардың ойлау, түйсік, түсіну қабілеті суреттеліп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығы, дәлдігін өз өмірінің айналасынан алуды қажет етеді. Сөз болатын оқиғаның барысында әсер беретін лиризм болуы керек. К.А. Фединше айтқандай, «Сөз – әдебиеттің құрылыс материалы» болып табылатындықтан, балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл әрі көркем, қысқа да мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әрі әсерлі болуға тиісті. Себебі, балалар әдебиетінің тілі олардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден-бір құрал. Балаларға арналған ірі туындылардың идеялық-эстетикалық қырларын халық педагогикасының көзқарастарын, өмір тәжірибесін, қоғам талабын, жазба әдебиетке тигізген әсері, дәстүрлік мәселесі, зерттеу жайын мамандар ғана тұжырымды түрде жеткізіп бере алады.

Осы орайда «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайы мен С. Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасымен ынтымақтаса отырып,  «Қазақ балалар әдебиетінің кітап көрмесін» ұйымдастырып, жас оқырмандарына есігін айқара ашты.

Кітап көрмесін ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – балалардың кітап оқуға деген құмарлықтарын арттыру, әлемдік және ұлттық мәдениетке тарту арқылы баланы дамыту және оның өзін жетілдіруге көмек көрсету. Әрбір баланың ішкі дүниесін дамытып, шығармашылық қабілеттерін тәрбиелеу, балалық шақ құндылықтарын насихаттап, әлем туралы жан-жақты және шынайы ақпарат алуын қамтамасыз етуге себепкер болу.

Балалар әдебиеті – жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-есін дамытатын, оларды адамгершілік қасиеттерге баулитын өмір оқулығы. Оның өзектілігі – мектеп жасына дейінгі балбөбектен бастап, жасөспірімдік жасқа дейінгі мектеп оқушыларына әдеби тілде жазылған қызықты шығармалар ұсынатындығымен ерекшеленеді.

Өзінің қалыптасуы, даму барысында бірнеше жүз жылдықтарды қамтитын қазақ балалар әдебиетінің өз тағылымы бар, уақыт пен қоғамда болып жатқан өзгерістер, сол кездердегі идеялогиялық қағидалардың әдеби шығармаларға тигізген әсерлері бүгінгі күні біраз әдеби шығармаларға басқа қырынан қарауды талап етеді. Тарихи кезеңдердегі әртүрлі әдеби үдеріске байланысты қай шығарманы қалай оқыту керектігі жөнінде сөз ету – уақыт талабы. Өйткені балалар әдебиеті – қазақтың мәдениеті мен әдебиетінің құрамдас бір бөлігін құрайтын халықтың озық ойлы, терең де тамырлы әдебиеті.

Балалар әдебиеті – халық ауыз әдебиетінен бастау алады. «Бесік жыры» – нәресте туғанда, шілдехана күні, оны алғаш рет бесікке бөлегенде айтылатын өлең. Бұл да ертеден осы кезге дейін айтылып, жаңарып, дамып келе жатқар тұрмыс-салт лирикасының бір түрі. Дәстүрлі халық жырының әр шумағы «әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем» деген жолдарынан басталады. Оның алғашқы жазба үлгілерін XIX ғасырда қазақ даласының танымал ағартушысы, қазақ халқының бірінші педагогы, балалар әдебиетінің атасы және оның негізін салушы Ыбырай Алтынсарин жасады. Ол балаларды өнер-білімге тәрбиелейтін, еңбекке баулитын, этникалық, эстетикалық тәрбие беретін өлеңдер мен әңгімелер жазды, онда жастарды оқуға, талаптанып талпынуға, білім алуға шақырды. Сондай-ақ, қазақ фольклорынан балалардың тіліне, ұғымына жеңіл шығармаларды іріктеді орыс балалар әдебиетінен қысқа да қызықты әңгімелер аударып, құрастырды, ана тілінде алғашқы оқулықты («Киргизская хрестоматия», 1879 ж.) бастырып шығарды. Оның әңгімелері негізінде хат таныған баланың қай-қайсысына болса да түсінікті. Енді бұл жерде Ы. Алтынсариннің шығармасымен басталатын Ақылбек Сабал тарапынан жинақталған «Мактубат» (Қазан, 1899 ж.) және «Шариат-ул Ислам» («Мұсылманшылықтың тұтқасы») (Қазан, 1844 ж.) атты кітаптарын мұражай сөрелерінен көре аласыздар.

Балаларға арналған мерзімді басылымдар «Пионер», «Балдырған» журналдарының алғашқы сандарын көрмемізден көріп тамашалауға болады.

 Балаларға танымал шығармалар қатарында Ө. Тұрманжанұлы «Балықшы баласы» (Қызылорда, 1935), Т. Жомартбаев «Балаларға жеміс» (Семей, 1912), «Балаларға тарту» оқу құралы орнына әдістемелік (Қызылорда, 1927), «Балам сау болсын десең» (коллективтік аударма) (Алматы, 1963) т.б. басылымдарды айтуға болады.Көрмеден қазақ ертегілерін, оның ішінде «Қаңбақ шал» (Алматы, 1983) қазақ әдебиетіндегі балаларға арнап шағын әңгімелер жазған М. Әуезовтың «Жеткіншек. Ересек жастар мектебіне арналған оқу қуралы» (Алматы, 1930), қазақ мектептеріне арналған қазақ әдебиетінің оқулықтары мен хрестоматиялары, «Қазақ шаруа жастар мектебіне арналған программа және түсінік хаттар» (Қызылорда, 1930), «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (Алматы, 1936), «Ақсүйектер» (Алматы, 1937) және Ю. Вагнердің «Жердің жаратылысы туралы әңгімелер» атты кітаптарды көруге болады. Мысалы, «Ертегілер» атты зерттеуінде М. Әуезов көптеген балалар ертегілеріне талдау жасаған.

Шетелдік балалар әдебиетінен Қытай, Вьетнам және өткен ғасырлардағы оқиғалардан сыр шертер кітаптар көрмеден орын алған.

Басылымдар сериясынан Кеңестік билік жылдары жарық көрген октябряттар мен пионерлерге жетекшілік жайында, оларды тәрбиелеу құралы болған «Вожатый» (Алматы, 1938, №11-12), «Вожатыйға көмекші» (Алматы, 1938, №5) және «Пионер» мен «Балдырған» журналдарының ІІ-ші Дүниежүзілік соғысқа дейінгі және одан кейінгі нөмірлері қойылған. Шағын басылымдардан: С. Сейітовтың «Балдан тәтті балдырған», «Бақытты елдің балалары» (ауд. О. Шаяхметов) (Алматы, 1936), «Бақытсыз өткен балалық шақ» (Алматы, 1940), С. Мәуленовтың «Бала жолбарыс» және т.б. кітаптарын көрмеден кездестіре аласыздар.

Балалар әдебиетінің қалыптасуына, дами беруіне, жетіле түсуіне елеулі үлес қосқан, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Сапарғали Бегалин. Атақты ақын, жазушы-журналист атамыздың шығармалары әзірбайжан, өзбек, армян және корей тілдерінде жарық көрді. Аударма саласында да жемісті еңбек етіп біраз атақты жазушылардың шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Бүгінгі күні «Сырлы қайнар» (1963), «Ермектің алмасы» (1963), «Жеткіншектер» (1960), «Қыран туралы аңыз» (1976), «Екі томдық шығармалар» (1976) және т.б. кітаптары көрме төрінен орын алды.

Қазақ балалар әдебиетінің ең жоғары деңгейде дамыған кезі – 1970- 1980 жж. арасы. Бұл жылдарда балаларға және жастарға арналған шығармаларды жариялайтын «Жалын» баспасы ашылып, баспаның жанынан республикалық жабық әдеби конкурс өткізіліп балалар әдебиетінің одан әрі ұлғаюына айрықша әсер етті.

Сол бәйгеге қатысып, бағын сынаған жас талапкерлердің бір тобы бұл күнде белгілі қаламгерлердің қатарына қосылса, олардың көптеген шығармалары балалардың қолдан тастамай, сүйіп оқитын кітаптарына айналды.

Мұражай сөрелері осы жылдары жазылып жарық көрген М. Әлімбаев,  Қ. Мырза Әлі, Т. Молдағалиев, Т. Нұрмағанбетов, О. Бөкеев, М. Қабанбаев, К. Ахметова сияқты т.б. ақын жазушыларымыздың повестері, поэмалары, әңгіме, ертегілерімен толықты. Бұл шығармалардың қай-қайсысы да өздері көтерген тақырыбы мен қызықты оқиғалары  оқырмандарын өз назарларына аударды.

Сөз соңында айтарымыз, әрбір ата-ана өз балаларының жақсы оқуын, білімді болғанын қалайды. Кітап оқуға деген құмарлығын арттырып, мәдениетті болып өсуіне тәрбие береді, жалпы рухани дүниесін байыта түсуге ат салысады. Балалардың рухани байлығын арттырудың сан түрлі жолдары бар.

Сол жолдардың бірі – мұражайлық тәрбие болып табылады. Осы жердегі біздің тікелей міндетіміз – балаларды өткен дәуірдегі әдебиет үлгілерімен таныстыру. Өйткені әр бала өзінің төл тарихы мен мәдениетін танып өсуі қажет. Балаға нанымды болу үшін оқиғаны көз алдына елестетіп, шынайы өмірде сезініп білуі тиіс. Бұл орайда мұражайдың орны ерекше. Бала өзінің оқығанын, естігенін өз көзімен көре алады, төл мұраларымен танысады, дүниетанымы кеңейеді, кітап әлемінің тарихымен қауышады.

Сирек кездесетін кітаптар мұражайының екінші бір міндеті – жасөспірім ұрпақты әлеуметтік ортаға бейімдеу, ой өрісін кеңейтіп, шығармашылық дағдыларын жетілдіру, білімге мәдениетке деген құштарлығын арттыру.

Өйткені білімді, білікті, мәдениетті, көзі ашық баланың тәрбиесі – тәуелсіз еліміздің ертеңгі болашағы болары сөзсіз.

 Әбдіғали Бекішев,

 РМК «Ғылым ордасы»

Сирек кездесетін кітаптар мұражайының

Меңгерушісі

http://gylymordasy.kz/kaz/zha-aly-tar/balalar-a-bazarly-aza-balalar-debietini-kitap-k-rmesinen/#more-1533

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?